50523
Кафка, Мақсот және алапат бір өрт
Кафка, Мақсот және алапат бір өрт
Абай даңғылының бойымен «жүз қой айдап келе жатып» Гагаринмен қиылыстағы «Баспалар үйіне» едіреңдесіп кіріп кеткен қос жазушы ет асым уақыт өткенде қоңылтақсып шықты. Жолда екеудің біреуінің соқпасы ұстады.
– Жыртып тастаймын! – деді қолтығындағы папканы жұлып алып (онда жаңа ғана «Ана тілі» баспасының қызметкері Сырым Бақтыгереев «Баспа жабылатын болды, ақша жоқ» деп қайтарып берген әңгімелер жинағының қолжазбасы жатқан-тын).
– Жыртып тастаймын, әнас!.. – деді тістене қайталап.
Осы мезет 99 дажалдың – жәдігөй әзәзілдің біреуі келіп құлағына сыбырлады: «Өртеп жібер, нәлеті!»
– Иә, өртеп жіберем, нәлеті!
«Жыртса желімдеп аламыз ғой» деп келе жатқан серігі осы жерде қалт тоқтап:
– Қой, әй, не дейт!? Жыртпа да, өртеме де! Талай жылғы еңбегің ғой, айналайын інім-ау, – деді кескіні кетіңкіреп.
Мына сөзден сәл басылғандай болған інісі шамалыдан соң керторысын қайта ерттеді. Бұл кезде екеуі Абайдың Гагаринмен қиылысындағы тынымбаққа жетіп қалған еді. «Военторгты» маңдайға алып, арқаны Кітап фабрикасына тастап, жайдақ отырғышқа жайғасты. Демдерін басып, бірі темекісін тұтатып, екіншісі ерніне жып еткізіп насыбайын тастаған соң қолжазба иесі ағасына райынан әлі де қайта қоймағандығын танытпаққа қырланып, шайтан емізігінің шоғын пәпкісінің бір шетіне тигізіп көрді. Сыртына «Папка для бумаг» деп қара боямен ірі етіп жазып қойған қалың ақ қағаз оған болмады – қарақұрымданып, түтіндеп барып тынды. Қолжазбаның иегері енді ызаланды. Пәпкінің бауын шалт қимылмен ағытып жіберіп, ішіндегі бір буат қағаздың алғашқы бетін суырып алды да, тапанша тәріздес оттығын шырт еткізе жағып, бір бұрышына тигізді. Парақ лап етіп от алып кетті. «Мақсот Ізімұлы. ҚАНАТЫ КҮЙГЕН ҚАРЛЫҒАШ (әңгімелер)» деген жазуын жалынның сумаң тілі жұтып болғанына көз жеткізген соң, қолжазба иесі әлгі парақты отырғыш жанындағы қоқыс салатын шелекке шешімтал қимылмен ырғытып жіберді. Ол кезде қоқыс жәшіктері күбі пошымдас, теңселіп тұрады, тазалықшылардың бергі ернеуінен төмен басып, ішіндегісін қотарып ала беруіне ыңғайлы етіп жасалатын.
Осылай, қанаты күйген парақтар бір-бірлеп от оранып жатты. Жедел қышқылдану үдерісіне түскен от алдымен сәулеленді. Сосын жылу бөле бастады. Зат бір күйден екінші күйге ауысты. «Зерде» журналының мәшіңкешісі ақ қағазға әдемілеп тұрып басып берген бірінші, сарғыштау қағаздағы екінші данасын қосып есептегенде 40 баспа табақты құрайтын қолжазба жанып біткенше түйеқұстың етінен стейк пісіріп алатындай уақыт өтті. Тынымбақты бойлап әрлі-берлі өтіп жатқан әдәмизат – кеңестік қосүрейден арылып болмаған жұрт тапайдың тал түсінде алау жағып, тыным алып отырған екеуге күдіктене көз салмай өтпейді. Әсіресе, анау бір, асау қызулы күйде қазандық аузында отқа жапа тастап отырған дегрез жігіт жүрекке онша сенім ұялатпайды-ақ. Біртүрлі. Бас бітімі де бөлекше, ірі кескін – бетінің жартысын жапқан шоңмұрын, жарлауыт қабақ астындағы ала көз...
Еңбегі еленгендердің емес, есесі кеткендердің жоқшысы болып жүретін серігі мына әлемнің индустриялық «ужастарына» яки, бәлки, кешегі идеологиялық цензураның орнын басқан бүгінгінің нарықтық цензурасына қарсылық танытқандай асықпай, қыр көрсете жанып жатқан парақтардың тым құрыса бір бөлігін аман алып қалмақшы болып, еңсеріліңкіреп: «Бір жүйенің орнына екінші жүйе келер. Ажалды пенде оны тоқтата алмас. Тек ғаламшардың механикасы тоқталмасын да, інім», – деп алыстан сермеп, буынсыз қызыл тілге салып келе жатыр еді, інісі әлеуметтің, әсіресе нәзік жаратылысты жандардың радарына іліккіш жарлауыт қабағының астынан сүзе бір қарап:
– Кімге керек, кім оқиды бұл шатпақты, Раха!? – деп дүңк ете қалғасын, әп-әдемі басталған әлгі зипа сөзін де, іштей сайлап қойған зіпірлі сөзін де ұзатпай қоя салды. «Боранды күнде көсем болма, сөз ұқпас жерде шешен болма» деген ғой дана халқымыз. Ол да ештеңе емес. Ең бастысы, өзі бір суысып, бір жуысып жүретін інісінің алыстан ұратын «удары қатты» аутфайтер екенін жақсы білетін-ді Рахаң.
