«Санатәліні ешкім сүйреген жоқ»: бапкер жанкүйерлерге жауап берді

«Санатәліні ешкім сүйреген жоқ»: бапкер жанкүйерлерге жауап берді

«Санатәліні ешкім сүйреген жоқ»: бапкер жанкүйерлерге жауап берді
ашық дереккөзі
50200
Иордания астанасы Амманда өтіп жатқан бокстан Азия біріншілігінде 63,5 келі салмақта сынға түскен Санатәлі Төлтаев Өзбекстанның ең үздік боксшысы Руслан Абдуллаевтан ұтылып қалды деп хабарлады turkystan.kz Bassport.kz-ке сілтеме жасап. Бұл отандық жанкүйерлердің ашуына тигені анық. Әлеуметтік желіде ұлттық құрамада  Санатәліні басып озатын спортшылардың бары және олардың Азия чемпионатына жіберілмегені туралы пікірлер айтылуда. Осы орайда, бас бапкер Қайрат Сәтжанов боксшының жеңілісіне қатысты пікір білдірді.
"Азия чемпионатына аттанарда біз екі салмақта спаррингтік кездесулер өткіздік. Яғни, 63,5 және 75 келіге дейінгі салмақта құрлықтық сынға кімнің қатысатынын көпке дейін анықтай алмадық. Егер бір боксшы айқын басымдық танытып тұрса, ойланбастан апарушы едік. Сол себепті, біріншілік қарсаңында спаррингтік кездесулер өткіздік. Аталған жекпе-жектерді федерацияның атқарушы директоры Азиз Қожамбетов, мемлекеттік жаттықтырушы Мерей Ақшалов арнайы келіп тамашалады. Бапкерлер де сол жерден табылды. Аталған сында Санатәлі өз қарсыластарының бәрін жеңді. Алдымен Сұлтан Мусиновты, кейін Мұхамедсабыр Базарбайұлын ұтты. Бүгінгі кездесуге келер болсам, Төлтаев қолынан келгеннің бәрін істеді. Бірінші секундтан бастап, ең соңына дейін тынған жоқ. Шамасы жеткенше айқасты. Бар күш-жігерін салды. Біздің есебімізше, бірінші және үшінші раундтарды Санатәлі жеңгендей еді. Бірақ жеңісті қарсыласқа берді. Егер Азия чемпионатына Санатәлі емес, басқа боксшымыз келіп, тап осы өзбек боксшысымен шығатын болса, ауыр соққы алып қалар еді. Өзбекстан намысын қорғайтын Руслан Абдуллаев негізі қазақ бала. Айтпақшы, бұл Азия чемпионатына бізден және Өзбекстаннан төрешілер келген жоқ. Бұл біздің көңілімізді түсірмейді. Жігіттер жақсы дайындықпен келді. Көңіл-күйлері де тамаша. Желідегі пікірлерді өз басым оқымаймын. Бір анығы, Санатәліні ешкім сүйреген жоқ, ол бұл жарысқа келер алдында өзінің басқа қарсыластардан басымдығын дәлелдеді", - дейді бас бапкер.
Айта кетейік, бұған дейін Серік Теміржанов (57 келі) түркіменстандық боксшыны айқын басымдықпен жеңген болатын.

Серіктес жаңалықтары