Қазақтың Құрманханы

Қазақтың Құрманханы

Қазақтың Құрманханы
ашық дереккөзі
Құрманхан Мұқамәдиұлы – Моң­ғолия қазақтарының жаңа си­пат­тағы ұлттық жазба әдебиетінің не­гізін қалаушылардың бірі. Ол Моң­ғолия қазақ әдебиетінің қалып­тасу қарсаңында барлық жанрда дер­лік қалам тартып, оның көбінің үл­гілік жолдарын көрсетіп, алғашқы ір­гетасын қаласқан үлкен суреткер, мық­ты драматург, жазушы, ірі ау­дар­машы ретінде бағаланады. Сондай-ақ әде­биетті кәсіби харакеті болдырып қана қала бермей, қоғам өміріне бел­сене қатысты. Жауапты қызметтерге ара­ласып, бастауыш мектепте мұға­лім, Ішкі істер бөлімшесінде жауапты қызметкер, тіпті аймақ басшысына дейін көтерілді. Елдің халық депу­та­тына сайланып, партияның орталық ор­га­нына мүше де болды. Замана ағы­мына сай малшы қауымды ұжым­дас­тыруға белсене қатысып, ұжым­дық шаруашылықты басқарды. Әде­биеттен өмірінің соңына дейін қол үз­бей, баспахана бастығы, әдебиет үйір­месінің жетекшісі, әдеби «Жас та­лап» журналының редакторы бол­ды. Осы жылдар табиғатынан кі­ші­пейіл де көпшіл, халық­қа етене жақын, іскер де ұйым­дастыр­ғыш қабілеті бар М.Құрманхан мем­ле­кеттік қызметтерге белсене қаты­сып, уақытын жұмсағандықтан, қа­ла­мынан көлемді шығарма туа қой­ма­ғанымен, оның көп үйренген, әде­биет әлеміне бақылау жасап, әде­би білімін шыңдаған, өзін әзір­леген жылдар болды. Сол қызметте жүре, қатал та­би­ғаттың құшағындағы қазақ ауылдарының бай, кедей екі тұр­пат­тағы сипаты мен халық тұрмысының шы­найы көрінісін бейнелеп, «Жұт ала ма, жұрт ала ма» деген әңгіме-бел­гілеу жазады. «Алғашқы қадам» атты әң­гімесін моңғол тілінде жазып, ал 1961 жылы еңбектерінің жинағы моң­ғол тілдерінде басылды. Бұл жылдары алғаш аудар­ма­мен де шұғылданып, моңғол­дың жаңа заман әдебиетінің негізін салушылардың бірі Д.Нацагдоржның әйгілі «Жұмбақ төбелер» операсының ли­бератосы мен бірнеше әңгіме, өлең­дерін қазақ тіліне аударды. Құр­маш әдебиетке барлық ой-санасымен бері­ліп, өмірдің шындығына қоян-қолтық араласуы жөн деп көріп, үл­кен лауазымнан бас тартты. Халық ара­сындағы серпіліс, ынта-жігерді көз­бен көріп, қолмен жасау, оны өзі­нің шығармашылығында көрсетуді мақ­сат етті. Сөйтіп, алғашқы көлемді туын­дысы – «Кезең үстінде» пьеса­сы өмірге келіп, ол Моңғолия қазақ­та­рының жазба әдебиетінің алғаш­қы­сы ретінде танылды. 1956 жылы шаңырақ көтерген ұлттық теат­ры­мыз­дың сахнасы осы пьесамен ашыл­ды. Кешікпей «Тау қойнында жеке да­ра», «Қарға қарғаның көзін шұ­­қы­майды», «Жасыл дөң» пьеса­ла­рын жаз­ды. Бұл еңбектерінде адам­дардың жа­расымды достығы мен алаяқ­­тар­дың іс-әрекетін, жастар ро­ман­тика­сын, өлкедегі зиялы қауым­ның өсу, қа­лыптасу жолын тар­тымды көрсете білді. Сонымен бір­ге қазақ ауылының дәстүрлі тұр­мыс-тіршілігін сенімді суреттеді. 60-жылдардың басында жазған «Тұлба көл шайқасы» Құрмаштың озық туындысы еді. Ол тарихи та­қы­рыпқа қалам тартқан қалам иесінің тағы бір қырын ашып, көрермендер­ден жоғары баға алған. Кейін бұл ең­бектен елімізде көркем суретті ки­но да жасалды. Өмірінің соңын ала «Тоғысқан тағ­дырлар» атты пьеса, «Бө­кен жарғақ» деген аңыз дастан бас­таған еді, мезгілсіз ажал оларды аяқтатпады. Ол қаламы төселіп, әде­би таланты кемелденген шағында бар-жоғы 40 жасында қайтыс болды. Қия шапқан қылыштай, қамал алар қырықтың қақпасын енді ғана ашып, қақ төріне жете алмай қыршын кет­кен қайран Құрмаш 30-40 ара­сында не­бәрі тоғыз жылдай ғана шынайы шығармашылықпен шұғылданыпты. Құрмаш өзінің саналы өмірі мен та­маша талантын халқына қызмет ету­ге арнап, Моңғолия қазақтарының жазба әдебиетінің қалыптасуына аса зор еңбек сіңіріп, жас әдебиетшілерді тәрбиелеуде үлкен міндет атқарып еді. Ол әдебиеттегі көркемдік пен ше­­берлік жайлы көптеген рецензия мен публицистикалық мақалалардың авторы. Шығармашылығына шолу Құрманхан творчествосының де­ні – драмалық шығармалар. «Кезең үс­тінде», «Жасыл дөң», «Тұлба көл шайқасы», «Қарға қарғаның көзін шұ­қы­майды», «Тамыр дәрі», «Тоғыс­қан тағдырлар» пьесалары мен «Ал­ты­бақан» либераттосы оны үлкен дра­матург ретінде танытты. Құрмаш шығармаларының не­гізгі тақырыбы – ауыл өмірі, дәуір та­лабы мен замана үрдісіне дер ке­зін­де үн қосып, адамдардың ұжым­дасып бірлесіп, бірігіп жансақтаудағы қиыншылықтар, ондағы ескі мен жаңаның күресін, ой-санасындағы өз­герістерді, қажырлы еңбегін на­ным­ды суреттей білгендігінде. Бірақ әр шығармасында оқиға қайталан­байд­ы, тың жаңа ой, адам мінезі кө­рі­нуі оның үлкен талант иесі екенін дәлелдейді. Драмаларындағы тағы бір жиі көрініп отыратын конфликт жаңа салт-сана мен ескі дағды сіңі­сіп, тозығы жеткен идея арасындағы қайшылықты көрсетуі бүгінде маңы­зы жоғары екенін өмір дәлелдейді. Адам­дар біліміне, сауаттылығына, мә­дени дәрежесіне, мінез-құлқына, көз­қарасына, дүниетанымына жас ерек­шелігіне сәйкес жіктеліп, Құр­ман­хан шығармасында көрініс табуы – үлкен табыс. Ол кейіпкері арқылы былай дей­ді: «Қайғы қарабасыңдікі болса – жал­ғыздың ісі жазым, жылжып ақ­қан бұлаққа батасың да кетесің. Қай­ғы көпке ортақ болса – түпсіз мұ­хит болса да түскенің көптің ке­месі, мінесің де өтесің. Қуанышың өзің­дікі жеке болса – кездейсоқ түс­кен бір сағым, өтеді де, кетеді. Қуа­ны­шыңа көп ортақ болса – шашырап түс­кен күн нұры, ғұмырыңа жетеді» де­гендей қанатты сөздері көп. «Жасыл дөң» атты драмасында сол 40-50 жылға жалғасып келген асы­расілтеушілік, әпербақан шолақ сая­саттың шырғалаңдарын дер ке­зін­де батыл сынаса, «Қарға қарғаның кө­зін шұқымайды» деген туын­ды­сын­да, парақорлық, рушылдық, то­ғы­­шарлықты әшкерелейді. Құр­маш­тың «Тұлба көл шайқасы» атты төрт пер­делі пьесасы – халқымыздың өт­кен та­рихи жолын көркем әде­биет­те та­маша бейнеленген тұңғыш туынды. Жаудың 5000 әсерінің шабуылына тө­теп беріп, қоршауда 42 тәулік бойы қал­ған ержүрек 400-дей