464
Алматы – еліміздің алтын бесігі
Алматы – еліміздің алтын бесігі
15 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевың Алматы қаласына жұмыс сапары басталды. Сапардың алғашқы күні Мемлекет басшысы автомобиль зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Ал кеше Алматы қаласының жұртшылығымен кездесіп, Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін ашты.
Автомобиль шығаратын зауыттың іргетасы қаланды
Мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапары аясында алдымен Changan, Chery, Haval маркалы автомобильдер шығаратын зауыттың іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Зауыт 2024 жылдың төртінші тоқсанында ашылады деп жоспарланып отыр. Өндіріс аумағы 100 мың шаршы метрден асады. Үш автокөлік маркасының әрқайсысы үшін дәнекерлеу және құрастыру жұмыстарына арналған жеке цех салынады.
Зауыт іске қосылғаннан кейін оның өндірістік қуаты жылына 90 мыңнан астам көлік шығаруға жетеді. Инвестицияның жалпы құны 100 миллиард теңгеден асады. Astana Motors компаниясы 2 200-ге жуық жұмыс орнын ашады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жобамен танысқан соң зауыт жұмысшыларымен әңгімелесті.
– Бұл жоба елімізге өте қажет. Сондықтан тәуекел дейміз. Зауыттың жұмысына сәттілік тілеймін. Қытай Төрағасы Си Цзиньпин мырза биыл Қазақстанға келген кезінде келіссөз жүргіздік. Соның ішінде осы жоба туралы да әңгімелестік. Нәтижесінде, міне, бұл жоба іске асырыла бастады. Құтты болсын! – деді Президент.
«Агломерацияларды дамыту туралы» жаңа заң қабылданады
16 қараша күні Мемлекет басшысы Алматы қаласының халқымен кездесті. Жиында Алматының ел тарихында айрықша орын алатынын атап өтіп, осы қалада Егемендік декларациясы мен Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғаны айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев шаһарды өркендетуге қатысты ой-пікірін айта келе, бірнеше бағытта атқарылуға тиіс жұмыстарға назар аударды. Ең алдымен экономиканы әртараптандыру мәселелері айтылды. Мемлекет басшысының айтуынша, ең алдымен қала экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет. Жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігі, бюджет кірісінің 25 пайыздан астамы және Қазақстанның сауда операцияларының үштен бір бөлігі осы қалаға тиесілі. Жыл басынан бері қала экономикасына 930 миллиард жеке инвестиция тартылған. Кәсіпкерлік дәйекті дамып келеді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 30 пайызға өскен.
– Қала «орташа табыс тұзағына» түсті, одан шығу үшін қала экономикасын түбегейлі әртараптандыру қажет. Өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT секторын және креативті индустрияны дамытуға баса назар аудару керек. Бәсекелестікті ынталандыру, инвестиция тарту және еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Қала жағдайындағы өңдеу өнеркәсібін дамыту ісі экологиялық таза және ықшамды заманауи технологияларды қолдана отырып, үдерістерді жоғары деңгейде автоматтандырумен және цифрландырумен қатар жүзеге асырылуы керек. Алматының индустриялық аймағы мен «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің әлеуетін толық пайдаланғанымыз жөн, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне Алматы агломерациясының аясында өңдеу өнеркәсібін бірлесіп дамытуды тапсырды. Сондай-ақ осы мақсатта жыл аяғына дейін екі аймақтың тығыз ынтымақтастығына негіз болатын «Агломерацияларды дамыту туралы» жаңа заң қабылданатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қалалық венчурлық қор құру туралы бастаманы қолдады
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі IT компаниялардың 40 пайыздан астамы Алматыда орналасқанына тоқталып, азаматтардың маңызды бастамаларын жүзеге асыру үшін жақын арада қалада хабтар мен кластерлер іске қосылатынын жеткізді. Сондай-ақ бастапқы қаржыландырылу сомасы 10 миллиард теңге болатын қалалық венчурлық қор құру жөніндегі жергілікті биліктің идеясын қолдайтынын атап өтіп, бұл жобаға жеке кәсіпкерлерден қаржы тартудың маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар Президент қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қалалық басқарма жүйесін цифрландыру мәселелеріне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, биыл Қазақстанда тіркелген жалпы қылмыстың бестен бірі Алматыда жасалған.
