Жаңабай Айтбаев:  Тіс кеселдері әлеуметтік түйткілдермен ұштасып жатыр

Жаңабай Айтбаев:  Тіс кеселдері әлеуметтік түйткілдермен ұштасып жатыр

Жаңабай Айтбаев:  Тіс кеселдері әлеуметтік  түйткілдермен ұштасып жатыр
ашық дереккөзі
600
Бүгінде стоматологияның заманауи салаларының бірі имплантология – ерекше сұранысқа ие. Тісі жоқ науқастарды сауықтыру мәселесін шешуге мүмкіндік беретін имплантация әдісінің елімізде кең қолданыла бастағанына көп бола қоймаса да, отандық тіс дәрігерлерінің жұмысы сан жағынан да, сапа жағынан да қоғам талабына сай. Протездеудің басқа түрлерінен шаршаған емделушілер осы күні жұлынған тістің орнына әдемі күлкіге, жайлылық пен қолдану мерзімінің ұзақтығына кепілдік беретін имплантат орнатуды құп көреді. Өкінішке қарай, ғаламторда бұл әдіс туралы қазақша ақпарат аз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында көпшілік көкейінде жүрген сауалдарды белгілі дәрігер-имплантолог, медицина ғылымдарының кандидаты, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің доценті Жаңабай Айтбаевқа қойған едік. – Жаңабай Жұмабекұлы, тіс имплантациясының әлемдік тарихы ертеден бастау алатынын білеміз. Бұл саланың Қазақстандағы жылнамасы қашан басталды? Отандық имплантологияның ізашары кім? – Стоматологияның бұл саласының біздің елімізде қалыптасуының тарихы ауыз толтырып айтарлықтай. 1984 жылдан бастап Кеңес Одағында тіс имплантациясының дамуына ерекше көңіл бөлініп, осы саламен айналысатын дәрігерлер дайындала бастады. Алғашқы қарлығаштардың бірі болып ұстаздарым – профессор Қалдан Төлеуов пен Жамбыл Сағатбаев, сондай-ақ, Талғат Тойбаев сынды дәрігерлер имплантологияның қыр-сырын меңгерді. Осы үш маманды Қазақстандағы имплантологияның бастауында тұрған жандар деп айтуға толық негіз бар. – Бұл салаға сіз қалай келдіңіз? – Тіс имплантациясымен айналысқаныма биыл 20 жыл толады екен. Бұл салаға 1997 жылы келдім. Профессор Қалдан Төлеуовтің жетекшілігімен «Тіс имплантологиясының ерекшеліктері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Шынымды айтсам, әу баста бұл тақырыпты алғым келген жоқ. Өйткені үш жылдай облыстық көпсалалы ауруханада жақ-бет аймағы хирургиясында хирург болып істедім. Өз қызметіммен байланыстырып, қабыну процесі немесе жарақат жайлы жазғым келген. Елімізде жете зерттелмеген сала болғандықтан қиындау болатынын білдім. Алайда Қалдан Төлеуов қарсылығыма қараған жоқ, сол тақырыпты бекітті де жіберді. Ұстазымның «Сен осы тақырыпты зерттейсің, диссертацияңды қорғайсың! Күндердің күнінде маған алғыс айтатын боласың!», – дегені әлі есімде. Расында да, қазір ол кісіге алғыстан басқа айтарым жоқ. Профессордың жасы бүгінде сексенге таяп қалды. Ғұмыр жасы ұзақ болсын! – Байқасақ, қазір тіс имплантациясымен кез келген стоматология айналыса береді. Бұл қаншалықты дұрыс? Тістің орнына имплантат орнату үшін дәрігер бөлек дайындықтан өтуі керек емес пе? – Тіс имплантациясын жасауға кез келген стоматологтың қақысы бар. Хирургиядан хабары, қолының еп-себі бар тіс дәрігерлерінің бәрі имплантат сала алады және бұл заман талабына айналды. Мемлекеттік оқу стандарты бойынша тіс дәрігерлері бұрынғыдай салалар бойынша бөлінбейді. Мәселен, бұрын хирургия, терапия, ортопедия мамандары бөлек дайындалатын болса, қазір стоматология факультетін бітірген түлектер стоматологияның барлық саласымен айналысуға