1833
Тіл саясаты
Тіл саясаты
Тіл саясаты – тілдің құрылымына, қызметіне және қолданылу аясына әсер ететін саясат механизмі. Ғылыми термин ретінде өткен ғасырда қолданысқа енгенімен, бағзы заманнан бастап адамдардың қарым-қатынасы мен ойлауы үшін қолданатын маңызды құрал тілмен (жазумен) қатар өмір сүріп келеді. Саясаттың құралы әрі объектісі ретінде әзірленеді, түсіндіріледі, қолданылады және жүзеге асырылады. «Этнография және тіл саясаты» еңбегінің авторы Т.Маккарти айтқандай, «Тіл саясаты – күрделі әлеуметтік-мәдени процесс».
Саясаттағы лауазымды тұлға, тіл жанашыры, сала көшбасшылары және қоғам белсенділері саясатты әзірлейді; Саясатты әзірлеушілер мен қолдануға жауаптылар (мұғалімдер, жұмыс берушілер және білім беру менеджерлері) саясатты түсіндіреді; мұғалім (оқытушы) мен оқушы (білім алушы), жұмыс берушілер мен қызметкерлер, ата-аналар мен балалар саясатты қолданады; мұғалім (оқытушы), оқушы (білім алушы) және қоғам мүшесі саясатты жүзеге асырады.
Әрине, бұл саясаттың көздеген түпкі мақсаты бірізді деп айта алмаймыз, әртүрлі. Мемлекеттегі титулды ұлт тілі мен этностық топтардың тілдері арасындағы қарым-қатынасты отандық ғалым Е.Тоғжанов вестерндік тіл саясаты, истерндік тіл саясаты және демократиялық тіл саясаты деген бағыттарға бөліп, өзіндік ерекшеліктерін айқындаса, батыстық белгілі лингвистер Х.Клосс бен Т.Уайли ілгерілетуші тіл саясаты, орынды тіл саясаты, толерантты тіл саясаты, шектеулі тіл саясаты, нөлдік тіл саясаты және репрессиялық тіл саясаты деп жіліктей түседі.
Вестерндік тіл саясаты еуропалық тілдердің қолданылу аясын кеңейтуге бағдарланады. Ата Түрік тұсындағы Түркияның әліпбиін латындандырып, сөздік құрамын араб пен парсы сөздерінен тазартуы осы бағытта жүзеге асқан.
Истерндік тіл саясаты теократиялық елдерде айқын байқалады. Мысалы, Иран немесе Ауғанстанда араб тілі мен жазуы киелі болып саналады, батыс өркениетінің жетістіктері қабылданбайды, халықаралық сөздер мен терминдерді араб және парсы баламаларымен ауыстырады.
Демократиялық тіл саясаты тіл мәртебесіне қарамай, барлық тілдердің құқығын қорғайды. Зерттеушілер пікірінше, демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырған қазіргі қазақстандық тіл саясаты осы бағытта тұжырымдалады.
Ілгерілетуші тіл саясаты – мемлекет, үкімет этностық топтар тілдерінің қолданылуын қолдау үшін ресурстар бөледі:
1) этностық топ тілдерін ресурс ретінде қарастырып, дамыту, қолдау және жандандыру шараларын жүргізеді. Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 және 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі – этностық топтардың тілдерін дамыту;
2) тілдің құқықтық мәртебесі арқылы этностық топ тілдерін дамытады, сақтайды және жандандырады. «Тiл туралы» заңның 23-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiл және барлық басқа тiлдер мемлекеттiң қорғауында болады. Мемлекеттiк органдар бұл тiлдердiң қолданылуы мен дамуына қажеттi жағдай жасайды».
Орынды тіл саясаты – ілгерілетуші тіл саясатының әлсіз нұсқасы. Заңдар этностық топтардың тілдерін қолдану аясын кеңейту үшін емес, көбінесе қысқамерзімді өмір сүру үшін қабылданады. Этностық топ тілдері проблема ретінде қарастырылып, түпкі мақсаты титулды ұлт тілін меңгеру және қолдануды, яғни өтпелі қостілді білім беруді жүзеге асыруды көздейді. Тарихнамалық зерттеулерге назар салсаңыз, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан-дағы кеңестік тіл саясаты осылай жүзеге асқан-ды.
Толерантты тіл саясаты – мемлекеттің этностық топтың тілдік өміріне бей-жай қарауымен ерекшеленеді. Толерантты тіл саясаты жеке тілдік мектептер сияқты мекемелерді кедергісіз дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының Конституциясы да, нормативті-құқықтық актілері де, Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы да толерантты ұстанымда. Қазір мектепке дейінгі білім қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр және ағылшын тілдерінде жүргізілсе, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде беріледі.
