Жоспардан аса алмаған жеңіл өнеркәсіп

Жоспардан аса алмаған жеңіл өнеркәсіп

Жоспардан аса алмаған жеңіл өнеркәсіп
ашық дереккөзі

2022 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі жеңіл өнеркәсіп нарығындағы отандық өнім үлесі азайып, 8 пайыз болған. Яғни, бізге қажет жеңіл өнеркәсіп өнімдері, киім-кешек, мақта-матаның 92 пайызы шетелден келеді. Ал заттай өнім өндіру көлемі бір жылда небәрі 6 пайызға артқан. Сұраныстың өсімімен салыстырғанда, бұл – мардымсыз көрсеткіш. Осылайша, жеңіл өнеркәсіптің отандық нарықтағы онсыз да әлсіз позициясы одан сайын шатқаяқтады. Сәйкесінше, бағалар да біршама өскен.

Ал Үкімет болса саланы дамытуға кезекті талпыныс жасалатынын мәлімдеді. Былтыр жыл соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп, бекіткен. Бұл жобада қандай шаралар қарастырылып отыр? Жалпы жеңіл өнеркәсіптің әлеуеті мен ахуалы қандай? Саладағы отандық өнімнің өсуіне қандай факторлар кедергі болып отыр? Кәсіпкерлерді не алаңдатады? Жеңіл өнеркәсіпті қайтсек дамытамыз?

Өсім бар, өсу жоқ

Ең алдымен, таяуда жарияланған ресми деректерді талдап өтейік. Ұлттық статистика бюросының мә­ліметінше, өткен жылы еліміздің жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары 178 миллиард тең­генің өнімін өндірген. Бұл – былтырғыдан 27,1 пайызға артық. Дегенмен бұл өсім на­рықтағы қымбатшылыққа байланысты бай­қалып отыр деуге болады. Пандемияның ал­ғаш­қы жылымен салыстырғанда барлық киім мен аяқкиімнің жалпы құны 44,4 пайыз­ға өскен. Ал өндірілген заттың көлемі (саны) жа­ғынан қарағанда, жағдай нақтылана түседі: өндірілген өнім бір жылда небәрі 6 пайызға өскен. Тұтыну нарығындағы сұраныстың өсуімен салыстырсақ, бұл айтарлықтай көр­сеткіш­ емес. Kazindustry-дің бағалауы бойынша 2022 жылғы қазанның соңына қа­рай еліміздегі жеңіл өнеркәсіп өнімі нарығының көлемі 2,6 миллиард долларға жеткен. Оған қоса, өндіріс көлемінің жартысы­нан көбі – текстиль. Ол – дайын өнім емес, ши­кізатқа жатады. 61,3 миллиард теңгенің киім-кешегі, 15,5 миллиард теңгенің был­ғары бұйымдары тігілген. Отандық кәсіпорындар есеп беретін жеңіл өнеркәсіп тауарларының 16 санатының бесеуі – мақта, мақ­та маталар, киіз және фетр, киіз етіктер жә­не баскиімдер өндіріс көлемі бойынша тө­­мендеген. Қалған өнімдер бойынша өсім байқалған, оның ішінде сырт киім, сә­би­лердің киім-кешегі көптеп шығарылыпты. Яғни, жыл қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіпте өсім байқалған, бірақ өсім көрсеткіштері саланы алға ілгерілететіндей дәрежеде емес.

Шетелдікін шекеміз қызғаннан кимейміз

Отандық статистиктердің мәлі­ме­тінше, былтырғы қаңтар-қараша аралығында елімізге 1,5 миллиард доллардың (691 миллиард теңге) киім-ке­шегі әкелінген. Бұл – 2021 жылғы сол кезең­мен салыстырғанда 89,8 пайызға көп. Ал отандық өндірушілер болса 61,3 миллиард тең­геге киім-кешек шығарған. Осылайша, 2022 жылғы қазанда жалпы жеңіл өнеркәсіп нарығындағы импорт үлесі 92 пайызға жетіпті. Былтыр бұл көрсеткіш 90 пайыз болған еді. Яғни, халыққа қажет киім-кешектің, сұраныстың тек 8 пайызын ғана отандық өнім жапқан. Ал экономикалық қауіпсіздік шегі – 30 пайыз. Жалпы, шетелден киім жеткізу жылдан-жылға қарқын алып келеді. Тек барлық логисти­ка­лық тізбектер бұзылған 2020 жылғы лок­даун­да ғана өсім бар болғаны 0,9% болған. Дегенмен ол жылы нарықтағы импорт көлемі 96 пайызға жеткен. Бұл мәліметтерге қарап, шетелден ғана «киінетін» елміз деген қорытындыға келуге болады. Дегенмен кигеніміз қандай киім? Қазіргі кезде Қытай Ресейді артта қалдырып, Қазақстан нарығындағы үлесін 49,8 пайызға дейін көтерген. Бір айта кетерлік мәселе, Қытайдан келетін импорт көлемі заттай түрде (яғни, тонналап) небәрі 6,9 пайызға өскен, ал ақшалай өсім екі еседен асқан. Бұл қы­тай тауарлары қымбаттаған немесе қазақ­стандықтар басқа санаттағы тауарларды алуды көбейткенін білдіреді. Жасыратыны жоқ, өндірілетін отандық киім және аяқкиім нарығы негізінен рет­телетін сатып алулар мен мемлекеттік қор­ға­ныс тапсырысының қажеттіліктерін қа­на­ғаттандыруға бағытталған. Жалпы нарыққа шыққан өнімдер жоқ емес, бар, дегенмен қолжетімділері саусақпен санарлық. Отан­дық өнім дегенімізбен, оның өзі отандық шикізаттан тігілмейді, сәйкесінше бағасы да жоғары болады. Осылайша, өзіміздің киім өндірушілері импортпен бәсекеге түсуге мәж­бүр болады, шындығына келгенде, бә­секелесуге мүлдем қауқарсыз. Дегенмен бізде бай шикізат базасы бар. Мақта өндірумен Түркістан облысының фер­мерлері айналысады, жылына орта есеппен 327 мың тонна мақта өндірілгенімен, отандық кәсіпорындарда барлық шикізатты қайта өңдеуге мүмкіндік жоқ. Осылайша, шикізат көбінесе экспортқа кетеді. Статистика бюросының 2022 жылғы қаңтар-қарашадағы мәліметіне сүйенсек, 118 160 тонна текстиль ма­териалы мен текстиль өнімдері 75 елге экс­портталыпты. 3 148 тонна өңделмеген тері, 5 360 тонна жүн өнімі 5 елге, 29 843 тон­на мақта талшығы 12 елге, 9 478 тонна минералды силикат мақта өнімдері 7 елге экспортталған екен. Ал дүкен сөрелері мен базарлар арзан, са­пасыз «шетелдің» киімдеріне толып тұр. Олар негізінен Түркия, Қытай, Бангладеш, Өзбекстан, Қырғызстан және Италия сияқты елдерден әкелінеді. Киім-кешек экспортына қатысты деректерді ресми статистикадан таба алмадық.

Өнім қайда деме, өндіріс болмаса...

