Отандық экзоқаңқа шетелдік баламадан кем түспейді – кәсіпкер

Отандық экзоқаңқа шетелдік баламадан кем түспейді – кәсіпкер

Отандық экзоқаңқа шетелдік баламадан кем түспейді – кәсіпкер
ашық дереккөзі
Әлемде экзоқаңқа жасап шығару жөнінде АҚШ, Израиль, Жаңа Зеландия, Ресей, Жапония сынды мемлекеттер алда тұр. Кейінгі жылдары қазақстандық мамандар да экзоқаңқа өндірісін қолға ала бастады. Солардың бірі – елордалық кәсіпкер Бақдәулет Туғанбай. Осы бағытта Бақдәулет  «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 5 млн теңге грант жеңіп алған. Ол қаржыға арнайы 2 станок сатып алыпты. Бүгінде жас жігіт өзге әріптестерімен бірлесіп, экзоқаңқа шығарумен тұрақты айналысады. Нарықта MBionics холдингімен тізе біріктіре отырып жұмыс істейді.
«Экзоқаңқа – әртүрлі себептермен адамның бұлшықеті қозғалмай қалғанда қажет құрылғы. Науқас экзоқаңқаны қолданса, қозғалыс кезінде артық жүктеме сыртқы каркасқа түседі. Соның нәтижесінде жүріс-тұрысында қиындығы бар адамдардың бұлшықетін біртіндеп дамытуға болады», – дейді кәсіпкер.
Оның айтуынша, мұндай жабдықтарды үш жігіт бірге жасайды. Ал әр экзоқаңқа әр адамға әртүрлі жасалады. Өйткені, мүгедектердің мүмкіндіктері мен ерекшеліктері ескеріледі. Бұл салада жігттердің тәжірибесі мол. Мәселен, Бақдәулет Туғанбай бұған дейін бионикалық қол протезін жасайтын компанияда жұмыс істеген. Қазіргі кәсібін қолға алу туралы ой да сол кезде пайда бола бастаған.
«Нарықта сұраныс көп болғаннан кейін осындай шешім қабылдадық. Әр құрылғыны әр пациенттің өзіне шақтап, арнайы тапсырыспен әзірлейміз. Осындай бір механизмді жасап шығару үшін бір ай уақытымыз кетеді», – дейді ол.
Кәсіпкер әуелде медицина мен робототехниканы байланыстырып көруге қызығушылық танытқан. Өзі инженер конструктор мамандығын игергеннен болар, экзоқаңқалардың алғашқы формасын жасап шығару соншалықты қиынға соқпаған.
«Осындай жұмыстарымыздан кейін біз жасап жүрген отандық экзоқаңқа өзге мемлекеттердегі баламадан кем түспейтінін түсіндім. Бұрындары пациенттер  экзоқаңқаны шетелден алдыруға мәжбүр болса, қазір Қазақстанда да жасата алады. Мысалы, қазірдің өзінде біздің өнімдерге сұраныс жоғары», – дейді ол.
Жігіттер бір жылда 5 экзоқаңқа жасайды. Уақыт өте жұмыс көлемін арттырып, кеңеюді мақсат етіп отыр.
«Экзоқаңқаның жаңа түрлерін шығаруды жоспарлап отырмыз. Өнімдеріміздің сапасын арттырып, халыққа қолжетімді жабдықтарды жасап шыққымыз келеді», – дейді Бақдәулет.
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 

Публикация от MBionics (@mbionics_company)