– Әкімдік 2025 жылға дейін қала көшелері мен қоғамдық орындарды жүз пайыз жарықпен қамтамасыз етуі керек. Тағы бір маңызды бағыт – бейнебақылау жүйесін дамыту. Бүгінгі таңда Алматыда 128 мыңнан астам жеке бейнебақылау камералары орнатылды, оның төрттен бір бөлігі ғана қалалық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Әкімдік жеке бейнебақылау жүйелерін бірыңғай диспетчерлік пунктке біріктіру жөнінде ереже қабылдауы керек. Әрине, жекеменшік иесінің келісімі арқылы. Сонымен қатар бейнебақылау құрылғыларымен қамтылмаған учаскелерге 20 мыңға жуық камера орнату қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Алматы – ғылым мен білімнің орталығы»
Мемлекет басшысы Алматы ғылым мен білімнің орталығы екенін атап өтіп, ғылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды.
– Елімізге өмір жолын ғылымға арнаған, нақты ғылыми жетістігі бар адамдар керек. Отандық ғалымдар құрамын жақсарту қажет. Бұл – уақыт талабы. Сондықтан Ғылым академиясына ғылымға жаны ашитын, ғылыми әлеуеті зор азаматтарды ғана көптеп тарту қажет. Біз ғылым мен өндірісті ұштастыру туралы жиі айтамыз. Бірақ ондай байланыс әлі де орныққан жоқ. Ащы болса да, мұны мойындауымыз керек. Отандық өндірісті өркендету үшін ғылыми жаңалықтар қажет. Ғалымдарымыздың еңбегі сапалы өнім шығаруға немесе өндірісті тиімдірек етуге септігін тигізуге тиіс. Сонда ғана экономикамыз дамиды. Осы орайда мен тағы бір маңызды бастама – Президент жанынан Ғылым мен технология мәселелері жөнінде ұлттық кеңес құру туралы шешім қабылдадым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алматының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту қажет
Мемлекет басшысы қаланың барлық ауданын бірдей дамыту және тұрғын үй құрылысын жандандыру керек екеніне назар аударды. Президент бірқатар түйткілді мәселені атап өтіп, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына баса мән беру қажеттігін жеткізді.
– Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. «Ерменсай» және «Барлық» өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды. Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға тәуелді. Сондықтан сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қала халқының саны күн өткен сайын өсіп келе жатқанына тоқталып, тұрғын үй құрылысына айрықша мән берілетінін айтты. Оның айтуынша, Алматы тұрғындарының көпшілігі, әсіресе жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек.
– Әкімдік жалға берілетін тұрғын үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады. Қалада тұрғын үй тапшылығын азайту – аса маңызды міндет. Келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1 500-ге жуық ескі үй бар. Шағынаудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Алматының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту қажет екеніне тоқталды.
