Бағаны бақылау нарық заңына қайшы

Бағаны бақылау нарық заңына қайшы

Бағаны бақылау нарық заңына қайшы
ашық дереккөзі
999
Бұдан былай Үкімет азық-түлік бағасын бақылаудан бас тартпақ. Нақтырақ айтқанда, жаңа жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке шекті баға қойылмайды. Оның орнына «әлеуметтік әмиян» атты балама тетік ұсынылып отыр. Сауда және интеграция министрлігі осы мәселеге қатысты ережелердің жобасын даярлаған. Бұл нені білдіреді? Онсыз да баға ша­рық­тап тұрғанда, «қазаннан қақпақ кетсе», ішкі нарықта дүрбелең тумай ма? Ұсы­­ныс қабылданар болса, салдары эко­но­микаға қалай әсер етуі мүмкін? Экономист мамандар неге бағаны реттемеуді қолдайды? Бағаны бақылау ақшалай көмекке алмастырылмақ Соңғы 3 жылда азық-түлік бағасы күрт шарықтап, инфляция өсіміне тос­қауыл қоя алмай отырмыз. Мәселен, биыл­ғы қазанның қорытындысы бойын­ша еліміздегі инфляция деңгейі 18,8% болды. Бұл – ЕАЭО елдері арасындағы ең жо­ғары көрсеткіш. Осы 3 жыл ішінде азық-түлік бағасын бақылауға алу, шекті баға қою мәселелері жиі көтеріліп отырды. Пре­зидент бірқатар тапсырма берді, ат­қарушы органдар да сәйкесінше түрлі те­тік­тер, жобалар, жоспарлар тағысын тағы бастамалар әзірледі. Үкімет әсіресе был­тыр­ғы қуаңшылық пен қымбатшылық қа­тар қыспаққа алған тұста бағаны бақы­лауға барын салғандай көрінді. Енді билік баға саясатына керісінше өзгеріс енгізуді көз­деп отыр. Бұл мәселеге алда нақтырақ тоқ­талатын боламыз. Сонымен, дәл қазіргі қолданыстағы заңнамада әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік өнімінің бағасына қо­сы­ла­тын үстемеақы 15 пайыздан аспауға тиіс де­ген талап бар. Талапты орындама­ған­дар­ға 100 айлық есептік көрсеткіш мөл­шерін­де айыппұл салынады. Сауда және ин­теграция министрлігі мәлімдеген «ба­қылаудан бас тарту» ұсынысы осы тәртіп­тің өзгеретінін меңзеп отыр. Дегенмен ведомство 15 пайыздан аспайтын шекті үстемеақының орнына «әлеуметтік әмиян» те­тігін ұсынған. Бұл әлеуметтік көмектің басқаша форматы болмақ.
– Жаңа жылдан бастап саясат өзгереді. Біз барлығын бірдей қолдамайтын шығар­мыз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын белгілеу туралы айтсақ, атаулы кө­мекті меңзейміз. Ең алдымен, бұл өмір­де қиын жағдайға тап болғандарға қарас­ты­рылуы керек. Біздің деректеріміз бойын­ша, 19,5 миллион ел азаматының тек 1 миллионға жуығы – атаулы әлеумет­тік көмек алушы. Қолдау шаралары нақты осы топқа бағытталуы керек. Ал біз бар­лы­ғына қолдау көрсете отырып, тауар өн­дірушілерімізді қиын жағдайда қалдыр­дық, – деді Сауда және интеграция ми­нист­рі Серік Жұманғарин.
