50687
Құлдыққа сатылса да, қанындағы қайсар рухын жықпаған батыр
Құлдыққа сатылса да, қанындағы қайсар рухын жықпаған батыр
Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бейбарыс Сұлтан және оның түркі тарихындағы орны» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Негізгі мақсат – Бейбарыс сұлтан туралы соңғы мәліметтерді зерттеп, ғылыми айналымға енгізу және оның мұрасын өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау.
Конференцияға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, еліміздің және шет мемлекеттердің белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Бейбарыс Сұлтан дана басшы, көрнекті қолбасшы ретінде тарихта өшпес із қалдырғанын атап өтті. Сондықтан мұндай конференцияларды өткізудің аса маңызды екеніне тоқталды.
Басқосуда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Бейбарыс Сұлтан ел тарихында қалған ұлы тұлға екенін айтты.
«Батыстан Крест жорықтары үлкен қауіп төндіріп, шығыстан Хулагудың әскері басып кіргенде, одан да бетері, мұсылман әлемінде түрлі діни алауыздықтар туындаған өлара сәтте Бейбарыс қастерлі діннің қорғаны болды. Осы мақсатта ол Ұлық ұлыстың туын желбіреткен айбоз Беркемен одақ құрғаны белгілі. Бейбарыс бабамыздың Мысырда жүріп, тілін, дәстүрін қаншалықты ұлағаттағанын жақсы білеміз. Бейбарыс сарайда тек ана тілінде сөйлегенін тарихшылар, жылнамашылар жазады. Тарлан тарихқа үңілсек, Түркия дәулеті деп аталатын алғашқы мемлекеттің де іргесін осы баһадүр бабамыздың қалағаны мәлім. Түркия демекші, күні кеше ғана зілзаладан зардап шеккен Хатай қаласында Бейбарыс Сұлтаннан мұра боп жеткен мешіт бар еді, жойқын сілкініс кезінде оның да қатты бүлінгенін естідік. Жастайынан жат елге кетсе де, тектілігінен танбай, туған елге деген аңсарын жүрегінде тербеген даңқты қолбасшының есімі қазақ даласында әлі де жаңғыра бермек», - деді Дархан Қуандықұлы.Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов өз сөзінде осындай конференциялар арқылы тарихымызды танып, ұлы тұлғаларымызды ұлықтаудың маңызы зор екенін тілге тиек етті. «Исі мұсылман жұрты Бейбарыс Сұлтанның даңқты есімін көне Мысырдағы Мәмлүк мемлекетінің теңдессіз билеушісі әрі оның қаһарман қорғаушысы ретінде ерекше ардақ тұтады. Жат елге жалшы болып айдалып, құны сұраусыз құлдыққа сатылса да, қанындағы қайсар рухын жықпаған, жігерін мұқамаған батыр бабамыздың есімі өскелең ұрпақ үшін қашанда үлгі-өнеге болуға тиіс. Өткен жылы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақ сахарасының батыры, жауынгер қолбасшы Бейбарыс бабамыздың 800 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуді тапсырған болатын. Осыған орай аталған дата 2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне енгізіліп, Үкімет деңгейінде Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспары мен Мерейтойды дайындау және өткізу жөніндегі жұмыс тобының құрамы бекітілді. Іс-шаралар жоспарына сәйкес мерейтойды еліміздің барлық өңірінде атап өту жоспарланды. Әрбір өңір әкімдігімен бекітілген өңірлік іс-шаралар жоспарына сәйкес жыл бойы 600-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады деп жоспарланған. Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес мәдени-танымдық, ағартушылық және ақпараттық бағытта 48 ауқымды іс-шара өтеді. Бүгін сол игілікті іс-шаралардың алдыңғы қатарында елордамыз үшін елеулі тарихи оқиға – Астана төрінде Бейбарыс сұлтан есімі берілген көше салтанатты түрде ашылды. Сол маңызды іс-шараның жалғасындай, ұлы бабамыздың асқақ тұлғасын айрықша ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып отырған бүгінгі халықаралық конференция да ұрпақ мұраты үшін игілікті іс деп білеміз. Мерейтой аясында 1989 жылы түсірілген қазақ режиссері Болат Мансұровтың «Сұлтан Бейбарыс» атты көркем фильмі 4К цифрлы форматына көшіріліп, бастапқы күйіне дейін қалпына келтірілді. Аталған фильм де киносүйер қауымға жол тартады», - деді Асхат Оралов. Мерейтой аясында Мысыр Республикасындағы Қазақстанның Мәдениет күндері, Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында Мысыр Республикасының Каир Ислам өнер музейі қорынан «Мәмлүктер дәуірі» атты жылжымалы көрмесі өтпек. Сонымен қатар халықаралық деңгейде Мысыр елінің Каир қаласында Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының «Сүгір» ұлт-аспаптар оркестрінің концерті, Түрксой ұйымымен бірлесіп, түркі тілдес халықтардың ақын-жазушылары арасында мүшәйра т.б. өткізу жоспарланып отыр. Жыл бойы Бейбарыс сұлтанның мұрасын насихаттауға бағытталған дөңгелек үстелдер мен тұрақты кітап көрмелері, орта білім беретін мекемелерде ғылыми конференциялар, семинарлар, ашық сабақтар, Бейбарыс сұлтан атындағы жүлделер үшін көкпар, бәйге, жамбы ату, қазақша күрес, құсбегілік, асық атудан жарыс, аударыспақ секілді ұлттық ойындардың халықаралық турнирлері өткізіледі. Сондай-ақ Бейбарыс Сұлтанның есімін ұлықтау мақсатында «Бір жәдігер тарихы» айдарымен бейнероликтер және «Бейбарыс сұлтан – түркі әлеміне ортақ тұлға» атты музейлік дәрістер циклын әзірлеп, еліміздегі барлық білім беру орынына тарату жоспарда бар. Мұның барлығы ұлы бабамызға деген құрмет, ерлік пен елдік дәстүрлерінің сабақтастығы. Мәдениет және спорт министрі осынау жауапты да абыройлы жұмысқа барша ғалымды, зиялы қауым өкілдерін бір кісідей жұмылуға шақырды.
«Бейбарыс Сұлтанның тарихи тұлғасына үңілген тұста біз, ұлы даламызда қаншама ғасыр салтанат құрған Ұлық Ұлыстың бай шежіресін айналып өте алмаймыз. Бейбарыс Сұлтанның Дешті Қыпшақ сахарасында, ерке Жайықтың жағасында дүниеге келген ғұмырнамасынан бөлек, Мысырда алып империяның билеушісі болған теңдессіз тарихы, Ұлық Ұлыстың айбынды қағаны Берке ханмен одақтастығы, ислам туы астында «Кресшілер жорығын» тойтарған ерлікті майдандары, өзі салдырған қаншама сәулет өнері, ерлікке толы шежіресі жазылған 3 мың беттік құнды қолжазбалар, мұның барлығы келер уақыт еншісінде кеңірек зерттелуі керек маңызды тақырыптар деп білеміз. Бейбарыс сұлтанның мемлекетті басқару мен халықаралық байланыстар саласындағы сан қырлы әдістерін ғылыми айналымға енгізу де ендігі жерде ерекше назарда болуға тиіс. Осынау жауапты да абыройлы жұмысқа барша ғалымды, зиялы қауым өкілдерін бір кісідей жұмылуға шақырамын. Біз Бейбарыс сұлтан феноменіне ден қою арқылы Ұлық Ұлыс тарихымен жалғас қазақ сахарасында салтанат құрған ұлы өркениеттер тарихын зерделеуге жол ашамыз», - деді Асхат Оралов.Конференция барысында отандық және шетелдік ғалымдар Бейбарыс Сұлтанның тарих пен өнердегі бейнесі жайлы, жастарға үлгі боларлық тұлғалық келбеті, Ұлы Дала өркениеті және Қыпшақ факторы тақырыптарында баяндама жасады.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