1381
Мидың 2-бөлігі неге жалқау?
Мидың 2-бөлігі неге жалқау?
Адам миының тек 10 пайызын ғана кәдеге жарата алады деген мифті барлығымыз естіген болармыз? Немесе осы фактоидты теріске шығаратын аргументтерді де жиі кездестіреміз.Жалпы мидың жұмысына қатысты түрлі миф пен болжам көп. Дегенмен, бір нәрсе анық: біз аса қатты ойланып, оған күш түсіргенді ұната қоймаймыз. Тіпті, артық ойланбау үшін қаншама технологиялық эволюцияны бастан өткердік.
Бәрі дайын, артық күш салудың қажеті қанша?
Біз күнделікті, таныс тірлікті көп ойланбастан автоматты түрде орындаймыз. Жаңа ақпараттың да түсінікті әрі қарапайым түрде берілгенін ұнатамыз. Қазір бұл үрдіс тіптен қарқын алды. Романдар мен эпопеяларды айтудың өзі артық, ұзақ посттар, жазбаларды оқуға ерінеміз. Контентмейкерлер қоғамның сұранысы мен назары үшін күрес жолында мәтін атаулыны қысқартып келеді, қысқартып келеді.
Сонымен, ой жалқаулығының себебі неде? Неліктен адамдар есейген сайын миын шаршатқысы келмейді? Есте сақтау қабілетінің нашарлауы екінің бірін мазалайтынына не себеп?
Мидағы екеу
Сонымен, біздің миымызда екі түрлі ойлау жүйесі жұмыс істейді. Психологтар ғылыми түрде оларды бірінші жүйе, екінші жүйе деп екіге жіктейді. Дегенмен дәл қазіргі жағдайда антроморфизмді көмекке шақырып, оларды нақты кейіпкер ретінде баяндап түсіндіргеніміз әлдеқайда жөн болады. Мәселен, Берік пен Серік деп алайық.
Берік – екінші жүйе, ол сіздің өзіңіз, санаңыз, ішкі дауысыңыздың иесі. Ол нұсқау мен ережеге бағына алады, 13-ті 7-ге көбейт десе, сол есептейді, шығарма жаз десе, сол жазады. Негізі, ол – қозғалуы қиын көк жалқау, оған қоса баяу қимылдайды. Бірақ барлығын өте мұқият орындайды. Қателерді анықтап, тауып, түзей алады, сараптап, саралайды. Яғни, ақылды.
Ал бірінші жүйе – Cеріктің бақылауында. Ол өте асығыс, өйткені оның шаруасы басынан асады. Бір сәт дамылдауға уақыты жоқ. Оған сіздің сезім мүшелеріңізден түскен қаншама ақпаратты қабылдап, өңдеп отыру керек. Ол ең керектілерін ғана алады, қалғандарын ойланбастан лақтырып тастап отырады. Яғни, фондық режимде жұмыс істейді, дегенмен оның жұмысы сіздің санаңыздағы негізгі ойлардың іргетасын қалайды.
Берік бұрын-соңды естіп-көрмеген, жаңа әрі қысқа ақпараттармен ғана жұмыс істейді. Ол қысқа ақпаратты қайталай берсе немесе бірнеше рет сол нәрсемен жұмыс істесе, жалығады да, бұл жұмысты Серікке береді. Яғни, адам бұл ақпаратты есіне сақтап, бекітеді. Асықпай, мұқият, бірнеше рет қайталаған іс-әрекет өз жемісін береді.
Демек, әлгі ақпарат дерек қысқа-
мерзімді есте сақтау жүйесінен ұзақмерзімді есте сақтау жүйесіне өтеді. Санаға әбден бекіген білім не дағдыға не машыққа айналады. Тек енді Беріктің маңдай терімен келген бұл машықты Серік автоматтандыра алуы керек.
