Ұлттық құрылтайда көтерілген негізгі мәселелер қандай?

Ұлттық құрылтайда көтерілген негізгі мәселелер қандай?

Ұлттық құрылтайда көтерілген негізгі мәселелер қандай?
ашық дереккөзі
2022 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай құрылды. Алғашқы отырысы былтыр 16 маусым күні облыс мәртебесін қайта алған Ұлытауда өтті. Онда ұлттық құндылықтарға негізделген мемлекеттің болашақ дамуы туралы ұсыныстар айтылды. Ұлттық құрылтай не үшін құрылды? Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің түсіндіруінше, Ұлттық құрылтай қоғамның бірігуін нығайту және кеңейтуге идеялар мен қадамдар іздеу әрі әзірлеу үшін диалог платформасына айналу мақсатында құрылды. Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы негізгі консультативтік-кеңесші орган. Мемлекет басшысы бұл ұйымды құру туралы бастаманы өткен жылғы Жолдауында көтерген болатын. Ұлттық құрылтайдың құрамына елімізге белгілі қоғам қайраткерлері және сарапшылармен қатар, өңірлердегі азаматтық қоғамның белсенді өкілдері мүше боп кірді. Қазіргі уақытта Ұлттық құрылтай Мемлекет басшысының қоғам белсенділерімен және сарапшылармен арадағы тікелей диалогын орнатып, оны дамытып отыр. Мәселен, 22 ақпанда Президент Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиевпен кездесті. Кездесуде сараптамалық құрылымдардың жұмысы мен қолданбалы зерттеулер жүргізуге қатысты мәселелер талқыланды. Бұған дейін Президент Ұлттық құрылтайдың Т. Әубәкіров, С. Ақылбаев, Ә. Бәйменов, Р. Баталов, Б. Ізмұхамбетов, Ж. Күлекеев, С. Худяков, И. Салжанов, Д. Тұрлыханов секілді басқа да мүшелерімен дәл осындай кездесулер өткізген болатын. Жаңадан қоғамдық институттың құрамында кімдер бар? Композитор, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов; Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұхтар Шаханов; қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров; журналист әрі қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам; көрнекті ғалым-математик, академик Асқар Жұмаділдаев; экономист және қоғам қайраткері Жақсыбек Күлекеев; мемлекет қайраткері, саясаткер Әлихан Бәйменов; журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи; мемлекет және қоғам қайраткері, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов; әлем чемпионы, Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов; ғалым-биотехнолог, «QazVac» вакцинасын әзірлеуші Күнсұлу Закария; қоғам қайраткері, дінтанушы Қайрат Жолдыбай; тілші-ғалым Анар Фазылжанова; эколог Азамат Әміртаев. Сондай-ақ Қазақстанға танымал өзге де тұлғалар кірді. Ұлттық құрылтайдың құрамында жалпы 117 қатысушы бар. Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер. 16 маусымда жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті. Құрылтай жұмысы қалай ұйымдастырылады? Құрамында 117 адам бар құрылтайға барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайдың басты мақсаты ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарды талқылау екенін жеткізді.
«Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесін ескереміз. Жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдаймыз», – деді Президент.
Жаңа технологиялар арқылы халық ауқымды реформаларға қатысады. Нақтыласақ, Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірленіп, сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады.
«Құрылтайға қанша адам кірсе де, қоғамды толық қамти алмайды деген пікір айтылып жүр. Бірақ, Құрылтай мүшелерін көбейте берсек, одан пайда болмайды. Бұдан жұмыстың берекесі қашып, ұйымдастыру ісі қиындап кетуі мүмкін. Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет», – деді Мемлекет басшысы.
25 қазан – Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару ұсынылды. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы еді.
«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Тоқаев.
Еңбекке баулу және жас ұрпақ тәрбиесі Жиында Президент әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттерге тоқталды.
«Бұл елдер еңбектің арқасында сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды. Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн. Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдайтермен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан «толық адамның» еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет», – деді ол.
Кадр саясаты және мемлекет қызметкерлері Тоқаев қоғамда қызу талқыланып жатқан кадр саясаты мәселесіне де тоқталды.
«Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. Бірақ, мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды. Әлеуметтік желіде «ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ, негізінен, кадрларды біртіндеп ауыстыру керек», – деді Президент.
Латын әліпбиіне көшу мәселесі Президент латын әліпбиіне көшуді лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе екенін айтып, қазақ тіліне арналған орфографиялық қағидаларды қайта қарауды ұсынды.
«Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ, ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн. Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн», – деді ол.
Келесі құрылтай Түркістанда өтеді Ұлттық құрылтай жыл сайын өтіп тұрады. Президент қазақ даласындағы ел тағдыры шешілген тарихи орындарға тоқталды. Ұлытаудан бөлек, Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе сияқты қастерлі жерлерді атап өтті. Ол келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынды.
 «Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады», – деді Тоқаев.
Айта кетейік, Мемлекеттік кеңесші былтырғы жылдың желтоқсан айында Quryltai мобильді қосымшасы іске қосылғанын жеткізді.
«Азаматтар бұл платформаға қоғамдағы өзекті мәселелер жөніндегі өз ойлары мен ұсыныстарын жолдай алады. Бұдан бөлек, «Хабар» телеарнасында «Ұлттық құрылтай» атты арнайы бағдарлама көрсетіледі. Оған әр кезде әртүрлі өңір қосылады. Бағдарламада Ұлттық құрылтай мүшелері мен сарапшылар елімізді дамытуға ықпал ететін ұсыныстарды талқылайды. Солайша, Ұлттық құрылтай елдің өтініш-тілектерін жинайтын коммуникацияның әртүрлі форматтарын пайдалану арқылы ашық әрі тиімді диалог алаңына айналуда», - деді ол.