жасақтың жан аямай шайқасқан ерлігі мен қиыншылықты жеңудегі қайсарлығы шебер суреттелген. Елінің тәуелсіздігі, халқының бостандығы мен азаттығы үшін жанқиярлық күресі мен сондай қиын-қыстау кезде адамдардың мі­нез-құлқы, адамгершілігі сұрыпталып кө­рінетіні айтылады. Өмірдегі жа­ғым­ды образ бен ұнамсыз типтердің шын бетпердесін жеріне жеткізе сурет­теуімен ерекшеленген шығарма. Драмада шебер жасалған суреттер, тап­қыр детальдар жиі кездеседі. Автор қарама-қарсы екі күшті өзара салмақтап, іскерлік, мораль­дық, мінез-құлық сипаттарын үнемі қа­тар қою арқылы халық жағында­ғы­лар жеңіс иесі болатынын көр­се­теді. Шығармадағы ең басты нәр-се – тіл. Тілі көркем де бай, қа­рапайым халықтық тіл. Сол ар­қы­лы кейіпкердің кім екенін аңғарамыз. Мә­селен, ой-парасатын, мінез-құлқы мен адамгершілігін, мақсат-мүддесін ұға­мыз. Аталған батырлық драмада бас кейіпкер: – Қайғы-уайым қас дұш­­­­паннан да қауіпті. Дұшпанмен кес­кі­лес­­тің бітті, не өлтіресің, не өлесің. Сары уайымға салынсақ, кес-кестеп ал­дыңды орайды да тұрады, өмірдегі қы­зықтың бәрін жоқ қыласың, – деп ащы шындықты айтып жігерлен­діре­ді. Тағы бір кейіпкер: Тәуекелдің тая­ғы күшті, бүгінгі асқақтап тұрған ке­зеңде сол ғана бізге сүйеу, тіреу бо­ла алады, – дейді. Құрманхан шығармаларының биік­тігін танытатын бір қасиеті – ті­лі­нің поэтикалық мәнері. Кейіпкер­дің көңіл күйінің толқуына, мазмұн­ға сай сөзді ырғақ үндестікпен көр­кей­­тіп қолданатынында. Заман өз­гер­мей тұрмайды. Кешегі лаулаған от, бүгін сөніп бықсып қалуы, кешегі то­лық­сы­ған өмір бүгін қара күрке болуы оңай екенін кейінгіге сабақ ретінде: Жатыр бықсып төрт-бес тезек, Отыр шалы қолын қалап. Оң білегін сыбанып тастап, Кемпір отыр жамау жамап. Осылайша, тұғырдан түскен кешегі мықтының бүгінгі күй­кі тірлігін суреттейді. М.Құрманханның әдеби мұр­а­сының үлкен бір саласы – көркем ау­дар­ма. Моңғолия әдебиетінің клас­сигі Д.Нацагдоржның еңбектерінен аударғаны жеке бір кітап. Басқа да ақын, жазушылардың шығармаларын қа­­зақ тіліне тәржімалады. Оның ішін­­де Лодойдамбаның «Тұнық Та­мир» ат­ты романы да бар. Аудармашы – шығарманың екін­ші авторы дегенді бекем ұстанған ол, автордың стиліне, шығарманың маз­мұн, құрылымының берік сақ­талуы­на көп мән береді. Аударманың тілі жа­тық, қазақ оқырмандарына етене тү­сінікті, ана тіліндегі туындылардай жы­лы қабылданады. Мысалы, моң­ғол­­шадан сөзбе-сөз аударғанда «Ақ ай мен қара жас» деп келетін еңбекті Құр­маш «Жылдың басы, көздің жа­сы», «Себепті үш төбе» дегенді «Жұм­бақ төбелер» дегендей, тек атауын ға­на емес, әр сөйлемді негізгі мағына, же­лісін бұзбай, қазақша аударғаны ерек­ше үлгі етерліктей. «Жұмбақ төбелер» атты Моң­ғол­дың әйгілі операсында: Сүйгеніне қосылу Бақытты жанға лайық Жұбымен өскен аққудай Бірігіп тұрмыс құрайық, – деген жол­дары А.