240
«Нұр Отан» партиясы: Мүмкіндігі шектеулілер шеттетілмеуі тиіс
«Нұр Отан» партиясы: Мүмкіндігі шектеулілер шеттетілмеуі тиіс
«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде «Нұр Отан» партиясы филиалдарының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілуде. Бұл шара тағдыр тауқыметін тартқан адамдардың екі қолға бір күрек тауып, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі сезінуіне жол ашуды көздейді.
Қостанай облысы, Әулиекөл ауданында жұмыспен қамту қызметінің қызметкерлері аталмыш акция аясында жұмыс табуға тілек білдірген мүмкіндігі шектеулі аудан тұрғындарына әлеуметтік бейімделу бойынша тренинг ұйымдастырды. Мүгедектігі бар адамдардың сұрақтарына, еңбек құқықтарын сақтау, жұмыс іздеу мәселесі бойынша жұмыспен қамту орталығының маманы Гүлжан Асылбекова кеңес берді. «Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері кез келген ізденушіге басқа мамандыққа қайта оқыту бойынша кеңес беріп, әртүрлі жұмысты ұсынады», – деді жұмыспен қамту орталығының маманы.
Өкінішке қарай, кембағал жандардың көбісі кез келген жұмысқа орналасуға дайын емес. Аудандық партия филиалы жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып, мүгедектерді ауданның ұйымдары мен кәсіпорындарына жұмысқа орналастыру және оқыту мәселелерін шешу бойынша әрі қарай жалғастыратын болады. Қазір өңірде мүгедектерді еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналастыру, арнаулы жұмыс орындарын құру және мүгедектерді оқыту бойынша арнайы бағдарлама дайындалып жатыр. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі облыстың Федоров ауданында да өтті. Аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Рамиль Валеев атап өткендей, жәрмеңкеге келген қатысушылар аялауыш еңбек тәртібіндегі жұмыс орындарына орналасуға ниет білдіруде. Олардың әрбіріне жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз тұлға ретінде есепке алыну туралы ұсыныс айтылды. Содан соң аталмыш мекеме оларды бос орындар туралы құлақтандырып отырады. Келушілерге бос тұрған жұмыс орындары ұсынылады, ал жұмысқа орналасу туралы шешім сол азаматтар есепке алынған соң қабылданады. Ниет білдірушілердің жұмысқа орналасу мәселесін партияның аудандық филиалы өз бақылауына алды. Жәрмеңкенің қорытындысын шығарған кезде, жұмыс берушілер осындай іс-шараны кемінде тоқсанына бір рет немесе қажеттілік бойынша өткізу туралы шешім қабылдайды.
Рудный қаласында өткен жәрмеңкеге барлық тілек білдірушілер қатысты. Бұл күні жұмыс іздеген азаматтардың көбісі – жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ЖОО және балалар үйінің түлектері. Айта кетерлігі, жәрмеңкеге қатысушылардың арасында көбінесе жұмысшы мамандары болды. Атап айтқанда, электрмен, газбен дәнекерлеушілер, сылақшылар, монтажшылар, жүргізушілер, сондай-ақ мамандығы жоқ, қала сыртында орналасқан кәсіпорындарға жұмысқа орналасуды қалайтын азаматтар. «Рудный цемент зауыты» ЖШС, «Казогнеупор» ЖШС, «Жас Қанат 2006» ЖШС сияқты ұйымдар жәрмеңкеге белсенді қатысып, мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс ұсынды.
«Кедергісіз келешек» республикалық жоба аясында партияның Астана қалалық филиалы да елордалық жұмыспен қамтамасыз ету орталығы бірлесе отырып мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Аталмыш іс-шара мүгедектер тобына жататындарға бейімделген Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында ұйымдастырылғанын атап өтпеске болмас.
Жәрмеңкеге «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация», «Цесна-Астық» ЖШС, «Оқушылар сарайы», «KAZNURMEDIA» ЖШС, Астана қалалық Мемлекеттік академиялық филармониясы, «BEST FOR KIDS» ОФ, «ЦентрИнноваций СТ» ЖШС, «Kadam Bas» ЖШС, Қазақ ұлттық хореография академиясы, №3 перинаталды орталығы, Астаналық циркі, Қоғамдық тамақтану мен сервис колледжі, Гуманитариялық колледж және тағы басқа әр түрлі саладан 16 жұмыс беруші қатысты. Шараға мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарынан 60-қа жуық жұмыс іздеуші келді. Жәрмеңке барысында 11 іздеуші жұмыс орындарына бағытталып, ал 35-ке жуық адам сұхбатқа шақырылды. Жұмыс орындарын ұсынған мекеме басшыларының айтуынша, соңғы кездері осы категорияға кіретіндерге білікті мамандықтар мен түрлі облыстағы қызметтерде жұмыс табу мүмкіндігі артқан.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі Алматы облысында да өтті. Іс-шараға Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қ.Айтжанов, Талдықорған қалалық прокуратурасының аға прокуроры Н.Жананов, облыстық жастар орталығының «Жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру, бағыт-бағдар көрсету» бөлімінің қызметкерлері және Талдықорған қаласындағы жұмыс беруші мекеме басшылары, мүгедектер, қоғамдық бірлестіктер мен жастар қатысты.
«Нұр Отан» партиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жер-жерде жұмысқа орналастырылып, оларға қажетті жағдайлардың жасалуын үнемі бақылауда ұстайды. Осындай бос жұмыс орындар жәрмеңкелерін аудан-қалаларда өткізу жоспарда бар», – деді «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Сарыбаев.
Алматы облыстық прокуратурасының «Мүгедектерге жұмыс» атты жаңа жобасымен Талдықорған қалалық прокуратурасының аға прокуроры Н.Жананов таныстырып өтті. «Мүгедектерге жұмыс» жобасын тұрғындарға таныстыру мақсатында қаламызда осы жоба жайында ақпараттық жұмыс БАҚ және көрнекі құралдар арқылы жүргізілуде. Мүгедектерге мүмкіндік беретін ең алдымен жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестіктер мен шаруа қожалықтары. Біздің мақсат – сол мүмкіндікті барынша ұтымды пайдалануға бағыт-бағдар беру», – деді өз сөзінде Н.Жананов.
Шараға қатысқан жұмыс берушілерден 63 жұмыс орындары ұсынылып, нәтижесінде 48 үміткер жолдама алды. Шара қорытындысы бойынша 48 үміткер жұмысқа жолдама алды. Соның ішінде қалалық прокуратура мекемесіне 1 мүгедек, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша қалалық жұмыспен қамту орталығына 1 адам, 12 мүгедек қайта даярлау курстарына жіберілсе, 27 мүгедек қоғамдық жұмыстарға жұмылдырылып, 5-уі әлеуметтік жұмыспен қамтылатын болды.