Google-дің ұсынысынан бас тартып, Linkedin-ді таңдадым – Мақсат Қадыров

Google-дің ұсынысынан бас тартып, Linkedin-ді таңдадым – Мақсат Қадыров

Google-дің ұсынысынан бас тартып, Linkedin-ді таңдадым – Мақсат Қадыров
ашық дереккөзі
Биыл шілде айында жария етіл­ген көрсеткішке сенсек, Linked­In желісін дүниежүзі бойынша 850 мил­лионға жуық қолданушы пайда­ла­нады. Іскерлік байланыс орнату, кә­сіби біліктілікті арттыруға бағыт­тал­ған бұл әйгілі желінің танымал­ды­ғын одан сайын арттыра түсіру үшін тынбай еңбектеніп жүрген жұмыс тобы­ның ішінде отандасымыз Мақсат Қадыров та бар. Алты құрлықтың ІТ ас­та­насы – Кремний алқабындағы LinkedIn-нің бас кеңсесінде жұмыс іс­тей­тін Мақсат Қазақстанда да стар­тап жобасын сәтті жүргізіп отыр. Жұмысы жайлы, жалақысы жоғары бол­са да Қазақстанға ешбір жер жет­пейтінін мойындаған Мақсатқа ха­бар­ласып, әңгімеге тартқан едік. – Сіз туралы мәлімет іздегенде ең­бек­қорлығыңыз бен табанды­лы­ғыңызға тән­ті болғанымды жасырмаймын. Бірақ ал­дымен сұрағым келетіні – ақпараттық тех­нологияларға әуестігіңіз оқушы ке­зіңіз­ден басталды ма? – Жоқ, бірақ Ақтөбеде физика пәні бойынша көп олим­пиадаға қатысып, қала, облыс бойынша бірінші орын алып жүрдім. Одан бөлек, аст­ро­номияға көп қызығатынмын. Бұл екі пәнге бай­ланысты үлкен бір жоба әзірлеп, нәти­же­сінде республикалық сайыста жүлдегер атан­дым. Осылайша, жүлдегер ретінде маған бір­неше университеттен грант ұсынылды. Соның ішінде Астанадағы ЕҰУ-дың «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша грантта оқығанды жөн санадым. Оған қоса, бас қалада ағам тұратындықтан, оның қасында тұрғым келді. Негізі, ҚБТУ-ға түскім келген еді, мектепті «Алтын белгіге» бітірсем де, ол оқу орнына түсуге ұпайым жетпеді. Мен оқыған ма­мандық ІТ-дан гөрі, фабрика, зауыттардағы процестермен тығыз байланысты, десе де мен сол кезден бастап жұмыс істеп, түрлі сайттар әзір­леп жүрдім. ІТ мамандығын оқымасам да, жұ­мыс істеп жүріп, көп нәрсе үйрендім. Ол кез­де You-Tube-та дерек­тер аз, десе де сол аз мә­ліметтен көп нәр­сені ұғынып, күні-түні түр­лі экспери­мент­тер жасадым. Мың рет ты­рыссаң, түбі бірдеңе шығатынына кәміл сен­дім. Сабақ үстінде де код жазып, сайттардың жұ­мысын бақылап отыратынмын. Универ­ситетте үнемі рюкзак кө­теріп жүретіндіктен, группаластарым рюк­загымды он үшінші мүше деп қалжыңдайтын. Бағдарлама жасақтаудан бөлек, түрлі жұмыс істедім. ЕҰУ-ға құжат тапсырмай тұрып, ағыл­шын тілін үйрену үшін Radisson қонақүйінде есік­ті ашып-жауып тұра­тын, багажды қонақүй бөлмесіне дейін жеткізетін белбой болып жұмысқа тұрдым. Қонақтарға ағылшынша сұрақ қойып, әбден ма­засын алатынмын (күліп). Сол кезде олар­мен тілдесу арқылы шет­ел­ді тану деген қызығушылық пайда бол­ды. Одан соң Air Astana-ның тіркеу бөлімінде жұмыс істедім. Негізі, мен әу баста пилот бол­ғым келген. Сол үшін Air Astana-ның шетелде пилоттарды дайындауға арналған Ab-initio бағдарламасы бойынша оқуға түсу үшін өтініш қалдырдым. Бұған тыңғылықты дайындалып, Microsoft-тың Flight Simulator бағдарламасы бойынша компьютер арқылы ұшақты қондыру, ұшуды үйренгенім бар. Бірақ іріктеу кезінде дәрігер­лер көзімнің қызарып тұрғанын