Жоғалып кеткен малшы аман табылды

Жоғалып кеткен малшы аман табылды

Жоғалып кеткен малшы аман табылды
ашық дереккөзі
50342
Атырау облысында жоғалып кеткен малшы бір күннен кейін аман-есен табылды деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, кеше, 15 ақпанда 53 жастағы ер адам өріске мал айдап кеткен. Ол таңертең сағат 09:00 шамасында Индер ауданының Өрлік ауылынан 30 шақырым қашықтықтағы «Аманғали» қыстағынан түйемен шыққан. Содан кейін із-түзсіз жоғалып, одан еш хабар болмаған. «Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің диспетчерлік пультіне бүгін, 16 ақпанда сағат 09:00-де ер адамның түйемен мал бағуға шығып, кері оралмағаны туралы хабар түсті. Із-түзсіз жоғалған 53 жастағы малшыны іздеуге 4 құтқарушы жол талғамайтын 1 техникамен жедел аттанды. Іздестіру жұмысына Индер аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, жоғалған адамның туыстары мен ауыл тұрғындары да шықты», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. Департамент құтқарушылары бүгін жергілікті уақытпен сағат 14:30 шамасында жоғалған малшыны Аманғали қыстағынан 5 шақырым қашықтықтан аман-есен тапты. Малшы зардап шекпеген, үсік шалмаған. Денсаулығында кінәрат болмағандықтан медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінбеген. «Атырау облысында ақпан айының басынан бері қолайсыз ауа райы сақталып отыр. Сол себептен, тұрғындарға алыс жолға шықпауды ескертеміз. Алдағы ауа райының болжамы туралы 112 қызметінің sms хабарына назар аударуды сұраймыз», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Серіктес жаңалықтары