1895
Елдік мұраты
Елдік мұраты
Жұмыр жер, дүбірлі дүние буырқанып тұр. Түбегейлі өзгерістер, дәуір толқындары дамылсыз есік қағуда. Жолайрыққа тіреліп, тар өткелге таяндық. Болашағымызға қам қылатын, нақты бағытымызды айқындайтын сәт туды. Ашығын айтсақ, әлдеқашан пісіп жетілді. Алдамшы арманның, тәтті ертегінің елесіне елтіп, сағым қуып жүре берудің уақыты өтті.
Ендігі кезекте «Елдігіміздің ертеңі қандай болмақ? Түпкі мұратымыз не? Ата-баба арманы мен аманаты қандай еді? Оған қаншалықты қол жеткізе алдық? Мемлекетіміздің мақсаты қандай? Әлемде алар үлесі мен берері не? Әлем қайда бет алды, біз қайдамыз?» деген секілді сансыз сауалдарға бірлесе жауап іздеу аса маңызды. Ал олардың оң шешімін табу, ойласып тапқан ортақ мақсатқа нық бекіну – баршамызға асыл парыз. Сол жолда қоғамды ұйытып, бүкіл әлеуетімізді осыған жұдырықтай жұмылдыру – басты міндет.
Осы шағын мақалада ел болашағына, ұлт мұратына қатысты түйген ойларымды, ұсыныс пікірлерімді көппен бөлісуді жөн көріп отырмын.
Бұдан бір ғасыр бұрын Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ өкпесі» атты мақала жариялап еді. Ұлт ұстазы «Қатерлі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ» деп жазған болатын. Бұл ой қазір де өзекті. Жаһанда жүріп жатқан ауқымды дүниелердің астарына ден қоймай, тек заман алға тартқан ағымдағы шаруалармен айналысып жүре берсек, тағы да қапы қалмасымызға кім кепіл. Қамданудың басы етек-жеңімізді жиып, елдігімізді ойлаудан өріс таппағы лазым. Сонымен.
Әлем қайда барады?
Қазіргі кезеңде әлемнің этногеосаяси бейнесі жедел өзгеріп жатыр. Жаһандық күштер балансы бұзылып, шиеленістер орын жиілеп барады. Қалыптасқан қағидалар, халықаралық қарым-қатынастар, әлемдік тәртіп қайта қаралып жатыр. «Ойын тәртібіне» елеулі өзгерістер енгізілмек. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы жаһанды «алып ауылға» (global village – М. Маклюэн) айналдырды. Халықаралық құқық субъектілерінің қатары трансұлттық корпорациялармен толықты. Олар қазір халықаралық аяда белсенділік танытып, жаһанданудың жауынгерлеріне айналды. Жетекші елдер мен жетектегі елдер, елдікті көксеген ұлттар мен жұтылып бара жатқан ұлыстар (мемлекет-трансферт) жаңа дәуірге жаңа үмітпен, жаңа жоспармен, жаңа мұратпен қадам басуға ұмтылуда. Біз де бұл үрдістен сырт қала алмаймыз. Қалдыра да қоймайды. Осыны ескеріп, жаһандағы жағдайларды сараптау, өзгермелі әлемдегі өз орнымызды табу, халықаралық саяси ойынға ойыншық емес, ойыншы болып әрекет етуге ұмтылу – елдік ұстанымымыз болуға тиіс. Бұл үшін, әрине, енжарлық пен еліктеушіліктен, жалтақтық пен ыңғайға жығылғыштықтан арылып, табанды түрде елдіктің жаңа парадигмасын тұжырымдауымыз керек.
Бүгінде әлемдегі іргелі елдер геосаяси кеңістіктегі өз орны мен позициясын нық айқындап алған. Осыған сай ішкі, сыртқы саясатын жүргізіп, барынша ықпал ету аймағын кеңейтуге тырысуда. Әлем биполярлы жүйеден бірполярлы жүйеге ойысты. Көпполярлы жүйе де көрініс беріп отыр.
Жалпы, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Ресей, Еуроодақ, араб-ислам елдері, түркі-мұсылман жұртшылығы әлемдік сахнада белсенділік танытуда.
Мәселен, АҚШ «америкалық арманға» өз халқын ғана емес, әлем жұртшылығын да белгілі деңгейде иландырып отыр. Либералдық жүйені өрістетіп, жер бетінде демократия орнату ұранымен әлемде дара үстемдікке жету жолында белсенді әрекет етуде. Өткен ғасырдың орта шенінде «Америка имиджі», «демократия үшін күрес» саясатын ұстанып келсе, кейінгі жылдар мезетінде Гарвард университетінің профессоры Джозеф Най ұсынған «жұмсақ күш» (soft power) концепциясына негізделген саясатқа басымдық берді. Ішінара «қатаң күш» – санкция салуға да жүгінуде. Осы дүрмекке ілескен Оңтүстік Кореяның «жұмсақ күштер» формасындағы мәдениеті бүгінде ықпалды құбылысқа айналды.
5 мыңжылдық тарихы бар, бірегей өркениетке ие, дүниедегі жан саны ең көп Қытай да жаңа ғасырда қарқынды дамуға көшіп, алдына ауқымды мақсаттар қойып отыр. Қытай ұлтын асқақтауға, әлемдегі ықпалын арттыруға арналған көпжылдық «Қытай арманын» тұжырымдап, «Бір белдеу, бір жол» жобасы арқылы Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға құлшына кірісті.
Алып көршіміз Ресей өзін адамшылық құндылықтардың қорғаушысы ретінде жариялап, қасиетті күрес жүргізіп жатырмыз деген ұстанымын ашық білдірді.
Бауырлас ел Түркияның Осман империясы кезіндегі даңқты кезеңіне қол жеткізу ниеті мен түркі-мұсылман жұртының тірегі болу тілегі көрініс береді.
Орталық Азия тарабына келсек, халқының саны аз Моңғолия, бауырлас Қырғызстан елдері де соңғы отыз жылда демократияның туын жалаулатып, партия партияға бөлініп, тартысып жатыр. Ат төбеліндей ұлттың бірнеше саясат жолында өмір сүруі шынында да қолайсыз көрінеді. Меніңше, демократия деген әркімнің қолжаулығы емес, байсалды құрал болса игі. Арманың болса да, дәрменің болмаса, тұрлаулы саясатың мен тиянақты экономикалық тұғырың сай келмесе, ойдағының орындалуы күрделі шаруа. Онда данышпан Абайдың «Бас-басына би болған өңшең қиқым, Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын» дегенінің кері келуі ғажап емес. Бұл бізге сабақ болу керек.
Көріп отырғанымыздай, әлемдік геосаяси кеңістікте өркениеттік те, идеялық та, жүйелік те, экономикалық та қақтығыстар шарпысып жатыр. Түптеп келгенде, алпауыт елдердің көксегені – үстемдігін сақтап, ықпал ету аясын кеңейтіп, мол ресурсқа ие болу. Әрине, қазіргі кезеңде күш-қуаты басым елдердің әлсіз елдерді бұрынғыдай басыбүтін отарлауы жүзеге аспайды. Ол экономикалық жағынан да тиімсіз. Оған әлемдік қауымдастық та жол бере қоймайды. Ол қазір жаңа формаға өтті. Үстем елдің өзге елді одақтасу, интеграция, блоктар құру жолымен ықпалында ұстауы, яғни протекторат принципі арқылы іске асады. Осындай жағдайда түрлі жаһандық мүдделер тоғысқан Еуразия кіндігінде қоныс тепкен Қазақ елінің қазіргі қалпы қандай, ұстанатын бағдары не болмақ?
Қазақ қалпы
Қашанда ұлт озық ойлы ұлылары мен қайраткерлерін туғызбай тұрмайды. Солардың бірі, қазақтың қазіргі көзі тірі классик жазушысы Мұхтар Мағауин «Ұлтсыздану ұраны» атты толғамы арқылы қазақтың бүгінгі болмысына дәл диагноз қойып, ол өз тамырына оралып, қасиетін тапқанда ғана көсегесі көгеріп, іргелі ел болатынын айтты. Ащы да болса, ақиқат. Қашанда қағынан жеріген елдің қарық болғаны жоқ.