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары негізінен еліміздің оңтүстігінде орналасқан. 2022 жылдың қо­ры­­тындысы бойынша, төрт өңірдің өнді­ріс үле­сі (Алматы, Түркістан облыстары, Шым­кент және Алматы қалалары) елдегі жалпы өн­дірістің 53,6 пайызы. Шымкент көш бас­тап тұр. Мұнда сонымен қатар «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағы бар. Индустрия және инфра­құры­лым­дық даму министрлігінің мәлі­ме­тіне сүйенсек, 2022 жылғы 1 қа­ра­шадағы жағдай бойынша елімізде барлығы 1 396 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс іс­тей­ді екен. Оның 816-cы тігін кәсіпорны, 461-і тоқыма (текстиль) өнімдерін өндіреді, 119-ы былғары және соған байланысты өнім­дер шығарады. Олардың дені ұсақ кәсіпорындар. Ал осыдан 6 жыл бұрын елде 25 мың кәсіпорын жұмыс істеген екен. Жалпы, жеңіл өнеркәсіп десе, са­ла­ның Кеңес одағы тұсын­дағы ахуалын алға тартатын жағдай жиі кездеседі. Қазақ КСР кезінде жеңіл өнер­кәсіп 14 бағыттан және 69 өнеркәсіптік бір­лестік пен кәсіпорыннан тұрған. Осылай­ша, республика бюджетінің 25 пайызынан астамын құраған. 1985 жылы республиканың жалпы өндірісіндегі саланың үлесі 15 пайыздан асыпты. Мұндай жетістік, негі­зінен, жабық нарық пен импорт өнімнің шектеулі болуынан екені айтылады. Не десек те, сол кезде елімізде ал­пауыт кәсіпорындар жұмыс істеп тұр­ды. Алматы мақта-мата ком­бинаты, Жамбыл былғары аяқкиім ком­бинаты, Қостанай камвол-мата комбинаты, Се­мей былғары-аң терісі комбинаты. Олар­дың барлығы отандық шикізатпен жұмыс істеді және жүздеген өнім түрлерін шығарды. Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген зауыт­тар жұмысын тоқтатты. Ал әлемде, керісінше, сала қарқынды дами бастады. Себебі халықты жұмыспен қамту жағынан да, тұтыну деңгейі, яғни сұра­ныс бойынша да жеңіл өнеркәсіп өте тиім­ді болды. Бұл саладағы сұраныс азық-түліктен кейінгі екінші орында. Дүниежүзілік сауда ұйымының дерегіне сүйенсек, 2021 жылы әлем бойынша киім экспорты 549 млн долларға жеткен, 2020 жылы экспорт көлемі 450 млн доллар болған.

Тағы бір «талпыныс»

Индустрия және инфра­құры­лым­дық даму министрлігі былтыр жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған, кезекті жол картасын бекітті. Оған шикізат базасын да­мыту, шикізатты қайта өңдеу, отандық өн­дірістің қуатын арттыру, инвестиция тарту, әлемдік тәжірибені енгізу және экспортты дамыту жөніндегі шаралар енгізіліпті. Жалпы, жеңіл өнеркәсіпте 2025 жылға дейін мақта бойынша отандық шикізатты қайта өңдеуге, сондай-ақ иірілген жіп, маталар, тоқыма бұйымдарын өндіруге бағытталған 7 негізгі жобаны іске асыру жоспарланып отыр екен. Ең басты дегендеріне тоқталсақ, 3 жүн фабрикасы салынбақ. Жауап­ты­лар осы арқылы ішкі нарықта 5,5 млрд теңгеге импортты алмастыруға және экспорт көлемін 10 млн АҚШ долларына дейін арттыруға мүмкіндік аламыз деп отыр. Одан бөлек, ірі қара мал терісі бойынша тері өңдеу фабрикасын салу жоспарланып отыр. Ал бұл ішкі нарықта 3,6 млрд теңгеге им­портты алмастыруға және экспорт көле­мін 19,3 млн АҚШ долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді екен. Әдеттегідей, бізде мұндай жоспарлар, бағ­дарламалар бұдан бұрын да аз болмаған. Кейінгі бір-екеуіне тоқталып өтейік. 2017 жылы жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2021 жылға дейінгі жол картасы қабылданған еді. Бұл – алдыңғы бесжылдықты қамтыған жоспар болды. Бұл жоспар негізгі 3 бағытты қамтыған: шикізат базасын дамыту, инвес­тициялау, жекеменшік пен мемлекет ынты­мақтастығы арқылы саланы дамыту. Яғни, жаңа жоспардан аса айырмашылық жоқ. Жол картасы 2018 жылға қарай жеңіл өнеркәсіп өнімінің кей­бір түрлеріндегі отандық өнім үле­сін 40 пайызға, ал 2021 жылға қарай 60 пайыз­­ға дейін жеткізуге ықпал етуі керек бо­лат­ын. Сонымен қатар алдымен 861 жұ­мыс орны, содан кейін тағы мың жұмыс ор­ны құрылатыны туралы айтылды. Жол кар­­тасының бірінші кезеңін іске асыру үшін 7,5 млрд теңге, екінші кезеңге шамамен 14 млрд теңге инвестициялау көзделді. Осылайша, жобаның қорытындысы бойынша, 2021 жылға қарай ЖІӨ-дегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 1 пайыздан асады деп жоспарланыпты. Сол кезде ЖІӨ-дегі жеңіл өнеркәсіп үлесі 0,3 пайыз болған. Ал қазір көр­сеткіш 0,1 пайыз ғана. Салыстыру үшін айта кетейік, 1994 жылғы үлес 1,4 пайыз болған екен. Одан бұрынғы статистикалық мәлімет ашық деректерде жоқ. 2019 жылы Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі жеңіл және жиһаз өнеркәсібін дамыту үшін тағы да «жол карталары» әзірленгенін, сол арқылы импорт үлесі 59 пайызға дейін төмендейтінін мә­лімдеген екен. Сонымен, жоспарларда айтылған іл­герілеу тұрмақ, бұрынғы көр­сет­кішті сақтап қалу да мүмкін бол­маған. Енді жаңа жоспар нәтижелі бола ала ма? Салада басқа қандай өзекті мәселелер бар? Қандай шаралар атқарылуы керек? Осы және өзге де сұрақтарды сала мамандарымен, экономист сарапшылармен талқылап көрдік.

Талғат ЫСҚАҚОВ, «Бал текстиль» кілем-тоқыма фабрикасының директоры:

Импорт тауарларын қадағалайтын үкіметтік деңгейдегі қолдау керек

– Біздің кәсіпорынның жұмыс істеп тұрғанына 10 жылдан асты. Қазір ішкі нарықтың 30-40 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. 500-ден аса адам жұмыс істейді. Сонымен қатар жаңа өндіріс аштық, бұрын біз орта сападағы кілемдерді өндіріп келгенбіз, енді жоғары сапалы, яғни premium class кілемдерін шығаруды бастадық. Кәсіпорнымыз текстиль кластерін дамыту үшін ашылған «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағында орналасқан. Жер тегін берілген, инфраструктура да – мемлекет тарапынан. Экономикалық аймақта салық жеңілдіктері де бар: табыс салығы салынбайды, жер салығы, мүлік салығы алынбайды. Сол жағынан өте қолайлы. Ал индустриалды аймақта салық жеңілдіктері жоқ, бірақ инфрақұрылым жағынан көмек бар. Сонымен қатар даму бағдарламасының аясында мемлекеттен жеңілдетілген несие де беріледі. Мемлекет тарапынан кластерді дамытуға жақсы қолдаулар бар, бизнес дамып жатыр. Бірақ қазіргі деңгейге көңіл тола қоймайды, бұдан әрі дами түссе дейміз. Жеңіл өнеркәсіптің өрісін тарылтып отырған бірқатар мәселеге тоқталып өтейін. Ең ал­ды­мен, саланы меңгерген маман тапшы. Жеңіл өнеркәсіпте қазір көбінесе әйел адамдар жұ­мыс істейді. ЖОО-ларда текстиль факультеті болғанымен, бұл мамандықты бітірген жастар өздері­нің болашағын жеңіл өнеркәсіп саласымен байланыстырмайды. Жұмысқа тұрса да, зама­науи жабдықтарды, технологияларды меңгермегендігін байқаймыз. Басты себеп оқу орындарында оқу-құрал жабдықтары ескірген, ескі әдістемелермен оқытады. Бұл мәселені ЖОО-лар мен ірі жеңіл өнеркәсіп орындары арасында тығыз қарым-қатынас құру, сту­дент­тердің практикаларын кәсіпорындарда өткізуді қадағалау және кейбір ЖОО фа­культеттерін ірі кәсіпорындарға басқаруға беру арқылы шешуге болады. Сонымен қатар бұл мәселенің тамырына да көз жүгіртіп, жалпы ұлттық идеологиямен де байланыстырған абзал. Екіншіден, қазір елімізде көптеген жеңіл өнеркәсіп тауарлары сырттан келеді. Соның бәрін өзіміз өндіруге әлеуетіміз жетеді. Дегенмен бізде дайын өнімдерге салынатын кедендік баж салықтары төмен болғандықтан, шетелден алып сату қолайлы болып отыр. Сондықтан бізге даму қиынға түсіп жатыр. Дамып жатырмыз, бірақ баяу. Мысалы қазір шетелден кілем өте көп келеді. Атап айтар болсақ, Түркия, Иран, Бельгия, Өз­бекстан секілді елдерден кілем тауарлары емін-еркін кіріп жатыр. Оның ішінде соңғы жыл­дарда жалпы кілем импортының ішіндегі Өзбекстанның үлесі жыл сайын өсіп барады. Оларда кілем бизнесі қарқынды дамып келеді. Мұның басты себебі көршілеріміздің кедендік және акциздік салық салу арқылы өз нарығы мен өндірушілерін тиімді қорғап отыр. Бұл тек қана кілем өнімдеріне ғана қатысты емес, басқа да біздің елде өндірілетін тауарларға қатысты үлкен мәселе. Өзбекстан тарапы өз нарығына кірген қандай да бір елдің тауарының импорты өскенін байқаса, бірден сол елге, сол тауарға қатысты акциз салығының мөлшерін көтеріп тастайды. Еліміздегі базар сөрелері арзан импорттық киімдерге толып тұр. Өз кезегінде, отандық киім өндірушілер мұндай бәсекелестікке төтеп бере алмай отыр. Ал сырттан келіп осы салаға инвестиция құямын деушілер жоқтың қасы. Сонымен қатар импорттан келетін тауарлардың заңсыз контрабанда жолымен де келіп жатқанын аңғаруға болады. Біздің отандық жеңіл өнеркәсіп өндірушілерін импорттық тауарларды жіті қадағалауға алу арқылы үкіметтік деңгейде қолдаса деген ұсынысымыз бар. Яғни, қандай да бір өнімнің импорт үлесі күрт өскені байқалған сәтте, импорттық тауарларға кедергілер туындату тетіктерін қолдансақ екен. Импорт тауарларына қатысты кедендік рәсімдеу шығындары мен талаптарын күшейту, кедендік рәсімдеуде қолданылатын шартты бағалар мөлшерін көтеру секілді шараларды қолдануға болады. Үшіншіден, жеңіл өнеркәсіпте қолданылатын шикізат тауарларының экспортына шектеу қою керек. Өздеріңізге белгілі еліміздің оңтүстігінде мақта өсіру дамыған. Алайда мақта өндіруші ірі кәсіпорындар мақтаны дайын тауарға айналдыру жолын емес, шикі түрде экспорттауды таңдайды. Себебі заңмен шектеу қойылмаған. Мысалға, көршілес өзбек елі де мақта өсіреді. Алайда мемлекет тарапынан мақтаны шикізат ретінде сатуға 2020 жылдан бастап тиым салынған. Қысқа ғана уақыт ішінде, елде текстиль өндірісі көлемі күрт артқан, яғни 2021 жылы 2017 жылмен салыстырғанда Өзбекстанда иірілген жіп пен мата өндірісінің көлемі 2 еседен, трикотаж маталар 3 есе, тігін және трикотаж бұйымдары 5,5 есе, шұлық бұйымдары шамамен 7 есе өсіпті. Соның арқасында 2021 жылы Өзбекстандағы тек дайын жіп сатудан түсетін экспорт көлемі (1,6 млрд доллар) алтын сатудан түсетін ақшадан басып озды (1,3 млрд доллар). Елімізде де осы шараны іске асырсақ, отандық текстиль саласы жандана бастайтын еді. Біз қазір жіпті өзіміз шығарамыз, бірақ жіпке арналған полипропилен гранулын шетелден, Ресей, Иран, Қытайдан алып келеміз. Сол шикізат біздің елде әлі күнге дейін өндірілмей отыр. Ал ол газдан алынады. Бізде тек газ бен пропан шығады, жылытуға пайдаланамыз, одан артық ештеңе өндірмейміз. Мұнай-газ-химия зауыттарын салу керек. Қазір Атырауда KPI компаниясы ашылды, дегенмен әлі өнім өндірген жоқ. Түбінде өнім шығарады, бірақ соған басымдық беру ке­рек. Яғни, мұнай-газ шикізатын одан әрі өңдеу керек. Жеңіл өнеркәсіпте де, басқа да өн­дірісте де синтетикалық талшық қолданылады. Осы арқылы ауыл шаруашылығына, машина жа­сауда да, құрылыс материалына, басқа да салаларға керек көптеген шикізатты ала алатын едік.

Мақсат СЕРАЛЫ, экономист, «Атамекен» ҰҚП филиалының директоры:

Әр саланың ахуалына қарай бағдарламалар дайындауымыз керек

– Еліміздегі локомотив салалардың бірі – шикізат секторы. Одан кейін әлеуеті жоғары ауыл шаруашылығы, одан кейін жеңіл өнер­кәсіп саласы. Бір айта кетерлігі, жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салалары бір-біріне тікелей тәуелді. Яғни, бір са­ла­ның дамуы автоматты түрде екі саланың да дамуына жол ашады. Сондықтан бұл салаға үлкен, ірі реформа қажет. Реформаның бәрі негізді, жеңіл өнеркәсіптің ішкі механизмдеріне байланысты болуы керек. Мысалы, көрші Қырғыз Республикасы немесе Өзбекстанды алып қарайтын болсақ, жеңіл өнеркәсіп жоғары деңгейде дамып кеткен. Оларда жеңіл өнеркәсіп жалпы ішкі өнімді жақсы қамтамасыз етіп отыр. Оларды мұндай дәрежеге жеткізіп отырған негізгі екі фактор бар. Біріншісі – бай шикізат базасы және арзан жұмыс күші. Сондықтан бізге де алысқа барып, жаңа бір дүниелерді ойлап табудың қажеті жоқ. Осы екі факторды үйлестіре білуіміз керек. Біздің оңтүстік өңірлерде шикізат та бар, арзан жұмыс күші де бар. Тек қана осы салада жүрген кәсіпкерлерді ынталандыра білуіміз керек. Мемлекеттік көмекті аямай берген дұрыс. Одан кейінгі мәселе мемлекеттегі ішкі нарыққа байланысты квота енгізуіміз қажет. Мен үнемі айтамын, квотаның қарапайым кәсіпкерлерге, жалпы отандық өнімнің нарықтағы үлес салмағын көтеруге ықпалы зор. Яғни, мемлекеттік қолдау механизмі ретінде квота енгізу керек. Қарапайым ғана мысал: егер Қазақстан ішкі нарықта жейде, көйлек, джинсы немесе матрас дейік, жалпы жеңіл өнеркәсіп тауарларының позициясы өте көп қой, сол белгілі бір тауар позициясын алу керек. Мәселен, бізде матрас өндіретін зауыт бар делік, ішкі нарықты қамтуға осынша миллиард матрас келеді. Ондағы өзіміздің отандық өндірістің үлес салмағы 1 пайызға да жетпейді, сондықтан келіп жатқан матрастарға шектеу қоя отырып, сол салада жүрген өзіміздің кәсіпкерлерді қолдау арқылы отандық өндіріс көлемін арттыруымыз керек. Осылайша, бізде бұл сала дами бастайды. Шыны керек, біздің жеңіл өнеркәсіптегі отандық тауар өндірушілеріміз еркін бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Сол себепті де мемлекеттен квота жағынан болсын, басқа жағынан болсын қолдау қажет. Мұндай квоталық шараларды кезінде Түркия жақсы пайдаланған. Қазір оларда бұл сала – ең негізгі, жетекші сала. Қазір өз ішкі нарықтарын 90-95 пайызға дейін өздері қамтып отыр. Егер де Түркия джинсы тіксе, Америка, Еуропадан шектеулі көлемде ғана джинсы импортталады. Одан артық кіргізуге рұқсат жоқ, квота енгізілген. 