Дәурен дос туралы әңгіме

Дәурен дос туралы әңгіме

Дәурен дос туралы әңгіме
ашық дереккөзі
Әдетте газет қызметкеріне әдебиет пен өнерге адал қызмет етіп, жетістік пен жеңіске толы бай шығармашылық тағ­дыр түзген мерейтой иелеріне мәртебелі сөз арнау міндеті ара-тұра жүктеліп жатады. Алайда қоғамға еңбегі сіңген қайраткер аға­лар туралы толғау бөлек те, өзің құрмет тұ­тар қатарласың жайлы жазудың қиын­дығы болатынын бірінші рет сезінуге тура келді. Бүгінде қарымы мықты қаламгерге ай­налған Дәуренді «Қуатов» деген журна­лист кезінен білетіндіктен, ат жалын тар­тып мінген азамат дәурен, жастық шағы­мыз, өмір жолымыз, қызметіміз қатар келе жатқан ширек ғасырдың шеңберінде өткен шақты шолып шығу мүмкіндігін қолдан бергіміз жоқ. Бәріміз мойындайтын бір шын­дық, әзіл-қалжыңымыз жарасып құр­дас болып жетілгендер мен журналистика көшіне қатарласа ілескен тегеурінді толқын арасында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас ре­дакторы, түркітілдес жазушыларға арнал­ған халықаралық М.Қашқари атындағы, «Жалын» журналы тағайындайтын Ғ.Мү­сіре­пов атындағы және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дәурен Қуат­тың есім-сойы өзгелерден оқшау тұр. 90-жылдардың бел ортасында көк ба­зар­дың қарсы бетіндегі «Дәуір» баспалар үйі­нің 7-қабатында орналасқан «Жас Алаш­тың» әдебиет бөліміне Дәуреннің қыз­метке алынған күні әлі есімде. Саяси жүйе­нің қайнай бастаған шағында оқыр­ман­ның көзайымы болып, көсем газет ата­нып, ақыры шарықтаған еркіндігіне шы­дай алмаған биліктің жандайшаптары жа­былып жүріп жауып тынған «Халық кеңе­сінен» кейін «Қазақ елі» газетінде біраз аял­дап, жастар басылымына келіп тұрған беті. Таныса келе қабағы тұнжыраңқы, тарамысша тартылып тұрған жіңішке қара жі­гіттің талдықорғандық, дәлірек айт­қан­да, ақын Сараның ауылы Қапалда туғанын ес­ти сала бір топырақтан иленген туыс­қан­дығымызды көрсеткіміз келіп жалпыл­дай жөнеліп едік, онымыздан түк шықпады. Қапалдың мүйіз таулары сияқты өзіне оқ­шау әлем жасап алып, өз ішіне үңілуді тәуір көретін тәкаппар әлде кісікиік жігіт­тің өз көңілі түспесе, маңғаздау мінезі маңайына кісіні көп үйіре бермейтінін бір­ден байқатты. Жазу үстелі бола ма, ұзын дә­ліздің бойы ма, тіпті қайнаған қан ба­зар­дың іші ме, қайда кезіктірсек те, жаза­тын мақаласының жобасын сызған қалың ойының құшағынан босатып алып тіл қатысатын едік. Толғанып жүріп туған ой күлді-көмеш дүниенің азығы болмайтыны анық. Кәсіби ортада жүріп, өресінің де, өрі­сінің де кең екенін көп ұзамай дәлелдей бас­тады. Газет тілшісі болу – қоғамның сан­ саласынан хабардар болу. Жауыр бол­ған жалаң сөз, таптаурынға айналған та­қырыптар Дәуреннің мақалаларында әу бас­тағы түпнұсқа мағынасына оралып, өзге­ше өң, жаңашыл түр тауып, жұтынып шы­ға келетін. Жиырмадан жаңа ғана асқан жас жігіттің бойында Молықбай қобы­зы­ның мұңы, Ілияс жырының сарқыты асып-төгіліп жататын. Оның қаламы тек әдеби, ру­хани мәселелерді жазғанда жорға емес, сая­сат, экономика, қоғамдық-әлеуметтік та­қырыптарды талдап, сараптағанда да жүр­дектігінен жаңылмайтын. Сол кездің өзін­де кейде жарқын, кейде тұйық, кейде сыр­шыл, кейде жыршыл Дәуренде жалаң жур­нализмнен гөрі талантты жазушыға ғана тән бай мінездің жарқылы байқала бас­таған-ды. Кейін «Мақатаев, 22»-ге қоныстан­дық. Тәуелсіздік Тәңірдің үлкен тар­туы болып