50492
«Қаңтар оқиғасы. Референдум. Сайлау»: Биылғы жыл несімен есте қалды?
«Қаңтар оқиғасы. Референдум. Сайлау»: Биылғы жыл несімен есте қалды?
2022 жыл шулы даталармен есте сақталды. Жыл қаңтар оқиғасымен басталып, Екібастұздағы жылу желісіндегі апатпен аяқталды. Turkystan.kz биылғы жылдың маңызды оқиғаларына шолу жасайды.
Қаңтар оқиғасы
Қаңтар айының басында сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты Жаңаөзен, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Астана, Шымкент, Көкшетау, Орал және т.б. қалаларда наразылық шаралары өтті. Халық көшеге шығып, бейбіт басталған митинг қарулы қақтығысқа жалғасты. 4 қаңтарда бүкіл Қазақстан бойынша Интернет бұғатталып, Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай жарияланды. 5 қаңтар күні Үкімет отставкаға кетіп, еліміздің барлық аумағында төтенше жағдай енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы басшыларынан көмек сұрады. Нәтижесінде 10 қаңтар күні тәртіпсіздіктер кезінде басып алынған барлық әкімшілік нысан қайтарылып, елдегі жағдай тұрақталды. 11 қаңтарда тәртіпсіздіктерге қатысқан 10 мыңға жуық адам қамауға алынып, тергеуден кейін 1113 азаматқа қатысты айыптау үкімі шығарылды. Сонымен қатар қаралы қаңтар оқиғасы 238 азаматтың өмірін жалмады.Республикалық референдум
2022 жылғы 5 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өтті. Дауыс беруге 7 986 293 адам қатысып, 1 490 475 адам референдумға қарсы дауыс берді. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар: – Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; – Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; – Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; – Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту; – Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы республикалық баспасөзде 6 мамыр күні ресми түрде жарияланды.Бір жылда екі Жолдау
Биыл Мемлекет басшысы Қазақстан халқына екі бірдей Жолдау жасады. Мақсат бір – Жаңа Қазақстанды құру. 16 наурыздағы Жолдауда Тоқаев сөзін Қаңтар оқиғасының қасіретін, есебін айтумен бастады. Сонымен қатар бұл Жолдаудың ерекшелігі – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы еді. Оған жетуге мүмкіндік беретін бастамалар: – Президенттің өкілеттігін шектеу; – Өкілді билік тармағын қайта құру; – Сайлау жүйесін жетілдіру; – Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту; – Сайлау үдерісін жаңғырту; – Құқық қорғау институттарын күшейту; – Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту; – Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру; – Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру; – Дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар ұсыну. Ал 1 қыркүйектегі Жолдау «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталды. Мемлекет басшысы «халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады» дей келе, реформалардың нақты бағдарларына тоқталды: – Бірінші бағдар. Жаңа экономикалық саясат; – Екінші бағдар. Нақты секторды дамыту; – Үшінші бағдар. Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция; – Төртінші бағдар. Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту; – Бесінші бағдар. Заң және тәртіп.Қостанайдағы өрт
Өрт 2 қыркүйек күні сағат 15:10-да жоғары температура мен секундына 20 метрге дейін болған екпінді желдің әсерінен басталған. Өрт аумағы 43 мың гектарды құрады. Екі елді мекендегі 91 тұрғын үй жанып, барлығы 2091 адам эвакуацияланды. Оның ішінде, 12 адам жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақаттар алған болса, бір адам қаза тапты. Өртті 700-ден аса құтқарушы сөндірді. 7 қыркүйек күні сағат 15:00-де Қостанай облысында болған ірі өрт толығымен өшірілді. Айта кетейік, Біріккен Араб Әмірліктері Қостанай облысындағы орманды қалпына келтіру жұмыстарына 1 миллион доллар көлемінде көмек көрсетті. Eurasian Resources Group өрттің салдарын жоюға 1 миллиард теңге бөледі. Төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін Қостанай облысындағы орман өртін сөндіруге қатысқан 20 адам «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 48 азаматқа алғыс жариялады.Астана атауының қайтарылуы
17 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Аталған Заң аясында елорда атауы Астана болып өзгерді. 2 қыркүйекте «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері елорданың бұрынғы атауын қайтаруды ұсынған болатын. Осылайша Нұр-Сұлтан атауын өзгерту туралы ұсыныс Конституциялық заң жобасына енгізілді. 14 қыркүйекте ономастикалық комиссия елорда атауын өзгерту туралы ұсынысты қолдаса, 15 қыркүйекте қоғам өкілдері мен мәслихат депутаттары елорданы Астана деп қайта атау туралы ұсынысты қолдады. Айта кетейік, 2019 жылы 23 наурызда Астана атауы ресми түрде Нұр-Сұлтан деп өзгертілді. Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының атын мәңгі сақтау үшін елорда атауын өзгертуді ұсынған болатын.Президент сайлауы
Қазақстан Республикасының кезектен тыс Президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтті. Сайлау нәтижесінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыс жинап, қайта сайланды. Оның ұлықтау рәсімі 26 қараша күні болды. 26 қыркүйек күні «Yntymaq» тіркелмеген партиясы өзінің басшысы Мейрам Зекешұлы Қажыкенді сайлау үміткері ретінде ұсынды. 30 қыркүйек күні «Ауыл» Халық Демократиялық Патриоттік партиясының XX кезектен тыс жиналысы өтіп, партия атынан сайлауға қатысатын үміткер Жигули Дайрабаев таңдалды. 1 қазан күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партия XIX кезектен тыс жиналысын өткізіп, үміткер ретінде Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевты таңдады. 19 қазан күні Қарақат Жақсылыққызы Әбден «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» атты Республикалық қоғамдық бірлестік атынан президент сайлауға үміткер болып тіркелді. 20 қазанда «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова президентікке үміткер болып тіркелді. Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте халыққа Жолдауында қайта сайлауға түсетінін жариялады.Екібастұздағы апат
27 қараша түнгі 01:20 шамасында Екібастұздағы ЖЭО қазандығы істен шығып, жұмысын тоқтатты. Халық жылу жоқ екенін айтып шағымданған соң, төтенше жағдай жарияланды. Павлодар облысының прокуратурасының бұйрығымен Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды. Премьер-министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына барды. 1 желтоқсан күні Президент Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовты лауазымынан босатып, оның орнына Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды. 7 желтоқсан күні Асайын Байханов Павлодар облысының әкімі қызметіне тағайындалып, қаладағы жағдайдың тұрақталғанын хабарлады.