100 пайыз шектеу қойған жоқ, себебі дизайн жағынан болсын, тігіс, технология жағынан болсын әлемдегі соңғы жаңашылдықты үйрену керек екенін де естен шығарған жоқ. Ал қазіргі біздің жағдайда нарықты 100 пайыз жабу, біріншіден, мүмкін емес. Одан соң біз арнайы механизм ретінде квотаны тағы да пайдалана алмаймыз. Оның бірден-бір себебі – біз Дүниежүзілік сауда ұйымындамыз және Еуразиялық одаққа мүшеміз. Ішкі нарықтағы кәсіпкерлерді ашық түрде қолдай алмаймыз, бірақ жанама түрде ойластырып, үйлестіріп жасауға болады. Жеңіл өнеркәсіп басқа салаларға тікелей тәуелді. Ол біріншіден, ауыл шаруашылығы саласына, екінші химия саласына байланысты. Бізде ең алдымен, шикізат өнеркәсібінен дайын өнім өндіру мәселесін жолға қою керек, сосын жеңіл өнеркәсіпті шикізатпен қамту үшін ауыл шаруашылығын дамыту керек. Осы екі сала қаншалықты дами бастайды, жеңіл өнеркәсіп те соншалықты қарқын алады. Мысалы, бізде тері өңдеу зауыттарының мүлде болмауы бізге сын. Осындай жобаларды қолдауымыз керек. Иә, олар қазір қыруар пайда әкелмеуі мүмкін, иә, олардың маржасы төмен болуы мүмкін. Бірақ елге, мемлекетке керек. Оны мемлекет те түсінуі керек. Отыз жыл ішінде біз елдегі терінің бәрін жинап, шетелге экспорттаумен шектеліп келдік. Бұл механизм біздің экономикамызға тиімсіз, өйткені бағаға да, сырттан келетін өнімге де тәуелді болып отырмыз. Тері өңдеудің жаңа технологияларын қолдану, ауыл шаруашылығы саласында жүрген кәсіпкерлерге жүктеме ретінде сондай бір бөлімдер, цехтарды ашу мәселесін қарастыруымыз керек. Істеуге болатын осындай дүниелер бар. Осы салада жүрген кәсіпкерлерді жинап, талқылау керек. Олардың басым бөлігі екі-ақ дүниені айтады деп ойлаймын. Біріншісі – қаражаттың жетіспеушілігі, екіншісі – өткізу нарығының болмауы. Қаражаттың жеткіліксіздігі – қазіргі кезде мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдетілген субсидиялар, жеңілдетілген несиелердің қолжетімсіздігі. Мемлекет: «осындай цех ашамыз, сіз басқарасыз, алғашқы 5 жылда табыс болмауы мүмкін, бірақ белгілі бір деңгейде ішкі нарыққа өнім шығаруға тырысасыз. Мысалы, тері өңдеу зауытын қосамыз, мына кәсіпорындар белдіктен бастап етікке дейін түрлі бұйымдар тігуі керек, міне шикізат, жеңілдетілген бағамен аласыздар» десе, ешкім қарсы болмайды. Сондықтан бізге жалпы, бүкіл республиканы қамтуға арналған механизмдер керек емес, ішкі нарықтағы әр саланың ішіне үңіліп, әр өңірдің ахуалын саралай отырып проблемаларды жеке-жеке шешуге бағытталған бағдарламалар дайындауымыз керек.

Қорыта айтқанда, жеңіл өнеркәсіп мәселелері жеңіл емес болып тұр. Көрсеткіштер экономикалық қауіпсіздік шегіне жетпей жатып, саланы экономиканың драйверіне айналдыру туралы айтып жүрміз. Дегенмен сол жоспарлар мен жобалардан мардымды нәтиже жоқ. Өндірістің де, өнеркәсіптің де көрсеткіштері көз алдымызда құлдырап барады.