тұрған шақта, ақиқат пен адал­дықтың алдаспанындай жарқылдап, «Көк­те – күн, Жерде – «Жас Алаш» болып дү­ріл­деп тұрған жастар газетіне жазған-сыз­ғанын көтеріп жасы үлкен кісілер ре­дак­цияға жиі келетін. Қазынаның қапас үйін­де жатып зеріге ме, әлде әңгімесін құлақ қойып тыңдайтын зерделі адамға зәру ме екен, қариялар қалың пәпкесінен іші­нен бұрқыраған ақ қағазға жазылған ма­қаласын әрең дегенде тауып, онысын ама­наттап тапсырғаннан кейін қоштасып шы­ғып кетуге асықпаушы еді. Міндетті түр­де жан-жағына жақсылап қарап алып, жай­ғасып отырғысы келетін қалып таны­татын. Мұндайда қаракөлеңке кабинетте қаздай тізіліп отырған қыз-жігіттер біл­дір­меген болып жайлап басып, жылыстап сырт­қа беттей бастайды. Редакцияға келе­тін хаттардың легі, оқырмандар мақа­ла­сы­ның дені о бастан Дәурен отырған руха­ният бөліміне тиесілі. Әлгі хат көтерген қа­риялар газеттің отымен кіріп, күлімен шы­ғатындарды оты сөне бастаған көз­дері­мен жағалата бір сүзіп өтеді. Қапысыз та­ни­тынына қайран қаламыз, нұры тая бас­та­ған әлсіз жанардың нысанасы Дәу­ренді тура дәлдейтін. Расында, қария­лар­дың тілін табуға Дәурен шебер еді. Жай­шы­лық­та сөзуарлығы жоқ Дәурен алдына кел­ген адамның мұңын тыңдап, түсінуге ты­рысатыны ақсақалдардың да ағынан жа­рылып, ақтарылып әңгіме айтуына сеп. Мұн­дайда дидарласушы мен Дәуреннің ара­сында ғажап бір күй орнаған сәтті сырт­тай қызықтаудың өзі ғанибет. Әдемі сөз­дің тізбегін жасап алып, судыратып сөй­леу жас ділмарға жат қасиет. Фольк­лор­лық өрнегі бар шұрайлы тілімен ондыққа дәл тигізіп, тыңдаушысына әсер етіп сөй­лей­тін шеберлігі бәрімізді сүйсіндіретін. Жүйе­леп ойлай білетін адам мәйекті сөзді дәйек­ті жеткізе де біледі емес пе? Бол­мыс­тағы бұл бекзат қасиет шешендік деп атал­са керек. Редакцияға ағылып келіп жата­тын дүниенің бәрі жарамды бола бермейді, арасында әлдекімді даттаған, қаралаған, кекке құрылып, есеп айырысуға арналған қиямпұрыс жазбалар да бір есекке жүк. Мұн­дайдың үкімін Дәурен көзімен бір шо­лып шыққанда-ақ кесуге дағдыланып ал­ған. Таяғын тықылдатып жер түбінен кел­ген қарияның жүрегін жаралап, «жара­майды» деген сөзді туралап айтуға асықпай, арғы-бергі ескіліктің әңгімесінен сыр шер­тісіп, екеуара өрбіген қызу әңгіменің қо­зы­на жылытып алып, келесі жолы бұдан да гөрі тәуірлеу мақала әкелуге уәде еткен аға­лары мен аталарымен қимай қоштасып, шы­ғарып салып жататын. Кәріқұлақ қариялардың ауыздың суын құртар небір әсерлі әңгіме­ле­рін құйттайынан санасына сіңіріп өскен құр­дасымыз ескінің көзіндей, егеудің сы­нығындай болмысымен көзімізге ерекше кө­­рініп, әлі күнге осы қасиетімен өзге­міз­ден оқшау тұратынын мойындаймыз. Ойын астарлап, әзілмен шебер жеткізетін өне­­­­рін, сөз мәдениетін, тілді білудің сыны мен әдебін бүгінгі замандастар арасында Дәу­рендей меңгерген қазақ саусақпен са­нарлық қана. Қандай тақырыпқа қалам тарт­са да байыппен бастап, кеңінен тол­ғайтын тілшілік кәсібіндегі тереңдігі мен дәл осы әңгімешілдігі оны майдақоңыр про­заға қарай бастап әкеле жатқанын төңі­регі түгел сезіп-байқап жүрді. Дәурен Қуат әдебиетке талғам өз­ге­ріп, таразы ауысып жатқан тұста кел­ді. Жазушылық өнердің басқа кәсіптен айыр­машылығы, ол адамның бойында не бар, не жоқ қасиет. Білім жинамаған, кеу­десі бос шелек тәрізді қаңғырлағанына қара­май өзін жазушы атайтындар жалғыз