Әлем – әбігер

Әлем – әбігер

Әлем – әбігер
ашық дереккөзі
Пандемиядан кейінгі дағдарыс аяқ­талмай жатып, іле-шала басталған Ресей – Украина арасындағы шиеленіс гео­саяси ахуалды ушықтырды. Әлемде ло­гистикалық мәселелер өр­шіді. БҰҰ әлем­де азық-түлік дағдарысы болуы мүм­кін екенін бірнеше рет мәлімдеген еді. Нәтижесінде, әлем бойынша қымбат­шы­лық рекорд деңгейге жетті. Мұның бар­лығы әлем­нің бірқатар елдерін ішкі сая­саты мен жүйе­сін, экономикалық жағ­дайын, моне­тар­лық саясатын қайта қа­рауға мәжбүр етті. Қа­зір инфляция мөл­шері сәл баяулады, де­ген­мен жағдайды болжау қиын. Францияда ел президенті Макронның зей­не­тақы реформасына қарсылық күшейді. Әлем­нің IT державалары жасанды интеллектпен адам­заттың назары үшін күресті бастап кетті. Пә­кістанда дағдарыс ушығып тұр. Түркиядағы жағ­дай­дан кейін елдің шығыны бағаланып жатыр. АҚШ-тағы инфляция жоғары деңгейде қалып отыр. Әлем­дегі басқа да оқиғаларға шолу жасап өтейік. Францияны ереуілдеткен екі жыл Францияда президенті Макронның зейнетақы реформасына наразылық күшейді. Ел тура ма­ғынада тұралап тұр. 11 ақпанда зейнетақы жасын ұзартуға бай­ла­ныс­ты мыңдаған қарсылық шаралары өтті. Бұл бір ай­дағы төртінші наразылық күні болды. Қарсылық 16 ақпанда да болды. Жалпы, еңбек конфедерациясының (CGT) бағалауы бойынша, тек Парижде 11 ақпандағы қарсылыққа жарты миллион адам қатысқан. Сонымен қатар француз кәсіподақтары үкімет қарсылыққа құлақ аспаса, 7 наурызда «Фран­ция­ны барлық секторда тоқтатуға» шақыруға дайын екендерін жеткізді. Зейнетақы реформасы бойынша, елдегі зей­нет­ке шығу жасы 62-ден 64 жасқа ұзарту көзделіп отыр. Бұл шараны қабылдауға елдегі зейнетақы қорындағы қаражат тапшылығы себеп болған. Зілзаланың залалы – ЖІӨ-нің 10 пайызы Түркиядағы жер сілкінісінен бері бір апта өтті. Зілзала келтірген залал 84 миллиард доллар­дан асуы мүмкін. Бұл – Bloomberg-тің Түркия кәсіп­керлері мен іскер топтарының конфедерациясын ба­ғалау арқылы жасаған тұжырымы. Олардың есептеуіне сүйенсек, жер сілкінісінің салдары елдің ЖІӨ-нің шамамен 10 пайы­зын­дай болады. Алғашында сарапшылар шығын ЖІӨ-нің 5,5 пайызындай болады деп айтылған еді. Оның ішінде 70,8 миллиард доллары – тұрғын үй ны­сандарының шығыны. Жер сілкінісі 10 про­вин­цияны қатты зақымдаған. Сонымен қатар Түркия билігі қалпына келтіру жұмыстары бюджет дефицитін 5,4 пайызға жеткізуі мүмкін деп болжап отыр. АҚШ-тағы инфляция жоғары деңгейде Жылдың басында АҚШ-тағы тұтыну баға­лары күрт өсті, бұл АҚШ ФРЖ-ның пайыз­дық мөлшерлемелерді бұрын күткеннен де жоғары­ла­туға итермелеуі мүмкін екенін көрсетеді. Бір айлық тұтыну инфляциясы қаңтарда 0,5 пайыз болды, бұл – соңғы үш айдағы ең жо­ғары көрсеткіш, және осы мәселе энергия мен тұрғын үй шығындарына ықпал етті. Жалпы, АҚШ-та бір жыл ішінде инфляция 6,4 пайызға өсті. Баға көрсеткіштері