50725
«Бәрі түсім секілді»: Қазыбек Исаның қазіргі жағдайы белгілі болды
«Бәрі түсім секілді»: Қазыбек Исаның қазіргі жағдайы белгілі болды
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса жансақтау бөліміне түсті. Болған жайтты өзі facebook парақшасында жазып, халықтан дұғада болуын сұрады деп хабарлады turkystan.kz.
«Бәрі түс көргендей өтіп жатыр... Ойымда ешнәрсе жоқ, осыдан тура бір ай бұрын, 11 қазанда Шардарада кеуде тұсым бүріп ауырғанда, бәрін асқазанға жауып жүре беріппін.Қарашаның 9-ына Мәжілістің жалпы отырысында мазам кетсе де шыдап, кездескісі келген журналистерге де, түскі асқа да қарамай, жедел ауруханаға жеттік. Президенттің іс басқармасына қарайтын Медициналық орталық дәрігерлері бірден кардиограммаға түсірді де, жүректен бастап, бәрін түгел тексереміз деп бірден жатқызып тастады. «Бүгін үйге барып, ертең киім ауыстырып келем» дегенге де жібермеді. Тіпті, бүгін коронарография тексеруінен соң, палатама қайта жібермей, сол жерден бірден реанимацияға әкеліп жатқызып қойды.
Иә, жүрекке қан құятын үш тамырдың үшеуі де қиын жағдайда, біреуі бітіп қалған, екіншісі 99 пайыз, үшіншісі 95 пайыз бітіп қалған екен. «Қалай жүргеніңізге таңымыз бар, жүрегіңіз физикалық жағдайыңыз мықты болғасын жүргенсіз. Бір рет инфаркт алғансыз оң аяқтан, жүрек мықты болғасын басқа жақтан қанмен қамтамасыз етілген, білмей қалғансыз», - дейді дәрігер мені аң-таң қылып...Бір Құдай сақтап келген ғой, Аллаға сансыз шүкірлік! Бұндай жүрекке ота жасатқан ағаларымыздың көбісін, тіпті, бізден жас інілерімізді де көріп жүрміз, аман-есен шауып жүр бәрі, Құдайға шүкір.
Былтыр Қалдыбек досымыз бен Есен інім де жүрекке ота жасатқанда, «Жүрегі бар адамдардың жүрегі ауырады» деп, қалжың араластырып жұбатып едік, енді өзімнің басыма да келіп тұр… «Тәжірибесі бар» олар да түстен кейін хабарласып, керек кеңестерін айтып, қолдап, қуат беріп қойды. Ауруханаға түскенімнің шет жағасын естіп алған бірге жұмыс істейтін әріптестер, ағайын, дос-жарандар жан-жақтан хабарласып, амандық тілеп жатқасын, тілектестердің бәріне хал-жағдайымды білдіріп қояйын деп осы хабарды жазып отырмын!Аурухана жанында мешіт барын айтып, дұға-тілектің қабыл болатынын да алға тартты. Аурухана ауласынан Алла үйі – зәулім мешіттің мұнаралары көкке өрлеп, сәулеті жарқырап тұр. Дұғамды оқып, ертең бәрі сәтті болсын деп, Құдайдан амандық тілеп жатқан жайым бар.
Қадірлі ағайындар, сіздердің дұғаларыңыз қабыл болып, бір Құдай қуат берсін! Жақсылықпен аман-есен жүздесуді жазсын бәрімізге!» - деп жазды ол.