міндетті. Оның ішінде имплантология да бар. Сондықтан жиған тәжірибемізді, алған білімімізді шәкірттерге үйретіп жүрміз. – Имплантологияда қай елдің көші ілгері? Кімнің тәжірибесін басшылыққа алып жүрсіздер? – Бастапқыда немістердің тәжірибесіне арқа сүйедік. Ол кезде интернет бүгінгідей қарқынды дами қоймаған, ақпарат қат болды. Немістердің ағылшын және неміс тілдерінде жазылған кітаптарын орысша, одан қазақшаға аударып, саланың негізін түсіндік. Қазір имплантологияны терең зерттеп жүрген ресейлік мамандармен тығыз байланыстамыз. Бұл сала біздің елімізде кенже дамығандықтан, көпке дейін өзгелерге жалтақтауға мәжбүр болдық. Ал Еуропа елдері әлдеқашан тіс имплантациясы бойынша өз жүйелерін қалыптастырып үлгерген. Мәселен, неміс, жапон мен кәріс, француз жүйелері кеңінен танымал. Имплантология стоматологияның елімізде қарқынды дамып келе жатқан саласы болғандықтан, бүгінде біздің де көршілермен тереземіз теңесті. Отандық мамандардың кәсіби деңгейі шетелдік имплантологтардан еш кем емес деп сеніммен айтуға болады. – Елімізде маман жеткілікті болғанымен, құрал қат... – Иә, өкінішке қарай, тіс имплантациясына қажетті құрал-жабдықтар өзімізде жоқ. Бұл түйткіл біздің ғана емес, елімізде енді ғана дамып келе жатқан көп саланың бас ауруы. Өндірістің жоқтығы қаншама бағыттың дамуын тежеді. Бір жағынан құралдарды өзімізде жасағаннан гөрі шетелден дайын жабдықтар тасымалдаған тиімді шығар, бәлкім. – Имплантологияға қажетті жабдықтарды қайдан сатып алып отырмыз? – Қазақстандық нарыққа кірген шетелдік тасымалдаушылар өте көп. Оңтүстік Корея, Германия, Франция, Италияның сапалы имплантологиялық жүйелері бар. Десе де, пайызға шаққанда қазақстандық тіс дәрігерлерінің жартысынан көбі израильдік жүйемен жұмыс істейді. Бұл ең әуелі, олардың біздің нарыққа бейімділігіне, екіншіден, жүйелерінің қарапайымдылығына байланысты болса керек. Бір жүйені артық, бірін кем деп айтуға қақым жоқ. Барлығы да халықаралық сертификаттаудан өткен. Тек жұмысымызға, қалтамызға қолайлысын таңдай білсек болғаны. – Қалта мәселесін қозғағаннан кейін бұл сұрақтан аттап кету мүмкін болмай тұр. Тіс имплантациясын жасау құнының қымбаттығы импорттық құралдарға ғана тіреліп тұр ма? – Баға қою біздің құзырымыздағы іс емес. Монополияға қарсы мемлекеттік мекемелердің қызметі. Әрине, негізгі себеп – сырттан тасымалданатын дүниенің арзан бағаға келмейтіні. Операцияны жасау қиын деп айта алмаймын, сондықтан тіс имплантациясы құнының басым бөлігін дәрі-дәрмек, құрал-сайманды сатып алуға кеткен шығындар құрайды. – Елімізде тек имплантат салдыру ғана емес, стоматологиялық қызметтің барлық түрі қымбат. Мәселен, Алматыда бір тісті 7 мың теңгеден кем емдейтін емхана жоқ. – Дұрыс айтасыз. Баға белгілеуде қисынсыздықтар көп. Бұған Қазақстандағы стоматология саласының жаппай жекешеленіп кетуі бірден-бір себеп деп ойлаймын. Медицинаның осы саласы шағын және орта бизнеске айналып кеткенін несіне жасырайық? Бүгінде тіс емдеу – халықтың қалтасы көтере бермейтін дүние. Ағзаға қоздырғыштардың түсіп, оның әрмен қарай кеселге ұласуы ең әуелі ауыз, оның ішінде тіс арқылы жүзеге асатындықтан, оған ерек күтім керек. Өкінішке қарай, тісіне мүлдем қарай алмайтын адамдардың саны көбейіп кетті. Неге десеңіз, оның бәрі материалдық жағдайға келіп тіреледі. Тіс емханаларының бағасы аспандап тұрғандықтан, қалтасы