желеу етіп, келесі кезеңге өткізбей қойды. Үш рет тек­серіл­дім, үшеуінде де себебін айта алмады. Дәрігер мені жақтырмады ма, біл­ме­дім. Үміткер белгісіз себептермен жарам­сыз саналса, тәуелсіз сарапшылардың көмегіне жүгінуге болатынын кейін білдім. Осылайша, пилот болу арманыммен қош айтыстым. Кейін Air Astana-дағы жұмыстан бас тарттым. Себебі тұрмысқа шыққалы жатқан әпкемнің тойына сұранғанда басшылық жібергісі келмеді. Он­дай адамгершіліктен ада бастықпен қалай жұмыс істейсің? Сосын бір қонақүйге түнде барлық төлемдерді тексеретін аудитор әрі қо­сымша ресепшионист болып жұмысқа тұрдым. Түрлі жұмыс істесем де, бағдарлама жасақтау ісінен қол үзген жоқпын. Бірақ бұл іске бар уақытымды сарп ету керек екенін түсі­ніп, толығымен осы салаға бас сұқтым. CMS бойынша мемлекеттік сайттарға көмек көрсететін компанияда жұмыс істеп, бас бағ­дарлама жасақтаушы қызметіне дейін кө­терілдім. 2014 жылы Work and Travel бағдар­ламасымен АҚШ-қа барып қайттым. Онда таңертең кафеде ыдыс-аяқ жусам, кешке аспаз болып жұмыс істедім. Қол босаған кезде АҚШ-ты шарладым. 2015 жылы біз университет бітірген соң доллар бағамы біртіндеп көтеріл­ген кезде девальвация болды. Сол кезде ағам «Шетелге барып, мүмкіндігіңді сынап көрсең қайтеді?» деп ақылын айтты. Ақырында тіл курсын тауып, АҚШ-қа білімімді жетілдіруге аттан­дым. Бір қызығы, онда келе сала дос­тармен қыдырып жүргенімде төл­құ­жатымды жоғалтып алдым. Оқуға әлі тіркел­мегенмін, десе де төлқұжаттың көшірмесі болғандықтан қайта жасатпадым. Төрт айдан соң досым екеуіміз сол маңдағы кафеге бар­ғанда әлгі дос ба­лам даяшыдан «Сіздер мына ба­ланың төл­құжатын тығып жүрген жоқсыз­дар ма?» деп жай сұрай салған. Бірнеше ми­нут­тан соң әлгі даяшы қыз менің төл­құжа­тымды әкеп тұр (күліп). Сөйтсем, сол жерде түсіріп алсам керек. Сол кезде қалтамдағы бар ақшаны дая­шының қолына ұстатып, төбем көкке жеткені әлі есімде.  width=– Қол қусырып отырмайтын сіз мұнда да түрлі жұмыс істеген боларсыз? – Иә. Келе сала ІТ-ға байланысты жұмыс табу қиын болды. Сөйтіп, алдымен аспаз, со­сын сылақшы, таксист болып жұмыс істеуге ту­ра келді. Кейін риелторларға арналған бағ­дарлама жасақтайтын компанияға жұ­мыс­қа тұрдым. Айлығым бастапқыда 16 доллар болса да маған көп секілді көрінетін. Бірде мей­рам­ха­нада украиндық пен Мәскеуде оқыған аме­рикалықпен кездейсоқ танысып, ақырында олар­мен жақсы араласып кеттім. Сөйтсем, олар әлемде теңдесі жоқ, әкімшілік соттарда әділ­дікті талап ететін стартап жасағалы жүр екен. Өзіңіз білетіндей, кімнің қалтасы қалың бол­са, сол сотта жеңіске жетеді. Олар ақысы қым­бат адвокат жалдайды, тиісінше ол сот процесін клиенттің пайдасына шешу үшін барын салады. Америка тұрғындарының 85 пайызында ақша жоқ, ал адвокат сағатына 250 доллар алады. Біз осы жүйені жеңгіміз келді. Қарапайым адамдарға тегін немесе жеңілдік беру арқылы адвокат қызметін ұсынуды алға тарттық. Бұл жобаға қызыққаным соншалық, жігіттерге «Мен негізгі жұмысымнан шығайын. Маған ең аз жалақы төлесеңдер жетеді. Мен бұл жобаны жасауға дайынмын» дедім. Сөйтіп, негізгі жұмысым маған көп мүмкіндік беретін грин-карта әзірлеп жатса да ол жұ­мыс­тан бас тарттым. Ал ана