Түркі елдерінің теміржолшылары арасында спартакиада өтті

Түркі елдерінің теміржолшылары арасында спартакиада өтті

Түркі елдерінің теміржолшылары арасында спартакиада өтті
ашық дереккөзі
50147
Өзбекстанда түркі мемлекеттерінің темір жол қызметкерлері арасында спорттық спартакиада өтті деп хабарлады turkystan.kz. Дүбірлі додада Қазақстан құрамасы командалық есепте топ жарды. Теміржолшылар деңгейіндегі мұндай бәсеке алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мақсат - түркі елдерінің бірлігін бекемдеп, ынтымағын нығайту. Байрақты бәсеке Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан теміржолшыларын жинады. Жарыс көркін ерлермен қатар қыз-келіншектер де қыздырды. Командалар кол күрес, шахмат, үстел теннисі, гір көтеру және арқан тартыстан сынға түсті. - Ташкент қаласына шақырып отырғанына рақметімізді айтамыз. Бұл үлкен іс-шара түркі мемлекеттерін біріктіріп отыр. Сонымен қатар, бір-бірімізді танып, жақын болып қалдық, - дейді «Қазтеміртранс» АҚ Шымкент филиалы коммерциялық жұмыстар бойынша бөлімінің басшысы Ерғали Қолдабаев. Командалық есепте ел құрамасы 6 алтын, 3 күміс және 1 қола жүлдені еншіледі. Әсіресе отандастарымызға қол күресте ешкім тең келмеді. Гір көтеру, шахмат және арқан тартыста да қарсыластарын қапы қалдырды. - Жарыс жоғары деңгейде өтті. Достық рух сезіліп тұрды. Түркі мемлекеттерінің алғашқы спартакиадасы қызметкерлер арасында байланысты жақсартып, еңбек өнімділігін арттырады деп ойлаймын. Командалық есепте топ жарып отырмыз. Қол күресте 3 алтын алдық. 10 сайыстың алтауында тұғырдың ең биік сатысына көтерілдік. Алдағы уақытта да осылай жалғасады деген үміттеміз. Алғашқы спартакиада нәтижесі бізді ерекше қуантты», - деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ спорттық нұсқаушысы Роман Подгатец. Спартакиада мақсаты - өзара кім мықтыны анықтау ғана емес, түркі елдерінің бірлігін нығайту. Қазір бауырлас мемлекеттер темір жол саласында серпінді серіктестік орнатып келеді. Спортты жанына серік еткендер жарысты алдағы уақытта дәстүрге айналдыруды көздейді.

Серіктес жаңалықтары