Құрметті оқырман, осы жерде «котельщик» жазушының жанында отырған адам – сол тұста кеңінен таныла бастаған қаламгер Рахымжан Отарбаев екенін айта кету ләзім. Жалпы, жарықтық Рахаңнан кейін сөз бастау қиын еді ғой, әрі ол өлген адамды күлдіретін тапқыр. Оның үстіне осы тарихи сәт Рахаңның қара сөзді алдына салып қойдай айдау үшін зор дайындық жасап жүрген зар шағына тұспа-тұс келген-тін. Міне, көз алдында тілсіз жаудың құрбанына айналып жатқан қолжазбаны содан бұрын екінші данасынан оқыған ағамыз әсіресе бір деммен, үлкен шабытпен бас-аяғы небәрі екі-үш айда құйылып түскен, солай болғасын да сұлу жазылған «Ойтаң хикаялары» циклын жалын тілі жалай бастағанда «ешкі қырыққан сайын бір өледінің» күйін кешті. (Ойтаң – алаугер жазушы туып-өскен, Атыраудың Қызылқоға және Мақат аудандарының шегіндегі шұрат жер). Құдауанда, осы сәт Рахаңның әлгі күйіне табиғат-Ана да үн қосқандай болды. Кенет Алматы аспанын қорғасын бұлт жайлады. Аяқ астынан найзағай шатырлап, жалт ойнады. Нөсер-нөсер жаңбырдан алақұйын тұрды. Дүн-дүние бейне бір Қорқыт дүниеге келген күнгідей күңірене жөнелгенін қай құдіреттің, нендей мұғжизаның сабасына сыйғызарсың?!
Рахаң ойланып, ойға кетті. Өзі де нәсір сөз жазатын қаламы қарымды ол арғы-бергі тауарихта жазғанын жағып жіберген әукейлерді ойға оралтпақшы болып еді, онымен өз жазғандарына қатал үкім шығарған бірді-екілі ақыннан өңге ешкім есіне түсе қоймады және әлгі деректердің өзі дүдәмәлдау еді. Ой одан әрі ылыққанда есіне түсе бергені үлкен елдердің ұлы әдебиеттерінің өкілдері әлемдік абыройға ие жазушылар болды. Мәселеңки, Гоголь. Сынға ұшыраған «Ганс Кюхельгартен» дейтін поэмасының қолы жеткен даналарын сатып алып, өртеп жіберген. Соңыра атақты «Өлі жандардың» екінші томы да соның аяғын құшқан. Кафка да сынға қалған әңгімелерін пеш көмейіне тастаған, (рас-өтірігін кім білсін, бүткіл туындыларының 90 пайызы дейді). Пастернактің «Бұл дүниеде» пьесасының қолжазбасын өртеп жіберуі де жоғарыдағыдай жойдасыз сынның кесірінен екен. Ал «Үш есім» романын бұрынғы сүйікті зайыбын еске сала бергені үшін жағып жіберген. Стивенсон болса «Доктор Джекил мен мистер Хайд хикаясының» алғашқы нұсқасын әйелі ұнатпай қойғасын жойып жіберіпті. Енді бір қатары өз қолжазбасына өздері көңілі толмай, отқа берген. Мәселен, «Дубровскийдің» екінші томымен әлгіндей тәсілмен қоштасқан Пушкин. Булгаковтың да Сан Санчтың ізімен кеткен жерлері де болған. Мысалы, «Шебер мен Маргаританың» алғашқы нұсқасына көңілі толмай, өртеп жіберген. Негізі отқа қимаған екен, бірақ цензура «Тахуалардың тепкіні» («Мольер») пьесасына тыйым салғанын естіп, эмоциональдық стресс жағдайында жоғарыдағыдай шешім қабылдап жіберген. Осындай саяси сай-себеппен жазғанын өртеп жібергендердің қаарында Пушкин («Қарақшылар» поэмасы, «Евгений Онегиннің» декабристер айтылатын бір тарауы), Анна Ахматова («Энума Элиш» поэмасы), Осип Мандельштамдар бар.
Гогольдің «Өлі жандарды» отқа тастап отырғанын қызметшісі Семен көріп тұрыпты. Шыдай алмай кетіп: «Мырзам, неге бүйттіңіз?!» деп үн шығарған екен, мырзасы «Шаруаң болмасын» деп қағып тастап, ісін жалғастыра беріпті. Болған соң ауыр күрсініп, жылап жіберген екен дейді. Бұл жағдайға не түрткі болды – психопатологиялық кесел ме яки шығармашылық-эстетикалық себебі бар ма, әлде жазушы үйіне жетіп, айтарын айтып, сарқылып қалды ма, немесе осының барлығы қатар келіп, жан күйзелісіне салды ма, бұл жағы мәлімсіз. Бәлкім мына Мақсотта да сондай, бір көмес себептер қатар келіп қалды ма екен деді Рахаң іштей, бір сәт ауыр ойдан серпіліп, қалт ойланып: солар бүгінгі сәтсіз басталған – баспадан бастару алған күннің орайына тап болып жүрмесін!
Әдебиет тарихында ондай-ондай болып тұрады. Джеймс Джойсты алайық. Өзінің «Қаһарман Стивен» ғұмырнамалық романынан жиырмасыншы баспа бас тартқаннан кейін жаман ашуланып, қолжазбасын пешке тастап келіп жіберген ғой. Абырой болған әйелі келіп қалып, шала өртенген қолжазбаны суырып үлгіреді. Нәтижесі – кейінгі «Сүгіретшінің жасырақ уағындағы келбеті» романы. Алайда әлемдік әдебиет қоғамдық формация ауысуы себепті жазғанын өртеп жіберген жазушыны білмейді. Демек, жабайы капитализмге қарсылықтан туған жан күйзелісімен оқырманымды жоғалттым деп ойлап қолжазбасымен өз еркімен қоштасқан бірден-бір қаламгер – қазақ жазушысы Мақсот Ізімұлы.
Екеуі тынымбақтан шығып, ауыздары жалпылдап жүре сөйлесіп бара жатқан қалың нөпірге барып қосылып, көшеде үнсіз келе жатқанда Рахаңның басына келген ойлар ғой бұл. Нөпір көп, адам жоқ – айнала көше толған мәжілісмен, бизнесмен, политолог, батыр мен би...
Арада ондаған жылдар өтеді, сонда осы Рахаңның өзі де қазақ тарихында Саванароланың қара суық қатқақ замандағыдай кітаптары отқа тасталатын, анығын айтқанда, рухани аутодафеге ұшырайтын бірден-бір қазақ қаламгеріне айналмақ. Ие, тарих екі рет қайталанады: бірінде трагедия, бірінде фарс түрінде...
* * *
Трагедия деп қалдық па?!
Гогольден бастайықшы тағы да. Біраз жағанын өз қолымен отқа бергесін де жазуды қойып кетпеген ғой. Уақыт салып, өмірінің басты кітабын қайта жазуға отырған. Стивенсон болса жадының мықтылығынан яки жад оралтатын дәрі-дәрмектің көмегімен өртеніп кеткен «Джекел мен Хайдты» үш күнде қалпына келтірген. Зайыбына пештегі қағаз күлін алдыртып, уыстап ұстап отырып, өртеп жібергенін еске түсіріп қайта жазып шыққаны да бар. Анна Ахметова өлеңдерін өртемес бұрын түгел жаттап алған екен, кейін сол жаттағанын қайыра қағазға түсіріпті. Осип Мандельштамның жалын құшқан шығармалары да оқырмандары мен жады күшті туыстары, таныстарының арқасында қайта қауышқан. Яғни, көпшілігі-ақ істерін істеп алып, соңыра өкінген. Сол өкініштерін ақталу түрінде білдіргендері де бар. Мысалы, Булгаков: «Пеш шіркін жазғандарымды жөндейтін сүйікті редакторыма айналды. Жалын тілінің еш сыңаржақсыз, кір жуатын жердің түбіртегін де, бастап аяқталмай қалған хаттарды да және, – о, сұмдық-ай, сұмдық – өлең жолдарын да талғамастан жалмай беретіні ұнайды!» депті. Осы орайда Гоголь тіпті ағынан жарылған. «Өзің сол қолжазбаларыңа аз-кем ұқсамайынша, маңдайыңа жезден дақ басылып, жаныңды кейбір ізгі сапа қасиеттері күшпен нұрландырмайынша қаламұшыңмен жазған бүткіл сөзің өлі күйінен арылмайды», – деп кетіпті жарықтық. Қалай жақсы айтқан – классиктің аты классик қой!
Енді, 90-жылдардың жазғасалымындағы сол бір алапат өрттен кейін әңгімеміздің қаһарманы Мақсот Ізімұлының бойында жоғарыдағыдай әлдебір өкініш сезімдері бас көтерді ме, ол әлдебір өкіну, ақталу сөздерін айтты ма, жоқ па деген мәселеге келейік. Негізі, бұл хақында қария тарих ләм-лим, дей тұрсақ та сондай әлдене бірдеңелер болуы әбден мүмкін, неге десеңіз, ол жазғандарын кейінірек кітап етіп шығаруға келісімін бермес еді ғой.
Әңгіме былай.
«Военторг» жанындағы тарихи өрттен соң бірқатар уақыт өткенде «Жазушы» баспасының проза бөлімінің меңгерушісі, белгілі жазушы Серік Асылбекұлы жаңа шығып келе жатқан бірнеше жас жазушының тырнақалды жинақтарын «Тұңғыш кітап» сериясымен шығармақ болып ауаланады. Оған Серікқали Хасанов, Тұрсынбай Жандәулетов және Мақсот Ізімұлының әңгімелерін таңдайды. Аталған авторлар қуана келісімдерін береді. Баспа бірқатар қиналыстан кейін қажетті қаржы бөліп, ақыры үш жас жазушының жұқалтаң проза жинақтары пәленбай мың таралыммен оқырманға жол тартады, соның ішінде Мақсот Ізімұлының «Аяқталмайтын әңгіме» жинағы да. «Оу, ол жазғандарын сонада өртеп жіберген соқ па еді?!» дерсіз. Тоқтай тұрыңыз, автор кітаптың хабары шыққан соң бұрын газет-журналдарда жарық көрген әңгімелерін тауып, жинастырады. Әлгі от оранған пәпкіден бір әңгіме – «Жол ұзақ әлі, жер шалғай» ғайыптан тайып аман қалған екен, оны да кіргізеді жинаққа (ерінің жағасына кір жуытпаған адал жар – Райса марқұм үйде жыртылып жатқан жерінен тауып алып, желімдеп сақтап қойыпты, бірақ бір өкінерлігі, Кафканың досы жазушының үш романын өртемей аман алып қалса, Мақсоттан қалғаны бір ұрттам шәрбәттай жалғыз әңгіме). Олай болса, жазушы бір кезде күйзеліс тұсында қабылданған шешіміне өкініп, кейін оны түзетпек болған. «Қателік жіберу қателік емес, сол қателікті жөндемеу – қателік» деген даналықты ескерген. Ал бұл жағдай жалпы қаламгерлердің шығармашылық сапар жолындағы маңызды қадам, соның ішінде 90-жылдардағы жағдайды ескерген кезде мән-маңызы арта түсетін қорытынды еді. Сол бір дүниенің асты үстіне төңкеріліп, құндылықтар шыр көбелек айналып, экономика былығып, талғам тамтырап, сауатсыз, сайқымазақ тірлік үстемдік құрып жатқан тағы капитализм заманында рухани сала қатты жетімсіреп қалып еді. Соның ішінде әдебиеттің де құны тұсақ қойдан төмендеп, бірқатар қабілетті ақын-жазушылар заманға сай күйлемек болып импрессариолық ойын тәртібін қабылдаған, ал қабылдамағандары коммерцияға бет бұрып, екі кеменің құйрығын қатар ұстауға бұйрықтары жетпей, ақыры жазу үстелінен қол үзіп жатқан-ды. Кейінірек, шала байығасын ұзақ жыл үстел күзеткен кәсібіне оралғандары да болды. Бірақ ешқайсысы да бұрынғыдай жаза алмады. Тазалық пен тоқ қарынның тоғышарлығының шарпысуы қиын болады. Қоғамдық формацияның күрт өзгеруі қай елдің болсын әдебиетін өзгеріске түсірмей қоймайды. Шамасы шарқы қабілетті түгіл таланттыларыңның өзін өзгертеді. Бұған тіпті «Адамзаттың Айтматовы» да қарсы тұра алмаған: капитализмге дейінгі Айтматов, капитализмнен кейінгі Айтматов – екеуі екі басқа дүние. «Жәмила» қандай, «Кассандра таңбасы» қандай – соңғы шығарманы оқығанда жазушының ішінде әлдене өліп кеткендігін сезініп отырасың.
Шыны керек, «Аяқталмайтын әңгімеден» кейін біз (оқырман) Мақсоттан жаңа дүниелер күттік. Өткен өртке салауат, ендігі жазатыны оқырманын табар деп үміттендік. Себебі, «Жазарымның қазығын тауып алып едім» деп Тахаң (Тахауи Ахтанов) айтпақшы, жас жазушының өзіне қан жеткізіп тұрар тамыр түпқазықты – атамекен жайлы «аяқталмайтын әңгімесін» тапқаны айдан анық еді. Бұл бір ерекше хикаят. Мұнда дәстүрлі сюжет, тартыс, қақтығыс, кейіпкердің қарама-қайшы ішкі әлемі... дегендер жоқ. Бас кейіпкер-тәжірибелі хикаяшының өз ата жұрты, атамекені жайлы қопарыла айтқан телегей әңгімелері ғана бар. Әдебиеттің теориясымен айтсақ, кең көсілген сүре баяндауды философиялық ойтолғаққа ұластыратын «сценалық проза» үлгісі. Сөз арасына қыстырылып тұратын маңызы жоқ әңгімедей қосалқы бөлік, жандама, жанама суреттеулер де аз емес, бірақ осының өзімен-ақ «Аяқталмайтын әңгіме» бүгінде аксиомаға айналған – «Әдеби туынды тілмен яки, ойдың қозғалысымен емес, образдардың өзара шырпынысуымен жасалады» дейтін қолдан қиылған қалыпты бұзып, оқиға, сюжет субьектінің (кейіпкердің) ішінде жүріп жататын жаңа сюжетті, ашық структуралы модерндік шығарманың қалпын танытқан еді. Осыдан кейін авторға одан әрі қамшыны басу, шыншыл, ақиқатшыл жүректің әділ тілін алып, ұзақ мехнат шегу, содан шығармашылық уаз кешу... сияқты дағдылы, бірақ қажетті соқпақтардан өту қалған еді.