біз­дің елде ғана емес, жер жүзінде де көп болуы керек. Біздің пайымымызда, жазушы болатын адамда аса күшті сенім болуы керек. Ал Дәурен қаламгер ретінде дер ша­ғында қалыптасты, себебі бұл аралықта ол өзін ұлттың қамы мен мүддесін темірқазық еткен биік ұстанымдағы азамат ретінде қа­лыптасқанын толық дәлелдеп үлгерді. Шы­ғармашылық әлеуеті зор, ішкі қуаты мол Дәуреннің даралық сипатын таны­та­тын басты қасиеті – шығармалары төгіліп түс­кен тілімен тартымды. Ешкімге құрғақ ақыл айтпады, жеке пайымын күмәнсіз шын­дық етіп оқырманға таңып, тықпа­ла­мады. Жай ғана жұртқа елеусіз көрінген то­сын, бейкүнә ойды қазақы бояуы қанық құ­нарлы тілімен ширата білетін шебер еке­ніне сендірді. Жазушылар одағы орналасқан ғимараттың жанынан ары-бері өт­кенде бір сәт аялдап, кешегі шулы шо­ғыр мен думанды дәуірін жоқтағандай жы­лап, ауыр ашылатын қақпа іспетті қоңыр есігіне жалтақтап, бейсаналы түрде бұрылғымыз келіп тұратыны бар. Себебі мұн­да қастерлі «Қазақ әдебиеті» бар. Бас ре­дак­торы – Дәурен Қуат. «Қазақ әдебие­ті­нің» бас редакторы болу – құрмет. Ұлттың әде­биеті мен қаламгерлерінің үні болып, за­манның барлық қиындығына қасқайып қар­сы тұрып, жалауын түсірмеген басы­лым­ды шығарып отырған бас редактордың отан­шыл, ұлтшыл, ұлтжанды болмауы мүм­кін емес. Саяси технологиялар мен пиар­дың арасында, оған бүгінгі блогер де­ген «бір қу» келіп қосылып, алып ақпарат ай­дынында қылтиып кеңірдегінен бір кө­рініп, бір батып жүзіп келе жатқан жур­на­листикада бедерін де, беделін де жо­ғалт­паған басылым бәрімізге ыстық. Газетті оқы­лымды ету үшін бас редакторлар ба­рын салады. Жақсы авторды танып, сал­мақ­ты дүниені жариялау жауапкершілігі зор. Бүгінгі «Қазақ әдебиетінің» бетінде ке­­­шегі классикалық журналистиканың са­­бақтастық жібі үзілмей жаңа дәстүрмен әде­мі жымдасып, қоғамды толғандырған ең өзекті, барлық бағыттағы қызықты ой-пікір жарияланады. Әдебиет, өнер, әлеумет, қоғам секілді аса ірі, іргелі бағыттарды бір мұқабада топ­тастырып, төрт бірдей газет­ті шы­ғарып отыр десек те, ар­тық айтқандық емес. Әр нөмір­дің айтары бар. Комму­ни­ка­ция­сы төмен, қаламақысы аз, жа­ла­қысы мар­­­дымсыз қиын кезеңде өмір сүріп отыр­ған газетті арқа­сынан қаққан Үкіметтің ал­ғаусыз қамқорлығында болып, есепсіз қар­жы бөлінген, басшылары ақ, қара «Вол­га­ларда» тербеліп, шығармашылық үйле­рін­де кітап жазып, шалқып өмір сүрген ке­шегі кезеңмен салыстырып, қара­дай күс­тәналап, күйдіретіндер бар. Осын­дай көз­қарастың әлі де қылаң беріп қала­ты­нына қарамастан, әдебиетті сүйетін жас­тарды төңірегіне тартып, басылым бетін өз ойын ашық айтатын интеллектуал­дар­дың алаңына айналдыру бәрінен де зор мін­дет. Бүгінгі медианың бір міндеті жер­ден шұқыса да, шулы тақырыпты тауып шы­ғарып, көңіл көтеретін жеңіл-желпі, даң­ғаза-дабыраны дәріптеу болып отыр­ғанда, сол сәнді идеялардан сырт қалмай, қол­дан жан бермей, оқырман үшін тренд­тердің тігісін жатқызып, интеллектуал тәсіл­мен жеткізу қандай жанкешті еңбек десеңізші. Саржағал газеттердегі қара дүрсін ақпараттар мен сайттардағы «жаға ұста­татын» жаңалықтар «Қазақ әдебие­ті­нің» бетіне көшкенде, ерекше эстетикалық сыр-сипат тауып шыға келетіні бар. Деңгей дейтін дүниені алтын қазыққа айналды­рып, қалам мен жазуға келгенде талапты кеңі­рек қоятын кірпияз басшы қол қойған га­зеттің мінезі