Шектеулі тіл саясаты – заңнама негізінде этностық топ тілдерін қолдануға тыйым салады немесе шектейді. Этностық топ тілдері проблема ретінде қарастырылып, қолданыс аясы шектеледі немесе жойылады. Титулды ұлт тілінің үстемдігі орнайды. Кеңес үкіметі құрылған кезде этникалық топтардың көпшілігі қолданатын 193 тіл болса, 1937 жылға қарай 90-ға дейін қысқарған, 1988 жылы тек 39 оқыту тілі қалды. Осы уақыт аралығында қаншама тіл әлеуметтік өмірден біртіндеп жоғалып кетті?!
Нөлдік тіл саясатының ерекшелігі этностық топ тілдерін айқын мойындамайды. Нөлдік тіл саясаты лингвистикалық әртүрлілікке әсер етіп, этностық топ тілдерінің мектептер мен қоғамдағы рөлін көрсетеді. Құқықтық тұрғыдан саясаттағы нөлдік ақиқаттағы шектеуші тіл саясаты болуы мүмкін, оның мақсаты – этностық топ тілдерінің қолданылуын шектеу. Нөлдік тіл саясаты этностық топ тілдерін қолданушылардың ешбір қосымша көмексіз титулды ұлттың тілдік ортасына енуіне әкеледі.
Репрессиялық тіл саясаты – этностық топ тілдерін жою бойынша белсенді әрекеттер жасаумен ерекшеленеді. 1930 жылдардың екінші жартысынан бастап Сталин санаулы баласы бар орыс ауылда орыс мектебін салды, қара домалағы көп қазақ ауылдарындағы қазақ мектептерін жапты. Сонымен қатар қазақ тілі идеологиялық шабуылдың өзегіне айналып, қазақ зиялы қауымы екінші қуғын-сүргінге ұшырауына себеп болды. Олай болса, жоғарыда аталған бағыттардан тіл саясаты тілді тұншықтыра да алатынын, еркін дамуына жағдай жасай да алатынын түсіндік. Енді аз-кем жүзеге асу түрлеріне тоқталайық.
Тіл саясаты жүзеге асу механизміне қарай «жоғарыдан төменге» немесе «төменнен жоғарыға» жүзеге асырылады. Қалыпты ұғымда тіл саясатын билік ұсынады, бұны ғылымда «жоғарыдан төменге» бағытталған тіл саясаты деп атайды. Яғни, белгілі бір басқару құрылымы, мемлекеттік билік органдары немесе жеке тұлғалар ұсынатын макро тіл саясаты. Қазақ тілінің жазу тарихындағы латын (1928 ж.) және кирилл (1940 ж.) графикасына негізделген әліпби реформасы – осының бір дәлелі.
Ал қауымдастықтар жасайтын және оларға әсер ететін микро немесе қарапайым тіл саясатын «төменнен жоғарыға» бағытталған тіл саясаты деп атайды. Ұлт тарихынан үзінді келтірейік, тұңғыш баспасөз құралымыз – «Түркістан уәлаяті» газетінде (1870-1882 жж.) қазақ тілін таза сақтау туралы алғашқы мақалалар жарияланса, «Дала уәлаяті» газетінде (1888-1902 жж.) қазақ тілінің сол кезеңдегі ахуалы мен болашағы, қазақ жазуын жетілдіру жолдары сияқты мәселелер көтерілген. Мәселенің маңызын түсінген ұлт зиялылары тілдің құрылымдық жетілуіне, қызметтік дамуына және қолданыс аясының кеңеюіне мақсатты әрекет етті. Бір ғана мысал, дәуір куәгері Абайдың Мағауияға жазған хаты (1896 ж.) мен Мүрсейіт (1905, 1907, 1910 жж.) көшірген қолжазбаларын тілдік тенденциялар тұрғысынан зерттесеңіз, жәдид жазуынан жаңа әліпбиге эволюция ұмтылысын байқайсыз. Ал осы процесті жетілдірген Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуының қазақ тілі үшін қолайлы емес жақтарын түзеп, оны тілдің дыбыстық ерекшеліктеріне сай етіп, сингармониялық ұлттық әліпби жасады әрі құзырлы орынның ешбір қаулы-қарарынсыз халықтық қолданысқа енгізді.
Демек, «жоғарыдан төменге» немесе «төменнен жоғарыға» терминдері – тіл саясатын кім құрастырып, кім түсіндіріп, кім жүзеге асырып жатқанына байланысты салыстырмалы ұғымдар. Басқаша айтқанда, тіл саясаты жоғарыдан төменге де, төменнен жоғарыға да болуы мүмкін: ол бір уақытта жоғарыдан төмен «жасырын» және төмен-нен жоғарыға «ашық» жүзеге асуы да ықтимал.
«Жасырын» мен «ашық» термині тіл саясатын жүзеге асыру құралы мен мақсатына қатысты айтылады. Белгілі АҚШ ғалымы Д.Джонсон «жасырынды» макродеңгейде әдейі жасырған (алдамшы/көзбояушы) тіл саясаты немесе микродеңгейде әдейі жасырған (диверсиялық) тіл саясаты» десе, «ашықты» тіл саясатының мәтіні жазбаша немесе ауызша түрде көпшілік алдында көрсетіледі» деп түсіндіреді.
Ғалым Е.Тоғжанов тіл саясаты заңдармен, кесімдермен, мемлекеттік бағдарламалармен бекіп, көрінеу жүргізілуі де, ресми заңнамасыз немесе ресми заңнамаға мән бермей көмескі жүргізілуі де мүмкін екенін айтады. Көрінеу тіл саясаты туралы мысалдар көп, ал көмескі тіл саясаты қатарына АҚШ-тағы ағылшын тілі, КСРО-дағы орыс тіліне қатысты саясатты жатқызуға болады. АҚШ-та ағылшын тілін ресми тілі деп жариялаған заңнамалық құжат жоқ, бірақ халықтық белгіленбеген ресми тіл. 1990 жыл «КСРО халқының тілі туралы» заңы қабылданғанға дейін КСРО-да ресми тіл болмады. Орыс тілі ісқағаздардағы негізгі тіл болды.
Пенсильвания университетінің профессоры Г. Шиффман «көрінеу» мен «көмескінің» айырмашылығы «ашық» пен «жасырынның» айырмашылығымен бірдей, белгілі бір тілдің ресми және бейресми қолданылуын сипаттау», – дейді. Мысалы, мемлекеттік тіл – қазақ тілі, бірақ ресми жиналыстардың көп бөлігі бейресми тілде өтеді. Тель-Авив университетінің профессор
Э.Шаухами «жасырын» терминін сахна артындағы, әсіресе (саясаткерлер) белгілі бір ниетпен әдейі жасырын түрде жүзеге асыратын тіл саясатын сипаттау үшін қолданады. Ал Г. Шиффман мұндай сипатты «жасырын» тіл саясаты туралы анықтамасында қостайды және жасырын тіл саясаты да диверсиялық болуы мүмкін екенін де атап көрсетеді. Мысалы, белгілі бір топ немесе құрылымда ашық тіл саясатына жасырын белсенді түрде қарсы тұрады. Осылайша, жасырын тіл саясаты жоғарыдан төменге немесе төменнен жоғарыға бағытталған саяси процесс немесе ұйымдастырушылық іс-әрекет болуы мүмкін. Бірақ ештеңеге қарамастан, «көрінеу» мен «көмескі» дихотомиясын «ашық» пен «жасырын» дихотомиясынан ажырату пайдалы сияқты. Бұл саясаттың мақсатын ерекшелік ретінде пайдалану керектігін айтады, яғни «жасырын» түсінігі саяси мақсатын әдейі жасыру коннотациясына ие.
Демек, жасырын тіл саясаты дегеніміз: 1) саясаткерлердің мақсаты әдейі жасырылған немесе бүркемеленген тіл саясаты; 2) диверсиялық жоспарлар немесе диверсия әрекеттері салдарынан көпшілікке жария етілмейтін тіл саясаты.
Тілдік құқық пен тілдік тәжірибеде «заңды тіл саясаты» деп ресми түрде жазбаша түрде жазылған тіл саясатын атайды. Ал «нақты тіл саясаты» – мүлдем жоқ немесе заңға қайшы жасалған жергілікті саясат, заңда белгіленген саясатқа сәйкес келмейтін жергілікті тілдік тәжірибе. Нақты тілдік әрекет нақты тіл саясатының барын (немесе жоғын) білдіреді. Тіл саясатындағы тәжірибеге келетін болсақ, Марокконың ресми тілдері араб және бербер тілдері болып табылады. Бірақ әдеттегі тілдік тәжірибеде (тілдік білім беруді қоса алғанда) көптеген марокколық француз тілін қолданады. «Заңды» ұғымы «ашық» және «көрінеу» ұғымдарымен салыстыруға болады, яғни үшеуі де саясаттың «ресми» сипатын көрсетеді. Алайда тиісінше «нақты» ұғымы «жасырын» немесе «көмескі» ұғымдарымен бірдей мағынаға ие болмауы мүмкін. «Нақты» ұғымының тіпті дәстүрлі мағынада да «саясатқа» қатысы екіталай, заңды саясат қалай көрсетілгеніне қарамастан, ол іс жүзінде не болып жатқанын білдіреді. Бірақ бұл жұп терминдер іс жүзіндегі тіл саясатының ресми, заңды түрде көрсетілген тіл саясатынан өзгеше екенін көрсетеді. Мысалы, тіпті ресми түрде біртілді мектептер мен сыныптарда мұғалімдер сыныптағы оқушыларға арналған көптілді ресурстарды пайдалана алады. Бұл жағдайда, «нақты тіл саясаты» мұғалім тұжырымдаған сыныптың тіл саясатына да, сыныпта жүргізілетін тілдік тәжірибеге де қатысты. Екі ұғым бір-бірімен тығыз байланысты болғанымен, әлі де айтарлықтай айырмашылықтар бар. Осы тұрғыдан алғанда, «нақты» термині жергілікті аймақта тұжырымдалған құқықтық ережелерден өзгеше тіл саясатын немесе ол нақты жергілікті тіл саясатына сәйкес келетін, бірақ заңды саясаттың ресми мәтінінде көрсетілмеген тілдік тәжірибені білдіреді.
P.S.«Түркістан уәлаяті» газетінде жарияланған қазақ тілі туралы алғашқы мақаладан бастап, TÚRKISTAN халықаралық газетіндегі осы мақалаға дейін бір жарым ғасыр өтті. Осындай уақыт аралығында француздық тәржірибе француз тілі Еуропадағы дипломатиялық тілге айналды, британиялық тәржірибе ағылшын тілі халықаралық тілге айналды, т.с.с. айта беруге болады. Ал бізде ше?.. 1938 жылдың 5 сәуірдегі Қазақ КСР Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің қаулысында: «Біріншіден, көпұлтты Отанымыз – КСРО-да, орыс тілін білу шаруашылық және мәдени жағынан өсіп-өркендеуге мүмкіндік әперетін, КСРО халықтарының өзара байланыс және қарым-қатынасының күшті құралы. Екіншіден, орыс тілін білу ұлттық кадрлардың ғылым мен техника саласын түсініп, одан әрі жетілуіне жағдай жасайды. Үшіншіден, орыс тілін білу қазақ еңбекшілерінің жұмысшы-шаруа, қызыл әскер мен әскери-теңіз флоты қатарында әскери борышын жақсы атқаруына қажетті мүмкіндік жасайды», – деп орыс тілін қазақ мектептерінде міндетті пән ретінде оқыту қажеттілігін негіздеді. Ал қазір қазақ тілін басқа ұлттан талап ету үшін осындай сұраныстық негіздеме айта аламыз ба? Не істемек керек? Қазақ тілінің көсегесін көгертеміз десек, әуелі тіл стратегиясын айқындау керек. Тілдік стратегия – ғылымда қалыптасқан ұғым. Ол ғылымы дамыған батыс және шығыс елдерінде ғылыми-зерттеу институт ретінде жеке құрылып, жыл сайын Ұлттық баяндама жарық көреді. Екінші, тілдік жоспарлауды жетілдіре түсу керек. Тілді мәртебе тұрғысынан, корпустық игеруді және таратуды жоспарлауда мемлекеттік деңгейден тыс өңірлік, аудандық, ауыл ерекшеліктерін ескере отырып, жетілдіру қажет. Үшінші, тілдік қауіпсіздікті қолға алу керек. 11 қыркүйек оқиғасынан соң АҚШ тілдік қауіпсіздікті ұлттық қауіпсіздіктің бір факторы ретінде дамытса, Қытай экономикалық қауіпсіздіктің алғышарты ретінде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының аясында «Бір белдеу, бір жол» тіл саясатын жүзеге асырып жатыр. Елдің даму бағытына сай тілдік қауіпсіздікті біз де ұлттық қауіпсіздіктің бір саласы ретінде жүзеге асырғанымыз абзал. Әйтпегенде, «Масаншы оқиғасы», Ұйғыр ауданындағы жағдай тағы қайталана берері хақ.
Берікхан Иісбекұлы, филология ғылымдарының докторы, Шәкәрім университетінің ректор кеңесшісі