күт­кен­нен де жоғары болды. Азық-түлік пен энергия көз­дерін есепке алмағанда, базалық инфляция қаң­тар айында 0,4 пайызға, ал бір жылда 5,6 пайызға өсті. Бұл АҚШ-тағы ақша-несие саясатын одан әрі қатаңдатуға жол ашуы мүмкін. Еуропа қаңтарда газ тұтынуды азайтты Gas Exporting Countries Forum (GECF) осы жыл­дан бастап әлемдік газ саласындағы жағдайға шолу жариялай бастады. Осы айда шыққан алғашқы басылым газды тұтынудың маңызды тенденциясына тоқталған. Шолуға сәйкес, 2023 жылдың қаңтарында ЕО елдері газ тұтынуды жылдық мәнде 19 пайыз­ға, 40 миллиард текше метрге дейін төмендетті. Газ­ды тұтынуды төмендетуді сарапшылар ауа райы­ның салыстырмалы түрде жылынуымен байла­ныс­тырады. Ал өнеркәсіптік сектордағы газ тұтынуды азай­туға еуропалық газ хабтарының бағасы қымбаттығы себеп болған. Қаңтар айында ЕО-дағы елдер газға электр энер­гиясын өндіруді 13 пайызға (г/г) азайтты. Электр энергиясын өндірудің өзі тек 3 пайызға (г/г) төмен­де­ді. Электр энергетикасында газ тұтынуды азайту­дың бұл динамикасы газдан көмірге ауысумен тү­сіндірілді. Бұл ретте, шолу деректері бойынша, ЕО қаңтар айында құбыр газының импортын 35 пайызға (г/г) 12,7 млрд текше метрге дейін қысқартты. Аймақ Ресейден тек 2 миллиард текше метр көлемінде газ импорттады. Құбыр арқылы газ жеткізудің негізгі кө­лемін Норвегия қамтамасыз етті – шамамен 8 миллиард текше метр газ жеткізілген. Қалғаны Ливиядан, Алжирден, Әзербайжаннан алынған. Аргентинада – 100 пайыз инфляция Аргентинада экономикалық проблемалар шие­ле­нісіп тұр, соның ішінде инфляция деңгейі өте алаң­датарлық. 2023 жылғы қаңтарда елдегі инфляция 2022 жыл­дың қаңтарымен салыстырғанда 98,8 пайызға жет­ті. Бір айда елдегі бағалар 6 пайызға өсті. Қаңтар айындағы ең үлкен өсім киім мен аяқ- киім бағасында (120,6 пайыз), мейрамханалар мен қонақүйлер қызметі (109,9 пайыз), әртүрлі тауарлар мен қызметтер (102,6 пайыз), тұрмыстық техника мен оны жөндеуде (102,6 пайыз және 101,2 пайыз) байқалған. Елдегі инфляция деңгейі әлі де түсуі мүмкін деген болжам бар. Пәкістан дефолттан құтылу үшін қарқынды түрде салық жинауда Bloomberg мәліметтері бойынша, Пәкістан ми­нистрлер кабинеті 170 миллиард рупий немесе 636 миллион АҚШ доллары болатын салық жинау туралы заң жобасын мақұлдады, бұл – Ха­лық­аралық валюта қорынан қаражат алудың негізгі шарты. Үкімет сонымен қатар газ бен электр энер­гия­сының бағасын көтеру туралы шешім қабылда-ған. Бұған дейін Пәкістан мен ХВҚ 6,5 миллиард дол­лар несие бағдарламасын жаңарту үшін ұзақ келіссөз жүргізген болатын. Пәкістандағы экономикалық жағдай соңғы айларда нашарлай түсті. Халықаралық ре­зервтер 3 миллиард долларға дейін қысқарды, бұл им­порттың бірнеше аптасын ғана жабуға жеткілікті, ал миллиардтаған долларлық импорттық контей­нер­лер портта қалып қойды, себебі доллар тапшы. Елдің долларлық