Әлемдегі ең ұзын граффитиді салуға атсалысып, рекорд жаңартқан Көкхан Қазақ

Әлемдегі ең ұзын граффитиді салуға атсалысып, рекорд жаңартқан Көкхан Қазақ

Әлемдегі ең ұзын граффитиді салуға атсалысып, рекорд жаңартқан Көкхан Қазақ
ашық дереккөзі

Америка мен Еуропа тұрғындары 70-жылдардан бастап үйлердің қабырғасына, көпірлерге, көлік тұрақтарына, тіпті жолдың үстіндегі шимай-шатпақ жазу мен көркем суреттерді өнерге теңеп, бұған субмәдениет түрі ретінде қараған. Бұл іспен 1999 жылдан бастап айналысқан қандасымыз Көкхан Қазақ Түркияда да мұны өнер ретінде мойындатуға барын салған. Ыстанбұлда бірінші рет граффити шеберлерінің басын қосып, екі ірі фестиваль өткізген ол кейін Дубайда Гиннес рекордтар кітабына енген қос граффитиді салуға атсалысқан. Кезінде Қазақстанға «Атажұртта қаламын. Түркияға қайтпаймын» деп келген, бірақ кейіннен Түркияға қайтуға мәжбүр болған Көкханға хабарласып, әңгімелескен едік.

– Түркия қазақтары ол елдегі граф­фити өнерінің дамуына үлес қосқан су­ретші ретінде сізді үнемі атайды. Бер­тінге дейін өнер ретінде мойын­дал­маған стрит-артпен айналысуға не түрткі болды? Бәрі хоббиден басталған бо­лар, әлде өскен ортаңыз әсер етті ме? – Бәрі сол хоббиден басталды. Мен Ыс­тан­бұл қаласында дүниеге келгенмін. Ыс­танбұлдың қазақ көп шоғырланған Зей­түнбұрны ауданында өсіп-өндім. Ал граф­фити үлкен қалалардың тұрмыс сапасы тө­мен, инфрақұрылымы шамалы гетто ау­дандарында көп салынады, тиісінше сол ау­дандарда салынатын түрлі түсті туын­дылар арқылы дамиды. Бұрынырақта біз туып-өскен Зейтүнбұрны аймағы Ыстан­бұл­дағы қауіпті аудандар қатарына кіретін. Сол кезде біз жақтағы көшелерде көп сурет са­лынатын еді. Ыстанбұлда тұрсам да, ата­жұртым Қазақстанға жиі барамын. Сол се­кілді Германияда тұратын түріктер сол уа­қытта Ыстанбұлға  width=жиі келіп, арасында граф­фити салудың шеберлері біздің аудан­дағы қабырғаларды бояп кететін. Олардың салған дүниесіне қарап «Мынаны қалай жа­сайды?» деп таңғалатын едім. Сосын үй­де, мектепте отырғанда сурет салуды қолға ала бастадым. Одан кейін көшедегі қабыр­ға­ларға «көштім». Сосын «Біздің кафені бояп бер», «Біздің қабырғаға сурет салып бер» дейтіндер көбейді. Сөйтіп, 1999 жыл­дан бастап бұл өнерге кәсіп ретінде қарай бас­тадым. Оған дейін көше биі саналатын брейк­пен айналысқан едім. Брейк, рэп, граф­фити, диджей өнері хип-хоп мәде­ниетінің тарамдары саналатынын білетін бо­ларсыз. Кезінде мұның бәріне қатты қы­зыққан едім. Кейіннен граффитиге ерек­ше ден қойдым. – Көше қабырғаларына сурет са­лып жүргеніңізді байқаған ата-анаңыз бұл іспен айналысуыңызға қарсы бол­мады ма? – Әдепкіде қарсы болды. Бірақ мен үй­ден қашып шығып, көшеге сурет салып ке­ле­тін едім (күліп). Бала кезімде түнге та­ман «Досымның үйіне барамын» деп сұра­нып шығамын да, таңға дейін қабыр­ға­ларға, пойыздарға, көпірлерге сурет са­лып, таң ата бастағанда түк болмағандай үйге тығылып кіремін (күліп). Әлі де түнгі уақытта ара-тұра шығып тұрамын. – Бізге сіз туралы айтқан көпшілік Түр­кияда тұңғыш рет граффити фес­тиваль ұйымдастырғаныңызды ай­тады. Сізге дейін бұған өнер ретінде қарағандар болмаған ба сонда? – Болған, бірақ көпшілік ішінде на­си­хат­тау жұмысы жүргізілмеген. 2005 жылы бұл фестивальды ұйымдастырар кезде граф­фитидің ел ойлағандай қылмыс емес еке­нін, мұның үлкен өнер екенін дәлелдегім кел­ді. Түрлі түсті бояумен әрленген сурет­тер­ді тамашалауға келетін Түркиядағы қа­лың бұқараға таныстыруды көздедім. Бұ­дан кейін 2007 жылы Ыстанбұлда әлем­нің әр түкпірінде бұл өнерге ынтық жан­дардың басын қосып, халықаралық фес­тиваль өткіздім. Бұл бастамамды қол­дай­тын демеушілер, шетелден келген мықты сурет­шілерге бояулар тауып, сондай-ақ жер­гілікті әкімшілікпен келісіп, қабыр­ға­ларға сурет width= салуға рұқсат алып, тыңғылық­ты дайындалдым. Осындай екі ірі фести­валь ұйымдастыру арқылы бұл өнердің мұн­да дамуына титтей де болса да үлес қос­тым деп айта аламын. Жалпы, өзімді ке­зінде Түркияда онша танымал болмаған бұл өнерді дамыта түскен алғашқылардың бірімін деп айта аламын. – Instagram-дағы жеке парақ­шаңыз­да локация жазуылға тиіс тұста «Дубай, Ыстанбұл, Алматы» деп жазулы тұр. Алматыда жұмыс істедіңіз бе, әл­де? – Алматыға Т.Жүргенов атындағы өнер ак­адемиясына оқуға тапсырған едім. Бірақ оның алдында Кентау қаласында шетелден қоныс аударған қазақтарға арналған дайын­дық курсында сегіз ай оқыдым. – Алып Ыстанбұлдан шағын Кен­тау­ға келуге не түрткі болды? – Ана тілімді үйренейін дедім. Сондай-ақ ұлтымның тарихын, өзімнің шыққан же­рімді білгім келді. Осыдан 70 жыл бұрын көп­пен бірге Түркияға қоныс аударған атам­ның әкесі – үлкен атам Қазақстан тәуел­сіздігін алған соң атажұртына ора­лу­ды армандады. Ол кезде ол кісінің жасы 90-ға тақап қалған еді. Қазақстан егемен ел атан­ған соң үлкен атам «Мен өз жұртыма ке­темін. Өлсем өз топырағымда өлейін» деп атажұртымызға қоныс аударды. Мен ол ­кісіні сол кеткеннен көрмедім, себебі ол бірнеше жылдан соң сонда жан тапсырды. Сол атамның үлгісін алға тартып, ата­жұртымды көрейін, жас кезімде өз тілімді үйренейін деп Қазақстанға қоныс аудару туралы шешім қабылдадым. Алғашында Алматыда орналасқан ҚазҰУ-ға оқуға тап­сырғым келген еді, бірақ ондағылар қан­дастарды оқуға даярлауға арналған дайын­дық курсы сол жылдан бастап өткізіл­мейтінін айтты. Сөйтсем, ол кезде ондай курс Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университетінің Кен­тау қаласындағы филиалында ғана өткі­зіледі екен. Оған дейін Түркістан, Кентау деген қалалар туралы ештеңе естімегенмін. Алғашында «Кентауға барайын ба? Ол қандай жер?» деп айналамнан сұрастырға­ным есімде. «Түркияға қайтсам ба екен?» деген ой да маза бермеді. Қазақстандағы таныс-туыстарым «Кентауға барғың кел­месе, Алматыда басқа оқуға тапсыр» деп ақыл айтты. Ойлана келе қаймағы бұзыл­маған қазақы ортасы бар Кентауға барып оқығанды жөн көрдім. Онда бізге берілген жатақханада Қытай, Моңғолиядан келген қазақ балалармен етене араластым. Сон­дай-ақ Түркістанда мен естіген, бірақ бұрын-соңды көрмеген ағайын-туыстарым ма­ған ерекше қамқорлық танытты. Жатақ­ханаға келіп, жағдайыма қарайласып, қала берді, үйлеріне алып кетіп, қонақ етіп күтіп, қайта әкеп тастайтын. Қазақстанға бар­ған кезде қазақша түсінемін, бірақ сөйлей алмайтын едім. Кентауда оқытылған курста қазақ тілі, қазақ әдебиеті мен Қазақ­стан тарихын оқып, көп нәрсе білдім, көп дерекке қанық болдым. Әлгі курстың кө­мегі көп тиді. Жаңылыспасам, кешенді тес­тілеу тапсырғанымда қазақ тілі пәні бойын­ша берілген 25 сұрақтың 23 сұрағына дұрыс жауап бергенмін.  width=– Кентауда оқығанда граффити не­месе мурал салған жоқсыз ба? – Ол уақытта рэпке ерекше қызығып жүр­ген едім. Бірақ бәрібір қабырғаға сурет салу хоббиім менмұндалап тұратыны анық. Сол кезде бояу таба алмай қиналдым. Бір қабырғаға сурет салу үшін кемінде 20 түрлі бояу сатып алу қажет. Ал бір бояудың құны – шамамен 3-5 АҚШ доллары. Өзім студент бол­ған соң мұндай сомаға бояулар сатып ала алмайтыным белгілі. Бірақ уни­вер­­си­тетте бірнеше іс-шараға араласқаным бар. Ол курста биші, әнші, әртістермен бірге оқы­ғандықтан, сегіз ай өте қызықты өтті. Одан кейін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының Дизайн факультетіне құжат тапсырдым. Бірақ оқуға түсе алма­дым. – Неге? – Грантқа түсу үшін ақшам жетпеді. Оған қоса, Қазақстанға жалғыз барған едім. Күн көру үшін жұмыс істеп, нәпақа табу қажет болды. Екінші жағынан, өзім қалаған мамандықта оқуым керек болды. – Бізде грантқа түсу үшін ақшаның қажеті жоқ қой. Шығармашылық емтихан тапсырдыңыз ба? Бізге оқуға келген қандастарға берілетін арнайы квотаны пайдалана алдыңыз ба? – Иә, шығармашылық емтихан тап­сырдым. Бірақ сол емтиханды тапсырар кез­де ондағылар «Ақшаң бар болса ғана грант­тың орнын сатып аласың. Біздегі жүйе осындай» деді. Оларға: «Ақшам жоқ. Емти­ханға өз күшіммен кіремін. Болмай жат­са, көремін» дедім. Ақырында оқуға тапсырған жетеудің алтауы грантқа түсіп, мен ол тізімге кірмей қалдым. Грантқа түсе алмаған соң Алматы секілді ірі мегаполисте қиналатынымды білдім. Сосын студент­терге көмектесетін жанашыр адамдар іздедім. Сол аралықта Түркиядан қарында­сымды тұрмысқа бергелі жатқаны туралы хабар келді. Алты баланың үлкені болған­дықтан, отбасыммен ол қуанышты бөліс­песке болмас. Сөйтіп, Ыстанбұлға қайта келдім. Бірақ бұдан кейін Қазақстанға бара алмадым, себебі мен келген уақытта әскерге бармағандарға бұдан былай шетелге шығуға тыйым салу туралы заң өз күшіне енді. Қазақстанға қанша барғым келсе де, мені әуежайдан ұстап алып, әскерге күштеп әкетер еді. Сөйтіп, Түркияда бірнеше жыл тұрдым. Кейін әлгі заңға өзгеріс енгізілген соң Дубайға барып жұмыс істедім. Онда Гиннесс рекордтар кітабына енген екі үл­кен жұмыстың басы-қасында жүрдім. 2 шақырым жерге созылған, әлемдегі ең ұзын граффити – «Рихлятнаны» дүние­жү­зінен келген 150-ге жуық суретші салды. Сол 150-дің ішінде мен де бармын. Сосын Рас-эль-Хаймада жасаған жобамыз да ре­кордтар кітабына енді. Одан бөлек, Дубайда Ferrari, Jaguar секілді үлкен маркалармен жұмыс істедім. Сосын көліктерге ерекше қызығу­шылық танытатын жандар үзбей тамаша­лай­тын Формула-1 жарысының Абу-Дабиде өткен жарысы кезінде үлкен бір граффити салдым. Сол аралықта Түр­кияға да келіп жұмыс істедім.  width=Дубайдан тапсырыс түссе, қайта Дубайға келетінмін. Ары-бері көшіп жүру біздің қанымызда бар ғой, көшпенді халықпыз. Осылайша, 2019 жылға дейін екі ел­дің арасында жүрдім. Сосын бұлай жүргенім дұрыс болмас деп, Түркияда тұрақтау туралы шешім қабыл­дадым. Жыл сайын Ыстанбұлда үш-төрт ай, Дубайда бес-алты ай тұрақтаймын деп пәтер іздеп, ал көшетін кезде заттарымды әркімнің үйі­не тасып, әбден шаршадым. Қазір Ыстан­бұл қаласында граффити, му­рал салу­мен айналысамын. Одан бөлек, Түр­­кия­да алғаш құрылған, олд скул өкіл­дері сана­латын OK Crew атты командам бар. «Алма­тыда жұмыс істедіңіз бе?» деген сұра­ғыңызға жауап бере кетсем. Алматыда жыл сайын көше мәдениетінің ерекшелігін көрсетуге бағытталған Snickers Урбания фес­тиваліне қатысатынмын. Қаскелең, Ша­малғанда салған шағын жұмыстарым да бар. – Деректерге сенсек, заманауи граф­фитидің тарихы сонау 70-жыл­дардан бастау алады. Бірақ сол кезде Нью-Йорк тұрғындары қаланың ұзын көшелеріндегі қабырғаларға сурет салу­­ды тентектікке балап, сурет­ші­лер­дің бірін түрмеге қамаса, енді бірі­не ірі көлемде айыппұл төлеткен екен. Граффити өнері Америкадағыдай онша танымал болмаған Түркияда сіз­ге де сес көрсеткендер болған шы­ғар? – Әлбетте, болды. Ыстанбұлда қабыр­ғаға салған суреттің аяқ жағына Mr C деп жа­зып кететінмін. Суретке наразы болған көп­шілік «Mr C деген кім бұл?» деп мені із­дей­тін. Мен екенімді білген соң «Ақ түсті бояуыңды алып кел де, мына жерді тазала!» деп ұрысатын. Мен, әрине «Оны салған мен емес» деп мойындамайтын едім (күліп). Жал­пы, граффити кезінде белгілі бір аудан­ды бандиттердің меншіктеп алған жері екенін білдіру үшін салынатын. Қабырға­дағы сурет пен жазуда олардың «Бұл – біздің жер. Бұл – біздің қабырға. Мұнда біз­ден басқа ешкім кіре алмайды. Ешкім мұнда жаза алмайды» дегендей месседжі менмұндалап тұратын. Кейіннен Берлин қабырғасына саяси астары бар жазулар жазыла бастады. 70-80- width=жылдары бастау алған бұл өнерді он жылдан кейін әлем мойындай бастаған. Бірақ 80-90-жылдары Америка, Еуропа елдерінде стрит-арт ретінде қарастырылған бұл өнерді Түркиядағы көпшілік қабылдамай қойды. Мен мұнымен айналыса бастаған кезде айналама мұның да өнердің бір түрі екенін айтып, көндіре алмай қойдым. Сол уақытта бұл іске әуестік танытып жүрген біздің ізі­мізге көп адам түсетін-ді. Полиция ізде­гені былай тұрсын, қаладағы