стартаптан ала­тын жалақым аздау, болашағы бұлыңғыр болды, бірақ ол өзіндік бір миссиясы бар, адамдарға көмек­тесетін, қоғамда әділдік орнататын жоба болған соң тәуекелге бардым. Онда 1,5 жыл жұмыс істедім. Ақыры ол стар­тап банкрот болып, мен жұмыссыз қалдым. Отбасын құрып, шаңырақ көтерген кезім. Нағыз өмір сол банкроттан соң бастал­ды (күліп). Елге келіп, ІТ компания аштым. Со­сын қанша қиын болса да, бағымды сынап кө­рейін деп қай­тадан Америкаға келдім. Ізінше әйелім ұшып келді. Бір қызығы, елде балалармен етене жұмыс істеген әйелім 40 минуттың ішінде-ақ балабақшадан жұмыс тауып алды. Ал мен бастапқыда өз-өзіме деген сенім­ділі­гімді жоғалтып алдым. «Мен ештеңе білмей­мін», «Мені ешкім жұмысқа алмайды» деген ой маза бермей қойды. Дегенмен таңнан кешке дейін жұмыс қарастырып, бірнеше кезеңнен тұратын процестерден мүдірмей өтуге тың­ғылықты дайындалып жүрдім. Ақырында LinkedIn-нің сұхбаттасу кезеңіне өттім. Олар ақтық кезең келесі бейсенбі болатынын ха­барлады. Дәл сол күні Google-дан хабарласып, сұхбаттасуға шақырды. LinkedIn-нің ақтық сынына шақырылғанымды білген Google рекрутері маған сұхбаттасуды одан ертерек ұйымдастырып беретінін әрі бірден ақтық кезеңге іріктеп алатынын айтты. Сөйтіп, дүйсенбі Google кеңсесінде сұхбат­тасу­дан өттім, түстен соң олар­дан келісімшарт жасасуға мүм­кіндік бере­тін оффер келді. Сосын LinkedIn рекрутеріне хабарласып, Google-дан оффер алғанымды айтқан едім, ол бейсенбіні күтпей, ертесі сұх­баттасуға ша­қырды. Олар да түстен соң жұ­мысқа қабыл­дайтынын растайтын оф­фер жіберді. Бір қы­зығы, сол күні кешке мен жұ­мыс іздеген 33 күннің ішінде алғаш рет ме­ні сұхбаттасуға шақырған стартап ком­па­ния­дан үшінші оф­фер келді. Рентгенді, ком­пьютерлік то­мог­рафияны адамнан жақсы оқитын бағдарлама әзірлеуді қолға алған ол компания пандемия кезінде қарыштап дамып, ілгеріледі.  width=– Таңдауыңыз неліктен LinkedIn-ге түсті? Google несімен ұнамады? – Бірі жалақыны көтерсе, екіншісі одан жоғары жалақы тағайындайтынын айтты. Бірі жақсы жағдай жасайтынын айтса, екіншісі одан асып түсетін мүмкіндік беретінін мәлім­деді. Сөйтіп, екі компания өкілдері таласа бас­тады. Кәдімгі аукциондағыдай әркім мүм­кіндігін молайтып, қызықтыра түсті. Google-дағылар «грин-картаны бірден әзірлеуге кірі­семіз» дегенді алға тартты, LinkedIn-де ол про­цесс алты айдан соң ғана басталады. Бірақ Google-дің дардай атағы мен мәртебесін ысы­рып қойып, LinkedIn-ді таңдадым. «Google несі­мен ұнамады?» дейсіз бе? Менімен сұхбат­тасқан компания рекрутері маған жеке сұрақ­тар қойған жоқ, мені дұрыс тани алмады. Неге қызығатынымды, қандай жоба істегім келе­ті­нін де сұраған жоқ. Әрі ол кісі мен кіруім тиіс топ­тың бастығы болатын, ал мен ондай бас­тық­пен жұмыс істесе алмайтын едім. Ал LinkedIn-де бәрі басқаша. Жоғарыда айтып өткенімдей, Google-дан оффер алғанымды ал­ған олар бейсенбіге жоспарланған сұхбат­тасуды ерте өткізуге мәжбүр болды. Сол кезде бос кабинет іздеп, үлкен ғимараттың ішін ара­ладық. Сұхбат алатын маман кез келген ка­бинетке кіріп «Бізге қонақ келді» дегені сол-ақ еді, ондағы жұмыс істеп отырғандар үнде­мей шығып кетті. Сол кезде компания ішінде қалыптасқан