Пушкиннің «Онегин мен Татьяна» сөздерін қазақшаға аудар­ған Абай жырларын үлгі еткенін көр­сетеді. Өмір жолы тағылымдарынан Құрмаш партия, мемлекеттік, ша­руа­шылық істерін тіпті 25-30 жа­сын­да атқарды. Өз ісіне сондай құш­тар, әр істің тетігін таба білетін. Құр­­­маш­тың азаматтық, қайраткерлік бол­мысы туралы басқа адамдардың ауы­зекі әңгіме, естеліктеріне үңіл­ген­де оның ақыл-парасаттылығы, жан-жақты білімдарлығы, арамдықтан аулақ, туғанына тартпайтын тура­шы­л­дығы ханды емес халықты пір тұт­қан дегдарлығымен ерекшеленеді. Өсіп кемелденуінің ең шыңы – Мәскеуде Чекистер мекте­бін­де оқыған кезі. Аз уақытта орыс ті­лін тамаша игеріп, сол тілде баян­дама жасағаны, дәрісті үш тілде, төрт түрлі (латын, кирилше, төте жазу жә­не ескі моңғолша) жазумен жа­за­тын. Қызметінің шектеулігіне қара­май, Кеңес жазушыларымен, мысалы А.Фадеевпен жақын байланыста бол­ған. Кейін елге келіп лауазымды қыз­метте тұрғанда галстук тақпай жүр­гені үшін шенеуніктерден сөгіс алып, тіпті іс сапар жолдамасын алып тұрып, шетелге баратын құқық­тан айырылғаны туралы деректер көп. Ол қырық-ақ жас жасаса да көп еңбек етті. Артына өш­пес тағылымдық із қалдырды. Бірақ көп еңбегі әлі жарық көрген жоқ. Оның Шығыс Түркістандағы Моң­ғо­лия­ның ресми өкілі ретінде азамат­тық қозғалыс жетекшісі Оспан ба­тыр­­мен үзеңгілес болып, халықты азат ету майданына қатысқаны бір тө­бе тарих. Осы деректер ішкі істер ме­кемесінің мұрағатында немесе ұр­пақтарының қолында болуы әбден мүм­кін. Бұл – Құрманхантанудың ал­дағы нысанасы болуы тиіс. Құрмаш сонау жылдары Баян-Өл­гей аймағының бастығы болғанда да, ішкі істер мекемесін басқарғанда да зұлмат заман ағымына еріп, ешбір адамды нәубаттыққа ұшыратпаған адал, парасатты адам болғанымен тағы ерекше. Құрмаш кешкен қилы ғұмыр мен шы­ғармашылық тағылымын айтқан­да төменгі жолдарды айтпай кетуге бол­мас деп ойлаймын. Қудалау көріп жан­жүрегі жараланған кездері көп бол­са да, жігері мұқалмай бәрінің де жақ­­сылықпен аяқталарына бекем се­ніп, болашаққа үміт артқан жан­геш­­тілігі көз алдыңа келгендей бо­лады. Ол заманының құралы да, өз уақытының құлы да болған адам емес. Егер олай болса өзін жа­за­ла­мас та, тіпті өлмес те еді. Кейін то­та­литар қоғамның шын мәнін де ұғып қарсы тұрды. Кезінде өңір зия­лыларының бірі де бірегейі болған ол өзін-өзі жазалауға апарғаны – тари­хи шындық. Бұған өкінген Алтай, Қоб­да беті қазақтарының абыз-ақы­ны Ақтан бірде: Уа, қарағым Құрмашым, Қалаулысы халықтың. Мыңмен тең бір басың, Ақылға келші аяңдап, Асаулыққа берілмей. Бүйте берсең, Құрмашым, Табылмайсың сен бізге, – деп ақы­­­­лын айтты. Бірақ амал нешік, дәуірінің да­ра ту­ған тұлғасы, қара сөздің қайығы Құрмаш өмірден ерте кетті. Міне, осылайша Моңғолияда­ғы аз қазақтың әдебиетінің үл­­кен жаршысы болған Құрманхан Мұ­­қамәдиұлы артына үлкен тағы­лым­ды із қалдырып, бүкіл қазақ әле­міне ортақ сөз зергері бола білді.

Хабсаттар ОМАРҰЛЫ

Моңғолиядағы Қазақ Қаламгерлер кеңесінің басшысы