көтермейтіндер ауруы асқынса да шыдап жүре береді. Емхана иелерінің де өз уәжі бар. Дәрі-дәрмек, құрал-саймандардың сырттан әкелінетінін, мемлекеттің салығын, қызметкерлердің жалақысын уақтылы төлеу керегін, оған қоса, ғимаратты жалға алып отырғанын, оның коммуналдық төлемдері бар екенін алға тартады. Өзінің қалтасына да бірдеңе қалу керек. Қысқасы, нарық үстемдік құрған жерде әділеттілік, қисындылық туралы айту қиын. Қамқорлық, жанашырлық туралы жақ ашу тіпті мүмкін емес. – Имплантат орнатушылардың көбеюі елімізде тіссіз қалғандардың саны артқанын аңғартады. Тіс ауруларының қайсысы өршіп тұр? – Бүгін ғана емес, атам заманнан бері тістің ең басты жауы – тісжегі. Екіншісі – тіс жүйелерінің кеселі, парадонт аурулар. Қазақтар қанжел, қанқұрт деп атап, бұл екеуінен әу бастан сақтанған. Тістің бұл кеселдерін дәрігерлер ауыз гигиенасының дұрыс сақталмауымен байланыстырады. Бірақ бұл қате түсінік. Тәтті жемейтін, тісін мұқият күтетіндерде де, тіс дәрігеріне қаралмақ түгілі, тісін уақтылы тазалауды құнттамайтындарда да тісжегі бар. Бұл аурулар тек ауыз қуысының ғана емес, бүкіл жүйенің жұмысы ақсағанын аңғартады. Сайып келгенде тіс кеселдері экологиялық, әлеуметтік, экономикалық түйткілдермен ұштасып жатыр. – Стоматологтардың бәрі имплантация жасауға құқылы дедіңіз ғой әлгінде. Қазір тіс емханасы да, тіс дәрігерлері де көп. Маман таңдауда қателеспеу үшін неге назар аударған жөн? – Қазір отбасылық дәрігер, отбасылық шаштараз, отбасылық косметологқа бару деген үрдіс белең алды. Сол секілді әр отбасының тұрақты қаралмаса да, тісі ауырғанда баратын бір тіс дәрігері бар екені анық. Имплантат салдырғысы келетіндердің көбі сол үйреншікті мамандарына жүгінеді. Алайда имплантация жасамайтын кей стоматологтар қаралушыларды басқа дәрігерлерге бағыттайды. Маман таңдағанда мынадай талаптарды ұстаныңыз деп ұсына қоятын нұсқаулық жоқ. Қазір интернет дамыған, ақпарат аз емес. Дәрігерлердің қашан және қайда білім алғаны, қай жерде тәжірибеден өткені, еңбек өтілі – қай салада қанша жыл жұмыс істегені жайлы ақпараттарды зерделей отырып таңдаса, өзіне көмектесе алатын маманды әркім қателеспей табады деп ойлаймын. Жылтырағанның бәрі алтын емес. Қымбат клиника, қызылды-жасылды баннерлер, әдемі киінген қызметкерлер – кәсіби дәреженің анықтауышы емес. Нарықта істі ілгерілетуші деп жарнамаға баса наза аударады ғой. Бірақ өз басым көп жарнамаланған нәрсені жаратпаймын. – Болашақ имплантологтарды дайындау ісінің аяқ алысы қалай? – С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің стоматология факультетінде оқитын шәкірттеріміздің 90-95 пайызы имплантологияға қызығады. Оқуды бітіргеннен кейін осы сала бойынша қызмет етуге ынталылар көп. Стоматология, оның ішінде имплантология зергерлік өнерге қатты ұқсайтын сала. Имплантатты механикалық тұрғыдан салу бір бөлек те, жасаған нәрсеңді клиникалық тұрғыдан бекіту мүлдем басқа дүние. Сондықтан теориялық дайындыққа баса көңіл бөлген жөн. Бүгінгі студенттер секілді бұрын біз де теорияны ұната бермейтінбіз. Бірақ қызметке кіріскеннен кейін онсыз тірлігіміз алға баспайтынын ұқтық. Кезінде көз жұмып өтіп кеткен тұстарға қайта оралуға тура келді. Тіс салу үшін адамның анатомиясын, физиологиясын білу керек. Тіс адамның қалтасына салып жүретін ұялы телефоны емес. Ол – ағзаның бір бөлігі. Тіс ауырса, ағзада бір ақау бар