50321
Мансабымды алтынмен аяқтағым келеді – Әнуар Сариев
Мансабымды алтынмен аяқтағым келеді – Әнуар Сариев
Жуырда Португалияның Алмада қаласында парадзюдодан Гран-при турнирі өткен болатын. 22 мемлекеттің 91 спортшысы сынға түскен додада отандастарымыз 2 алтын, 1 қола медаль жеңіп алды. Әнуар Сариев пен Олжас Оразалыұлы алтыннан алқа тақса, Ерлан Конкиев қола жүлдеге қол жеткізді. Парадзюдо тарихында елімізге алғашқы Олимпиада медалін әкелген Әнуар Сариев бұл жолы J2 санатында 60 кг салмақта күресіп, жеңімпаз атанды. Ұзақ уақыт үзілістен кейін боз кілемде белдесіп, ел мерейін үстем қылған балуанмен сұхбаттасқан едік.
– Португалиядағы Гран-при турнирінде алған алтын жүлдеңіз құтты болсын! Грузин балуанымен финалдық белдесуіңіз тартысты өтті. Оны тізе бүктіру оңай болмаған сияқты. Алайда жеңіс үшін барыңызды салдыңыз.
– Рақмет. Иә, негізі, барлық қарсыласым мықты болды. Бәрі рейтингте ондықта, төрттікте тұрған фавориттер ғой. Расында, грузин балуанын жеңу оңай болмады. Өйткені өткен жарыста жарақат алған соң көп күш салмадым. Грузияда екі аптадай жиын болған еді. Сол кезде финалда грузин балуанымен кездесіп, ол аяғымды шығарып жіберген болатын. Сөйтіп, екі күннен кейін әлем чемпионаты басталды. Өкінішке қарай, оған шыға алмадым. Осы жолы сол грузин балуаны аяғымның әлсіз екенін біліп тұр. Сондықтан жақын келіп, әдейі аяғымнан қайта-қайта теуіп жатты. Психологиялық, моральдық тұрғыдан мысын басайын деген болуы керек. Әрине, бәрі жеңіске жету үшін барын салады ғой. Бірақ ол үш минут бойы физикалық тұрғыдан шабуыл жасап шаршағаннан кейін мен одан сайын қарсыласып, ашыла түстім.
Негізі, шындығына келсек, ол физикалық жағынан менен мықты. Өзімнің күшім жетпейтінін білдім әрі 60 келіде күрессем де, салмағым аздау. 57, 58 келі болып жүремін. Мендегі бір проблема осы. Салмағым түсіп кете береді. Бір жаттығудың өзінен 2-3 келі тастаймын. Ал қарсыластарым 6-7 келі қуып келеді ғой. Шыдамдылықпен, техникамен алып шықтым деп айта аламын.
– Спортшының физикалық тұрғыдан гөрі техникасының мықты болғаны жеңіске жеткізеді деуге бола ма?
– Екеуі де мықты болғаны жақсы. Күшің мен техникаң бір-біріне сай болып тұрса, жақсы формада болсаң, қарсылас шақ келтірмейсің ғой.
– Сонымен бірге сенім де керек сияқты. Өзіңіз жеңіске жететініңізге сенімді болдыңыз ба?
– Әрине. Тоқсан тоғыз пайыз еңбек болса, бір пайызы ғана бағыңа байланысты деп ойлаймын. Жарыстың алдында тарихта қалған спортшылардың, Олимпиада чемпиондарының мотивациялық кітабын оқып, осыны түйдім. Қалай дайындалсаң, жемісін солай көресің. Сондықтан спортшы дайындыққа бар күшін салуы керек. Сонымен қатар татамиді, қарсыласыңды жан-тәніңмен сезіну керек. «Бозкілемге шыққанда миым істеп тұрғанмен, денем икемге келмей қалады» деп айтатындар да бар.
– Бала күніңізден дзюдомен айналысқан екенсіз. Соның нәтижесі болар, Токиода топ жарып, елімізге паралимпиада тарихындағы алғашқы медальды әкелдіңіз. Енді келесі жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатысу ойыңызда бар ма?
– Бала кезімізде он бала болып дзюдоға бардық. Содан үш-төртеуіміз ғана қалдық қой. 3-4 сынып оқып жүргенде қасымдағы достарыма «Осыдан көресіңдер, мен Олимпиада чемпионы боламын» деп айтатынмын. Періштелер «аумин» деген шығар. Ұлттық құрамада тоғыз жыл болдым, парада жүргеніме де тоғыз жыл болып қалыпты. Жалпы, спортта жүргеніме он сегіз жыл болды.
Рио олимпиадасында рейтингтің төрттігінде, Токиода үшінші орында тұрдым. Енді Құдай қаласа, Париж Олимпиадасына қатыссам деген ниет бар. Бұл үшінші олимпиадам ғой. Қазір әлемдік рейтингте 8-орында тұрмын. Төрттікте ең мықтылар, фавориттер болады. Ендігі Олимпиадада ойдағыдай нәтиже көрсетіп, төрттікке кірсем деген мақсатым бар. Қазір аяғымды емдеп жатырмын. Тез жазылып кететіндей жас бала емеспіз. Үлкен спорт болған соң мұндай жағдай болады. Бірақ бозкілемге шыққанда бәрін ұмытып кетесің ғой. Спортқа деген сүйіспеншілік осы шығар. Токиода формада болдым. Дайындық ойдағыдай болды, өзімді өте жақсы сезіндім. Психологиялық, моральдық тұрғыдан сенімді болдым. Риодағы олимпиададан ұтылғанда сұхбат беріп, «Ендігі Олимпиададан медальмен қайтамын» деп айтқан едім. Қуанышқа орай, сол мақсатқа жеттік. Осы орайда, жаттықтырушылардың еңбегі зор екенін айта кеткен жөн.
Кез келген спортшының мақсаты алтын алып, тарихта қалу ғой. Паралимпиаданы жаман нәтижемен бастамадық, енді келесі жылы өтетін Олимпиадада жеңіске жетіп, мансабымды алтынмен аяқтағым келеді. Уақытымды, ойымды бәрін соған арнап жатырмын. Аяққа тұрып, соған дайындалуым керек. Одан басқа жоспар құрмадым.
– Олимпиадаға дейінгі жарыстарға қатысатын шығарсыз?
– Әрине. Португалиядан келгеннен кейін туған жерім Атырауға бармадым. Алматыда ем алып, осында қалып қойдым. Енді наурыз айында Египетте Гран-при турнирі болады. Соған барсақ деп жатырмыз.
– Бос уақытыңызда спорттан бөлек немен айналысасыз?
– Бізде бос уақыт деген көп бола бермейді. Алматыда болсам, шаңғы тебемін. Достарымның аты бар. Атқа мініп, садақ атумен айналысамыз. Бассейнге де баруға тырысамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан -
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ.