50455
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа бағыты жолындағы әлеуметтік әділеттілік
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа бағыты жолындағы әлеуметтік әділеттілік

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келген кейінгі үш жыл әлеуметтік саясат саласының терең және дәйекті өзгерістерімен ерекшеленді. Әлеуметтік саясат дарашылдық пен атаулы сипатқа ие болған тұста әлеуметтік әділеттілік және жеке экономикалық бастамаларды қолдау қағидаттары бір-бірімен тығыз байланысып жатады. Әрине, күллі әлемді дүр сілкіндірген COVID-19 пандемиясы реформаларды тежеп, мемлекеттің маңызды ресурстарын індетпен күреске бағыттауға мәжбүр етті. Алайда, карантиндік шектеулер алынып тасталғаннан кейін Қазақстанда іс жүзінде барлық салаларда, соның ішінде әлеуметтік салада да біртіндеп, айтарлықтай түбегейлі өзгерістер жалғасын тауып жатыр.
2020 жылғы пандемия
Қазақстанда 2020 жылдың наурыз айында COVID-19 жұқтырған алғашқы науқас анықталғаннан кейін ел басшылығы бұл қатерге шұғыл назар аударып, төтенше жағдай енгізуге мәжбүр болды. Қазақстан Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия халықтың материалдық-қаржылық шығынын өтеу үшін өмір сүру деңгейін реттеудің өте қатаң шараларын жүзеге асырды: әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны қарқынды тежеу; азық-түлік дүкендерін барлық қажетті заттармен үздіксіз қамтамасыз ету, т.б. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаражаты есебінен шектеулер салдарынан жұмыс істемей қалған қазақстандықтарға 42500 теңгеден жалпы сомасы 476 миллиард теңге төлем жасалды.
Төтенше жағдай және карантиндік шектеу кезеңінде барлығы 4,6 млн. адамға осындай төлемдер аударылды. Халықты және экономикалық субъектілерді короновирус дағдарысынан қорғауға арналған қазақстандық бұл бағыт көрші мемлекеттердегі іс-шаралардан айтарлықтай ерекшеленді. Азаматтарға тікелей төлемдер түріндегі көмек беру әлемнің басқа экономикасы мықты елдерінде де қолданылмады.
Бұдан басқа, ТЖ және карантин кезеңінде Қазақстанның 1,1 млн-нан астам тұрғыны жиыны 25 млрд теңгеден астам сомада азық-түлік және тұрмыстық заттарды сатып алуға қосымша төлемдер алды. Банктер мен микрокредиттік ұйымдар кешіктірілген төлемдер бойынша айыппұл мен өсімпұл жазған жоқ, ал тұтынушылық несиелерді 90 күн кешіктірген жағдайда пайыздық үстеме өзгеріссіз қалды.
Үкімет Президент Қ.-Ж. Тоқаевтың тікелей бақылауымен халықты жұмыспен қамту бойынша елеулі жұмыстар атқарды. Дағдарысқа қарсы шара ретінде жұмыспен қамтудың жол картасы, нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, іске асырылды, соның арқасында 1,2 млн жұмыс орнын сақтап, жаңадан ашуға және жұмыссыздықты өсірмеуге мүмкіндік туды.
2020 жылы зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері қайта есептелді. Базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың өсуі 2019 жылмен салыстырғанда 10%–ды, ынтымақты зейнетақының өсуі 12%-ды құрады.
Бүгінде Қазақстанның пандемияның ырықсыз құрбанына айналмағаны анық. Дәлелденген басқару тәсілдерінің арқасында короновирус дағдарысы ұлттық экономика үшін елеулі сын-тегеурін ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік салада - жаңа мүмкіндік болды. Ол көптеген өндірістердің жұмысын тоқтатып, үй шаруашылығы да тұралап қалған жалпы экономикалық шектеулер кезеңінде әлеуметтік қолдаудың сапалы жаңа әдістерін сынақтан өткізуге жағдай тудырды.
2020 жылы халықты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне мынандай жаңалықтар енгізілді:
* 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау үлгісі реформаланды - оларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төлене бастады, оның мөлшері бала санына байланысты, бірақ отбасының табысына байланысты емес.
* Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап алғаш рет кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілді.
* 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен бөлінетін ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің мөлшері 2019 жылға қарағанда орта есеппен 50% - ға өсті.
* 2020 жылы бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 2019 жылмен салыстырғанда: мәдениет және өнер саласында 35%-дан 50%-ға дейін, әлеуметтік қызметкерлерде 15%- дан 60%-ға дейін өсті, педагогтарда 4 жыл ішінде жыл сайын 25%-ға өсіп отырады.
* Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы аясында 124,2 мың адам 7,6 млрд теңге сомасында біржолғы төлем алды, бұл 2019 жылғы төлем сомасынан үш есе артық. ҰОС қатысушылары мен мүгедектері үшін материалдық көмектің мерейтойлық мөлшері орта есеппен 1 млн теңгені құрады, бұл өткен жылдың көлемінен орта есеппен 4 есеге артық. Сонымен қатар, "Ардагерлер туралы" жаңа заң қабылданды.
* Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесі жетілдірілді. Басты жаңалық - әлеуметтік қызметтер порталының іске қосылуы, оның ерекшелігі -мүгедектердің оңалтудың техникалық құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді рейтингіне, басқа пайдаланушылардың пікіріне, құны мен сапасына қарай отырып, өз бетінше таңдай алуы.
2021 жыл - әлеуметтік қызметтерді цифрландыру және әлеуметтік саланы пандемиядан кейін қалпына келтіру кезеңі
2021 жылдың бірінші жартыжылдығында халықты COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинациялау жүргізіліп, Ashyq жүйесі күшіне еніп, іскерлік белсенділік қалпына келе бастағандықтан, әлеуметтік сала бұдан былай мемлекеттен жоспарсыз қаржы құюды талап етпеді.
2021 жылы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалды:
* 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы мөлшері 7% - ға, базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 5% - ға ұлғайтылды.
* Әлеуметтік саланың 670 мың қызметкері үшін жалақыны кезең–кезеңімен арттыру одан әрі жалғасты: жалақы білім беру саласында – 25%–ға, денсаулық сақтауда - 20-30%-ға, әлеуметтік қамсыздандыру саласында - 50%-ға көтерілді.
* Халыққа арналған мемлекеттік бағдарламалар 1,3 млн адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді, бұл жұмыссыздық деңгейін 2020 жылғы үшінші тоқсандағы 5% - дан 2021 жылғы үшінші тоқсанда 4,9%-ға, ал жастардың жұмыссыздығын 4-тен 3,7%-ға дейін қысқартты.
Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы жаңалықтарға келетін болсақ:
- 2021 жылғы 12 қазанда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қабылданды. Оған сәйкес I топтағы мүгедектерді күту және алып жүру бойынша бірыңғай жәрдемақы енгізілді; алынатын жәрдемақыларын ұлғайта отырып, 7 жастан бастап балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу; мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу бойынша бір реттік жәрдемақы тағайындау; мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың тұрғын үй кезегін сақтау және басқалар. Нәтижесінде I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасау бойынша жәрдемақыны 15,1 мың адам алды, 52,7 мың бала мүгедектік топтары бойынша бөлінді, 2,8 мың адам мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша бір реттік жәрдемақы алды.
- Ерекше қажеттіліктері бар адамдар тұрақты тұратын немесе қызмет алатын медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметін жетілдіруге мүмкіндік беретін бірқатар бұйрықтарға өзгерістер енгізілді. Азаматтарды әлеуметтік және кәсіби бейімдеу мақсатында республиканың барлық өңірлерінде 19 "TenQogam" орталығы жұмыс істей бастады. Әлеуметтік оңалту қызметтерін кеңейту үшін балаларға арналған алты шағын жинақталған оңалту орталығы ашылды.
- Қазақстанның барлық өңірлерінде мүгедектікті сырттай белгілеу бойынша пилоттық жоба іске асырыла бастады.
- Әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдері айтарлықтай дәрежеде цифрлық форматқа ауыстырылды: қызметтердің 92% цифрландырылды, 45 қызметтің 41-і электронды түрде көрсетіле бастады, оның 21-і белсенді.
- Электрондық еңбек биржасының ресурсында жұмыспен қамту орталықтарының қызметтері қолжетімді болды, кәсіптік бағыттардың кең ауқымы бойынша онлайн курстар сервисі іске қосылды, "Шекарасыз жұмыс" жобасы шеңберінде ЕАЭО елдерінде жұмыс пен кадрларды іздеу қолжетімді болды.
- Өмірлік қиын жағдайға тап болған 700 мыңнан астам қазақстандық отбасы мемлекеттен 70 млрд теңгеден астам атаулы әлеуметтік көмек алды.
- 371,4 млрд теңге 530 мың азаматқа мүгедектік бойынша жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер түрінде төленді.
- Ынтымақты зейнетақы мөлшері екі рет индекстелді. Зейнетақының орташа мөлшері шамамен 109 мың теңгені құрайды. Жалпы мемлекеттік бюджеттен 2,2 млн зейнеткерге зейнетақы төлеуге 2,9 трлн теңге бағытталды.
- Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салалары қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жалғасты. 1,2 млн-ға жуық азаматтық қызметшілердің жалақысы орта есеппен 20-дан 30%-ға дейін өсті және алдағы 4 жыл ішінде 2 есеге ұлғаяды.
- Жастарды жұмыспен қамту шаралары күшейтілді. Олардың "Жастар практикасы" және "Алғашқы жұмыс орны" жобаларына қатысу мерзімі ұзарды. Халықтың әлеуметтік осал санатындағы жастар мен азаматтардың іскерлік бастамаларын дамыту үшін гранттардың мөлшері екі есе ұлғайтылды.
- 2022 жылдың қараша айында мүгедектердің өмір сүру сапасын арттырудың Ұлттық жоспарына өзгерістер енгізілді, ал заңнамалық бекітуді талап ететін өзгерістердің бір бөлігі әлеуметтік Кодекс жобасына енгізілді.
- ҚР Парламенті Мәжілісінде Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның Факультативтік хаттамасын ратификациялау бойынша жұмыс басталды.
- Электрондық еңбек биржасында бірқатар ірі компаниялармен бірлесіп жұмысқа қабылдаудың пилоттық жобасы іске асырылды, ол жақсы нәтиже берді: өткен жылдың 3 айында ЭЕБ арқылы 11 мыңнан астам адам басқа өңірлерге өз бетінше жұмысқа орналасты.
- Бейінді министрлік азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету тетіктерін бекітетін әлеуметтік кодекстің жобасын дайындады және оны Парламентке ұсынды.
- барлық 116 медициналық-әлеуметтік мекеменің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарының сақталуын тексеру;
- шағын сыйымдылығы бар үйлерді, әсіресе ауылдағы үйлерді қолдау және дамыту;
- дәрі-дәрмек немесе тауарлардың жекелеген түрлерін кезең-кезеңімен ақшаға айналдыру;
- мүгедек адамдарды қоғаммен жедел ықпалдастыру үшін 12 оңалту орталығын салу;
- әлеуметтік қызметтер порталының жаңа форматы, онда тауарлар мен қызметтердің параметрлері туралы толық ақпарат ұсынылады, жеткізушілерге және тауар сапасына қатаң талаптар қойылады.
Лилия Маньшина