деген сөз. Сондықтан болашақ әріптестерім медицинаның барлық саласынан хабардар болуы керек, ал өз саласын бес саусағындай білуі тиіс. Әсіресе, имплантологтарға артылар жауапкершілік ерек. – Ғаламторда тіс имплантациясы туралы қазақша мәлімет жоқтың қасы. Ана тілімізде ақпарат алғысы келетіндерге көмек болсын, имплантант салдырудың негізгі талаптарына тоқталып өтсеңіз. – Интернетте біздің саламыз жөнінде қазақша ақпарат жоқтығына жүз пайыз келісем. Тіс имплантациясымен танысқысы келетіндер ағылшын, орыс тіліндегі ақпарат көздерін оқиды. Стоматологтардың аудармамен айналысатын уақыты жоқ. Ал тіл мамандары бұл саланың тілін түсіне бермейді. Сондықтан қазақ тілінде ақпарат алу мүмкін болмай тұр. Сауалыңызға көшейін. Имплантант салдырғысы келетіндер нені білуі керек? Тіс имплантациясы екі адамның біріне жасала беретін ота емес. Оның да оң және теріс көрсеткіштері бар. Имплантант салуға болатын және болмайтын жағдайлар болады. Ең бірінші дәрігердің алдына барып, соны анықтап алу керек. Салуға болатын болса, қалай саламыз, қашан саламыз және қандай бағада саламыз деген мәселелерді стоматологпен ақылдасу керек. Кейбір емделушілер интернеттен шала-шарпы жазылған небір ақпаратты оқып алады да, имплантологияны сенен жақсы білетін кісідей алдыңа шығып сөйлеп кетеді. Сондай сәтте қолына құрал-саймандарды беріп, «Айналайын, өзің салып ала қой» дегің келеді (күліп). Ғаламторды қанша терең қазса да, кәсіби маманның кеңесіне құлақ асқан жөн. – Тіс имплантациясын жасаудың соңы адам өміріне қауіп боп төнген жағдайлар кездесе ме отандық тәжірибеде? – Имплантат дайындайтын материалдың адам ағзасына зияны, өмірге төндірер қаупі жоқ. Бұл дәлелденген нәрсе. Қауіп имплантатты орналастыру кезіндегі қателіктерден туындауы мүмкін. Имплантат адамның жоғарғы, төменгі жақ сүйектеріне орнатылады. Ол абайсызда жүйке-қантамыр шоғырына жақындап кетсе, адам азғасына залалы тиеді. Түрлі асқынулар болуы мүмкін. Жоғарғы жақ қуысы деген қуыс бар. Жақ сүйегінің ортаңғы жағында орналасқан қуыс. Имплантат салу кезінде сол қуысты зақымдап алудан абай болу керек. Операция кезіндегі жансыздандырғыш дәрілер, антисептикалық кейбір ерітінділер, отадан кейінгі қабыну процесінің алдын алу үшін тағайындалатын антибиотиктер аллергия, анафилактикалық шок секілді жағымсыз әсерлер тудыруы мүмкін. Осындай асқынулар болмаса, имплантаттың өзінен адамға қауіп төне қоймайды. – Бір кездері жаппай алтын тіс салдыру сәнге айналған еді. Енді екінің бірі имплантат салдыратын күн таяп келе жатқан секілді... – Бұл – ғарыштан келген ғажайып ем емес. Имплантация – адамның аузындағы тіс кетіктерін бүтіндеуге арналған көп тәсілдердің бірі ғана. Өзім имплантолог боп қызмет ете бастаған алғашқы жылдар мен қазіргі кезеңге көз жүгіртер болсам, тіс имплантациясына деген бүгінгі қызығушылық пен кешегі сұранысты салыстыруға келмейді. Расында да, сіз айтып отырған күн алыс емес. Әрбір үшінші, тіпті әрбір екінші адамның аузына имплантат орнататын жағдай келіп қалды. Солай болғаны дұрыс та шығар. Өйткені көп адам алмалы-салмалы протез кие алмайды, сау тістерін егегісі келмейді. Сондықтан тіс емдеудің бұл тәсілі болашақта бұдан әрі жанданбаса, қарқыны бәсеңдемейді деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіз табысты болсын!  

Сұхбаттасқан

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары