Қазақ хандығының көркем тарихы

Қазақ хандығының көркем тарихы

Қазақ хандығының  көркем тарихы
ашық дереккөзі
1225

Жақында «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмі көрерменге жол тартты. Көп ұзамай аталмыш фильмнің кеңейтілген нұсқасы – сериалы қазақ хандығының құрылу тұсындағы тарихи оқиғаларды қалың жұрттың назарына ұсынады. Ілияс Есенберлиннің осы аттас романының желісі бойынша жарыққа шыққан туынды Жәнібек пен Керей сұлтан бастаған ұлы көш қарсаңындағы тарихи тұлғалар мен оқиғаларды қамтиды. Бұған дейін ата-баба тарихынан сыр шертетін, бүгінгі жас ұрпаққа үлгі боларлық қазақ хандары мен сұлтандары, батырлары мен жыраулары, ақылды аналары туралы әдемі баяндалған хикаяның болмағаны рас. Олай болса, осы туынды қарапайым көрерменнің жүрегіне ұлттық рух пен елдік намыс сыйлайды деп сенеміз. Осы орайда сценарий авторларының бірі жазушы, драматург Смағұл Елубаевты әңгімеге тартқан едік.

  – «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмі мен сериалы түсірілді. Қамтыған ауқымы кең. Әзірге сериалды көрген жоқпыз. Осы түсірілген дүниелер қазақ тарихының қай кезеңдерін қамтиды? – Тарих бойынша фильм соғыстан басталады. Бұл – 1457 жылы сол кездегі Әбілқайыр ұлысы мен ойраттардың қоңтайшысы Өз Темірбен арадағы соғыс. Оқиға 9 жылдан кейін 1466 жылы Қазақ хандығының құрылуымен аяқталады. Осы аралықты қамтуға тарыстық. Бұл кинонұсқасындағы қамтылған тарихи кезең. Ал сериалдағы оқиға сәл-пәл әрірек созылады. Бір айта кететін нәрсе, жалпы сценарийдің соңғы екі-үш бөлімі түсірілмей қалды. Ол Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі оқиғаларды қамтитын еді. Тарихта Қазақ хандығы құрылғаннан кейін Шайбан шах, яғни Әбілқайыр бастаған әскер Моғолстанға басып кіреді. Алдымен қазақтардың қоныстанған жеріне шабуыл жасайды. Алайда шынайы тарихта Әбілқайыр соғысқа кірмей тұрып, белгісіз аурудан қайтыс болады. Сценарийде осы тұсы болған, өкінішке қарай, жазылған сценарий аяғына дейін түсірілген жоқ. Соғыс болмай қалғаннан кейін, Жәнібек пен Керей бастаған әскер Сығанақты, Жәнібек пен Керейдің ата-бабасы салған, Ақ орданың астанасы болған қаланы басып алып, Ақорданы қайта қалпына келтіреді. Оны өз ордасымен қосады. Осымен сериал аяқталуы тиіс болатын. Алайда қаржы жетіспеушілігіне байланысты бұл кезеңдер жарыққа шықпады. Осы жерін түсіруді біздің республика басшылары ойлануы керек, өйткені уақиға бітпей қалды, кинода да аяқталмай қалғаны анық көрініп тұр. – Көркем шындық пен тарихи шындықтың сәйкеспеуі қазақ киносында, қазақ әдебиетінде кешірімді саналады (Оған дәлел «Қыз Жібек» фильмі). Кітап желісі мен тарихи мәліметтерді қуалай отырып, сценарий жазылды дедіңіз. Тарихи шындықты қаншалықты қамти алдыңыздар? Қолдан жасалған образдар мен сюжеттер болды ма? – Рас, осы фильмнің идея авторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сценарий негізіне Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романын алыңдар деді. Біз «Алмас қылышпен» шектелгіміз келмеді, роман осыдан 40-50 жыл бұрын, басқа идеология тұсында жазылған. Сондықтан біз сценариді еркін жазғымыз келді. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашидиінен» бастап, осы дәуірге қатысты қол жеткен шығармалардың барлығын қарап шықтық. Оның ішінде академиялық «Қазақстан тарихы» да бар. Мінекей, осыдан ортақ қорытынды шығардық. Негізінен академиялық көзқарас бойынша қай жылы көш басталды, қай жылы аяқталды, қай жылы Қазақ хандығы құрылды деген мәліметтерді анықтауда Дулати еңбегіне сүйендік. Тарихи оқиғалардың бәрі сақталды. Сол тарихтың өзінде қазақ сұлтандары Керей мен Жәнібек Әбілқайыр дан қысым көргеннен кейін халқын ертіп, Моғолстанға көшеді. Моғолстан басшысы Есен-Бұға оларды жақсы қарсы алып, жер берді делінген. Берген жерлерінің аты да көрсетілген. Негізгі қаңқа өзгертілген жоқ. Романның бір пайдасы кейіпкерлердің аты-жөні дайын болды. Жәнібектің әйелі – Жаған бике (Мәдина Есманова сомдады), Жаған бикенің апасы – Аққозы – Әбілқайырдың келіні. Осы тарих Есенберлинде келтіріледі. Оны Есенберлиннің қайдан алғанын айта алмаспын. Сондықтан осыны пайдалана отырып, қазақ аңыздарындағы Әбілқайыр хандығы дәуірінде өмір сүрген Асан қайғы, Қара қыпшақ Қобыланды қосылды. Қобыланды батырдың Ақжол биді өлтіріп қоюы – романда бар. Тікелей сюжет көшірілген жоқ, бірақ киноның талап-тілегіне сай бұл оқиғалар өңделіп, шыңдалып қайта жазылды. Тіпті, кейбір сюжеттер өзгертілген жоқ, мысалы, хан саятына көп өзгерту енгізілген жоқ. Арыстан аулайтын хан саяты Есенберлинде бар, Керей мен Жәнібекті аңшылықта аңдамай атып өлтіру жоспарланған болатын. Қазіргі киноның талап-тілегіне сай осы тұсы қайта жазылды, фильм режиссері Рүстем Әбдірашев бұл сценаны аса шеберлікпен түсірген. Бұндай көрініс адамды бір орында шегелеп ұстап отыратын, таңқалдыратын картина. Қазір көрерменді таңқалдыру қиын. Біздің қоғамның америкалық киноны тамашалағанына отыз жылдай болды. Көрермен де, сыншы да кез келген фильмді Голливуд туындыларымен салыстырады. Соған қарамастан көрермен ретінде осы сцена мені таңқалдырды. Режиссердің шеберлігі байқалады, әлемдік режиссура деңгейіндегі суреткерге айналғаны көрініп тұр. Тағы бір тұсында Әбілқайырдың немересі Шах Мұхамед Қазтуғанның аулын қуып келеді. Сол сцена да тамаша түсірілген. Осылардың арқасында «Алмас қылыш» қазіргі заман кинематографиясының жоғары деңгейінде көріне алды. Бұл қазақ киносының тарихи жанрдағы үлкен белесі. 14532011107i3in-725x – Этнографиялық мәселелер тұрғысынан сауал көп. Тарихшылардың айтуынша, көшпелі өзбек хандығының дәстүрі мен тілі қазіргі қазақ тіліне жақын болған, бірақ кинода олардың киім киісі мен әдет-ғұрпы өзбек, парсыларға жақындастырылыпты. Ал Моғолстан ұйғырларға келеді. Осыны түсіндіріп беріңізші. – Біріншіден, қазақ Әбілқайыр ұлысында қазақ деп аталмаған. Өзбек-қазақтар деп аталған. Ол атау ұлы көштен кейін де ұмытылған жоқ. XV ғасырдың аяғына дейін сақталды. Киімі, жүріс-тұрысы бәрі бірдей болды. Тоқсан екі баулы Дешті Қыпшақ халқының бір бөлігі өзбек болып аталып кетті. Бірақ XV ғасырдан кейін аталған. Фильмдегі Шах Мұхамед Шайбани деген атағынан ат үркетін Орта Азияның ханына айналды. Қасым екеуі түбінде отыз жыл соғысатын дұшпанға айналады. Соның нәтижесінде XVI ғасырдың басында өзбек пен қазақ біржола бөлініп тынады. Кезінде бір ұлыс болған халықпыз. Біреуі жартылай көшпелі, біреуі отырықшы болды. XV ғасырдың ортасында өзгерістер пайда бола бастады. Мысалы, өзбек болып аталып кеткен өзбектер парсылана