50448
Ұзынағаш ауылын су басты
Ұзынағаш ауылын су басты

Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылының аулаларын су басты деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Мамандардың айтуынша, ауылдағы арықтар уақтылы тазартылмаған. Су басқан жерге Ұзынағаш ауылының 4 өрт сөндіру бөлімінің жедел тобы шықты.
«Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері ұзындығы 40 метр көше бойында 20 тонна инертті материал төседі, сондай-ақ жертөледен 0,2 текше метр су сорылды. Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖ департаментінен 5 қызметкер мен 2 техника (1 бірлік - мотопомпа), 30 әскери қызметші, 1 бульдозер, ТЖМ 28237 әскери бөлімінен 2 Камаз, 10 қызметкер және жергілікті атқарушы органдардан 2 техника жұмылдырылды», - деп мәлімдеді ведомство.
Төтенше жағдай мамандары жеке сектор тұрғындарына еріген су арықтан кедергісіз өту үшін жеке аумақтарда, сондай-ақ үйлерге іргелес учаскелерде орналасқан арықтарды тексеру және тазарту керектігін ескертеді.