Бір отбасындағы балалардың тілі әртүрлі шығады - Нұрлат Байгенже

Бір отбасындағы балалардың тілі әртүрлі шығады - Нұрлат Байгенже

Бір отбасындағы балалардың тілі әртүрлі шығады - Нұрлат Байгенже
ашық дереккөзі
50271
Бір отбасындағы балалардың тілі әртүрлі. Өйткені, балалар YouTube-тен орыс және ағылшын тіліндегі мультификациялық өнімдерді тұтынады. Ендеше, жасөспірімдердің контентіне мән беру - аса маңызды, тіпті мемлекеттік деңгейдегі іс. Бұл туралы журналист Нұрлат Байгенже Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Бұл – Конституцияның баптарын өзгертуден де маңызды болып тұр. Өйткені орыс немесе ағылшын тілінде дүниетанымы қалыптасқан, көзқарасы шыңдалған балалар үшін ертең қазақ тілінің қажеттілігі болмайды. Оларға жүз жерден заң талаптарын ұсынғанымен, қабылдамайды. Сосын тіл қолданыстан қалып, өледі. Балалар шетелдің мультифильміне неге қызығады? Меніңше, түрлі-түсті баяуы қанық, динамикалы, кейіпкері шынайы. Анимацияны өңдеуге (қозғалыстағы сурет түрінде көрсететін әдіс) қарағанда IT-ны мүмкіндігінше пайдаланады. Музыкамен сүйемелдеп, оған танымдық элементтер қосады. Қырғыз азаматтары «Чикки, ча-ча, ля-ля, бум-бум» атты ролигін ағылшын және орыс тілінде ұсынып, әлемге танылды. YouTube-те «Like Nastya Vlog» каналын жүргізетін Настяның 20 миллионға жуық оқырманы бар. Желіге 858 видео жүктеген «Соcomelon» каналын әлем бойынша 154 миллионнан астам жасөспірім тамашалайды. Соның бірі – менің екі жастағы қызым. Ағылшын тіліндегі бұл каналдың «The Yes Yes vegetables song» атты видеосы 1,4 миллиард рет көріліпті (Әлемде 2 миллиардқа жуық адам YouTube-ті тұрақты түрде қолданады десек, 1,4 миллиард рет көрілген каналдың танымалдылығын бағамдай беріңіз)» деп жазды ол.
Оның айтуынша, 2-4 жастағы баланы отандық телеарнаның алдына отырғызып қойғанымен, оларға қызық емес. Тез жалығады. Заманауи технологияны іштен біліп туған буын үшін интернет пен онлайн кеңістік мекендеу ортасы болса, қоғамы – цифрлық қоғам.
«Оларға ұрыс немесе ұр бәрібір, смартфонсыз өмір сүре алмайды. Ал смартфондағы ең үлкен құрал – YouTube пен TikTok. Сондықтан YouTube пен TikTok-та қазақ тілінде сапалы контент шығаруға көңіл бөлмесек, ертең бәрі де кеш болуы мүмкін», - деп түйіндеді Н. Байгенже.

Серіктес жаңалықтары