Көшелі ойларымен, кесек туындыларымен ұлт өресін өсірген кемеңгер қаламгер Әбіш Кекілбайұлы «Өз тағдырыңа өзің ие болу үшін жаныңның азығы, санаңның қазығы болғаны лазым. Сонда ғана желімдей ұйысып, аз да болса, саз боласың. Ұлт санасына ұйытқы солай қордаланады. Қазақ санасының сондай ұйтқысы – бабаларға тағзымы мен ағайынға бауырмалдығы. Соның арқасында ғана бабалар жайлаған өріс пен қоныстың ізінен мыңдаған жылдар бойы адаспай, көшіп-қонып, мекендеп келеміз. Соның арқасында ғана бір-бірімізден көз жазбай, көңіл суытпай бірге келеміз» деп, елдік ұстанымымызды, қазақы болмысымызды тап басты.
Қазір біз «бәсекеге қабілеттілік» дегенді жиі айтамыз. Бірақ оның мәнін теріс түсініп жүрген сияқтымыз. Бәсекелестік желеуімен бақталастық, талас-тартыс, өзгені аяқтан шалу, менің ғана дегенім болсын деген өзімшілдік пен өркөкіректік өршіп барады. Бұл жағдай мәселеге басқаша тұрғыда байыппен қарау қажеттігін көрсетіп отыр. Бәсекеге қабілеттілікті біз сапаны арттыру, білімді молайту бағытында ұғынғанымыз жөн.
Қазақ бұрын бір-бірімен бәсекелес, бақталас емес, бауырмал, ағайыншыл еді. Бұл қасиетімізден бас тартпауымыз керек. Біз – бір-бірінде бөлінбеген еншісі бар халықпыз. Осынау ұлан-байтақ жерімізді бауырмалдығымыз бен ұжымшылдығымыздың арқасында игеріп, сақтап келдік. Бұл қасиетімізді қалпына келтірсек, алдағы уақытта да өз жемісін берері сөзсіз. Өткен тарихымызға, сан ғасырлық шаруашылық салтымызға, ұлттық болмысымызға, жеріміз бен еліміздің ерекшелігіне, адами, ресурстық, өндірістік әлеуетімізге сүйеніп, әлем кеңістігіндегі орнымызды, халықаралық еңбек бөлінісіндегі үлесімізді анықтағанымыз жөн. Ең бастысы, дүниеде қазақтың қазақтан басқа досы да, жанашыры да жоқ екенін ұғынуымыз керек.
Аграрлық алпауыт ел
Алдағы он жылда әлемде аграрлық алпауыт елге айналу мақсатын қойсақ, ұтарымыз мол болады деп есептеймін. Бұған бізде барлық мүмкіндік бар. Географиялық орналасуымыз, жер жағдайымыз, ішкі ресурсымыз, ұлттық болмысымыз бен бейіміміз осыған қолайлы алғышарт жасайды. Сан ғасырлық тәжірибеміз бен қалыптасқан экономикалық базамыз бар. Барлығын бірдей дамытуды емес, оңтайымызға келетін, ұтымды қасиетімізге басымдық беруді қолға алсақ, ол бәсекелестік артықшылығымыз болмақ.
Бұл ретте британ ғалымы Саймон Анхольт тұжырымдаған «ұлттық брендинг» концепциясы тәрізді еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы жаңа бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік жетерлік. Мұны Канада, Аустралия, АҚШ, Британия, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай секілді елдер сәтті қолдана білді.
Жалпы, аграрлық қоғамды арттақалушылық деген ұғымнан арылуымыз керек. Тың технологияны, серпінді инновацияны, ғылыми жаңалықтарды осы бағытта да ашуға, тікелей өндіріске енгізуге әбден болады. Қазақстан жерасты су қоры мол елдердің қатарында. Қарапайым шаруалар үшін шығынсыз су шығару тәсілін ойластырсақ, талай тың жерлеріміз, бетпақ даламыз егіс алқабына, шабындыққа айналар еді.
Қазір әлемде табиғи, сапалы азық-түлік мәселесі өзекті. Бұл бұдан ары күшейе береді. Жер бетінде жан басы артып барады. Ал жер өспейді. Әрбір он бес жылда бір миллиардқа жуық адам қосылып жатыр. Олардың барлығына құнарлы азық қажет. Осыны өндіруге бізде ұланғайыр жер бар. Бізде мұхитқа шығар жол болмаса да, қасымызда ұшы-қиырсыз адам мұхиты бар. Сол нарықты қамтамасыз етсек те, үлкен мүмкіндік.