Солай дедік. Солай деп жүрдік. Сол жүріспен сырғып арада бірнеше жыл жөңкіді. Бір күні, ғасыр парағы жабылғанына екі-үш жыл өткенде «Өлке» баспасынан Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен аталған өңірден шыққан дүз жазушының кітабы жарық көреді деген хабар шықты. Мереке ағамыз әлгі тізімге Мақсотты да қосыпты. Макс бұрын жарық көрген әңгімелерін әрі жинады, бері жинады бірақ белгіленген баспа табақ мөлшеріне жеткізе алмай-ақ қойды. Не істеу керек? Жалма-жан отыра қылып, кітабына «Шындықты бірге іздескен» деген алғысөз жаздым. Марқұм Зейнолла Серікқалиев ағамыз «Бедеріндей кестенің» дейтін ат тауып берді. Сөйтіп, «Бедеріндей кестенің» азар алдамен серияның 95-інші кітабы ретінде жарық көрді. Бұл бір жақсы стимул болды. Мақсот Жазушылар одағына өтті, енді тай кезінде жоғалып кетіп, тарландап барып табылған жазушы аз ба еді, әй, қолтығы сөгіліп бір шабатын болды деп тағы үмітімізді үкіледік.
Болмады «үкілі үмітіміз» одан кейін де прозадан бір де бір жол бермеді. Ошар күйге түсті деп айта алмаймын. Осы аралықта талай газет-журнал шығарды, энциклопедиялар құрастырды, осы салалардың айтулы маманы атанды. Негізі Мақсот прозасының алғашқы ұшқындары оның көркем очерктерін де (көркем очерктік прозасында) және «Желке неге қышиды?», «Көзің көріп, қолың ұстамасын...» сияқты фельетондарында жатыр. Осы тұрғыдан келгенде журналистика Мақсотты прозаға жақындатпаса алыстатпайтын еді. Оның үстіне әлгі қара мақалалардың ала-шоласында ол өлеңге пародиялар жазып тұрды. Түйе боталағандай оқта-текте ошаң ете қалғанымен, бұл да әдебиеттің есебіне кіреді ғой, қаламды қасаңсытпауға жақсы және прозасында өзіне тән нәзік лиризммен сәл-пәл езу тарттырып, ал кей тұста юмор мен күлкіге батырып отыратын Мақсоттай автор үшін қысқа әжуә өлең шеберлік шыңдаудың өзіндік бір дағды-машығы бола алар еді. Осы жерде солардың біреуін қалам ұшына ала кетейік.
Жарықтық Аманхан ақын (Әлім) қайбір жылы фейсбуктегі парақшасында «Жел» деген өлең жариялады.
Бәрін де шығаратын бертін естен,
Жел едім бір кездері еркін ескен.
Ерініңнен бал татып, елтігенмін,
Табыла қоймас, сірә көркіңе еш тең...
Табылмай көңіл жайлар төсекте емім,
Таусылды, Алла жазды десек демім, –
Сонда сен есік қаққан жел мезгілсіз
Аманхан келіп тұр деп есептегін. –
деп келеді. «Шығасыға иесі басшы» деген. Сонда Астанада жатып Мақсоттың әлгі өңін айналдырған экспромты:
Жел едім гулей соғып есіп тұрған,
Екпіні «бүтіндерді» тесік қылған.
...Маньяк деп ойлап қалма, беймезгілде
Желігіп Аманхан ғой есікті ұрған...
Автордың өзі жанрлық жынысын «өлеңге пародия» деп анықтағанымен, «жел» – әдетте бірден бірге үдемелі дамып отыратын экспозиция мен күтпеген жерден усойқыдай тіліп түсетін әжуәның (фуант) контрастына құрылатын қысқа сатиралық өлең – эпиграмманың жарқын үлгісі және ол осынысымен Мақсоттың қалам қуатының қайта қоймағанын байқатқандай да еді.
