834
А.Мұхамедиұлы: "Алмас қылыштың" жалғасын биыл түсіру керек
А.Мұхамедиұлы: "Алмас қылыштың" жалғасын биыл түсіру керек
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмін биылдан қалдырмай жалғастыруға мүдделі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз Керей мен Жәнібекпен шектелмей, ол фильмді Қасым ханға дейін түсіруіміз керек. Шыны керек, бүгінде «Алмас қылышты» ары қарай жалғастыруға барлық дайындықтар бар. Оны міндетті түрде жалғастыруымыз қажет. Осы жылы Қазақ хандығының эпопеясын Қасым ханға дейін жеткізуіміз керек», - деді министр Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінің режиссері Рүстем Әбдіраш халық тарапынан фильмнің жалғасын түсіруге қатысты өтініштердің көптеп келіп жатқанын жеткізді. Алайда оған қаржы қажет. «Биыл фильмнің жалғасын түсіретін ойымыз бар. Сондықтан, сіздер, ел ағалары қолдап, осы жолы дұрыс бюджет беріңіздерші. Өйткені қиналып жұмыс істейсің. Аяғыңа тартсаң, басқа жетпейді. Басыңа тартсаң, аяққа жетпейді. Енді, бұл өзімнің әкем туралы фильм емес. Ол - бүкіл xалқымыздың тариxы. Осы жерде отырған барлық азаматтардың тариxы. Сондықтан бұл жобаны жалғастырып, келесі жылы паш етсек, дұрыс болар еді», - деп атап көрсетті режиссер.