Яғни, көмек пен қолдау атаулы әлеу­меттік көмек алатын, әлеу­меттік тұрғыдан көмекке мұқтаж азаматтарға көр­сетіледі. Ол ақшалай берілмек. Ми­нистр бағаны бақылаудың орнына мұқ­таж­дарға арнайы азық-түлік жәрдем­а­қы­сын тағайындауды ұсынып отыр. Бұл ақша атаулы әлеуметтік көмек алатын аза­мат­тардың шотына тікелей түседі. Алайда кө­мектің нақты сомасы қанша болатыны, оған қарастырылатын бюджет шығынына қатысты ақпаратты министр­лік жарияла­ған жоқ. Дегенмен биыл қазынадан атаулы әлеу­меттік көмек үшін 83 мил­лиард теңге төленген. Қазақстандағы АӘК жан басына шаққандағы орташа табысы ке­дейлік шегінен төмен адамдарға немесе от­б­асыларға тағайындалады. Оны анық­тау үшін күнкөріс деңгейі және кедейлік шегі сияқты экономикалық көрсеткіштер ес­керіледі. Мысалы, отбасының әрбір мү­шесіне шаққандағы орташа табыс өңірдегі ең төменгі күн­көріс деңгейінің 70 пайы­зынан төмен болуы тиіс. 2022 жылғы 1 та­мыздағы жағ­дай бойынша атаулы әлеу­меттік көмек елі­мізде 121,1 мың отбасы­нан 622,6 мың адамға тағайындалған. Ведомствоның есебі бойынша, бір адамға өзін азық-түлікпен қам­тама­сыз ету үшін орта есеппен 43 мың теңге қажет. Орташа бір отбасыға азық-түлік сатып алу үшін шамамен 160 мың теңге керек. Сондықтан бұл бастаманың нә­ти­жесі қандай болатынына қатысты бірдеңе деу қиын. Ол, әрине, бастаманың орын­далу сапасына тікелей қатысты бол­мақ. Одан бөлек, қымбатшылық атаулы әлеу­меттік көмек алатын ғана емес, ми­нистр­дің «бәріне бірдей» деген жалпылама сөзінің ішінде кеткен халықты да қысып тұрғаны тағы бар. Ал министрдің сөзіне сүйенсек, бұл жерде, ең алдымен тауар өндірушілердің мүд­десіне басымдық беріліп отыр. Десек те, экономист мамандар бұл бастаманы қос қолдап қолдайды. Олардың пікіріне сүйенсек, керісінше осы «бағаны бақылау» қым­батшылықтың өршуінің бір себебі бо­лып отыр. Одан бөлек, «баға одан сайын аспандап кетпей ме?» деген сұрағы­мызға жауап алдық. Арман БАЙҒАНОВ, экономист: Реттеудің қосымша тетіктерін ұмытпаған жөн
– Бағаға бақылау қоймау туралы бас­таманы толығымен қол­даймын. Біз нарықтық экономикадағы елміз. Ал ба­ғаны рет­теу бізде Кеңес үкіметі тұ­сын­да, жоспарлы экономика аясында бол­ған еді. Тек бағаға қатысты ғана емес, қолдауға мұқтаж салаларға суб­си­дия бөлу сияқты реттеудің қосымша те­тіктері бар екенін ұмытпаған жөн. Ал бағаны реттеу көлең­келі нарықтың пай­да болуына ықпал етеді. Яғни, тауар тапшылығы туын­дайды. Сон­дық­тан бұл – оң шешім. Тек баға қатты шарықтап тұрған өн­діріс салаларын дамыту керек. Мә­се­лен, ауыл шаруа­шылығы саласы. Негі­зі­нен, барлығы бір-бірімен тығыз бай­ланысты: егер бидай баға­сы өсетін бол­са, сәйкесінше ет те қымбаттайды, жұ­мыртқаның да бағасы еселе­неді. Оған қоса, бізде халық саны аз, өндіру­шілер көп болған сайын, баға да түседі. Экспортқа да шығаруға болады. Жалпы, біздің агроөнеркәсіптік кешен сала­ларындағы тауар өндірісінің тиімділігі өте төмен. Осы саладағы еңбек өнімді­лігін жақсарту керек. Мысалы, Беларусь­тегі сүт өндірісі көрсеткіші бір сиырға 4,5 тонна болатын болса, біздің елде – ша­мамен 2,5 тонна. Екі есе айырма­шы­лық бар. Тағы бір айта кететін нәр­се – шағын кәсіпкерлік тиімді бола бермейді, орта және ірі кәсіпорындарды да­мыт­қан жөн. Аграрлық саладағы табыстың негізгі бөлігін ірі кәсіпорындар әкеледі. Осы бағытта жұмыс жүргізілуі керек.