Осы уақыт аралықтарында, ағаштан мүсін оюды, сүгірет салуды бала жасынан жанына серік еткен, кейініректе жазушыларға достық шарждар салып жүрген Мақсот қолына нағыз шымбояу (палитра) алды. Өзінің түсіндіруінше, сөйтіп демалады. Мане мен Монені айыра алмайтын мен оның майлы бояумен салған, қазір әлденеге «жазу» дейтін аламышына баға бере алмаймын. Десе де, қайбір жылы Көлсайдың Қайыңдысында демалып жүргенімізде біз тұрған палаткалы мекенді салған сүгіретін көріп, қабағат қайран қалғаным бар. Білетіндердің айтуынша, өзі бейнелеу өнерін арнайы оқымаса да адамдарды, олардың беттері мен түр-тұлғасын, табиғат көріністерін келістіріп салатын реалист суретші екен. Оқымаған, әуесқой сүгіретшінің кәсіпқой сүгіретшілен басты айырмашылығы – алдыңғысының «жазғандарында», Микеланджело айтпақшы, арам ет болмайды екен. Нағыз жазушыға да керек қасиет қой бұл. Жалғыз жанрмен қалу бір дауысты көкек сияқты өзіңді де оқырманыңды да тез жалықтыратынын, сондықтан жазу ісінде вариациалар қажет екендігін айтпағанда, сүгірет, бояқ өнері бұрын оқып, оқығанын тоқып қана қоятын жазушы адамға оған қосымша ұзақ аңдап, терең барлап қарау мүмкіндігін береді: әдетте кісі оқыған кезінде көбінесе бөтеннің ойының жетегінде кетеді, ал сүгірет салған кезде тірі өмірді жақыннан бақылап, өзінше ой түйеді. Оның үстіне бояқ өнері жазушыға керек таза сенсуализм, яғни сезімнен ләззат алып, уаз кешу... Әрине, Қуандық Шаңғытбаевтың Сәтімжан Санбаев жөнінде айтқанындай, бір мезгілде «артист, самбист, шахматист и жазушист» атану екінің бірінің маңдайына жазылмайды. Дәл сол сияқты Мақсот та бір мезгілде жазуды, пародияны, сүгіретті қатар алып жүре алмасы анық, дегенмен оған құдай берген соңғы екі қабілетін өмірінің мәнін мен сәніндей жазушылығына пайдалануға мүмкіндік бар еді ғой. Мәселен, жазғаныңа өз сүгіреттеріңмен иллюстрация жасасаң тамаша емес пе?! Не болмаса Сейсенхан Махамбетов сияқты жеке көрмелеріңді өткізсең. Жарасхан Әбдірәшев, Валетин Гаф секілді әдеби пародия, эпиграммаларыңды жеке кітап қылып шығарсаң, тіпті қатып кетпей ме?
Ал енді бар ма, осы ақылдарымды бүгінде теория жүзінде де, практикалық тұрғыдан да жүзеге асыру мүмкін емес. Себебі мынау: жоғарыда айтылған өлеңдер де, сүгіреттер де баяғы от оранған қолжазбаның аяғын құшып тұр. Жо-жоқ, өртемеген, просто, өлең-пародиялар ыңғай әлеужеліде жарияланғандықтан уақыт өте келе өшіп кеткен, сүгіреттерді өзі бір мезет жақсы көріп қалған адамдарға үлестіріп жіберген, не уақытша сақтауға қойған жерінен жоқ болған.
Сұрақ туады: сонда не үшін жазған бұларды? Өзінің де поэзияға, кенеп пен бояуға хақысы бар екендігін дәлелдемек болғандықтан ба? Ал дәлелдеді дейік. Енді сол үшін жазушылықты тастауға бола ма?! Немесе басқаша, былай деп түсіндіріп көрейік: кезінде жаза алмай қалғандарын кенеп бетіне түсірмекші болып ынталануы да мүмкін ғой, немесе соларды поэзия тілінде сөйлетпекші болған. Бұл жерде пародия, эпиграмма қоғамнан бөлектеніп, оқшау кеткен бүлікшіл аутсайдердің ішкі долығы, өлең сюжетіне, – обьективті түрде қазіргі өмір сюжетіне, – ирониялық парафраза. Батыстың герменевтикасына айтқызсаң, осылай дер еді. Ал мен ойлаймын, Мақсот шығармашылығындағы өнердің әлгі туыс жанрлары – бір кезде өзі тәрк етіп кеткен прозасында жазылмай, туылмай қалған шығармалардың жүз беруі, нышан тастауы шығар деп. Хэмингуэйдің көп жұрт идеясын тап басып тани бермейтін «Килиманджаро – қарлы тау» хикасының тереңдегі асыл қазығы да осы – туылмай қалған нәресте секілді жазылмай іште кеткен, жазушыны әмәнда ар-ұят сотына шақырып тұратын шығармаларының жайы. Жазушының бір кезде бай-барақат өмірге айырбастап жіберген, дүниеге шықпай кеткен ұлығ шығармаларын жоқтаған алақайғысы, ұлы өкініші сюжеттен тыс, кездейсоқ еске алулар арқылы беріледі. Хэмунгуэйдің өмірден оқыс кетуін осы «Килиманджаромен» байланыстыратындар да бар...
Талантты жазушының өз талантын мансоқ етіп, жазбай кетуінің себебін (себептерін) неше түрлі нәштеп айта беруге болады. Біреулер Хэмингуэй, Фитцджералд сияқты талантын бай-бақуатты өмірге айырбастайды, енді біреулер өнер жолында қалыптасқан стереотиппен кетпей, жаңаша бірдеңе жазбақшы болады, бірақ оған жағдай ырық бермей, ақыры жазуды қойып кетеді. Қайсыбірі өмірдің проблемаларымен басылып қалады, не талантына сай лайықты сый-құрмет көрмей, сыншылар назарынан тыс қалады. Бағзыбір қаламгер тақырыбын таба алмай отызында ортаяды, не болмаса шығармашылық қуатының аздығынан тез сарқылып қалады, осыдан оздырып жаза алмайтынын сезіп қаламмен қоштасады, т.б. Әкім болам, кәсіпкер болам деп талантын өз қолымен өлтіріп жүргендерді айтпай-ақ қояйық. Жобалауымша, Мақсот қаламгер ретінде оқуыңнан жазғаның жылдам қызулы жастық кезді, не содан соңғы дер шағы, ең қажетті кезін өткізіп алған секілді. Адамның өмірінде қуаты жалт етіп көкке шаншылатын бір ғана сәт боады екен. Біреуде бұл махаббат, яғни жас кезінде тұла бойымен омырыла құлай сүйгендер. Махаббатың өмірде бір-ақ рет берілетінін аңызға айналдырушылар да солар. Енді біреуде әлгі бір түйір момент – балалық шағы. Ондай адам ғұмырынша бала көңілімен қалады екен. Тегінде Мақсот сондай кидалт болса керек. Әйтпесе «Ойтаң хикаяларымен», «Аяқталмайтын әңгімемен» тақырыбын тап басып тауып тұрып, одан әрі кілт тоқтап қалуын немен түсіндіруге болады?! Ал тоқтап қалды екен дейік, инерциясы «Бедеріндей кестенің» кітабына жетіп тоқтады екен дейік, бірақ, оу, тақырыбыңды тауып тұрып орта жолда тастап кетуге бола ма?! Жазушы адам «инерциям бітті» деп ішкі сарайының тербелуін күтіп мөлдіреп отырып қалмай, одан әрі үнемі, ұдайы жазып, оқтаулы мылтықтай болып жүрмес пе?! Шығармашылық – сөзі толық мағынасында еңбек терапиясы, ең жақсы ем-дауа. Шығармашылық – шабыт шақыру емес, кәсіп. Ал кәсібің – алданышың. Өмірдің ықтимал соққыларына қарсы қояр берен сауытың. Кәсіп болғасын да тәртіп. Яғни, күніге екі рет ота жасамаған хирург операция бөлмесіне жіберілмейтіні, екі-үш күнде бір ұшып тұрмаған пилот кабинасына кіре алмайтыны сияқты, «станогына» – жазу үстеліне күніге бір рет отырмаған жазушының қолы жазудан шығып, ошар күйге түседі. «Тынбай жаза берсең, жазу дегенің Павловтың итке жасаған тәжірбесі сияқты шартты рефлекске айналып кетеді екен» өзін өзі жасаған Дүкенбай Досжановтың осы сөзі «Талмай жұмыс істейтін, яғни жазуды кәсіпке айналдырған адам – шын [кәсіби] жазушы» дейтін Ілияс Омаров лұғатымен, ал Ілекеңнің лұғаты ілгеріде келтірілген Гогольдің орысша нұсқасындағы сөзімен қабысады – «Пока не станешь сам сколько-нибудь на них (рукописи) подзодить, пока не добудешь медным лбом и не завоюдешь силою в душу несколько добрых качеств, – мертвечина будет все, что ни напишеть перо твое».
Апырмай, бұ кісілер неге сонша таусылып отыр дерсіз. Айтайық: дарын ионды әрқандай адамға «Қой, мен кеуліме түскен бұл сый-қабілетті құрметтейін, қадіріне жетейін, бұл – Алла тағаланың шапағаты, оны көңілі түскен пендесіне тарту етеді ғой» демектік керек. Кісі сезіміне күмән келтірсе қиын болатыны сияқты қабілет-қарымына да күмәнділік келтірсе қиын болады. Адам өзінің бойындағы қолданусыз жатқан барша мүмкіндіктерден сұралады. Берген қабілетті уақытында пайдаланбаса, ол қайтып кетеді. Қазақтың «кие үркіту» деген сөзі осыдан шыққан. Сөздің, өнердің киесінің бір көңілдің ішінде екіталап жатқан жан иесін тастап шығуы.
Ал енді, өзіне берілген қабілетті қадірлемей, көзі жеткен биікке өзі жетпей бұрылып кетудің адами ғана емес, қоғами да салмағы бар. Пәндәуи сөз-жазу Алланың хикметін бере алмайтыны рас. Сонымен бірге «Халыққа сіңіретін еңбектің ішіндегі пайдалысы да, жемістісі де – жазушылық. Жазушы халықтың өткенін көз алдына әкеліп көрсетуімен және болашақтағы өмір тіршілігіне жолбасшы болуымен көптің, бұқараның әкесі іспетті» деген сөз де дәл сондай рас. Мұхтар Мағауин Тобық Жармағамбетовтың прозада өспей, бір орында тұрып қалу себебін ұлттық танымның шектеулі құрсауымен байланыстырыпты. Мен бұған «көптің немқұрайдылығынан өлген, өшкен талант – жеке адамның басындағы драма ғана емес, сонымен қатар, тұтас алғанда, ұлттық мәдениетке елеулі соққы» дегенді үстер едім. Оған бізде мысал аткөпір. Оның бәрін бұл жерде айтып жатпадық – әркімнің іші біледі ғой. «Шығасыға иесі басшы» демекші, бәрі де адамның өзінен, Жаратушының не биліктің араласуынан емес. Десе де, күнтізбелік аяқталар кезде өткізілетін түрлі дәстүрлі әдеби сыйлық, т.б. ынталандырушы шараларға номинация етіп, бір бұру жолдарға түсіп кетпей, кәсібін (талантын) мансоқ етпестен ұзақ жыл соған аққу-адалдығын сақтап келе жатқан жазушыларға арнаулы «Өз соқпағың» сыйлығын тағайындаса қандай әйбат болар еді деп ойлайсың.
Талант дүниеге күн сайын келмейді. Арыстанның қаншыры бір ғана абдан табады...
* * *
Жол түсіп, Астанаға барғанымда Мақсотқа жолыға кеттім. Қона жатып, таңұзақ әңгіме соқтық. «Қайда кетсе де кете берсін, ауылым еру» емеспін ғой мен деген, ескі доспын, оның үстіне халықтың ниетін де, назарын да жақсы іске аударатын жасқа келдік, әйтеуір не керек, сол жолы екі түрлі ақыл беріппін. «Бойдақта түске дейін ес болмайды» деймін. Үш рет үйленген жазушылардан мысал келтірем. Мәселеңки деймін, Алексей Толстой. Және әріптестерін де «Жазушы деген үш әйел алуы керек қой» деп желіктірген. Булгаков соған сеніп қалып, кезектестіріп үшеуін алып жіберген. Довлатов та солай. Біздің Мұхаң да... Біздің Ғабең де...
Екінші берген ақылым. Біздің Мәкең керқайзаң тартқан нараң шағында біржола аудармаға көшті ғой. Көбінесе штамптан қашып, өз еркімен «ереже» бұзады, онысын былғары бас заказ берушілер қабылдамай, ылғи да ызы-қиқымен жүреді. Осы Берік Жүсіпов айтқыш-ақ. Былай дейді: бір күні бір әйел күйеуінің темекіні тастағанын хабарлай келіп, сөз соңында «Сонысын тастамағанын жақсы еді» депті. «Ие, неге?» «Бұрын темекісінің шоғын қасында жатқан менің құлағымның ішіне түсіруші еді, енді құлағымның ішіне түкіретін болды». Сол айтқандай, біздің Мақует бүгінде жанына жолап кетсең құлағыңның ішіне аудармамен түкіреді. Мен айтамын: «Қалай десең де аударма – жаттанды машықтың кәсіби тауары. Сосын, не жақсы ат жоқ, не қасқа ат жоқ, бұл не тірлік?! Сөз жоқ, Ювай Хараридің «Сапиенс: адамзатты қысқаша тарихы» деген кітабын өзіміздің тілге мөлдіретіп тұрып аудардың, қазақи сөздің қаймағы сырылмаған Тайсойған – Бүйрегіңнің арқасында. Бірақ соның ертең бір көрген кино сияқты қалып кетеді, одан соң кітапта қалайда автор – бірінші, аудармашы – екінші, тіпті содан соңғы орындарда. Аудармамен өмірді хоббиге айналдырып алған жазармандар айналысады, ал осы үшін жазушылықты тастауға бола ма?! Ойбай-ау, сенің бергеніңнен борышың көп қой», – десем Мақсотым аударманың өнер екенін дәлелдеп, өзеуреп болмайды.
Таңертең, әуежайға шығып бара жатып, Мәкеңнің аударма «станогында» жатқан бір тарақ қағазды мобилімнің фото-көзіне іле кеттім. Сыртқа шыққасын оқып, «Есіл талант-ай» деппін ғой. Сондағы жазуы мынау:
– Солнечная засветка – күннің килігуі (осы сөз мән-мағынаны дәл береді екен!). «Жарық беруі», «жарқылы деген келмейді, бұл жерде радиосигналдар помехасы (бөгесін) жөнінде әңгіме болып тұр. Яғни бір сызық бойында тұрса, күн энергиясы (радиотолқын түрінде) спутникпен жерге берілген радиосигналдарға бөгет жасап, басып тастайды екен....Көлікте кетіп бара жатып соңыма қайырылып бір қарадым. «Лесная поляна» мөлтегі көз ұшында бұлдырап қалып барады екен. Онда, өзіне Сәулелі Алаңқай бола алмай қалған сол мекенінде, бұдан отыз жыл бұрын Құдай берген жазушылығымен тынымбақтағы катастрофалық өрт кезінде жазатайым қоштасып, қанаты күйіп қалған жампозым тақырлап қырғызған көк қарбыз басын кезекті аудармаға тұқырта қадап, қаламы көстеңдеп, желіп отыр. Нәнталанттың қоңыр үзік астындағы қоңырқай тірлігі...
Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