Мерейтойлық саммиттің маңызды сипаты

Мерейтойлық саммиттің маңызды сипаты

Мерейтойлық саммиттің  маңызды сипаты
ашық дереккөзі

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері әу бастан тату мемлекет. Екі ел арасындағы саяси, экономикалық, дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдан бері қарқын алып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  кезекті сапары сызат түспеген достық ынтымақтастықты арттыра түсті.

Сапар аясында Қазақстан Пре­зиденті Біріккен Араб Әмірліктерінің мем­лекет қайраткерлерімен, іскер топ өкілдерімен бірқатар келіссөздер жасап, сондай-ақ Х Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитінің жұмысына қатысты. Мемлекет басшысы БАӘ Қазақстанның Таяу Шығыс аумағындағы негізгі серіктесінің бірі екенін, тәуелсіздік алғалы бері елімізге бұл елден келген тікелей инвестиция көлемі 2 миллиард долларға жуықтағанын айтты.

«Қазақстанда Әмірліктер капита­лы­ның қатысуымен 200-ге жуық бір­лескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олар ауыл шаруашылығы, металлургия және энергетика салаларын қам­тиды. «Мубадала» мемлекеттік инвес­тициялық компаниясымен тығыз байланыс орнаған. Сондай-ақ Астанада жалпы құны 1,6 млрд доллар болатын «Әбу-Даби Плаза» екіжақты ірі инвестициялық жобасы іске асырылып жатқаны белгілі», – деді Елбасы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елі­міздің экономиканы әртараптандыруға ай­рықша көңіл бөліп, озық 30 мемле­кет­тің қатарына қосылу міндетін ал­дына қойып отырғанына тоқталды. «Осы мақсатқа жету үшін Қазақстанда бизнеске барынша жеңілдіктер қарастырылып, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасалуда. Тәуелсіздік жылдары еліміздің экономикасына жұм­салған шетелдік тікелей инвес­ти­ция 265 миллиард доллардан асады. Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 35-орынға ие болды. Бүгінгі таңда 56 мемлекеттің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады. Олардың қатарында Біріккен Араб Әмірліктері де бар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгінде елімізде индустрияландыру бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Оған шетелдік инвесторлардың да қосқан үлесі көп. Қазір Қазақстанда 10 арнайы экономикалық және 20 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Міне, осындай аймақтарды Әмірліктер компанияларының басқаруына беруді ұсынған Елбасы Біріккен Араб Әмірліктері компанияларын белсене қатысуға шақыра келе, Қазақстан мемлекетінің әрқашан да инвестициялық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

– Басымдығы бар салаларда инвес­тор корпоративтік табыс салығынан және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Шетелдік кәсіпкерлерге қолдау көрсететін Шетелдік инвесторлар кеңесі 19 жылдан бері тиімді жұмыс атқарып келеді, – деді Елбасы Біріккен Араб Әмірліктерінің индустриялық аймақтар жұмысы жөніндегі тәжірибесі қызықтыратынына екпін түсірді.

Қазақстан Президенті Әмір­лік­тердің бизнесмендеріне Қазақстанда қазір ірі мемлекеттік нысандарды жекешелендіру науқаны жүріп жатқанын, оның аясында жеті жүздей мемлекеттік кәсіпорын сатылымға шығарылғанын да тілге тиек етті. «Бұл – тау-кен металлургиясы, мұнай өндіру, энергетика, көлік және байланыс сала­сындағы кәсіпорындардың, инфра­құрылым нысандарының акциялары. Біз Әмірліктер компанияларының осы жекешелендіру ісіне атсалысуын құп­таймыз», – дей келе, Астана халық­аралық қаржы орталығының қызметіне және Әбу-Дабидегі саммитпен тақырыбы ортақ алдағы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне тоқталып өтті.

– Қазақстанның Елордасында биыл «Болашақтың энергиясы» тақы­рыбымен «ЭКСПО – 2017» халық­аралық көрмесі өтеді. Оған 110-нан астам мемлекет, 18 халықаралық ұйым және жаңартылатын энергетика сала­сындағы жетекші әлемдік ком­па­ниялар қатысады. Әмірліктер – араб мемлекеттері арасынан «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысатынын ресми түрде растаған бірінші мемлекет, – деді Қазақстан Президенті.

Ал екіжақты келіссөздер аясында «Астана ЭКСПО – 2017» мен «Бюро ЭКСПО Дубай – 2020» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаны, «жасыл» энергия немесе баламалы және жаңартылатын энергия саласы бойынша Біріккен Араб Әмірліктерімен арада табысты ынтымақтастық орнап жатқаны белгілі.

Елбасы БАӘ іскер адамдарымен болған жылы шырайлы кездесулерден кейін, Әбу-Дабидің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Қазақстан Президенті мен Әбу-Дабидің тақ мұрагері сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екі елдің ынтымақтастығы мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелер де назардан тыс қалмады.

Ал келіссөздер қоры­тын­дысы бойынша бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

«Болашақ энергиясы» саммиті – жасыл экономикаға көшудің жолы

ҚР Президенті Н.Назарбаев БАӘ-дегі ресми сапарының екінші күнінде «Болашақ энергиясы» (World Future Energy Summit) Дүниежүзілік Саммиті форумына қатысты. «Болашақ энергиясы» саммиті – жыл сайын  Әбу-Дабиде өтетін  болашақ энергетикалық өнеркәсіпті дамытуға, экология мәселелеріне арналған көрме-конференция. Форум – энергияның жаңартылған көздері, экологиялық таза технологиялар мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері қозғалатын әлемдегі ең ірі шара. Биыл БАӘ астанасындағы саммитке он бір мемлекет басшылары қатысты.

Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитінің көрмесін аралаған Елбасы Н.Назарбаев «ЭКСПО – 2017» павильонымен танысып, Х Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитіне қатысты. Елбасы 2015 жылы жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігіне жұмсалған инвестицияның мұнай-газ саласына салынған инвестициямен алғаш рет теңескеніне назар аударды. «Бүгінде ешбір ел «қазірше дами бер, экологиямен кейін айналысамыз» деген формуламен өмір сүре алмайды», – деген Елбасы планетаның энергетикалық-экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сценарий қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ XXI ғасыр энергетика саласындағы серпінді шешімдер дәуірі болуы қажет екенін айтып, бұл тек энергетика саласының даму векторын ғана емес, планетамыздың алдағы мыңдаған жылдардағы тағдырын анықтайтын кезең болуға тиіс екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы саммит жұмысы ұлттық «таза» энергетикалық саясаттың әзірленуі мен белсенді түрде енгізілуіне себепші боларына сенім білдіріп, энергияның жаңа көздерінен пайда таба білу қажет екенін жеткізіп, «Ресурсқа бай кейбір мемлекеттер өкілдері өз энергетикалық саясатының салдары туралы ойлана бермейді. Басқа елдерде бұл саясат өз ресурстарын сақтап қалып, үшінші елдерге экономикалық энергетикалық экспансия жасауға негізделген. Бұрын тек дамыған елдердің ғана одан пайда табуға мүмкіндігі бар еді. Олар жаңа энергия саласындағы технологиялар бойынша білім мен техникалық тәжірибе жинақтай алды. Қазір дамушы елдер үшін осы үдеріске қосылуға ең қолайлы уақыт туып отыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан соң Елбасы Calatrava Grace Corporation компаниясының атқарушы директоры Майкл Калатравамен кездесті. Кездесу барысында компанияның біздің елімізбен арадағы ұзақ мерзімге арналған ынтымақтастығының болашағы талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Астанада іске асыру жоспарланып отырған жобалар таныстырылды. Calatrava Grace Corporation компаниясы жылжымайтын мүлік саласындағы жаһандық жобаларға әр транзакция үшін 100 млн долларға дейін қаржы бөле алатын мүмкіндігі бар инвестор болып саналады. Бүгінде компания портфолиосы 32 елдегі жалпы көлемі 1,9 млн шаршы метр болатын 340 жобаны қамтиды.

Қазақстан Президенті мерейтойлық саммит жұмысы аясында әмірліктің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянның атынан жыл сайын табыс етілетін болашақтың энергиясы саласындағы Zyed Future Energy Prize халықаралық сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсіміне қатысты. Сыйлықты 5 аталым бойынша Біріккен Араб Әмірліктері басшылығының қатысуымен шет мемлекеттер басшыларының бірі табыстайды. Биыл мұндай құрметке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ие болды.