«Мәйітті донорлыққа пайдалану үшін туыстарының рұқсаты қажет емес» – министрлік

«Мәйітті донорлыққа пайдалану үшін туыстарының рұқсаты қажет емес» – министрлік

«Мәйітті донорлыққа пайдалану үшін туыстарының рұқсаты қажет емес» – министрлік
ашық дереккөзі
Енді мәйіттің ағзасын алу үшін туыстарының рұқсаты қажет емес. Себебі, қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісетіндер жылдан-жылға азайған деп хабарлады turkystan.kz Astana.tv сайтына сілтеме жасап. Салдарынан, күту парағында тұрған науқас көбейіп, трансплантология мәселесі күрделене түскен. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заңнамаға өзгеріс енгізбек. Елімізде 5 мыңнан аса адам ағза ауыстыруға мұқтаж. Оның барлығы күту парағында тұр. Солардың бірі – 22 жастағы Ерқанат. Тараз қаласының тұрғыны медициналық орталықтан күнде хабар күтеді. Оған қойылған диагноз - бауыр циррозы.
«Донор керек болды. Жалғыз ағамның қан тобы сәйкес келген еді, бірақ оның бауыры нашар боп шықты. Операция көтере алмайды екен. Күн сайын табылып қала ма деп үміттеніп отырамыз», - деді Тараз қаласының тұрғыны Ерқанат.
Алайда, тұрғындардың 73 пайызы мәйіт доноры болуға келіспейді. Денсаулық сақтау министрлігі осылай деп дабыл қағуда. Көбі «адам денесі өзімен бірге жерленуі керек» деген ұстанымда көрінеді. Көпшілік бұлай дегенімен, ағзаға сұраныс бәрібір жоғары. Ауыр дертпен күресіп жатқандар өмір сүргісі келеді. Сұраныс болғандықтан, қазір әлеуметтік желіде өз денесін саудалайтындар да көп. Қазақстанда 6 трансплантация орталығы, 40 донорлық стационар, 16 аймақтық трансплантация үйлестірушісі бар. Олар жыл сайын мәйіт донорына келісетін адам саны азайып жатыр дейді.
«Күту қағазында тұрған бағдарламалардың саны көбейіп бара жатыр. Бірақ мәйіттік донорлардың саны аз. Соған байланысты біздің науқастардың көпшілігі өздігінен қаражат табу арқылы шетелге барып, оталарын жасатып келіп жатыр», - деді Ұлттық ғылыми хирургия орталығы гепатопанкреатобилиарлы хирургия және бауырды трансплантаттау бөлімінің меңгерушісі Мақсат Досханов.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы шариғаттың трансплантацияға рұқсат беретінін айтады. Тек діни және медициналық тұрғыдан кейбір қағидаларға аса мән беру керек.
«Адамның денсаулығына қатер төнген жағдайда тіріден тіріге ағзаларды трансплантация жасау рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға да ауыстыруға болады. Өйткені, өлген адам Құран мен хадисте айтылғандай, тірі адаммен бірдей құрметке лайық болады. Әрі өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырған жағдайда да оның құрметі төмендемейді», - деді Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы.
Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заңнамаға түзету енгізуді жоспарлап отыр. Енді мәйітті донорлыққа пайдалану үшін туыстарының рұқсаты қажет болмауы мүмкін. Бірақ ол үшін азамат тірі кезінде медициналық тексеруден өтуі керек. Сөйтіп eGov.kz порталындағы «Денсаулық сақтау» бөліміне кіріп, трансплантацияға келісім беруі шарт.