мәдениетке таң-тамаша болдым. Сосын ол кісі менің жеке басыма қатысты сұрақтарды көп қойды. Қандай жоба жасағым келетінін, LinkedIn-нің несі ұнайтынын, несі ұнамайтынын, қандай өнім әзірлегім келетінін сұрады. Ол кісімен әңгімелескеннен құдды бір жақыныңмен шай ішіп, шүйіркелескендей әсер алдым. Бүгінде LinkedIn-де жұмыс істеп жүргеніме екі жарым жылдай уақыт болды. Мен мұнда компанияның өнімділігін арт­тыруға бағытталған түрлі процестерді бақы­лауда ұстаймын. Соның ішінде аудармаларды автоматтандыру ісіне жауаптымын. Күніне ең көп ашылған 50 беттегі мәтінді дереу аудар­машыға тексертіп, жұмыс сапасын бақы­лай­мын. Негізі, мойныма жүктелген жұмыс көп, бірақ компанияның құпиялылық саясатына байланысты айта алмаймын. Одан бөлек, Қа­зақстанда ашқан стартап компанияның жұ­мысын қатаң бақылаймын. – LinkedIn-нің іске қосылғанына 20 жыл­дан астам уақыт өтсе де, Қазақстан­дағы көпшілік бұл туралы енді естіп-білуде. Біздегі кәсіби маман әлем бойын­ша 850 миллион қолданушысы бар LinkedIn желісін неге қолдануға тиіс? Бұл желі несімен тиімді? – Бұл іскерлік байланыс орнатуды мақсат ететін желі болғандықтан, алдымен мұнда кә­сіпкерлерге клиенттер әрі одақтастар табуға үлкен мүмкіндік бар. Мысалы, біз бір ірі ком­панияның басшысына тікелей шыққымыз келсе, онымен Facebook немесе Instagram ар­қылы байланыса алмаймыз. Мұндай мүмкін­дікті тек LinkedIn-нен табасыз. Басқа ешқан­дай платформаның ондай әлеуеті жоқ. Сіз іздеп тапқан маман бизнес жайлы сөйлескіңіз келетінін біледі. Бұл танысып, бір-біріне лайк басатындай әлеуметтік желі емес. Тағы бір керемет тұсы, таныстарыңыз я әріптестеріңіз сіз­дің қабілетіңізді растай алады. Мысалы, мен бағдарлама жасақтау тілі Java-ны білетінімді жазсам, оған куә таныстарым +1 қойып, рас­тай­ды. Ал ол жұмыс беруші компания өкіл­деріне көрініп тұрады. Осылайша, олар парақ­шаңыздан-ақ сіздің нені біліп, нені білмей­тініңізді біліп отырады. Сосын бір пост жазсаңыз, ол барлығына көрінеді. Олар лайк басады. Бірақ мұндағы мақсат – көп лайк жи­науда емес, мүдделес әріптесті, қажет маманды табу. LinkedIn – бұрынғыдан бетер өскісі, жетілгісі келетін кәсіби мамандарға таптыр­мас құрал. Бірақ бұл сіз ойлағандай жұмыс іздейтін желі емес. Мұнда сізді қызықтырған маманмен кәсіби біліктілік туралы сөйлесе аласыз, бизнесте не болып жатқанынан хабар­дар боласыз. Курстарға да қатыса аласыз. LinkedIn-де отырып-ақ, біліктілігіңізді арт­тыратын сертификат алуға мүмкіндік бар. Ал ол сіздің профайлыңызда көрініп тұрады. Қа­зір қызық видеолар, түрлі подкасттар көруге де мүмкіндік бар.  width=– Ал Қазақстанда қандай стартап аш­тыңыздар? – Әріптесім Нәби Мұратбек екеуіміз биыл нау­рыз айынан бастап Kwaaka атты стартап жо­баны іске қостық. Бұл – тапсырысты жет­кізу­мен айналысатын агрегатор компания­лар­ды кассамен тікелей байланыстыратын жоба. Бұрын олар әр мейрамханадағы кассирлерге арнайы планшет беретін. Тапсырыс кезінде кассир оны өз аппаратында қайта теруге мәж­бүр болатын. Ал сол қайта терудің кесірінен олар көп жағдайда қателік жасайды, абайсыз­да басқа тағамды салып қояды, клиент көп болғаннан теріп үлгермей жатады. Ақырында жеткізуші тапсырысты кеш әкеледі. Ал біз мұны болдырмас үшін олармен интеграция жасадық. Планшет толығымен алынып тас­талды. Енді тапсырысты теріп жатудың қажеті жоқ, ол бірден кассадан шығып тұрады. Кас­сирдің жұмысын жеңілдеттік. Статистикаға қарасақ, біздің стартап іске қосылғаннан кейін тапсырыстар тіпті 5-10 минут ерте жет­кізілетінін байқадық. Осылайша, олардың рейтингі жоғарылайды, клиенттері көбейіп, табысы молаяды. Бүгінде Қазақстан бойынша біздің жобаға 400-ден астам мейрамхана қосылған. Қазақстанның нарығын толығымен жаулап алдық десем болады, бізге бәсекелестік танытқан бір компанияны «қуып» шықтық. Қазір Әзербайжанда іске қосып жатырмыз. Орта Азия елдері мен Дубайда қолданысқа енгізу жоспарда бар. – Жазбаларыңызда елге қайтуды үне­мі айтасыз. Қазақстанға оралған соң жеке кәсіппен айналысуды жалғас­тыра­сыз ба? Әлде сіз түзегіңіз келіп жүрген, көңіліңізден шықпайтын қандай да бір жүйе бар ма? – Елге қайту пункті жақын уақытқа құрыл­ған жоспарымда бар. Бір-екі жылда, бәлкім одан тезірек қайтатын шығармын. Бәрі жақ­сы болса, мүмкін келесі жылы елге ора­лармын. Әйеліміз екеуіміз елге қайтқымыз ке­ліп жүр. Оған қоса, Америкада туған кіш­кентай қызымның Қазақстанда өскенін қалаймын. Елдегі бизнесті де сол үшін дамытуға бар күшімді салып жатырмын. Қазақстанда біреуге бағынышты болғаннан гөрі жеке кәсіппен айналысқанды құп көре­мін. Оған қоса, елдегі стартап жобаларға кө­мектесіп жүрмін. Қазір мен бағдарлама жасақ­таудан гөрі менеджмент жаққа қарай көңіл бөле бастадым.  width=Айта кету керек, Қазақстанда ІТ саласы бірте-бірте дамып келеді. Бізде бұл саланың қыр-сырын шетелдік маманнан кем білмейтін білімді жігіттер қатары көбейді. Бұрын тек ішкі нарыққа арналған, көп адам онша қолданбайтын жобалар жасалатын еді. Ал қазір елордадағы Astana-hub, Алматыдағы Smart point секілді коворкинг-орталықтарда деңгейі таңдай қақтырарлықтай, бүкіл ға­ламға бағытталған небір стартаптар әзір­лену­де. Дегенмен маған елдегі ІТ университеттердің білім беру деңгейі төмен секілді көрінеді. Бағдарлама жасақтаудың заманауи үлгісінен және менеджменттен хабардар оқытушыны өз басым көргенім жоқ. Бәлкім, ондай оқыту­шылар легі келу үшін он жылдай уақыт керек шығар. Жалпы, біздегі ІТ-маманның еңбегі арзан болатын. Украина, Беларусь елдері ІТ әле­міне ерте кіргендіктен, олардың сұранысы артып, еңбегінің құны қымбаттады. Бізді­кілердің бағасы енді өсіп жатыр, тиісінше сұра­ныс та арта түсуде. Жуырда Қырғызстан да бұл үрдісті іліп әкетеді деп болжап отыр­мын. – «Кремний алқабында жайлы жұмыс орынға жайғасып алған мамандардың елге қайта қоюы екіталай» дегенді жиі ес­тиміз... – Көп маманның осында қалғысы келетіні рас. Бірақ мен мұндайды ешқашан ойла­мап­пын. Мен Қазақстанға барған кезде рахаттана­мын. Ал ондай сезімді Америкада бастан өт­кермеймін. Америка менің жерім емес еке­нін, менің бұл елге тиесілі емес екенімді сеземін. Бұл елдің менталитеті де маған жақпайды. Ма­ған Қазақстанда жүрген әлдеқайда ұнайды. Осында жүргеніме биыл алты жыл болды. Сол уақыт ішінде байқағаным, қазір жастардың көбі мына бір қарапайым нәрсені түсінбейді: АҚШ-тан Қазақстанға барып-қайту үшін біраз қаражат жұмсалады. Ондай сомадағы