50235
Екібастұз қаласының 123 тұрғыны Павлодарға эвакуацияланды
Екібастұз қаласының 123 тұрғыны Павлодарға эвакуацияланды
Екібастұз қаласындағы жылумен жабдықтау жай-күйі туралы соңғы ақпарат белгілі болды деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Түн ішінде 149 көппәтерлі тұрғын үйдің ішінен 129 үйге, 15 әлеуметтік нысанның 10-ына жылу берілді.
Қосымша төрт қазандық іске қосылып, нәтижесінде алты қазандық жұмыс істеп тұр. Өткен тәулікте қалада жылу желілерінің айналымы сақталған.
«Жылу желілерінен зақым табылды, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір қалған бес әлеуметтік нысанда, 17 көпқабатты үйде және 3 көппәтерлі тұрғын үйде жылу беруді қалпына келтіріп жатырмыз. Түнде қалада ТЖ режимі жарияланды», - деп мәлім етті әкімдіктен.Екібастұздың білім нысандары қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Балабақшалар жұмыс істемейді. Павлодар қаласына 123 адам көшірілді, оның ішінде: - білім беру желісі бойынша - 84 адам, - денсаулық сақтау желісі бойынша - 39 пациент. Емдеу мекемелеріндегі температуралық режим күні бойы нашарлаған жоқ, 20-25ºС шегінде сақталады, бұл санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Екібастұз қалалық ауруханасында 269 пациент (оның ішінде 92 бала), перзентханада - 37 пациент (оның ішінде 19 бала) бар. Шұғыл көмек уақтылы көрсетіледі. Температура режимі сағат сайын бақыланады. Авариялық жөндеу жұмысына 138 адам және 35 техника жұмылдырылды. Бұрын анықталған 15 зақымданудың 14-і жойылды. Күннің бірінші жартысында 20 көппәтерлі тұрғын үйге қатысты мәселені толық шешу жоспарланған.
«Қалада сенім телефоны жұмыс істейді. Азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру үшін қосымша 12 эвакуациялық пункт ашылды, олар халыққа көмек көрсету үшін қажетті барлық заттармен жабдықталған. Қалада кешеден бері облыс әкімі бастаған жедел штаб жұмыс істейді. Ақпарат екі сағат сайын беріледі», - делінген хабарламада.