Хакім жайлы 24 кітаптың тұсауы кесілді

Хакім жайлы 24 кітаптың тұсауы кесілді

Хакім жайлы 24 кітаптың тұсауы кесілді
ашық дереккөзі
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай туралы 24 жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Бірегей жаңа зерттеулерді 13 сериямен ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты жарыққа шығарды. Оның ішінде ғалымдар ойшылдың «толық адам» тұжырымдамасына терең зерттеулер жүргізді. Кітаптың тұсаукесеріне белгілі абайтану­шы­лар, еліміздің ғылыми-сараптамалық қо­ғам­­дас­ты­ғының өкілдері қатысты. ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ҒЗИ жаңа ең­бектері «Заманауи Қазақстан және Абай Құнан­бай­ұлы, оның қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар са­ласындағы мұрасы» жобасы аясында жарық көр­ді. Зерттеу жұмыстарын жазу барысында ав­торлар қоғамның, ғылымның, діннің, тілдің өзекті мә­селелерін Абайдың шығармашылығы, дүние­та­нымы және мұрасы негізінде қарастырды. Ауқым­ды жұмыстар нәтижесінде Ерлан Сыдықов пен Жан­дос Әубәкірдің «Абай және Ахмет Байтұр­сын­ұлы», Тұрсын Жұртбайдың «Хақ және жалғыз» же­ті томдығы, Серік Негимовтың «Абай қағанат­тары», Алмасбек Әбсадықтың «Абай және Ыбырай», Ерлан Сыдықов пен Ерлан Сайлаубайдың «Абай Құнанбайұлы және тарихи үдеріс (ХІХ ғасырдың 70-80 жылдары ІХХ ғасырдың 20-30 жылдары)», Жанбота Кәріпбайдың «Абай Құнанбайұлы мен оның мұрасын басқа тілдерге аударудың эсте­ти­калық аспектілері», Маржан Бекенованың «Абай Құ­нанбайұлы және қазіргі қазақстандық қоғам­ның басымдықтары» және тағы басқа 24 туынды жарық көрді. Кітаптардың таныстырылымы барысында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сы­дықов биыл «Абай академиясы» ойшылдың «то­лық адам» тұжырымдамасына терең зерттеулер жүр­гізгенін және «Абайдың «толық адам» ілімі жә­не қоғамдық сананы жаңарту» жаңа сериясы ая­сында 2 еңбек жарық көргенін атап өтті. Сон­дай-ақ «Абай Құнанбайұлы және қазіргі қазақ­стан­дық қоғамның басымдықтары», «Абай дү­ние­танымының этика-философиялық көзқарастары», «Абайдың дүниетанымы және қазіргі өркениетті қоғам идеологиясы» сериялық бағыттарын әзірлеу қолға алынды. «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу инсти­туты ұлы жазушының мол мұрасын зерделеу, оның шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында түркі әлеміндегі абайтанушылардың басын бірік­тірді. Академия іргелі орталыққа айналып, үш жыл ішінде ақынның рухани мұрасы, өмір жолы тура­лы әртүрлі бағыттағы 72 кітап шығарды. Бүгінде елі­мізде Президенттің «Абай – рухани рефор­ма­тор» мақаласында айтылған абайтану орталық­та­рын жүйелендіру жұмыстары белсенді түрде жүр­гізіліп жатыр. Қазақ ойшылының өмірі мен шы­ғармашылығына қатысты тақырыптардағы ма­гистрлік еңбектер, докторлық диссертациялар Мем­лекет басшысының ұсынған концептуалды идея­ларымен үндес келеді. Аналитикалық зерт­теулер кешені әзірленген тұжырымдар шеңберінде ғылыми қызметтің траекториясын анықтады», – деді академик. ҒЗИ жобаларына белгілі абайтанушылар, та­рих, әдебиет, филология саласындағы сарап­шылар қатысты. Оның ішінде Жабайхан Әбділдин, Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім, Ди­хан Қамзабекұлы, Сатай Сыздықов, Жанат Аймұ­хам­бетова, Серік Негимов және басқалары бар. «Абай Академиясы» шығарған ең іргелі мо­нографияларда ақынның шығармашылығы, фи­лософиясы, эстетикасы, этногеографиясы, эт­но­мә­дениеті, оның қазақ және әлемдік өркениетке қосқан үлесі сипатталған. Абайтану бойынша ең­бектерді біздің руханиятымыздың дамуы деп санауға болады. Менің дайындаған «Абайдың көркемдік және ғылыми дүниетанымы», «Абайдың шеберлігі», «Абай қағидаттары» монографиялары Абай мәтіндерін, оның ерекше көркемдік әлемін зерделеуге, қазақ халқының қазынасы мен оның ауыртпалығы туралы ойлардың терең фило­со­фиясын тағы да түсінуге мүмкіндік берді», – деді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов. Профессор Тұрсын Жұртбай – «Абай ака­де­миясы» биыл дайындаған 7 томдық «Хақ және жалғыз» кітабының авторы. Абай­тану­шы зерттеуді Абайдың 43-сөзіндегі «Қозғаушы эле­мент», «Біртектілердің өзара тартылу күші», «Жүрек­тің әсерленгіштігі» терминдерінің пайда болуын зерттеуге арнады. «Абай шығармашылығының жекелеген жар­қын бағыттарына тиісті көңіл бөлінбегенін атап өткен жөн. Мысалы, бірде-бір ғалым 43-ші қара сөз­дегі «Қозғаушы элемент», «Біртектілердің өзара тар­тылу күші», «Жүректің әсерленгіштігі» деген тер­миндерге тоқталмаған. Мақсаттас, пікірлес, абай­танушы ғалым ініміз Сұлтан Ыбырай екеу­міздің оған көзіміз жетіп, ізденіс басталды. Абай «жан», «тән», «ақыл», «жүрек» пен «қайрат» тақы­рып­тарын тереңнен зерттеді. Оның поэзия­сын­дағы психологиялық және философиялық мә­селелер батыс және шығыс дереккөздерінен зерт­телгені байқалады. Біз Абайды зерттеудің жаңа жүйесін тапқан сияқтымыз. Оның аясында біз ойшылды жаңа бағытта білуге мүмкіндік аламыз», – деп атап өтті профессор. Кітаптардың тұсаукесері аясында «Абай ака­демиясы» ҒЗИ ғалымдары еліміздің бар­лық өңірлерінде өткізілген «Абай Құнанбаев және қазіргі қазақстандық қоғамның басым­дық­тары» бағыты бойынша әлеуметтік сауалнаманың қорытындыларын ұсынды. Оған 9 мыңнан астам қазақстандық қатысты. Әлеуметтік сауалнама қо­рытындысы бойынша, қазақ және орыс тіл­дерін­де 4 жинақ жарық көрді. Абайды зерттеу са­ла­сындағы ұсынымдары бар бұл материалдар елі­міздің мектептері, университеттері, мәдени ме­кемелері бойынша таратылатын болады. Айта кету керек, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде 2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасымен ақынның өмірі мен шығарма­шы­лығын жүйелі терең зерттеу мақса­тында құрылған. ҒЗИ ғалымдары жан-жақты ғы­лыми жұмыс, сондай-ақ абайтанудың көпқырлы ас­пектісінде аналитикалық, әлеуметтанулық зерт­теулер жүр­гізеді.