Қызылорда облысында 155 әкім есеп берді

Қызылорда облысында 155 әкім есеп берді

Қызылорда облысында 155 әкім есеп берді
ашық дереккөзі
245
Қызылорда облысында барлық деңгейдегі 155 әкім халық алдында есеп береді. Жыл бойы атқарған жұмыстың қорытындысын бірінші болып ауыл әкімдері бастады деп хабарлайды 24.kz.
Өткен жылы өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласында айтулы жетістіктерге жеткен Шиелі ауданында шешімін табуы тиіс әлеуметтік мәселелер де бар. Таза ауызсу мәселесі Алмалы ауылында 90-жылдардан бері шешімін таппаған еді. Кеңестік кезеңде жүргізілген су жүйесі істен шыққалы тұрғындар ауылдағы мектепке тиесілі ұңғымадан шығатын таза суды тасып ішуге мәжбүр болды. 1,5 мың тұрғыны бар елді мекен өткен жылы ғана «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында орталықтандырылған су жүйесіне қосылды.
Зәмзәгүл Байділдаева, Алмалы ауылының тұрғыны:
- Бұрындары біз суды тасып ішетінбіз. Қысы-жазы көлікпен, арбамен тасып ішті ауыл жұрты. Ал енді былтырдан бастап тұщы су ауылға келгелі бері жақсы болды жағдайымыз. Соңғы 3 жылда ауданның 11 елді мекені орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Биыл тағы екі ауылға таза су жеткізу жоспарда бар. Аудан әкімі халық алдындағы есептік кездесуде Шиелі кентінде жаңа аурухана салынатынын атап өтті. Ал іргетасы 1974 жылы салынған ескі ғимарат бүгінгі уақыт талабына сай емес.
Қайратбек Сәрсенбаев, Шиелі ауданының әкімі:
- Биылғы жылы облыстық бюджеттен 2017 жылы осы жаңа типтегі аурухана салуға жобалау-сметалық құжат үшін 37 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Биыл құжаттарын дайындап боламыз. Республикалық бюджеттің өзгеріс жасау кезеңінде біз осы жобамызды ұсынбақшымыз. Ауданда мемлекеттік бағдарламалар да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе кәсіпкерлік кең қанат жайған. Өткен жылы ауданда 24 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Ал шағын бизнеске білек түре кіріскендер саны 4 мыңнан асып, 7 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылды.
Гүлсім Дәрібаева, кәсіпкер:
- Біздің ауылда кәсіпкерлікпен айналысуға жеңілдетілген несие алып жатырмыз. Кәсіпкерлік саласында жұмыс жасаймын деген адамға мемлекет тарапынан қолдаулар өте көп. Осы таңда шағын наубайхана ашып, осы ауыл тұрғындарын сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмыз. Айта кетейік, өткен жылы аудандағы магистральді каналға салынған үрлемелі бөгет егіндікке су жетпей қалу мәселесін толықтай шешкен. Соның нәтижесінде ауданда күріш алқабының көлемі 12 мың гектарға дейін артып, әр гектардан түскен орташа өнім 59 центнерге жеткен болатын. Сондай-ақ Шиелі ауданы былтырдан бері күріш тұқымын сырттан сатып алмай, 100% өздері өндіре бастады.

Серіктес жаңалықтары