Қашанда бос жатқан жер жау шақырады. Мал тұяғы тимеген жер тозады. Оны тиімді игеру, шекаралық аймақтарды бос қалдырмау – маңызды міндет. Жиырма миллиондай халықты жиырма қалаға жинап алғаннан ұтпаймыз. Босаған жерлерге, ауыл шаруашылығына шетелдік инвесторларды тартып, соның көмегімен дамимыз деу – бос иллюзия. Оған осы соңғы отыз жылдағы тарихымыз бен іс-әрекетіміз куә. Осы тақырыпта «Іргесі бекем ел» жобасын әзірлеп, арнайы деректі фильм түсірген едік.
Алдымызға Аграрлық алпауыт елге айналу мақсатын қойып, оны іске асыру, бізге біріншіден, байтақ жерімізді тиімді игеруге, екіншіден, халқымызды толық жұмыспен қамтуға, үшіншіден, әрбір отбасының табиғи таза тағаммен қамтамасыз етіліп, ауқатты тұруына, төртіншіден, денсаулығының мықты болуына, бесіншіден, тарихи тамырынан ажырамай, ұлттық санасы мен болмысын сақтауына жол ашады. Атакәсіп, төл тілімізді жаңа заманға лайықтап өрістетуге де таптырмас мүмкіндік.
Егер біз осы бағытқа басымдық беруді қабылдасақ, алдағы үкімет басшылары осы саланың маманы болуы тиіс. Алдағы бес жылға нақты жоспар жасап, соны орындауға кірісуі керек.
Бұл ретте тек шикізат өндірмей, оны өңдеп, дайын өнім шығаруға ден қойған абзал. Экспортқа бағытталған өндіріс құруымыз қажет.
Осы жолда ішкі бірліктің мығым, бүкіл әлеуеттің ортақ мақсатқа жұмылуы маңызды. Әрине, бұл үшін санаға түбегейлі өзгеріс қажет. Сананы трансформациялайтын, оған серпіліс беретін сала – саяси жүйе, руханият, мәдениет.
Рухани серпіліс
Біз тарихтан «Кім кінәлі?», «Не істеу керек?» деген әйгілі тағдыршешті сауалдармен таныспыз. Оған қайта айналып соға бермей, ендігі сауалды «Кім жауапты?» деп қою керек секілді. Еркін адам ғана жауапкершілік арқалай алады. Қашанда рухымыз бен санамыз еркін болуы керек. Сонда ғана біз өз тағдырымызды өз қолымызға алып, жігерленіп, жауапкершілік арқалай аламыз. Азаматтық қоғамның белгісі де, міндеті де осы.
Еліміз отыз жыл бойы ЭКСПО, ОБСЕ, Әлемдік діндер съезі секілді малшашар халықаралық жиындарға әуес болды. Өкінішке қарай, ішкі ахуалға жеткілікті көңіл бөлінбеді. Құрғақ сөзге, жалаң идеологияға басымдық берілді. Қисапсыз гранттар бөлініп, сөз сапырған саясаткерлер, бәтуасыз «пәлсапа соққыштар» қаптап кетті. «Аузымен орақ орғыш» бұлбұлдар «сахнаға шықты». Қоғамның идеалы жеңілтек өнерпаздарға айналды. Олар рухани бос вакуумды толтырамыз деп «өзі көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағанымен» адамгершілік құндылықтарын өз бойынан көрсете алмады. Телеарналар мен әлеуметтік желілерде жұртшылықты алдарқатумен шектеліп отыр. Нақты өнім шығаратын, технологияға бет бұрған жандар қатары сиреді. Мемлекетшіл элита, ұлттық мүддеге берік билеушілер тобы мен ұлттық буржуазия қалыптаспады. Мәңгүрттік тамыр жайды. Соның зардабын енді татып жатырмыз. Олқылықтың орнын толтыру үшін алдағы он жылды ішкі әлеуетімізді көтеруге, бірыңғай жүйеге келтіруге және сана трансформациясына арнаған жөн.
Әдетте, бірыңғай жазғыру, кінәні тек өзгеден іздеу мәселенің себебін анықтап, оны шешуге емес, жауапкершіліктен жалтаруға, дәрменсіздікке ұшыратады. Біз «дәрменсіз жан» санасынан арылып, өз тағдырына өзі иелік ететін, жауапкершілікті тайсалмай мойнына алатын жігерлі, жауапты, білімді, еңбекқор адамдардан тұратын парасатты қоғам құру деңгейіне ұмтылуымыз керек. Бұл үшін тарихи тізбекке жалғану, рухты асқақтату, құндылықтарды қайта қарап, жаңасын қалыптастыру талап етіледі.