ақшаны біреулер қимаса, енді біреуінің жағдайы же­тіңкіремейді. Осындағы көпшілік елге жы­лына бір рет, кейде екі рет ұшады. Ал үйінде сары­лып күтіп отырған, самай шашы ағарып, жүзін әжім әрлеген ата-анасы ары кетсе 10-15 жыл өмір сүреді делік. Сонда олар он жылда ата-анасын максимум 20 рет қана көреді. Ал осы­ның бәрі сол 20 рет кездесуге тұра ма, ай­тыңызшы? Сені дүниеге әкелген, бала кү­нің­нен бар тәттіні ауызыңа тосқан ата-анаңды 20 рет құшақтау саған жеткілікті ме? Ата-анаң да күн­нен күнге жасарып жатқан жоқ. Мұның математикасы өте қарапайым. Тағы бір ай­тарым, елдегі бауырларыңнан тарайтын ұр­пақ сізді туыс ретінде қабылдай алмайды. Елге кел­ген 10 күннің ішінде оларды бір рет көре­сіз, сыйлығын беріп, мәз қыласыз. Бірақ сонда да олар сізді бауырына тартпайды, сізге жат адам секілді қарайды. Арада ешқандай бай­ла­ныс жоқ. Араға жылдар салып осындай мате­ма­ти­каны түсіндім, бірақ өте кеш түсіндім. Әкем 2020 жылы коронавирус өршіп тұрған уа­қытта қайтыс болды. Құдайға шүкір, анам шап­қылап жүр. Осында келе алатын визасы да бар. Бірақ бәрібір елдегідей болмайды.  width=– Қазір FAANG тобына кіретін ірі ком­па­нияларда жұмыс істейтін қазақтар бар білгенін ортаға салып, подкаст жазып, блог жүргізетінді шығарды. Екі бірдей ірі компания таласқан мықты маман ретінде жастарға айтар ақылыңыз бар ма? – Ақыл деген ностальгия ғой. Ақыл – сырт­тан тұжырымдама жасау. Дұрысы, өзіме «Мен 18 жасқа қайтып барсам, қайтер едім?» де­ген сұрақ қояр едім. – Мейлі, 18 жасқа қайтып барсаңыз қай­тер едіңіз? – Айналамдағы адамдарды таңдар едім. Қор­шаған ортаңда лайық адамдар болса сіз ай­тып отырған үлкен компанияларға жұ­мыс­қа тұру оңайырақ. Менде ондай орта болған жоқ. Сол үшін ұзақ жүріп қалдым. Бізде бір компанияда жұ­мыс істейтін ІТ маман екіншісіне мінездеме бере алады. Менде ондай мінездеме сұрайтын адам болған жоқ. Негізі, FAANG тобына кіретін ком­панияларға жұмысқа тұру сәттілік серігің болды деген сөз, бірақ сол сәттіліктің «мүмкіндігін» молайта түсу ке­рек. Ол үшін мен айтқан орта керек. Ірі ком­панияларда еңбек ететін қазақтармен ара­ласқан жөн. Әлеуметтік желілерде дұрыс парақ­шаларға жазылу қажет. Сәттілікті өзіңе қа­рай шақыру керек. Өзімді өзгеден ақылым көп, білімім жетеді деп есептемеймін. Бар бол­ғаны – менің жолым болды. Әрі ортамен тіл та­быса білдім. Netflix басшысы Рид Хэш­тингс­тің «Данышпан есуастардың тірлігіне төзе берме» деп айтқаны бар. Қанша жерден айна­ласын мойындатқан білімді болса да, орта­сымен тіл табыса алмайтын, жағымсыз мінезі бар маман жайлы жерде көп отырмасы анық. Сондықтан бұл салада ақылды болу аздық етеді. Сосын жастарға «ақшаның соңынан ерме» дер едім. Жоғарыда айтқанымдай, жақсы жұмысымды тастап, әкімшілік соттарда әділдік орнатуды көздеген идеяның соңынан кеттім. Ол идея ақшадан көп энергия береді. Сол идеяға сену, сол сеніммен жұмыс жасау ақшадан үлкен мо­тиватор болады. Әлі есімде, сол кезде дым шаршамайтынмын. Аузымнан «жұмыстан шаршап келдім» деген сөз шықпайтын. Сон­дықтан жастар материалдық игілікті ғана діт­темей, өз жұмысынан ләззат алуды үй­ре­нуге дағдыланса деймін.

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