– Алматы тұрғындарының саны жыл сайын өсіп жатыр. Соның 60 пайызы көші-қон есебінен жүзеге асады. Бұл жағдай қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына елеулі әсер етеді. Қазір қаладағы балабақшаларда 19 мыңнан астам орын жетпейді. Бұл тапшылықты азайту үшін мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар салу керек. Сондай-ақ балаларды мемлекеттік білім тапсырысы арқылы мектепке дейінгі жеке білім беру мекемелеріне орналастыру қажет. Әкімдікке үштен алты жасқа дейінгі балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырамын. Бұл міндетті 2025 жылға дейін орындау керек. Оқушылардың саны жыл сайын орта есеппен 12-15 мыңға артып келеді. Сол себепті мектептерде орын тапшылығы жоғары. Қазір 29 мыңнан астам оқушыға орын жетпейді. Бұл ахуал оқушылардың сапалы білім алуына кері әсер етеді. Менің тапсырмаммен Алматыда алдағы екі жыл ішінде «Жайлы мектеп» жобасымен 37 мың орындық 22 мектеп салынады. Басты міндет – 2030 жылға қарай бір ауысыммен оқытуға толық көшу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қаланың денсаулық сақтау саласына қатысты негізгі міндет инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру екенін айтты. Алматыда емханалар мен ауруханалар әбден ескірген. Тұрғын үйлер салған кезде әлеуметтік нысандар дұрыс жоспарланбайды. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай түйткілдерді атап өтіп, әкімдік жаңа медициналық нысандар салып, ескілерін жаңғырту үшін арнайы жоспар әзірлеуі керек екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше күтімді қажет ететін жандарға жан-жақты қолдау көрсету аса маңызды деп санайтынын және оларға мейлінше ыңғайлы қоғамдық орта қалыптастыру керек екенін айтты.
Жол-көлік жүйесіндегі
мәселелер шешіледі
Президент Алматының жол-көлік жүйесіне де арнайы тоқталды. Бірнеше сағаттық көлік кептелістері азаматтардың денсаулығына әсер етіп қана қоймай, қала экономикасы мен экологиясына да айтарлықтай зиян келтіреді. Сондықтан адамдарға «жайлы қала» қағидатын іске асыруға мүмкіндік беретін үйлесімді және теңгерімді жол-көлік кешенін салу маңызды.
– Қоғамдық көліктердің тартымдылығын дәйекті түрде арттыра отырып, жеке көліктерді пайдалануды азайту жайын ойластыру керек. Ол үшін метро желісін кеңейтуді жалғастыру қажет. Ескірген және экологияға зиян келтіретін көлік түрлерінен бас тарту керек. 2025 жылдан кейін Алматы көшелерінде дизельді автобустар қалмауға тиіс. Оларды газбен және электр қуатымен жүретін көліктер алмастырады. Алматыда оны табысты дамытудың мол тәжірибесі бар. Транзиттік жүк тасымалының басым бөлігін Үлкен Алматы айналма жолына көшіру де қалаға оң әсерін тигізеді. Бұл үшін 6 радиалды және 4 ішкі негізгі көше салу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Жуырда Алматы мен Қонаев қалалары арасында электр пойызының қозғалысы қайта қалпына келгенін еске салған Қасым-Жомарт Тоқаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері қала маңындағы теміржол қатынасын одан әрі жандандыру жоспарын әзірлеуі қажет екенін айтты.
2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш егу жоспарланып отыр
Президент экология мәселесі үнемі назарында екеніне тоқталып, алматылықтарды қаладағы ауаның ластануы қатты алаңдатып отырғанынан хабардар екенін жеткізді. Оның айтуынша, жыл сайын атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтың көлемі 125 мың тоннаға жуықтайды. Ауаны негізінен автокөліктер, қалалық жылу электр стансалары, өнеркәсіп кәсіпорындары және газ тартылмаған жер үйлер ластайды. Мегаполисте ауаның таза болуына тығыз әрі ретсіз салынған ғимараттар да кедергі келтіріп тұр.
Осы ретте Мемлекет басшысы әкімдікке өнеркәсіп кәсіпорындарының экологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтауын қатаң қадағалауды тапсырып, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 орталықтарын газға көшіру арқылы зиянды қалдықтарды он еседен астам төмендетуге болатынын айтты.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда 2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отырғанын айтты. Ең бастысы, абаттандыру жұмыстары суармалы судың қолжетімділігі мен қала жоспарын ескере отырып, мазмұнды әрі біркелкі жүргізілуі керек. Алматыда 136 саябақ бар. Олардың қатарын көбейтіп, абаттандыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізу керек.
«Алматының
асқақ рухы құлаған жоқ»
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасының еліміз үшін зор сынақ болғанын атап өтті.
– Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда қылмыскерлердің көздегені басқа еді. Олар бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келді. Алдын ала әзірлеген арандатушылар, бұзақылар, тіпті қарақшыларды пайдаланды. Соның кесірінен Алматыдағы жағдай күрт нашарлады, тіпті бақылаудан шықты. Қылмыскерлер әкімшілік ғимараттарды басып алды. Көшелерді жауып, жолында кездескеннің бәрін қиратты, тонады. Қысқасы, ойларына не келсе, соны істеді. Бірақ қандай жағдай болсын, азаматтарымыз, ең бастысы Алматының асқақ рухын құлатқан жоқ. Қала тұрғындары жұдырықтай жұмылды, сүйікті қаласын қорғап қалу үшін бірікті. Әрине, содырлардың мұндайды күтпегені айдан анық. Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жатқаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты. Дегенмен дәл сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қақымыз болған жоқ. Онда әбден дандайсып кеткен қарақшылар қаламызды күл-талқан етер еді. Ел тағдыры сынға түскен жауапты сәтте халқымыз мызғымас бірлігі мен қайтпас қайсарлығын танытты. Мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін біз қандай тәуекелге де баратынымызды айқын көрсеттік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Жұртына пайдасы
тиетін жұмыстың бәріне Ахаң үлес қосқан»
Жұртшылықпен кездесуден соң Президент ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барды. Ахмет Байтұрсынұлы бұл үйде қызы Шолпанның отбасымен бірге 1934-1937 жылдары тұрған. Музей-үйі 1998 жылы Алаш қайраткерінің 125 жылдық мерейтойында салтанатты түрде ашылды.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті ашты. Өте шебер соғылған мүсін ұлт ұстазының бейнесін толық ашқан. Ескерткіш авторлары – Айдос Бүркітбаев және Тимур Ермұхаметов.
Іс-шараға ақынның туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы ескерткіштің ашылу рәсіміне жиналғандар алдында сөз сөйлеп, тұлғаның ұлт тарихындағы рөлі жоғары екенін айтты.
– Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәріне Ахаң үлес қосқан. Тіпті, бірқатар саланы өзі бастап берген. Ол қазақтың төл әліпбиін жасады, алғашқы әліппемізді құрастырды. Сондай-ақ оқулық жазып, тіл білімінің негізін қалады. «Қазақ» газетін шығарып, баспасөздің дамуына жол ашты. Еліміз бүтін, жеріміз тұтас болуы үшін өлшеусіз еңбек сіңірді. Қазаққа қызмет ету жолында бар күш-жігерін жұмсады. Ұлт көшбасшысының өмір жолын елді сүюдің жарқын үлгісі деуге болады. Оның ғибратты ғұмыры – өскелең ұрпақ үшін әрдайым өнеге, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Алаш арысының туған жері Торғай өңірінде дүбірлі той өткенін, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ ұйымдары аясында алқалы жиындар ұйымдастырылғанын атап өтті. Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағы басып шығарылып, таңдамалы еңбектері 4 тілде жарық көрді.
– Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Торғайда Міржақып Дулатұлы екеуіне ескерткіш орнатылып, қос алыптың әдеби музейі толық жаңғыртылды. Былтыр осы Алматыдағы мұражайы мемлекет меншігіне қайтарып алынғанын білесіздер. Енді, міне, қала төрінде сәулетті ескерткіші бой көтерді. Осының бәрі – халқымыздың ұлт ұстазына деген ерекше құрметінің белгісі. Кезінде Мұхтар Әуезов «Ахаңның қазақ баласына істеген еңбегін, өнер, білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайды» деген болатын. Ахмет Байтұрсынұлының ұрпаққа аманат еткен мол мұрасы – қазақтың баға жетпес асыл қазынасы. Бүгінде ахметтану ғылымына бет бұрып, ғалымның шығармашылығын зерттеп жүрген жастардың қатары көбейіп келеді. Бұл – ұлы тұлғаның ұлағатты жолы ешқашан үзілмейді деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы салтанатты рәсімнен кейін ақынның ұрпақтарымен, зиялы қауым өкілдерімен, сондай-ақ ескерткіш авторлары Айдос Бүркітбаевпен және Тимур Ермұхаметовпен әңгімелесіп, суретке түсті.
Сәтбаев университетінің жанынан ғылыми-зерттеу хаб құрылады
Президент Алматыда студенттермен және жас ғалымдармен кездесуінде олардың сөзін зейін қойып тыңдағанын атап өтіп, ұсынылған барлық маңызды ғылыми жобалар мен технологиялық стартаптардың ел үшін мәні зор екенін айтты.
– Әйгілі Қаныш Сәтбаев осы қалада Ғылым академиясының негізін қалаған. Көптеген ғалымымыз академия қабырғасында қазақ ғылымын дамытуға орасан зор үлес қосты. Аға буынның абыройлы жолы лайықты жалғасын табуға тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазір әлемдегі ең қымбат әрі капиталы мол компаниялар финтех, жасанды интеллект, IT және басқа да озық технологияға негізделген өнім шығаратынына, қызмет көрсететініне тоқталды.
– Олар әлемнің үздік инженерлерін өз елдеріне шақырып жатыр. Себеп – біреу, ғылым алып индустрияға айналды. Бұл сала бүкіл экономиканы жаңа деңгейге көтеретін сектор ретінде қалыптасып келеді. Біз осы әлемдік үрдістен шет қалмауымыз керек. Еліміз талай жыл бойы негізінен мұнайға арқа сүйеп келді. Бірақ қазір – заман басқа. Табиғи байлықтың емес, адам капиталының маңызы артқан дәуірге қадам бастық, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Қазақстанда жоғары санатты техникалық кадр тапшылығы сезіледі.
– Соңғы жылдары жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығы артып келе жатқаны байқалады. Қазір еліміздегі 610 мың студенттің 112 мыңы техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Қазақстанда экономиканың жаңа салалары жедел дамып келеді. Мысалы, тек отандық IT секторда алдағы жылдары 150 мың жаңа жұмыс орны пайда болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде инженерлік-техникалық салаға мән бере отырып, еліміздің жоғары оқу орындарына білім беру гранттарын бөлудің маңызы зор екеніне тоқталды.
Сонымен қатар Президент студенттерді оқыту және жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне лайықты көңіл бөлуге шақырды.
– Бүгінде Алматыдағы 37 мың студентке жатақхана жетіспейді. Құрылыс қарқыны қазіргідей бәсең болса, біз бұл мәселені шеше алмаймыз. Оның үстіне, халық саны, студенттердің саны жыл өткен сайын артып келеді. Үкімет келесі жылы 1 сәуірге дейін жатақхана тапшылығын жою үшін тың тәсілдер әзірлеуге тиіс. Ең алдымен Алматыдағы ахуалды ретке келтіру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ғылымның ашық үлгісін енгізу ең тиімді тәсіл екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл университеттерге жеке сектормен тығыз ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді деп санайды. Президенттің пікірінше, ғылымды дамытудың мұндай стратегиясын жүзеге асырудың тағы бір жолы – эндаумент-қорлар.
– Мен Сәтбаев университетінің жанынан жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу хабын құру туралы тапсырма бердім. Оның инфрақұрылымын техникалық оқу орындарының бәрі пайдалануына болады. Үкімет ғылыми-зерттеу хабтарын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруы қажет. Хабтарды мемлекеттің инвестициялық жобаларының санатына қосу арқылы бұл мәселені шешуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы сапалы білім алу адамды қоғамдық ортаға бейімдейтін, оның бойына ізгі құндылықтар мен мінез-құлық нормаларын сіңіретін маңызды институт екенін айтты.