Топтан озған бес құрама белгілі болды

Топтан озған бес құрама белгілі болды

Топтан озған бес құрама белгілі болды
ашық дереккөзі
Футболдан Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші айналымы мәресіне жетті. Әне-міне дегенше үшінші турдың ойындары да басталды. Осы аралықта біз күтпеген есептер мен нәтижелер көп тіркелді. Әсіресе төрт құрлықтың назарын өзіне аударған дүбірлі доп додасында азиялық құрамалар бірінен соң бірі сенсация жасап, турнирдің көрігін қыздырып жатыр. Әзірге үш тур қорытындысы бойынша Франция, Бразилия, Португалия, Нидерланды, Сенегал құрамалары плей-офф кезеңіне жолдама алды. Мундияль басталмай тұрып «топтарынан қиындықсыз шығады» деген Аргентина мен Германия алғашқы турда Сауд Арабиясы мен Жапониядан жеңіліп қалды. Енді екі құраманың да плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін соңғы ойындағы көрсеткен нәтижелері шешеді. Бір қызығы, Е тобында немістерді ұпайсыз қалдырған жапондар екінші айналымда «Коста-Риканы» ұта алмай, білгендерінен жаңылды. Ал Германия алғашқы турда 7 гол соққан Испаниямен (1:1) тең ойнады. Мұнан кейін топтағы жағдай одан ары шиеленісе түсті. Шешуші ойында Германия мен Коста-Рика, Испания мен Жапония құрамалары өзара мықтыны анықтайды. 35 жастағы Лионель Месси үшін Катардағы доп додасы әлем чемпионы атану үшін берілген соңғы мүмкіндік. Сондықтан «Алтын доптың» жеті дүркін иегері бесінші әлем біріншілігінде Аргентинамен кубокты басына көтеруді мақсат тұтып отыр. Ол үшін үшінші турда Левандовский бастаған Польша құрамасын жеңуі керек. Әйтпесе аргениналық футболшының мақсаты арман күйінде қалуы мүмкін. Бұл топтағы Мексика мен Сауд Арабиясы арасындағы ойын да тартысқа толы болмақ. Саудиялықтар алғашқы ұмтылысында үш ұпай олжалағанымен, екінші талпынысы сәтті бола қоймады. Олар Польша құрамасынан жеңілді.  Аргентина болса азулы деген Мексикаға жауапсыз екі доп соқты. Бұл кездесуде Месси мен Фернандес көзге түсті. Иран құрамасын 6:2 есебімен тас-талқан етіп жеңген ағылшындар екінші айналымда АҚШ құрамасымен тең түсті. Әзірге Саутгейт жаттықтыратын құрамада 4 ұпай бар. Соңғы турда Англия футболшыларының Уэльс құрамасымен жасыл алаңда жолдары түйіседі. Алғашқы ойынында АҚШ-пен ұпай бөлісіп, екінші турда Ираннан 0:2 есебімен жеңілген Гарет Бейл бастаған футболшылар үшінші кездесуінде сол олқылықтың орнын толтырып, топтан шығуға талпыныс жасап көреді. Әп дегеннен А квартетіндегі басты бәсекелесі Сенегалды үлкен қиындықпен жеңген Нидерланды екінші айналымда Эквадормен тең түсіп, қос ойын қорытындысы бойынша 4 ұпайға ие болды. Луй Ван Гаал жаттықтыратын футболшылар үшінші кездесуін алаң қожайындары Катарға қарсы өткізеді. Айтпақшы, әлем чемпионатын ұйымдастырып жатқан елдің аяқдопшылары екі ойында жеңіліп, топтан шығатын мүмкіндікті уысынан шығарып алды. Ал Нидерланды құрамасына бүгін 1/8 финалға жолдама алу үшін тең есеп те жеткілікті. G мен Н тобындағы көшбасшы құрамалар ұпайдан шашау шығарған жоқ. Екі ойында 6 ұпайға ие болған Бразилия құрамасы турнирдегі басты фавориттердің бірі десек қателеспейміз. Cербия мен Швейцарияны жеңген Тите футболшылары Камерунмен өтетін ойында қосалқы құрамдағы футболшыларды сынап көруі де мүмкін. Ал екінші орын үшін таласта Швейцарияға тең есеп те үлкен олжа. Шешуші матч кезінде Сербия құрамасының да аянып қалмасы анық. Н тобында Португалия бір тур бұрын плей-офф кезеңіне шықты. Ендігі жолдамаға Гана, Оңтүстік Корея, Уругвай құрамалары таласады. Үш ұпайы бар Гана футболшылары турнир кестесінде 1 ұпаймен соңғы орында тұрған Уругваймен кім мықтыны анықтайды. Кәрістер Еуропа чемпиондарынан ұпай алуға тырысады. D тобының басты фавориті саналған Франция да қиындықсыз 1/8 финалға өтті. Үш ұпайы бар Австралияның үшінші айналымдағы қарсыласы осал емес. Олар Даниямен кездеседі. Алғашқы турда Туниспен тең ойнаған «дат динамитінің» cоңғы турда ұпайдан шашау шығармаса плей-офф сатысына өтуге тамаша мүмкіндігі бар. Ол үшін бұрынғы әлем чемпиондары Тунис құрамасынан жеңілмеуі керек. Егер Кадри жаттықтыратын құрама Францияны жеңсе, онда командалардың доп айырмашылығына бас назар аударылады. F тобында Хорватия мен Мороккода - 4, Бельгияда 3 ұпай бар. Канада әлем чемпионатының топтық кезеңінде жақсы ойынымен көзге түскенімен, екі кездесуде де жеңіске жете алмады. Осылайша олар топтан шығатын мүмкіндіктерінен айырылды. Ендігі талас үш құрама арасында өрбиді. ӘЧ: 2-тур қорытындысы:  Уэльс – Иран – 0:2 Катар – Сенегал – 1:3 Нидерланды – Эквадор – 1:1 Англия – АҚШ – 0:0 Тунис – Австралия – 0:1 Польша – Сауд Арабиясы – 2:0 Франция – Дания – 2:1 Аргентина – Мексика – 2:0 Жапония – Коста-Рика – 0:1 Бельгия – Марокко – 0:2 Хорватия – Канада – 4:1 Испания – Германия – 1:1 Камерун – Сербия – 3:3 Оңтүстік Корея – Гана – 2:3 Бразилия – Швейцария – 1:0 Португалия – Уругвай – 2:0 Катар төріндегі әлем чемпионатының қызығы алда. Бізді 3-турда да тартысқа толы ойындар күтіп тұр. Соның екеуі мақала жазып жатқан кезде аяқталды. А тобында Сенегал құрамасы Эквадорды 1:2 есебімен жеңіп, плей-офф сатысына жолдама алды. Ал топтың көшбасшысы саналған Нидерланды құрамасы Катарды 2 доп айырмасымен ұтып, 7 ұпайға қол жеткізді. Гакпо турнирдегі үшінші голын салып, сұрмергендер арасында Мбаппе, Валенсиямен теңесті. Бүгін түнде үшінші тур аясында В тобындағы төрт құрама екі жолдамаға таласады. Анығын айтар болсақ, Иран мен АҚШ, Уэльс пен Англия жасыл алаңда кім мықтыны анықтайды. Ps. Әзірге турнирді жеңіп алуға мүмкіндігі жоғары деген Франция, Бразилия, Португалия, Нидерланды құрамалары өз топтарынан бірінші орынмен шықты. Сенегал да жанкүйерлерінің сенімін ақтады. Енді әлем жұртшылығының назары Испания, Германия, Аргентина, Англия секілді футбол алпауыттарына ауары анық. «Ауыздығымен алысқан» жүйріктер арасында кімнің асыға алшысынан түсерін үшінші тур аясындағы ойындар анықтайды.

Абылайхан ЖҰМАШ