резервтері баяу қалпына келеді, ал қа­рыздар мен импорт бойынша төлемдер келесі жы­лы жоғары болып қалады деген болжам бар. Жапония жастары шетелге ұмтылуда The Economist жазғандай, Жапония жастары жо­­­ғары жалақы үшін шетелдерге көшіп жа­тыр. Басылымның мәліметінше, Жапонияның ор­таша жылдық жалақысы 39 700 доллар, бұл ЭЫДҰ-да­ғы орташа 51 600 доллардан едәуір төмен. Жапония жастары өздерінің алдағы перс­пек­тивасын пессимистік тұрғыдан бағалайды екен. Төмен жалақыдан басқа, көбісі уақыт үнемдеуді қажет ететін қатаң корпоративтік мәдениетіне көңі­лі толмайды. Nippon Foundation коммерциялық емес ұйымы жүргізген сауалнама жас жапондықтардың тек 14 пайызы өз елінің болашағы «жақсарады» деп се­неді екен. Расул РЫСМАМБЕТОВ, қаржыгер: – Бізде зейнетақы жасына қатысты мәселе рет­тел­гендей. Әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 жасқа тоқ­тады. Мүмкін, тағы да түсуі ықтимал деп ойлай­мын. Бұл енді Үкіметтің немесе жауаптылардың ние­ті мен қалауына байланысты емес, меніңше, зей­нет жасына еңбек өтілімен қатар, бала күтіміне кет­кен уақытты да қосу керек деп есептеймін. Сонымен қатар Израильдегі сот реформасына қа­тысты да сұрақ көп. Себебі бізге де сот ре­формасы ауадай қажет. Сот жүйесінің ашықтығы мен әділдігіне шағым айтушылар бізде де кездеседі. Бұл реформасыз бізге жайлы инвестициялық климат қа­лып­тастыру мүмкін емес. Ал митингтерге келер болсақ, бізге бұл мәселе төңірегінде көп жұмыс істеу қажет. Себебі аза­мат­тардың жиналып, өз пікірін ашық, мәдениетті түрде жет­кізуіне мүмкіндігі болуы керек. Шөлмек мың күн­де емес, бір күнде сынады. Сондықтан бейбіт ми­тинг туралы заң болуы керек, оны жетілдіру керек. Жергілікті жерлерде де әкімдіктер рұқсат беруі керек, ал қазіргі жағдайда олар тек «жоғарыдағылардың» шешімін ғана күтіп отырады. Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: – Әлемде қазір экономикалық жағдай күрделі. Әсіресе, Еуропада туу көрсеткіші төмен, қарт кісілер көп. Қарттардың зейнетақысының көп бөлігі жас­тардың еңбек күші арқылы толықтырылады. Сон­дықтан амал жоқ зейнетақы реформасын жасауға тура келеді. Оған, әрине, халық наразылыққа шыға­ды. Осындай факторлар Еуропада өте үлкен рөл ой­найды. Тіпті, Ресейдің өзінде туу көрсеткіші төмен. Бізде туу көрсеткіші жақсы, табиғи өсім бар. Мұн­дай елдердің болашағы бар деп есептеледі. Бірақ бізде жұмыссыз жүрген жастар көп. Сондықтан тиісінше еңбек өнімділігі де төмен болады. Сон­дықтан әйел адамдардың зейнетке шығу жасын тө­мендету үшін жастарды жұмыспен қамту мәселесі ше­шімін табуы керек. Жастарға жағдай жасалуы керек, адам капиталын дамыту керек. Жалпы, әлемдегі азаматтардың көңіл күйі кө­теріңкі деп айтуға келмейді, геосаяси ахуал­дың салдарынан Еуропа газды Ресейден емес, АҚШ-тан тасып жатыр, бағалар өсіп жатыр, оларға қар­жылық компенсация төленуде.