Сан қырлы ғалым

Сан қырлы ғалым

Сан қырлы ғалым
ашық дереккөзі
Әлеуметтік лингвистика саласының сардары, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Бақытжан Хасанұлын ғылыми жұрт­шылық тек ғалым ғана емес, сондай-ақ оны жезтаңдай әнші, дәу­лескер күйші, жауырыны жер иіскемеген балуан ретінде де жақсы таниды. «Сегіз қырлы, бір сырлы» ғалым жөнінде сөз еткенді жөн көрдік. Сөзіміздің басын ғалымның жастық шағынан бастасақ, біраз оқиғалардың куәсі боларымыз анық. Бақытжан аға – ата-ана­сын қуантып, 1937 жылдың 21 жел­тоқ­са­нында бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау об­­лысы Индер ауданының Қаңбақты ауы­лын­да дүниеге келген Хасан ата мен Насипа ана­ның отбасындағы оныншы бала. Ба­қыт­жан Хасанұлы да өз құрдастары секілді жеті жасқа келгенде мектеп табалдырығын аттап, Қаң­бақты жетіжылдық мектебін бітіргеннен кейін, Жаманқала қазіргі Махамбет атын­дағы орта мектепке ауысып, оны 1955 жылы бі­тірген. Онжылдықты бітіріп, қолына кә­ме­леттік аттестат алған Бақытжанның ар­маны Мәс­кеуге барып оқу еді. Бірақ ол кезде Аты­рау­дан Мәскеуге жету оңай емес, қабылдау ем­­тиханынан кешігіп қалатын болған­дық­тан, Алматыға жол тартады. Мектепте фи­зика, химия пәндерін өте жақсы оқыған жас түлек Алматыға келіп, медицина инсти­ту­ты­на құжаттарын тапсырады. Бір күні ауыл­дан келген сыныптастарын кездестіріп, олар­дың көпшілігі С.Киров (қазіргі әл-Фара­би) атындағы Қазақ мемлекеттік универ­си­тетіне құжат тапсырғанын біліп, ауыл­дас­тарымен бірге болғысы келіп, медицина инс­титутынан құжаттарын қайтып алып, со­лармен бірге университеттің Филология факультетіне құжат өткізеді. Зерек оқыған Бақытжан Хасанұлы қабылдау емти­хан­да­рын ойдағыдай тапсырып, бір орынға 17 адам­нан келетін конкурста жеңіске жетіп, сту­дент атанады. 1 курстан бастап, Бақытжан Ха­санұлы зеректігімен, алғырлығымен көзге тү­седі. Соңғы курста профессор Белгібай Шалабаевтың жетекшілігімен «М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы афоризмдер» деген тақырыптағы диплом жұмысын «өте жақ­сы» деген бағаға қорғап шығады. Мем­ле­кеттік емтихан комиссиясы бұл жұмысты «ерек­ше үздік» деп бағалап, бітіруші түлек Ба­қытжан Хасанұлы аспирантураға ұсы­ны­лады. Тіптен дипломмен бірге берілетін қо­сымшасында диплом жұмысы «аса жоғары ба­ғаланды», – деп атап жазылған. Филология факультеті Ғылыми кеңе­сінің шешімімен қазақ тілі кафедра­сына аспирантураға қалдырылады. Бір про­фессор бір топқа бес жыл бойы сабақ бер­мейтіндігі түсінікті, соған қарамастан, ғы­лымда да, күнделікті тұрмыста да әр сө­зіне сақтықпен қарайтын профессор Мәулен Балақаев аспиранттарды кафедраға бөлу кезінде «Мен Бақытжан Хасановқа бес жыл са­бақ бергенмін, топтағы ең үздік студент­тердің бірі болды, сондықтан өзім басқарып отырған кафедраға қалдырамын», – деп өз ше­шімін кесіп айтады. Аспирантураға түс­кен­нен кейінгі жетекшісі де профессор М.Ба­лақаев болды. Мәулен Балақайұлы ас­пирант Бақытжанға «Қазақ тіліндегі ме­та­фора­лық тіркестер» деген тақырып береді. Білімге деген құштарлығының, ана тіліне деген сүйіспеншілігінің арқасында Бақытжан Хасанұлы алған тақырыбына бірден қызыға кірісіп, жұмысын уақытында аяқтап шығады. Ол 1965 жылы «Қазақ тілінде сөздердің ме­та­форалы қолданылуы» деген тақырыпта кан­дидаттық диссертациясын ойдағыдай қор­ғайды. Белгілі әдебиетші ғалым Мүсілім Ба­зарбаевтың қорғаудан кейінгі отырыста «Бі­легі жуан бірді жығады, білімі жуан мың­ды жығады, ал біздің Бәкең 1001 адамды жы­ғады» деген сөзі жас ғалымның ғылыми жұ­мысына да, қорғауына да айтылған рия­сыз ризашылықтың белгісіндей еді. 1966 жы­лы осы тақырыпта Б.Хасанұлының ал­ғашқы монографиясы жарық көреді. Кандидаттық диссертацияны ойда­ғы­дай қорғаған және екі тілді жақсы біле­тін маман ретінде Министрлер кеңесінің Бас­пасөз комитеті төрағасының кеңесшісі қы­з­метіне жұмысқа алынады. Бірақ Бақыт­жан Хасанұлы ғылымға қайта оралуды есі­нен шығармайды. 1967 жылы Қазақ ССР Ғы­лым академиясы Тіл білімі институтының Қа­зіргі қазақ тілі бөліміне конкурс арқылы өтіп, аға ғылыми қызметкер болып қабыл­данады. Институттың, өзі жұмыс істейтін бөлімнің ғылыми өміріне белсене араласады. 1969 жылы Қарақалпақстанда өткен «СССР ха­лықтары тілдерінің дамуы» деген ха­лық­аралық конференцияда «Қазақстан халық­тары әдеби тілдерінің қазіргі даму жағдайы» деген тақырыпта орыс тілінде баяндама жа­сайды. Бұл конференция Бақытжан Ха­санұлы­ның ғылымдағы жолының екінші ке­зеңінің бастамасы болды десек, артық емес. 1969 жылы ғалымның Ұлттық Ғылым ака­демиясының Хабаршысында «Тілдердің қо­ғамдық қызметі және социолингвистика» ат­ты мақаласы жарияланады. 1974 жылы Мәскеуде өткен кеңестік социолингвистердің VIII дүниежүзілік конгресінде баяндама жа­сайды. Әдебиетшілер арасында шығармашыл адамның ойындағысын жарыққа шығаруда жалқы жанр таршылық етеді деген пі­кір бар. Сол сияқты тілшілер қауымында да бір тақырыппен, тіл білімінің бір сала­сы­м­ен шектелмей, тіл ғылымының әр сала­сын­да сүбелі зерттеулер жүргізіп жүрген ғалым­дар бар. Солардың бірі де бірегейі Бақытжан Хасанұлы десек, қателеспейміз. Бақытжан Хасанұлы жалпы тіл білімі, әлеуметтік лингвистика салалары бойын­­ша еңбектер жаза бастады. Оған «Языки народов Казахстана и их взаимо­дейс­­­твие», «Тілдік қатынас негіздері», «Ка­захс­­ко-русское художественно-литератур­ное двуязычие» т.б. еңбектерін атауға бола­ды. Бақытжан Хасанұлы орыс тіл біліміне қатысты 1975 жылы Ю.Дешериевпен бірігіп, «Язык межнационального общения» атты ең­бек жазады. 1987 жылы Бақытжан Ха­санұлы­ның «Казахско-русское двуязячие (со­циолингвистический аспект) атты мо­нографиясы жарық көрді. Бақытжан Хасанұлы әлемде орыс тілін дамыту жөніндегі әлеуметтік лин- г­вис­тикаға қатысты зерттеулері үшін және ха­лықаралық конгрестегі үлкен пікірталаста өз пікірін жалтақтамай, дәлелдеп айта білуі­мен, өзінің ой-тұжырымына беріктігімен жеңіп шығып, сол конгреске қатысушы ға­лым­дардың ұсынысымен 2009 жылы Бақыт­жан Хасанұлы МАПРЯЛ тарапынан А.Пуш­кин атындағы алтын медальмен мара­пат­талды. Бақытжан Хасанұлы – үштілділік мә­се­лесін зерттеп қана қойған жоқ, үш­тіл­ді­лікті тәжірибеде де өз басынан өтке­ріп жүрген ғалым. Ол 1974 жылы Алма­ты­дағы Шет тілдер институты жанындағы екі­жылдық ағылшын тілі курсын бітіріп шық­қан. Ағылшын тілінде де сөйлей алады. Ізденіспен келген ғылыми тұжырым­дар­дың басқаларды елең еткізе білуі – ол еңбектің пайдаға асқаны. Кеңестік ке­зеңдегі атақты, қазіргі рейтингісі жоғары шет­елдік журналдардан кем емес, «Вопросы язы­кознания», «Советская тюркология» жур­нал­дарында Б.Хасанұлының еңбектері, мо­нографиялары жайында пікірлер жа­рия­ланды. Редакциясын профессор Виктория Ни­колаевна Ярцева басқарған, Мәскеуде шық­қан «Лингвистический энциклопедичес­кий словарь» деген еңбекте Бақытжан Ха­санұлы­ның «Языки народов Казахстана и их взаимодействие» атты монографиясы аса маңыз­ды еңбектер қатарында аталған. Ға­лым­ның тағы бір көңіл бөлген саласы – қа­зақ-орыс тілдерін салғастыра зерттеу. Бұл са­ладағы авторлық бірлестікте жазылған «Қа­зақ-орыс тілдерінің салғастырмалы грам­матикасы» оқулығын ерекше атауға болады. Сондай-ақ ғалым түрік, өзбек, тәжік, қырғыз, ұйғыр, корей, неміс тілдері жайында да зерттеулер жүргізді. Ғалымның бұл тілдердің ерекшеліктерін жан-жақты ғылыми негізде дәлелдеген «Языки народов Казахстана и их взаимодействие», «Интерференция в русской речи казахов: проблемы казахско-русского двуя­зычия», «Национальные языки, двуя­зы­чие и многоязычие: поиски и перспективы», «Үштілділік – Қазақстанның тілдік даму стра­тегиясы», «Языки народов Казахстана: от мол­чания к стратегии развития (со­циоп­сихо­лингвистические аспекты), «Үштілділік – бір тарапты тілдік үдеріс», «Орталық Қазақстан­да мемлекеттік тілді дамытудың өңірлік со­­циолингвистикалық тетіктері», т.б. еңбек­те­рінде республикада тұратын халықтар ті­лінің бір-біріне әсері, қостілділік және көп­­тілділік мәселелері зерделенген. Бақыт­жан Хасанұлы 1992 жылы «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы қазақ тілінің қолданыстағы әлеу­меттік-лингвистикалық проблемалары» де­ген тақырыпта екі шифрмен, яғни 10.02.06 – түркі тілдері және 10.02.19 – жалпы тіл білімі, әлеуметтік лингвистика мамандығы бойынша республика көлемінде бірінші болып, докторлық диссертация қорғады. Дис­сертациялық кеңеске Қазақстан, Өз­бек­стан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан ға­лымдары қатысты. Бақытжан Хасанұлы­ның ғылыми жұмысын диссертациялық кеңес мүшелері қызу талқылап, бірауыздан бекітті. Бақытжан Хасанұлы алыс, жақын шет­ел­дерде ұйымдастырылған кон­ферен­цияларда әлеуметтік лингвистиканың өзекті мәселелері бойынша баяндама жа­са­ды. «Казахско-русское двуязычие» атты мо­ног­рафиясы Қытайда қытай тіліне аударыл­ды және осы монография жайында қытай­дың журналдарында бірнеше мақала жария­ланды. Бақытжан Хасанұлының қазақ тіл білі­мінің көрнекті өкілдері, аға буын ға­­лымдар туралы да көптеген зерттеулері бар. Мысалы, «Жубанововедение: в контексте формирования общего языкознания, соц­ио­лингвистики и психолингвистики в Ка­зах­стане. Репрессии в Казахстане», «Профессор Қ.Жұбанов және лингвистикадағы жаңа­шылдық» секілді еңбектері. Сонымен, Бақытжан Хасанұлы – рес­публикадағы тұңғыш рет аймақтық әлеуметтік лингвистика, тілдік лингвистика, ісжүргізутану ғылымының негізін салған ғалым. Осы уақытқа дейін ғалымның 40 шақ­ты монография, оқулық, оқу құралдары, сөз­діктері, 500-ге жуық ғылыми мақаласы бар. Бірнеше жыл ғалым «Әлеуметтік лин­гвистика» пәнінен әл-Фараби атын­дағы Ұлттық университетте, Қара­ған­ды, Ақтөбе, Орал, Қостанай қалаларындағы жо­ғары оқу орындарында да дәріс оқыды. 1986 жылы Қазақ ССР Ғылым академия­сы­ның философия және құқық институтына қарайтын Ұлтаралық қатынастар орталығы құ­рылды. Бақытжан Хасанұлы осы орта­лық­та «Ұлт тілдері және қостілділік» деген бөлім­ді басқарды. 1989 жылғы қабылданған Тіл заңының негізгі құрастырушысы. Бақытжан Хасанұлы Қазақ мемлекет­тік қыздар педагогикалық институ­тын­да біраз жыл кафедра меңгерушісі бола жүріп, 1990 жылдары осы институт жанында құрылған құрамында Қазақстан, Өзбекстан, Қыр­ғыз Республикасы ғалымдары бар Біріккен док­тор­лық диссертациялық кеңестің төрағасы бол­ды. Бақытжан Хасанұлы – ұзақ жылдар Қа­зақстан Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның мү­шесі болған, Қазақстан Журналистер ода­ғы­ның мүшесі. Тіл саясаты жайындағы мақа­ла­лар топтамасы үшін 1990 жылы Журналис­тер одағының лауреаты атағын иеленген. Б.Хасанұлы Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының лингвистикалық қағи­да­ларын, «Тіл заңы» мен «Азаматтық туралы» Заң мәтінін түзуде де сарабдал ойдың, әділ ше­шімнің үлгісін көрсете білді. Ғалым Қа­зақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік тер­минология комиссиясының мүшесі қыз­метін де атқарған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­ги­ка­лық университетінде, Шет тілдері және кә­сіби іскерлік университетінде дәріс оқыды. Әркім өз еңбегімен қошеметке бөле­не­ді. Бақытжан Хасанұлы да өзінің ғы­лымдағы, ұстаздық жолдағы еңбектері үшін марапаттарға ие болған. Қазақстанның көрнекті ғалымдарға арналған Мемлекеттік сти­пендиясының иегері, «Қазақстан Респуб­ли­касы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін медалімен марапатталған, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы». Ғалым ғылыми кадрлар даярлауда да үлкен қызмет атқарып келеді. Әлеу­мет­тік лингвистика, психолингвистика, ген­­дерлік лингвистика, когнитивті линг­вис­тика салалары бойынша 5 ғылым докторын, 20-дан астам ғылым кандидаттарын даяр­ла­д­ы. Өмірбаянның баяндылығы ғалым аза­маттың еңбектерінен, өнегесінен кө­рінетіндігі ақиқат. Оған жоғарыда айты­лып кеткен еңбектері дәлел. Ал енді сөз ба­сын­да айтқанымыздай, ғалымның қолы қалт еткенде айналысатын сүйікті істеріне де аз-кем тоқтала кетейік. Профессор Бақытжан Хасанұлын ғы­лыми жұртшылық өкілдері болмаса, көп­шілік оның кеңестік кезеңдегі атақты балуан бол­ға­нынан хабарсыз. Ол университет қа­быр­ғасында жүргенде классикалық күрестен спорт секциясына қатысқан. 5 жыл бойы уни­­верситеттің намысын қорғап, палуан Ба­қытжанды университет басшылары ерек­ше бағалады. 1961 жылы грек-рим күресінен «СССР спорт шебері» атағын иемденді. Бақытжан Хасанұлының тағы бір қыры – күй өнеріне деген құмарлығы. Ба­қыт­жан ағамыздың 20 шақты күйді на­қышына келтіріп ойнайтынын көзкөр­ген­дер жыр қылып айтады. Күйшілігімен қатар, Бақытжан Хасан­ұлы ән салуды да жақсы көретіндігін көп­­шілікке жеткізгенді жөн көрдік. Аға­мыз­дың репертуарында халық әндері көп. Ба­қытжан Хасанұлының тағы бір ерекшелігі – еліміздің қай облысына барса, сол елдің әндерін нақышына келтіріп орындайды. Өз ісін бар ынтасымен сүйіп істеген адам ғана мақсатқа жетеді, мақсаты­ның биік шыңына өрлейді. Бүгінгі күні сек­сен бестің төріне көтерілген ғалымның алға қой­ған жоспарлары да аз емес. Ғылымды өмір­лік кредосы еткен, қарапайым, еңбекқор Ба­қытжан Хасанұлының алдағы атқарар ғы­лыми жұмыстарын атар болсақ, «Мем­лекеттік тіл арқылы рухани жаңғырту мәсе­лелері», «Үш тілділік ұстазын даярлау ұстын­дары», «Қазақ ру-тайпаларының сөйленімі» секілді бірнеше еңбектерінің жарияланымы жоспарда. Сондай-ақ сиясы кеппеген «Жаңа Қа­зақстан құрудың амал-тәсілдері» атты мо­нографиялық еңбегінің қолжазбасына қа­рап, ғалымның қайраткерлігіне риза бол­дық. Жаңа жұмыс Әділетті Қазақстанның жас құрылысшыларын даярлау ісінде қо­мақты үлес қосар, үстел үстінен табылатын құнды еңбек болары сөзсіз.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Жаңалық БАЛТАБАЕВА, педагогика ғылымдарының докторы, профессор