солай болса керек. Бір кезеңде ұлттық журналистиканың бренді болған «Қазақ әдебиеті» бүгін қиын жағдайда өмір сүріп келеді. Өкінішке қарай, сол қиындықпен Дәурен және оның ұжымы күн сайын күресуіне тура келеді. Қа­зақ баспасөзінің көш басынан көрінген ба­сылымға қағажу көрсетіп, жерге қарат­қа­нымыз жақсы емес, бірақ бұл – біз өмір сү­ріп отырған қатал уа­қыттың бір ерек­ше­лігі. Бірақ Дәурен өзі­не сеніп тапсырылған істі асқан жауап­кершілікпен атқарып ке­ле­ді, себебі ауыр ке­зеңде атқарылатын шаруа әркімге жүктелмейтіні белгілі және оны ақтаған­нан басқа азаматтық іс бол­мауы да керек-дүр. Дәурен досымыздың қабілеті көп­қыр­лы. Сұңғыла сөз өнерінің сы­рын тап басып тани білетіндерге тән тағы бір қасиет бар – әнді серік етпесе жүре ал­­­майтыны. Дәурен отырған дастарқан үс­тінде дағдарып отыру деген әсте бол­май­ды. Тамақты бір кенеп алып, қолына алған қоңыр домбырасының қыл ішегін қағып-қағып жібергенде, көмейінен ақтарыла жө­нелетін қандай күрделі әннің иірімі көңіл шіркінді иітпей қоймайтыны жады­мыз­дан әлі шыға қойған жоқ. Алғаш Дәу­рен­нен естіп, құлағымызға сіңген «Қызыл асық» әнін дәстүрлі ән өнерінің небір дүлдүлдерінің орындауында талай мәрте тың­дап жүрміз-ау, бірақ солардың бірде-бірі дәл Дәуреннің шырқағанындай бойды шы­мырлатып, көңілді тебірентпейді. Х­а­лық әндерінің ішінен талғампаздығымен таңдап алып айтатын «Қызыл асықты» қа­­­лықтатқанда, Үкілі Ыбырайдың әні ар­ман-шерімізді қозғағандай қамыққан күй­ге түсіріп, басымызды еріксіз изетіп, Дәу­реннің дауысынан білінетін әсерлі ән­нің мақамына ұйып қалатынымызды «Жас Алаштың» бұрынғы қыз-жігіттері жадынан әлі шығара қоймаған болар. Жеріміздің бүтіндігі мен ұлты­мыз­дың тұтастығын асыл мұраты етіп Аbai. kz атты абайшыл, алашшыл ал­ғаш­қы интернет портал ашқан Дәурен аза­маттық, кәсіби қыры жағынан тағы да то­сыннан жарқ еткендей болды. Міне, он бес жылға жуықтады, Abai. kz порталы құ­рыл­ған күнінен бастап күні бүгінге меже тұтқан биігінен бір елі төмендемей, еркін ойдың екпінін бір сәтке бәсеңдетпей ке­леді. Уақыттың қазанында қайнап, пісіп-же­тілген сан алуан сұрақ қоғамның алды­на өткір қойылып, биліктің назарын ауда­рып келеді. Жер, тіл, дін, саясат секілді қа­­­зақтың қабырғасына бататын барлық ұлт­тық мәселені қорықпай көтерді. Қазақ үшін нәзік тақырыпқа айналған бұл мәселені қаузауға келгенде қай уақытта да қақ жарылып, бет қаратпайтын қоғамдық пікірдің қайшылығына төтеп берудің өзі ерлік­пен пара-пар еді. «Абайдың» бетіндегі үлкен ой салатын дүниелер, ашық пікір­та­лас, ащы шындық, қайшылықты көзқарас пор­талдың контентін қалыптастырып, байыпты ақпараттық бағыты арқасында ин­тернет пайдаланатын қазақтілді оқыр­ман­дар санын арттырды. Тарының қауы­зын­дай мақалада Аbai. kz айналасында атқа­рылып жатқан ауқымды шаруаның бә­рін термелеп шығу мүмкін емес. Білеті­ні­міз, ақпарат порталының тізгінін ұстаған ұйымдастырушы жетекші ретінде ыстығы­на күйіп, суығына тоңып жүріп, өз пікірін ашық та анық айтудан танбаған Дәурен Abai. kz-ті қоғамдық өмірдің айнасына, ық­палды сайтқа айналдыру жолында қа­жыры мен жігерін аямай жұмсап келеді. Тынымсыз еңбек, тындырымды іс Дәурен Қуатты қоғамдық бол­мыс­пен біте қайнасқан айтулы азамат дәре­же­сіне көтерді. Өткен жылдардың қой­науын­да қалып, жарқырап жатқан іздер осыны мең­зейді.

Айгүл Аханбайқызы