Н.Нығматуллин: Ауыл әкімдері бюджетті басқаруды үйренуі тиіс

Н.Нығматуллин: Ауыл әкімдері бюджетті басқаруды үйренуі тиіс

Н.Нығматуллин: Ауыл әкімдері бюджетті басқаруды үйренуі тиіс
ашық дереккөзі
ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин ауылдық округ әкімдерін бюджетті және коммуналдық меншікті басқаруға оқыту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жалпы алғанда 2,5 мыңға жуық әкімнің қолына бір күнде 110 млрд. теңге түсетінін айттыңыз. Бұдан бөлек, олардың өкілеттігінде коммуналдық меншікті басқару қызметі болады. Атап айтқанда, осыған дейін қомақты қаржы мен коммуналдық меншікті басқарып көрмеген ауылдық округтің, елді мекеннің әкімін кітапшалар, тренингтер, ақпараттық топтар дайындай алмайды. Негізі, оқыту шараларын қашан және кімдер ұйымдастырады? Ауылдық әкімдерді бюджеттік үдеріс пен коммуналдық меншікті дұрыс әрі сауатты басқаруға оқыту қажет», - деді Н. Нығматулин жалпы отырыс барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке қаратып айтқан сөзінде. Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Онда 2018 жылдан бастап Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруға дербес бюджет енгізу ескерілген. «Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде 2018 жылдан бастап халық саны 2000 адамнан астам әкімшілік аумақтық бірліктерде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерлерде мемлекеттік бюджеттің 4 - деңгейі ретінде енгізілетін болады»,-деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.