Біраз жылдан бері оралдық клубқа жанкүйерлік етіп жүрген Мира есімді фанат ақпанның 7-сі жол апатына түскен. Салдарынан оның тоқпан жілігі зақымданған. Оған ақпанның 9-ы күні ота жасалды. Күні кеше Рысбек Қоңыров, Самат Бердәулетов, Руслан Хаиров, Бауыржан Омаров және Мейрам Сапанов сынды ойыншылар ауруханаға арнайы келіп, Мирамен кездесті.
- «Команда жанкүйерлері әрдайым өзара жағдай сұрасып тұрамыз. Ауруханада жатқанымда Нұралы есімді досым хабарласып, төменге түсуімді өтінді. Сәлем-сауқат қабылдау орнына барғанымда сүйікті командамның ойыншыларын көріп, қатты таң қалдым. Маусым барысында біз футболшыларды қолдасақ, осындай қиын жағдайға тап болғанда ойыншылар мені қолдай келді. Қуаныштымын»-дейді Мира Елекешева.
Ойыншылар жанкүйерге денсаулық тілеп, команда оны қолдауға әзір екенін айтты. Сондай-ақ Мейрам Сапанов ойын жейдесін сыйласа, Бауыржан Омаров команданың шарфын тарту етті.