жасы үлкен, бірақ арам пиғылы бар жігіттер «уәзірлеріне» «Мына баланы тауып әкеліңдер! Қолын шабамын. Бүйтемін. Сүйтемін» деп бұйы­ратын. Кезінде осылай айтқан адамдар қазір мен салған граффитидің қасына келіп, суретке түсіп, онысын әлеуметтік желідегі парақшаларына мақтана жүктеп қояды (күліп). Қазір бәрі граффитиді өнер, ал бізді суретші ретінде мойындады. Қазақстанда да қарқынды дами бастағанын байқап жүрмін. Мегаполистерді айт­па­ғанда, шағын қалаларда да қабырғаларға салынған суреттерге елдің тамсанып жүргенін аңғарып жүрмін. Астанада жо­ғары­да мен айтып өткен фестиваль да сурет­шілерге ерекше серпін береді. Ата­жұрт­та граффити, мурал десе ішер асын жер­ге қоятын өнерпаз көп. Қазір олардың көбі­мен араласып тұрамын. – Өнер ретінде мойындалса да, ара­мызда граффитиді вандализмге теңей­тіндер бар. – Вандализм – граффитидің табиға­тында бар дүние. Бұрын Византия, сосын Осман империясына бағынышты болған Ыстанбұлдың сол замандардан қалған мұрасының, жазу мен суретінің үстіне су­рет салмауға тырысамын. Ол – анық ван­да­лизм. Екі-үш жыл бұрын көпірдің астына сурет салған едім, оны да вандализм деуге келмейді. Өйткені бұл – тарихи мұра емес. Мен жұмыс істегенде ешбір нәрсені сын­дырмауды, бүтін тұрған нәрсені бүлдірмеуді жіті қадағалаймын.  width=– «Өнер академиясына грантқа түс­кенде қай­тер едіңіз?» деген сұрақ ма­залап отыр. – Қазақстанға алғаш барғанда «Бұдан кейін Түркияға бармаймын. Осында өмір сүре­мін, осында өлемін» деп айтқан едім. Т.Жүргеновке грантқа түскен жағдайда Түр­кияға қайтпас едім. Қазақстанда дизайнер және граффити суретші болып жұмыс істейтін едім. – Тегіңіз расымен Қазақ па? Әл­де бұл өнердегі ныспыңыз ба? – Тегім – расымен Қазақ. Түркияға көш­ті бастап келген атамның әкесінен «Тегіңізді қалай жазайық?» деп сұрағанда ол кісі «Біз қазақ ұлтынан тараймыз. Бізден кейінгі ұрпақ қазақ екенін ұмытпасын. Сол үшін тегі­мізді Қазақ деп жаз» деп айтқан екен. Тегім­нің Қазақ екенін естіген жұрт алға­шын­да сенбей таңғалып жатады. Сосын мұның қойылу тарихын айтып, түсіндіріп беремін. Бір қызығы, менің бет-әлпетіме қарап көбі «Қазақ емессің-ау. Таза түріксің» деп сеніңкіремейді (күліп). «Таза қазақпын» десем де, біраз уақыт сенбей қазбалап сұрайды. – Қазір көздеген мақсатыңыз қан­дай? – 1999 жылы бұл істі енді қолға ала бастаған кезде мұның ешқандай да тентек­тік емес, үлкен өнер ретінде қарастырылға­нын қатты армандадым. Бүгінде ол арма­ным орындалды. Бұйырса, екі күннен кейін қыз айттыруға барамыз. Қазіргі бар ойым, бар уайымым – сол. Барлығын ойдағыдай өткізу үшін ары-бері жүгіріп жүрмін. – Елге келіп, граффити, мурал салу жос­парда бар ғой? – Әрине, жоспарда бар. Жоғарыда айтып өткенімдей, Қазақстандағы көп суретшімен жақсы араласамын. Олар бірнеше қабырғаға сурет салуға рұқсат алып қойған. Бұйырса, алдағы уақытта елге барып қалармын. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