Басқа шаралардың тиімділігі де байқалмай тұр Сарапшылардың пікіріне тұздық ре­тінде қосып өтетін жайт – Аста­на­да бюджеттен несие берілетін супер­мар­кеттерде азық-түлік бағасы басқаларына қара­ғанда жоғары болған. Елорданың ірі сауда компаниялары әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұру үшін қа­лалық бюджеттен несие алады. Бұл – ба­ғаны тұрақтандыру үшін қарастырылып отыр­ған кезекті тәсіл. Қыркүйекте Астананың қоғамдық кеңе­сінің мүшесі Бауыржан Смайылов «Маг­нум», «Аян», «Анвар» және «Ақмол» сау­да желілерінде әлеуметтік маңызы бар өнім­дерге баға мониторингінің нәти­же­лерін жариялаған. Қоғамдық кеңестің жұ­мыс тобы осы сауда желілеріне екі рет мо­ниторинг жүргізіпті. Бауыржан Смайылов жұмыс тобы сауда нүктелерінде бірқатар олқы­лық­тар анықтағанын хабарлады. Мәселен, «Маг­нумда» «N1 Май зауыты» күнбағыс майы­ның литрін шартта белгіленген 790 тең­генің орнына литріне 999 теңгеден сат­қан. «Курочка Ряба» өнімі 1300 теңгенің ор­нына 1500 теңгеге сатылған. «Анварда» осы компания өнімінің жұмыртқалары (30 дана) 1188 теңгенің орнына 1254 теңгеден саудаланған. Сонымен қатар жұмыс тобы «Маг­нум» және бюджеттен несиелеу бағ­дарламасына қатыспайтын Small сауда ком­паниясындағы бағаларды салыс­ты­рып, Small сауда желісіндегі бағалардың төменірек екенін анықтаған. Яғни, шекті баға қою ғана емес, ірі сауда желілерін бұлайша қолдау ар­қылы бағаны тұрақтандыру тетігінің де тиімділігі күмәнді болып тұр. Осылайша, Үкіметтің бағаны тұрақтандыру бойынша әзірлеген тетіктерінің әзірге нәтижесін бай­қай алмай отырмыз. Ал шекті баға қою­дан бірнеше Үкімет басшысы, талай ми­нистр қандай да бір нәтиже ала алма­ған. Себебі бағаларды жаппай бақылауда ұстау мүмкін емес. Дегенмен қай кезде бол­масын бағаның одан әрі қымбат­тамай­тынына толассыз уәде беріліп келген. Андрей ЧЕБОТАРЕВ, тәуелсіз қаржы сарапшысы: Бағаны қолдан реттеу тек кері нәтиже береді
– Бағаны қолдан реттеу ешқашан, ешкімнің қолынан келмеген. Біз де бұ­дан жақсы нәтиже ала алмаймыз. Біздің есімізде жақсы сақталған, ең анық мы­сал­ды алға тартайын, Кеңес үкіметі ке­зін­де дүкен сөрелерінде көбінесе аса та­нымал емес консервілер ғана тұратын. Неге? Екінші мысал ретінде келтіретін жағдай жақында, пандемия ке­зінде болды. Денсаулық сақтау министр­лігі «кардиомагнил» препаратына шекті баға белгіледі. Бұл баға сатып алу баға­сы­нан да арзан болды. Яғни, дәріха­на­ларға бұл препаратты сатып алып, қайта сату тиімсіз болды, сөйтіп олар пре­парат­ты мүлде сатылымға шығарған жоқ. Соның нәтижесінде «кардиомагнил» тап­шылығы туындады. Әкімшілік жол­мен тыйым салу немесе реттеу осындай қай­шылықтарға апарып соқтырады. Дефицит, көлеңкелі нарық пайда болады, яғни бұл – спекулятив­тілік туын­дататын негізгі алғышарт. Сон­дықтан бағаны қолдан реттеу әлем­дегі ешқай елде, ешқашан нәтиже берген емес, бермейді де. Егер біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына бақылау қою­дан бас­ тартар болсақ, баға қатты ша­рық­тап, абыр-сабырға ұласады деп ойла­маймын. Бірақ баға сәл қымбаттауы мүм­кін еке­нін де жоққа шығара алмай­мын. Бұл жерде бағаны қолдан реттеуден тиімдірек тетіктерді қарастырған жөн болады. Біріншіден, айналым схемасы, бұл – өндірушілерге аса көп емес қара­жат беру арқылы бағаны өсірмеуге к­е­лісу. Екіншісі – тұрақтандыру қорлары. Қорға Үкімет белгілі бір тауарларды ал­дын ала сатып алып қойып, баға ажио­тажы бола қалған жағдайда, нарық­қа шығарады.
Баға – индикатор Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз жос­парлы экономикадан нарық­тық экономикаға көшті. Дегенмен бәрібір де жос­парлы экономиканың элементтері әлі күн­ге дейін сақталып отыр. Соның бірі – осы бағаны қолдан реттеу. Нарықтағы тауардың бағасы ар­қы­лы, негізінен, өндіруші, сатушы, са­тып алушы және билік нақты ақпарат ала алады. Сондықтан баға нарықтық эко­но­микада маңызды рөл атқарады. Біріншіден, нарықтық эконо­ми­ка­дағы баға – тепе-теңдіктің нәтиже­сі, сатушының сатуға деген ұмтылысы мен сатып алуға деген ұмтылысы арасындағы ымыра. Екіншіден, баға тұтынушыларға өнім­нің сапасы, оның қасиеттері, оның қан­шалықты сұранысқа ие екенінен хабар бере­ді. Әрине, бұл талап толық орындалуы мүм­кін емес, бірақ әдетте, өнім неғұрлым жақ­сы болса, соғұрлым қымбат болады. Бұл арқылы өндірушілер тауардың сұра­ныс­қа ие екенін және оны өндіруге тұрар­лық екенін біледі. Сонымен қатар егер на­рық қатты монополияланған болса, он­да бағалар тауардың сапасын емес, ком­па­ниялардың нарықтағы билік деңгейінің көр­­сеткіші болады. Нарықта сатушы ком­паниялар неғұрлым аз болса, баға соғұр­лым қымбаттайды. Бұл тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соғады. Мұндай жағдайда мемлекет бағаны реттеуге тырысады. Соның ішін­де, әкімшілік жолмен, яғни қолдан реттеу на­рықтағы компаниялардың азаюына ық­пал етеді, бірақ сұранысты одан әрі кө­бейтеді. Нәтижесінде, нарықта тауар тап­шылығы пайда болады. Осы жерде Венесуэлада болған жағдайды мысалға келтіруге бо­лады. 2014 жылы мұнда елдің ең басты экспорттық өнімі – мұнай бағасы арзан­дап, валюта тапшылығы туындаған. Осы­лай­ша, ел билігі ақша массасын ұлғайтуды жөн деп тауып, жаппай валюта басып шы­ғара бастаған. Бұл гиперинфляцияға жол ашты. Ал қымбатшылықты жою үшін бағаны қолдан реттеу тетігі қолданылған. Оның нәтижесінде дүкен сөрелерінде тауар азайып, ел билігі азық-түлік кар­та­сын енгізуге мәжбүр болған. Яғни, бар­лығы тек кері нәтиже берген. Тапшылық туындаған жағдайда тауарды қалай да алғысы келе­тін­дер саны көбейеді. Тауар сатушыларға бұл тиімді: бағаны одан да асырып белгілейді. Ал Үкіметтің нарықтағы бағаларды бақы­лау мүмкіндігі шектеулі, бәрін жаппай тек­сере алмайды. Осылайша, көлеңкелі на­рық пайда болады. Естеріңізде болса, биы­лғы қант тапшылығы кезінде біздің ел­дегі ішкі нарықта тура осы сипаттағы ажиотаж байқалған болатын. Мұны екін­ші мысал ретінде айтуға болады.  width= Соңғы кезде ел экономикасын қайта бағдарлау мәселесі жиі қозғалып жүр. Соның ішінде монополиямен күресу ту­ралы ерекше айтылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жол­дауында бағаны әкімшілік жолмен реттеу тұтас салалардың инвестициялық тар­тымдылығын төмендететіні, сондай-ақ тауар тапшылығын туындатып, елді им­портқа тәуелді ететінін айтқан болатын.
– Сондықтан баға белгілеу ісіне мем­лекеттің араласуынан біртіндеп бас тарту ке­рек. Бәсекелік ортасы жоқ нарық қана бұрынғыдай қала береді. Монополистердің тарифтері қатаң бақылауда болады. Бірақ бақылау жасау орынсыз қысым көрсету деген сөз емес, – деп нақтылап өтті.
Яғни, бұл шаралар біртіндеп жүзеге асырылады деген жоспар бар. Сонымен, бағаға біртіндеп еркіндік беру арқылы монополияны жойып, басқа да кәсіпкерлерге мүмкіндік беру жоспарланып отыр. Осы орайда әлеуметтік жағынан қолдауға зәру азаматтарға көмек көрсетіледі. Сарапшылар баға қатты шарықтап кетпейтініне сендіреді. Дегенмен қымбаттап, уақытша абыр-сабыр туындай қалған жағдайда ахуалды реттейтін қосымша тетіктердің де қарастырылуы керек екенін айтады. Не десек те, бұл шешімнің бастапқыда қолайсыздау салдары байқалуы мүмкін, дегенмен алысқа көз тіксек, нәтижесі оңтайлы болады деген сенім бар. Одан бөлек, осы уақытқа бақылаудағы бағаның «тәртіпке» көнгенін байқаған емеспіз.

Серіктес жаңалықтары