258
Алматыда Универсиадаға дайындық пысықталды
Алматыда Универсиадаға дайындық пысықталды
"Алматы Арена" мұз айдынында өткізілген баспасөз конференциясында Универсиада-2017 қысқы ойындары кезіне жоспарланған мәдени шаралар туралы айтылды. Сонымен қатар, ұйымдастырушы комитет жеңімпаз спортшыларға табыс етілетін медальдарды көрсетті, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Қазақстандық жарыстар бірегей болмақ, себебі шаңғы жарысы, биатлон, шаңғыдан қоссайыс, тау шаңғы спорты, фристайл, сноуборд сияқты спорт түрлерінен жеңімпаздар елімізде бірінші рет Тәуелсіздік сарайында (Универсиаданың "Медал Плаза" нысаны жұмыс істейді) марапатталады. Бұл жерде күніне 10 медаль табыс ету жоспарланған.
"Жеңімпаздар бейресми түрде жарыс алаңы болған жерде марапатталады, алайда олар медальдарын "Медал Плаза" нысанында қолына алады. Медальдар Универсиаданың брендбугіне сай жасалған. Біз медальдарға ұлттық нақыштағы өрнектерді енгіздік. Медальдар еліміздің өндірісі, олар теңге сарайында жасалды", - деді "Универсиада-2017 ойындарын дайындық және өткізу дирекциясы" басшысының орынбасары Камила Лұқпанова.
Универсиада кезінде 12 спорт түрінен 85 комплект медаль ойнатылады.
Осыдан бөлек, қонақтар үшін қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен мәдени шаралар мен концерттік бағдарламалар әзірленген. Мәдени шаралар 18.30-да басталады. "Медал Плазада" қонақтар арасында жарыстар өткізіліп, фильмдер көрсетіледі.
"Универсиадада мәдени шараларды өткізу үшін бюджеттен қаражат бөлінген жоқ. Осы шараларды ұйымдастыру үшін біз демеушілерді тарттық", - деді "Универсиада-2017 ойындарын дайындық және өткізу дирекциясы" басшысының орынбасары Дидар Сағадиев.
Сонымен қатар, театрларда 20 қаңтардан бастап үздік қойылымдар көрсетілімі басталады, ал мемлекеттік филормонияда концерттер өтеді.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек Универсиада кезінде қалаға кіретін жолдардың қайсысына шектеу қойылатынын мәлімдеді. "Барлық құқық қорғау органдары мен қызметтер әлеуметтік шиеленістердің алдын алу үшін тиімді әрекеттестік жасап, мониторинг жасап отырады. Алматы облысымен бірлесе отырып қалаға техникалық, санитарлық және экологиялық нормаға сай емес көліктерге шектеу қою бойынша шаралар жүргізіледі", - деді қала басшысы.
Оның айтуынша, 29 қаңтар мен 8 ақпанда, яғни екі күнде 9 ірі базар жабық болады. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қала қонақтарының қолайлы жағдай жасау үшін оқушыларға қосымша демалыс беріледі. Бұл қала көшелеріндегі көліктер қозғалысының 30 пайызын алады. Сонымен қатар, бұл шара арқылы ата-аналар балаларымен студенттік спорттық ойындарды және түрлі мәдени шараларды тамашалай алады.
Әкімнің айтуынша, Универсиада ойындарына арналған барлық 7 ғимаратта коммуналдық қызметтер кезекшілікте болады. "Ауа райының қолайсыз болған жағдайында әрекет ету жоспары жасалған. 53 бригада, 200 техника мен 375 қызметкер тәулік бойы күзетте болады. Резервті электр қуаты жасақталды. 20 қаңтардан 10 ақпанға дейін жоспарланған жер шаруашылығына байланысты жұмыстар тоқтатылады. Жалпы алғанда барлық қызмет Универсиаданы өткізуге күш салуға жұмылдырылған", - деп қорытындылады әкім өз сөзін.