Осы жерде Абайдың «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар..» деп басталатын 31-қара сөзі еске түседі. Қара сөзде жаңа ақпаратты толық есте сақтап, санаға тоқу үшін төрт шарт айтылады. Әуелі – көкіректің беріктігі, екінші – ынта, үшінші – қайталау, төртінші ойды бөлетін дүниелерден қашық болу.
Демек, мұның барлығы Беріктің сақтауға тиіс қағидалары.
Миға шабуыл
Солайша, барлық күнделікті тірлікті Серік атқарғандықтан, Берік жалқаулау болады. Келіп түскен ақпаратты Серік бірінші қабылдайды, оған мәлімет таныс болса, Берік оған уақыт кетіріп қайтеді?
Егер Серік таныс емес ақпаратқа тап болып, бірден жауап бере алмаса, оны қалай қорытарын білмей, Берікке береді.
Көптеген интеллектуалдық ойынның сауалдары мен викториналар, когнитивті тесттер осы Серікті шатастырып, Берікті ойландырмау үшін әдейі қитұрқы етіп ойластырылады. Серік әлгі сұрақты білемін деп ойлап, досын мазаламай-ақ өзі реттей салуға асығады.
Жарнама агенттіктері, сән үйлері, жалпы адам назарын аудартуға тырысқан қай адам болмасын, Серікке таныс емес, Беріктің назарын аударуға тырысатын жол іздейді. Яғни, ерекшелік, өзгешелік іздейді.
Бұл екеуінің қалай жұмыс істейтінін білу білім берудегі методиканы әзірлеуде де аса маңызды. Лекция форматындағы сабақ өте ұзақ әрі көп ақпараттан тұратындықтан, соншама көлемді ақпаратты есте сақтау қиын болады. Ал талқылау, семинар түрінде өтетін, ойландыратын сабақтардан, керісінше есте қалатын білім көп. Есте сақтаудың мнемоникалық әдістері, бұрыннан таныс ақпаратқа ұқсас мәліметтерді жаттаудың пайдасы көп екені сондықтан. Осы себепті де, қазіргі білім беру жүйесінде білім алушыдан көбірек еңбек талап етіледі.
Шет тілін үйренгенде де Беріктің тынымсыз еңбек етуі аса маңызды. Ол жұмыс істеп, бәрін қорытып, есте сақтау арқылы ақпаратты Серікке беруі керек, сонда ғана адам бір тілді меңгеріп кете алады.
Дегенмен Берікті жұмыс істету үшін үлкен ерік-жігер керек. Бізге бұрыннан білетін, үйренген, машықтанған істерді істеу оңай. Жаңа нәрсе үйрену үлкен энергияны қажет етеді.
Жасы келген сайын адамдар жаңа білімге ұмтыла бермейтінін де осы нәрсемен түсіндіруге болады. Адамға сол кезге дейін жинаған тәжірибесін автоматты түрде орындау қолайлы, оның, әрине себебі де жоқ емес. Бірақ бұл – есте сақтау қабілетінің нашарлауы, ұмытшақтық сияқты зиянды жемістерін береді.
Яғни Серік дамылсыз жұмыс істей береді, ал Берік мүлде ұмыт қалады, сөйтіп ақырында мүлдем саптан шығып қалуы мүмкін. Жасы келген адамдарға әртүрлі сөзжұмбақ, кроссвордтар шешу туралы көп кеңес берілетіні де осы себепті.
Ал сіздің миыңызда кім көбірек жұмыс істейді – Берік пе, әлде Серік пе?
Дамыған технологиялар, жасанды интеллект Беріктің жұмысын әлдеқайда азайтты, ал қазір тіпті орнын басып алуға да мүдделі болып отыр. Сондықтан оқу мәдениеті, ой еңбегі бізге аса қажет. Жер-жердегі ғалымдар жасанды интеллект пен адамның ақыл-ойы арасындағы тартысты бақылайтын күн де жақындап келе жатқанын қазірден айтып жатыр.