Мұны бізге ешкім сырттан келіп жасап бермейді. Туындаған мәселелерімізді, қордаланған проблемаларымызды шешетін де, атқаратын да өзіміз. Шынайы энтузиазммен, зор ықыласпен әрекет ететін мемлекетшіл адамдар қалыптастыруымыз керек. Ел Президенті ақпараттық вакуумға түсіп қалмай, маңайына мемлекетшіл, ұлт аманатына адал тұлғаларды топтастырып, халыққа арқа сүйегені абзал.
Бұл игі мақсатқа қажетті қуатты, мұқалмас жігер мен білікті өз тарихымыздан, ұлттық рухымыздан табуымыз керек. Бұл өткенге үңілуге, тарихтан тағылым алуға, тамырға жалғануға және оны жаңа заман тілегіне ұштастыруға міндеттейді. Ол құндылықтар қатарында Бауырмалдық, Адамгершілік, Ынсап пен Елдік сана секілді қастерлі қағидаттар мен ұғымдар болуы тиіс. Оны қалыптастыратындар – жүрегіне жол тапқан, «нұрлы ақыл» иелері. Осыған назар аударған жөн.
Сондай-ақ отыз жыл өтсе де мемлекеттік тілдің жыры бітер емес. Оған нүкте қоятын кез келді. Осы кезге дейін елімізде қазақ тілінің үстем болуын армандап келеміз. Бұл жөн. Бірақ бұл қатыгез әрекетке айналмауы керек. Қазақ орысқа орыс тілінде тіл қатса, орыс қазаққа қазақ тілінде сөйлесе, одан ешкім кем болмайды, екеуі де ұтады. Осындай қарапайым қадамдардан бастау керек.
Бұдан бөлек, діни ахуал да күрделеніп тұр. Отыз жылда елімізде сан түрлі діни ағымдар пайда болды. Олар жастардың санасын сан-саққа тартып, сарсаңға салды. Мұның соңы неге әкеледі? Үкіметтік емес ұйымдар, діни ағымдар, партиялар, қоғамдық белсенділер қатары көбейген сайын бір отбасында бес адам болса, бес түрлі пікір айтып дауласып отыратын күнге жеттік. Сол отбасындағы көрініс – қоғамның да бейнесі. Ең соңында бәрі жан-жақтан билікті кінәлау тәсілімен, өз мемлекетімізге өзіміз иелік ететін жүйе қалыптаспайтын жағдайға соқтыруы мүмкін. Бұл да ерекше назар аударуды қажет ететін мәселе. Мұндай жәйттерді кез келген сала бойынша таратып жазуға болар еді. Бірақ мұны мақаланың көлемі көтермейтіндіктен, кейінірек жеке-жеке тоқталып, тағы да тілге тиек етерміз.
Кезіндегі «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қыруар жұмыстар атқарылған еді. Жер-жиһаннан қаншама жәдігерлер жиналды, кітаптар басылды. Алайда оны елдің игілігіне жарату жайы аяқсыз қалды. Игілікті істің өз межесіне жетуі үшін осы бағдарламаның екінші кезеңіне, яғни оны игеру сатысына, Мұрат Әуезовтің сөзімен айтқанда, «мұралануға» көшкен орынды. Бұл ретте, осынау тарихи құнды мұраны экрандау, кино тілі арқылы қалың жұртшылыққа ұтымды жеткізу жағын қолға алу керек.
Жалпы, елімізде таратылатын идеологиялық құндылықтарды кемінде қоғамның белсенді бөлігін құрайтын отыз пайыздайы негізге алады деп есептесек, оларға мемлекет тарапынан тұжырымдалған нақты бағыт-бағдар керектігі айқын. Осы бағытта арнайы ұлттық бағдарлама қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді.
Сайып келгенде, елдіктің мұраты – бірлігі бекем, мемлекеттілігі орнықты, мақсаты айқын, халқы дәулетті, ұлттық қасиетін тапқан, түркі дүниесінің тірегі, әлемдік қауымдастықта нық орны бар алпауыт елге айналу. Ендеше «ұлтсызданудың» емес, елдіктің ұранын асқақтатуға жазсын.
Ғалымжан ӨТЕЛБАЙҰЛЫ