Үндістанның Нойда қаласында режиссер Нұргелді Садығұловтың «Балуан Шолақ» көркем фильмінің көрсетілімі өтті.
Іс-шараны Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қолдауымен Қазақстанның Үндістандағы елшілігі мен «Marwah Studios Complex" компаниясы бірлесіп ұйымдастырды.
Қазақстан -Үндістан кино және мәдениет форумы 300-ден астам көрерменді жинап, олардың қатарына дипломатиялық корпус өкілдері, Үндістан кинематографиясының өнер қайраткерлері, жас және жаңадан бастаған кинематографистер, сондай-ақ отандастарымыз қатысты.
Форум қонақтары арасында Абай Құнанбайұлының хинди тіліне аударылған «Қара сөзі», сондай-ақ Қазақстан туралы ақпараттық материалдар таратылды.
Сонымен қатар Телангана штатындағы Хайдарабад қаласында белгілі қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың қазақ халқының жоңғарларға қарсы азаттық соғысы туралы баяндайтын «Жаужүрек мың бала» картинасы көрсетілді.