1625
«Ақын» термині туралы
«Ақын» термині туралы
Бішкек қаласында өткен желтоқсан айының ішінде ұйымдастырылған ғылыми сапарымыздың барысында Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының қолжазбалар қорында зерттеу жұмысын жүргіздік. Қолға іліккен құнды олжаның бірі – Қырғызстан Ғылым академиясының академигі және Өзбекстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болған әйгілі түркітанушы, КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген фундаменталды «Қырғыз-орыс сөздігінің» авторы Константин Юдахинның (1890-1975) «Ақын» термині туралы» («О термине «акын») атты мақаласының қолжазбасы.
1952 жылдың 31 наурызы күні тізімге алынған қолжазба бумасының инвентарлық нөмірі – 1414. Он бір парақтан тұратын, мәшеңкеге басылған мақаланың кей тұстарына автор сиялы қаламмен өзгерістер енгізген және соңғы бетте жеке қолын қойған. Біз аударма кезінде сол түзетулердің бәрін ескердік. Айта кететін жайт: қырғыз тілінде «акын» деп жазылғанымен, «к» әрпі қазақшамен бірдей «қ» деп оқылады. Сондықтан оқырмандарымызға ыңғайлы болуы үшін мақаладағы аталған сөздің қазақша транскрипциясын алдық. Ғылыми әдепті сақтай отырып, түпнұсқадағы кеңестік дәуірдің талабына сай жазылған ескілікті пайымдарды да қысқартпай бердік.
«Ақын» сөзінің қайдан шыққаны туралы пікірталас әлі күнге дейін толастаған емес. Ғалымдар тарапынан бір байлам жасалған жоқ. Сондықтан бір уақыттары академик Әбдуәли Қайдардың ғылыми жетекшісі болған сұңғыла лингвист К.Юдахиннің бұл мақаласының әдебиеттану үшін маңызы айрықша екені сөзсіз. Ал оның ғылыми айналымға түспей, қойма сөресінде ұзақ жатып қалуының негізгі себебі – кеңестік идеологияның шектеулеріне байланысты. Мысалы, мақалада «қырғыздың тұңғыш кітабы авторының» бір шумақ өлеңі келтірілгенімен, аты-жөні айтылмайды. Себебі замана поэзиясының көрнекті өкілі Молда Қылыш Шамырқанұлының шығармаларына 1950-жылдары тыйым салынған болатын. Ол – ол ма, осы ақынды насихаттағаны үшін К.Юдахиннің өзі сол тұста «буржуазияшыл ұлтшыл» атанып, сталиндік тас қапастың дәмін татқан.
Қазақ-қырғыз әдеби байланыстарына қатысты тың мәліметтерді іздеп табуға бағдар сілтеп, олардың көшірмелерін жасауға және ғылыми тұрғыдан сараптауға зор ықыласпен жәрдем көрсеткен институт директоры – көрнекті айтматовтанушы, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Абдылдажан Амантұрұлы Ақматалиевке, фоль-
клортану, манастану және ақындық поэзия бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Мээрим Көлбаеваға, қолжазбалар қорының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Әсел Исаеваға, осы қордың ғылыми қызметкері Перизат Әбдібаеваға шексіз алғысымызды білдіреміз.
Терминологиялық жұмыс ұлт республикаларының, әсіресе әдеби тілі Ұлы қазан төңкерісінен жеті жас кіші Қырғыз КСР-ы секілді республиканың практикалық тіл білімінде өте көрнекті орын алады. Оның әдеби өмірі тек 1924 жылдың қарашасында ғана басталды.
Көпғасырлық әдеби дәстүрі бар, мысалы грузин немесе армян тілдеріне қатысты даулы мәселелер осы күнге дейін мол болса, қырғыз, қарақалпақ, хакас сияқты әдеби тұрғыдан жас тілдер жөнінде не айтарсың? Бұларда терминологияның таласты мәселелерінен аяқ алып жүре алмайсың.
Көп ретте терминдер негізінен белгілі бір ғылыми пән өкілдері үшін қызғылықты. Бірақ үкімет актілерінде қолданылатын болғандықтан және төңірегіндегі пікірталас тек академиялық сипатпен шектелмейтіндіктен, олардың арасында қоғамдық мүддені қозғайтындары да бар. Қырғызстанда 1937 жылға дейін «кеңеш» термині сондай жағдайға ұшырап, ақыр соңында ол орысша баламасы – «советке» жол беруге тиіс болды.
Мен «ақын» терминін де солардың қатарына жатқызамын, өйткені ол үкімет құжаттарында пайдаланылады. Бұл тәрізді жеке мәселелерді қарастырудың жалпытерминологиялық мәні де бар.
«Ақын» терминін қазір қазақтар мен қырғыздар қолданады, әйткенмен онда да, мұнда да оның мағынасы біршама бұлдыр: ескі «жыршы-импровизатор» мағынасын сақтай отырып, бұл термин қазіргі түсінігімізге сәйкес жаңа – «ақын» мағынасын да иемденген.
Қырғыз қарияларымен әңгімелескен кездерімде төңкеріске дейін қырғыздар «ақын» деп өздері «ырчы» деп атайтын жыршы-импровизаторларды емес, сауатты ақындарды, оның өзінде де елге танымалдарын ғана айтқанын анықтадым. Ал сауаты жоқтардың арасынан айрықша дарындылары мен жұртқа кеңінен мәшһүрлерін ғана осы терминмен айшықтаған (Маған В.Радловтың жиған-тергендері да осыны айғақтайтын секілді көрінеді. Оның келесі еңбектерін қараңыз: «Үлгілер, V, Алғысөз. ІV б.», сондай-ақ «Сөздік тәжірибесі», 1, 98»). Әйтпесе, төңкеріске дейінгі тұңғыш қырғыз кітабының авторын түсіну қиынға соғар еді:
Этек-жеңи жайылган
Эли-журтум сарбагыш.
Ушунчалык көп журттан
Ақын чыккан мен жалгыз.
Өзін қалың сарыбағыш тайпасының арасынан шыққан жалғыз ақын дей отырып, автор жай импровизаторды емес, сауатты ақынды меңзегені сөзсіз, өйткені қырғыз халқы әрқашан импровизаторларға бай болған.
Менің Ош облысының Лейлек ауданында байқағанымдай, өздерінің барлық жергілікті жыршы-импровизаторларын қырғыздар ырчы деп атайды. Менімен сөйлескенде тек Тоқтағұлды (Сатылғанов) ақын деп айтты. Тіпті, сауатты ақын, маған дарынды болып көрінген Масали Шерматовтың өзін қариялар ақын емес, ырчы деп атайды.
Терминнің сыртқы, дыбыстық пішіні жөнінде бірер сөз айтайын, бұл оның шығу төркініне біршама жарық түсіруі мүмкін.
Оңтүстік қырғыздарында ол келесі үш фонетикалық нұсқада кездеседі: ақын, акун және ахун (Оңтүстік қырғыз говорларында х фонемасы төңкеріске дейін де бар болатын, ал солтүстік қырғыздарында енді ғана пайда болды). Солтүстік қырғыз говорларында тек ақын ұшырасады. Алайда солтүстік қырғыздарында (негізінен Ыстықкөл және Тянь-Шань облыстарында) ер адам есімдерінің құрамында акун варианты жолығады: Мусакун, Айсакун, т.б.
Шыңжанға таяу жерлерде тұратын солтүстік қырғыздары Қашғарда білім алған қырғыздарды солай (яғни акун) атаған. Солтүстік қырғыздары осы акун-ды, ал өзбектер оның охун (ашық «о») пішінін ұйғырлардың жалпы атауы ретінде пайдаланған (Проф.Кары-Ниязовтың және проф. А.Боровковтың редакциясындағы «Өзбек-орыс сөздігі». Ташкент, 1941, 325-б. Авторлар екі түрлі мағынасы бар бір сөзді не себепті екі сөз ретінде бергені түсініксіз, 4-б.).
Осы мағынада, бірақ ахун түрінде, бұл сөз, мысалы Жамбылда (бұрынғы Әулиеата) орыстарға да мәлім болған.
Ұйғырларды ауызша бұлай атаудың сыры ахун ұйғырларда ер адамдардың есімдері құрамында мейлінше кең тарағанын ескергенде түсінікті болады. Шетелдік ұйғырларда бұл сөз әдетте ер адамдарға ілтипат көрсете сөйлеуді (ахунум) білдіреді.
Менің көзқарасым бойынша, Н.Баскаков пен В.Насилов өздерінің «Ұйғыр-орыс сөздігінде» (М., 1939, 16-б.) ахун сөзінің үш мағынасын, тек семантикалық тұрғыдан ғана жіктей отырып, бір мақаланың ішінде беріп, дұрыс істеген.
Ұйғырша ахун ескі орфография бойынша ахунд (ﺍﺨﻮﻨﺪ) пішінінде жазылатын болған. Оңтүстік қырғыздарында үш фонетикалық нұсқаның (ақын, акун, ахун) бар екенін ескере отырып, мен ахунд →ахун→акун→ақын болады және ақын термині қазақтар мен қырғыздарға ұйғырлардан енген деп ойлауға бейіммін (Ақын сөзін ақ – «ағу» етістігінен шығарудың еш негізі жоқ, сондықтан оны мысалға келтіріп те жатпаймын. Ақ етістігінен қазақша және қырғызша ешқандай да ақын емес, тек ағын формасы тууы мүмкін).
Мұның негіздемесін төменде келтіруге тырысармын, ал әзірге өз болжамымдағы бастапқы ахунд формасына назар аударамын.
Радловтың сөздігінде (1, 135) ол Шейх Сулейманның сөздігінен алынып, парсы дереккөзінен шығарыла отырып, шағатайша (көне өзбекше) «оқымысты, мударристердің арнайы титулы» мағынасында берілген.
Ахун (яғни, соңында келетін д-сыз) тараншы, Қазан татарлары және әзербайжан үшін «үлкен молда, ахун» мағынасында (1, 135). Акун нұсқасы сол мағынасымен Барабы және Тобыл татарларына телінген (1, 109). Л.Будаговтың сөздігінде де ахунд және ахун формалары шамамен сондай мағынада келтіріліп, Радловтағы секілді парсы дереккөзіне сілтеме жасалады. REDHOUSE атты түрік-ағылшын сөздігі оның ﺍﺨﻮﻨﺪ (akhand) және ﺍﺨﻮﻨﺪ (akhund) варианттарын «learned man in law and theology» (құқық пен дін саласының білімпазы – А.Ш) мағынасында ұсынады.
Гаффаровтың «Парсы-орыс сөздігінде» кірме сөздердің шығу төркініне белгі соғылған тұстарда ахунд сөзі «мұсылман діні қызметкері, мұғалім, ұстаз» мағынасында келтіріліп, шығу төркіні жөнінде айтылмайды, яғни парсылық деп есептеледі.
ﻏﻳﺍﺚ ﺍﻟﻐﺍﺖ ахунд сөзін «ұстаз, мұғалім» мағынасында берсе, ﻗﺍﺗﻊ ﺒﺮﻫﺍﻥ оны мүлде келтірмейді.
Осылайша, барлық сөздіктің желілері (тек бұл сөзді ұсынбаған ﻗﺍﺗﻊ ﺒﺮﻫﺍﻥ -тан басқалары) ахунд →ахун→ акун парсы дереккөзіне апарады.
Профессор В. Смирновтың ахунд сөзін түріктер гректерден алып, солар арқылы кеңінен тарап кеткен, содан соң қайтадан кірме сөз ретінде гректердің өзіне оралған дейтін пікірі өз алдына оқшау тұр (ЗВО, ХҮІІІ, 50 және 52-беттер).
Басқа тілдерге де, мысалы ахуд сөзі көне өзбекшедегімен немесе парсышадағымен бірдей мағына беретін дұңған тіліне сілтеме жасауға болар еді, бірақ одан бізге келіп-кетер жаңа ешнәрсе жоқ. Қазақша-қырғызша ақын-ды және оның ахунд-пен байланысын қарастырайық.
Ақырғы нд → н тек қырғыз және қазақ емес, басқа да бірқатар түркі тіліне тән құбылыс. Бұл қағиданы дәлелдеудің де, суреттеудің де қажеті жоқ.
Х фонемасы төңкеріске дейін қазақ және қырғыз тілдерінде жоқ болды, сондықтан әрқашан х дегеніміз к (немесе қазақ әліпбиінде қ). Бұл да түркітануда жұртшылыққа мәлім. Ал у → н дегенге келсек, мұнда да тап сол жағдай болады: хатун → катун → катын, алтун → алтын, сабун → сабын → самын, ахур → акыр және т.б.
Бірақ бұл сыртқы жағы ғана. Біз үшін мағыналық жағы әлдеқайда маңыздырақ. «Мұғалім, ұстаз» мағынасынан «жыршы», «жыршы-импровизатор» мағынасына көшу мүмкіндігін айқындау үшін осы күнге шейін қырғыздар, қазақтар, өзбектер, түрікмендер, ұйғырлар мен моңғолдар әртүрлі фонетикалық вариантта және әр алуан мағынада қолданатын «бахши» терминіне жүгінген пайдалы болады. Әуелгі «мұғалім» мағынасында оны моңғолдар пайдаланады. Қырғыздарда, қазақтарда, өзбектерде және ұйғырларда күні өтіп бара жатқан бұл сөз «шаман», «ем-дом жасаушы, арбаушы» мағынасында кездеседі. Кейбір өзбек говорларында, содан келіп қазіргі өзбек әдеби тілінде ол қаһармандық эпосты орындайтын жыршыны, ал түрікмендерде «жыршы-музыкантты», «жыршыны» білдіреді (Бұл туралы толығырақ қараңыз: Жирмунский В., Зарифов Х. Өзбек халқының қаһармандық эпосы. Мәскеу, 1947. 25-б.; Бертельс Е.Э. Неджеф-оғлан. Ақын туралы түрікмен романы. «Белек С. Маловқа». Мақалалар жинағы. Фрунзе, 1946. «Бахши» терминінің байырғы замандағы қолданысы туралы мына еңбектерден қараңыз: Бартольд В. Ұйғыр әдебиеті және оның моңғолдарға әсері туралы мәселе. «Живая старина», 1909, ІІ-ІІІ, 46-б.; Влдаимирцев Б. Моңғолдардың қоғамдық құрылысы. М., 1934. 184-б.).
«Тәжік-орыс сөздігі» (Сталинабад-Ташкент, 1946, 1-т., 59-б.) оны келесі мағынада береді: 1.Ауызша. Әртүрлі арбау жырларын даңғыраның сүйемелімен айтқан сиқыршы әйел; 2.Жыршы.
Маған ахунд (ақын) термині де осындай жолдан өткен секілді көрінеді.
Бұл мәліметтерге қарағанда, қандай да бір ахунд бір мезетте ирандық отқа табынушы патшаларды көкке көтере мадақтайтын «Шахнаме»-ның кәсіби жыршысы болып шықса, бұған сену аса қиын бола қояр ма екен дейсің (Тагирджанов А. Фердоусидің «Жүсіп-Зылиха» поэмасы туралы мәселеге орай. «Советское востоковедение», Ү т. М.-Л., 1948, 338-б.).
Жоғарыда мен ақын термині қазақтар мен қырғыздарға ұйғырлардан өтті дедім.
Өз ойымның дәлелі ретінде әзірге тек екі фактіні келтіре аламын.
1. Тек ұйғырларда ахун сөзі тұрмыста кеңінен қолданылғандықтан, оның көршілес халықтарға оңай таралуына жағдай жасалады.
2. Халықтардың өзара қоян-қолтық араласуы жан-жақты, соның ішінде тілдік байланыстарға ең қолайлы ахуалды туғызады.
Шыңжанда, сонымен қатар онымен іргелес жерлерде өмір сүретін қырғыздар мен қазақтардың ежелден бері ұйғырлармен тығыз байланысы бар, қырғыз тілінде ұйғыр сөздерінің әжептәуір мол болуы осымен түсіндіріледі (қазақ тіліне байланысты ұйғыр лексикалық элементерін анықтау жөнінде жұмыс әлі жүргізілген жоқ).
Дегенмен менің ұсынған қисындарым толық дәлелді қуатқа ие емес. Ақын терминінің ұйғырлардан енгені туралы менің ойым әзірше тек болжам күйінде қала береді. Бұл болжамды нақтылау үшін қосымша материалдар қажет. Атап айтқанда, сөздің тарихын ұйғыр тілінің өз негізінде, сондай-ақ қазақтардың арасында айқындау қажет. Мысалы, ақын сөзінің қазақтар ішіндегі қозғалысы шығыстан батысқа қарай ма, әлде керісінше ме екенін білген өте маңызды. Осы арқылы бар мүмкіндігінше ақын терминінің қазақша-қырғызша мағынасында пайда болу аймағын да анықтауға болады.
Осы тұрғыдан алғанда профессор А.Бернштамның бүгінгі мағынасындағы бұл терминді Енисей бойындағы байырғы қырғыздардан табуға талпыныс жасағандығына назар аудара кеткен жөн (Бернштам А. Қырғыз әдебиетінің бастаулары. КСРО ҒА Қырғыз филиалы Тіл, әдебиет және тарих инситутының еңбектері. 1-ші шығарылымы, Фрунзе, 1947).
Өкінішке қарай, бұл талпынысты жоққа шығаруға тура келеді, себебі Орхон-Енисей ескерткіштерінің білгірі, профессор С.Маловтың оқылымы бойынша ол мәтінде ақын сөзі жоқ (Малов С. Ежелгі қырғыз жазуы /мәтіндер мен аудармалар/. КСРО ҒА Қырғыз филиалы Тіл, әдебиет және тарих инситуты Тіл және сөздіктер секторының қолжазба қоры, №76, 2-б.).
Қорытынды ретінде терминнің әрі қарайғы тағдыры туралы бірер сөз айтқым келеді.
Біздің одақтың бұрын артта қалған, Ұлы қазан социалистік төңкерісі қайта жаңғыртқан халықтары арасында төңкерістен кейін қоғамдық өмірдің барлық арнасында, соның ішінде тіл саласында қайнаған жұмыс: әліпби, орфография, терминология, тағы басқасын жасау басталды.
Ауқымды және өнімді терминологиялық жұмыста, кез келген үлкен жаңа шаруаны қолға алған кездегі секілді жекелеген олқылықтар болды. Бұл жөнінде жеткілікті түрде жазылды, қайталап жатудың қажеті жоқ. Қысқаша түрде осы жұмыстың жекелеген бір кішкентай бөлігіне және тек қырғыз материалдары негізінде тоқтала кеткім келеді.
Шыққан тегіне қарамастан, жаңадан енгізілетін әр терминге қойылатын талаптардың бірі – оның өміршеңдігі, артық жүк, бөгде зат болмай, тілде толыққанды қолданыста болу қабілеті. Қырғыз сөздерін терминологиялық тұрғыдан пайдаланудың бірнеше мысалын келтірейін.
1. Экватор – чоң курчоо (киіз үйді сыртынан белдеулеп қоршаған арқан). Бұл терминнің үйлесімсіздігі бірден түсінікті болып, таралмай қалды.
2. Генезис – чордон (бұлақтың жерден су атқылаған тұсы). Бұл терминнің оғаш ештеңесі жоқ, бірақ туынды сөздер оны жарамсыз етіп тастады (генетикалық, генеалогия, гениталдық, автогенді, т.б. және т.с.с.).
3.Орталық – борбор (ордо ойыны кезіндегі шеңбердің ортасы). Термин мейлінше дәл, сондықтан өмір сүруге тиіс секілді. Алайда оны математикадан интернационалдық «центр» сөзі біржолата ығыстырып шығарды және әкімшілік орталықты (бас қала) ғана білдіретін болып қалды. Бұлай болған себебі, туынды сөздерді «борбордан» емес, «центрден» (центризм, эпицентр, концентр, т.б. және т.с.с.) алуға тура келді.
4. Критика – сын, критик – сынчы және олардын туындаған сөздер. Ауызекі әңгімеде олардың орысша баламалары барған сайын құлаққа жиі шалынады, ал қырғызша нұсқалары баспасөз бен ресми қолданыстың игілігіне айналып отыр. Ауызекі әңгімеде әдетте критиктерибиз – «біздің сыншылар», критикала немесе критикиле – «сынау» және т.б.
Ақын термині де шамамен осындай жағдайда: «поэзия», «поэтика», «поэтизация» және т.с.с. аударылмайды, орысша қалпында алынады. Бұл ақын сөзі ақырында фольклортануда ғана сақталып қалмас па екен деген ойға мәжбүрлейді (Әзірше жазба әдебиет пен фольклор арасындағы шек туралы мәселе қырғыз топырағында таласқа түсіп тұр. Айталық, талантты демократ ақын Тоқтағұл Сатылғанов сауаты жоқ болса да, қырғыз кеңес әдебиетінің негізін қалаушы болып мойындалды. Ал осыған қайшы, жазба ақындардың шығармалары /Тоғалақ Молда, Әлімқұл Үсенбаев, Исак Шайбеков/ фольклор бөлімінде қарастырылады).
Түйін ретінде кірме сөздер туралы бірер пікір айтайын.
Біз ирандық дегеннің барлығын міндетті түрде парсы «дереккөзіне» апарып тіреуді әдетке айналдырдық. Ежелгі ғылым, әдебиет, өнер де соның кебін киді. Соңғы жылдары кеңес баспасөзінде бұл тәрізді тұжырымдамалардың қисынсыздығы жеткілікті түрде көз жеткізе дәлелденді. Мұның бізге, ортаазиялық тілтанушыларға да тікелей қатысы бар деп ойлаймын.
Айталық, мен жасаған «Қырғыз-орыс сөздігінде» (М.,1940) кірме сөздердің алыну көзін көрсетуге талпыныс жасалады. Бұл жақсы. Бірақ кірме сөздердің бастау көзін анықтауда мен дәстүрлі қате жолға түсіп кетіппін. Сондықтан шаар – «қала», бак – «бақ», шак – «бұтақ» және тағы басқа көптеген сөз парсылық деп белгіленген.
Мына сұрақты қойған әбден орынды болады: қырғыздар парсылармен қашан байланысқа түсті? Немесе қырғыз тілі қай уақытта және қай дәрежеде кітаби парсы тілінің ықпалына ұшырауы мүмкін болды? Қырғыздар парсылармен ешқашан тікелей жанаспаған. Егер парсы кітабы туралы айтсақ, оны қолына ұстаған адамдар саусақпен санарлықтай. Егер қырғыздар иран мәдениетімен араласқан және араласып жатқан болса, онда бұл – біздің ортаазиялық мәдениет. Бұл – тәжіктер мен олардың ата-бабаларының мәдениеті.
Өзбектер мен қазақтар туралы да соны айтуға болады. Ендеше ортаазиялық түркі тілдерінде ұшырасатын ирандық лексикалық элементтердің басым көпшілігі тіпті де парсылардан емес, Орталық Азияның иран халықтарынан, ең алдымен тәжіктерден алынған. Бұл тұрғыда түрікмен тілінің орны айрықша, өйткені түрікмендер ежелгі дәуірлерден бері парсылармен тікелей және тығыз қарым-қатынас жасаған.
Аударып, баспаға әзірлеген Амантай ШӘРІП, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі