50496
Мейрам Қажыкеннің сайлауалды штабы қалай жұмыс істеп жатыр? (ВИДЕО)
Мейрам Қажыкеннің сайлауалды штабы қалай жұмыс істеп жатыр? (ВИДЕО)
Бұл сауалға президенттікке үміткер Мейрам Қажыкеннің сайлауалды штабының жетекшісі Абыл Кекілбаев Atameken Business телеарнасына берген сұхбатында жауап берді деп жазды turkystan.kz.
«Мейрам Зекешұлы өз бағдарламасын 14 өңірге барып, таныстырып өтеді. Үгіт-насихат жұмыстарының аяқталуына екі аптадан аса уақыт қалды. Соған қарамастан біздің негізгі мақсатымыз – еліміздің әр түкпіріндегі аймақтарға барып, сол жердегі еңбек адамдарымен кездесу. Қазіргі сәтте Мейрам Зекешұлы үгіт-насихат жұмыстарын Батыс Қазақстан облысында жалғастырып жатыр. Осыдан кейін Оңтүстік Қазақстан облысына баруды жоспарлап отырмыз. Әртүрлі кездесулерде халық арасынан көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Өңірлердегі штабтар да жұмыссыз қалып жатқан жоқ. Үгіт-насихат жұмыстарының басым бөлігін солар жүргізіп жатыр деуге болады», - деді Абыл Кекілбаев.
Сондай-ақ ол халық тарапынан Мейрам Қажыкенге қандай өтініштер жиі түсіп жатқанын да айтып берді.
«Мейрам Зекешұлы экономист болғаннан кейін адамдар көбіне жалақы мәселесі жайлы сұрайды. Сондай-ақ қазіргі жағдайдағы дағдарыс мәселелеріне байланысты пікіріне қызығушылық танытады. Мысалы, әйел кісілер өздерінің зейнет жастарына қатысты сауалдарын да жиі қойып жүр», - деді Мейрам Қажыкеннің сайлауалды штабының жетекшісі.
Әңгіме барысында үмікерге деген халықтың ықыласы туралы да айтылды.
«Ол кісі көптеген елді мекендерге барды. Сол кезде байқағанымыз: жарты сағат, бір сағатқа жоспарланған кездесулер кейде екі сағатқа созылып кетеді. Бұл біздің үміткерге қызығушылық бар екенінің көрсетсе керек. Екіншіден, Мейрам Зекешұлы өзіне қойылған сұраққа жан-жақты бәрін қамтып жауап бергісі келеді. Айта кетейік, ол кісі кейбір аймақтарға бара алмады. Уақыт тығыздығынан Қызылорда, Талдықорған секілді аймақтарға бара алмай қалып жатырмыз. Бірақ сол жерлердегі кәсподақ мүшелері өздерінің каскаларын пошта арқылы біздің штабқа жолдап жатыр. Мысалы, Петропавл секілді кей қалалардан әлі де келе жатқандары бар. Мұны біз еңбек адамдарының біздің үміткерге деген ілтипаты деп қабылдап отырмыз», - деді президенттікке үміткер Мейрам Қажыкеннің сайлауалды штабының жетекшісі Абыл Кекілбаев.