бастады, өйткені парсылар әу бастан – отырықшы, қалалықтар. Олардың киімі де, билері, музыкасы да парсыланды. Керей мен Жәнібек қаланың ішінде келе жатып, осыны сынайды. «Мынау халқымыз не боп барады? » деп бір есептен қаланың мәдениетін қабылдамай, бір есептен далалық қалпын сақтау үшін де көшті деуге болады. Моғолстан фильмде бірнеше рет аталады. Осында тілі бір, діні бір суан, албан, үйсін тайпалары мекен етеді деп айтады. Есен-бұға шартқа қол қойғаннан кейін ұйғыр сияқты бес-алты қыз ұйғырдың биін билейді. Оның себебі мынада. Моғолстанның шығыс жағында ұйғырлар мекендеген. Алмалық қаласының өзі де қазіргі Шыңжаң аумағында. Сондықтан ол кезде олар араласып отырды. Әсіресе, Алмалық қаласында. Енді бір концерт бергені үшін Моғолстанды Ұйғырстан деп атауға болмайды. Біздің тойымызға келіп, өзге ұлт концерт берсе, біз өзге ұлт атанып кетпейміз ғой. Тарихты ашып қарау керек. Киімі, тілі бір-біріне ұқсап жатса, әрине, жақсы, өйткені біз бір халықпыз. Біз кеше ғана бөліндік. – Сыншылар Жәнібек сұлтан мен оның әйелі Жаған бикенің ролі керемет ашылған деп баға берді. Сіздің ойыңызша, кімнің образы жақсы шыққан? Жалпы, актерлер өздеріне артылған тарихи тұлғалардың бет-бейнесін, мінезін экранда сенімді көрсете алды ма? – Актерлер тамаша ойнады, өз кейіпкерлерін түсіну үшін «Алмас қылыш» романын қайталап оқып жүрді. Фильмдегі ең жарық жұлдыз болуға тиіс кейіпкер – Рәбия ханым болатын. Рәбия бегімнің өзі Әбілқайырдың төртінші тоқалы, Ұлықбектің қызы. Түсірілмей қалған соңғы серияларда Рәбияның тағдыры трагедияға, тауқыметке айналуы тиіс болатын. Жәнібек екеуінің арасында көңілдестік бар деген әңгіме оны түбінде оттың ішіне салады. Сосын түрмеге жабады. Бұл драматургтердің ойлап тапқан сюжеті болатын. Он серия, жиырма серияда халықты ұстап отыру қиын махаббат линиясын енгізген едік. Рәбиа бегімді әулие деңгейіне көтердік, ол өсек-аяңның құрбаны болады. Өзі сұлу, өзі ақылды, шын мәнінде қазақ хандығын, Жәнібек пен Керейді қолдайтын тұлға еді. Керемет кейіпкерді ашуға қаржы жетпей қалды. Екі-үш серияға созылуға тиіс болатын. Бұл фильмнің және бір табысы Рүстемнің актерлер ансамблін жақсы жинай білгені деп ойлаймын. Әбілқайырды Досқан Жолжақсынов сомдады, өз биігінен көрінді, фильмнің жүгін көтеріп тұр. Керейді сомдаған Қайрат Кемалов үндемей тұрса да, кейіпкерінің ойын беріп тұрады, Керей екеніне сендіреді. Жәнібекті серілеу келген Еркебұлан Дайыров тамаша ойнап шықты. Жасы келген Есен-бұғаны Димаш Ахимов да жақсы ойнады. Ал Қазтуғанды сомдаған Бекболат Тілеухановтың әні, жыры, Еділмен қоштасуы тамаша болды. Арман Әсенов Қобыландыдан жарқын бейне жасады. Бір жалт етсе де, есте қалатын кейіпкерлер жетіп жатыр. Асан Қайғыны басқашалау елестетіп едім, режиссер осы актерді бекітті. – Дәстүрлі сұрақ қояйыншы. Жалғасы қашан түсірілмек? Егер жалғасы болса, тарихтың қай кезеңдерін қамтиды? – Бұл оқиға шырқау шыңына жеткен жоқ. Сценарий авторлары Тимур Жақсылықов, режиссер Рүстем Әбдірәш үшеуміздің арманымыз осы оқиғаны Қасым ханның дүрілдеп, тарихтың сахнасына шығып, атадан қалған Ақордаға ие болу тарихына ұластыру және осыны экранға шығару. Осы іске асса, қазақ көрермені де қазақ киносына разы болар еді. – Рахмет!   Көрермен пікірі: Әлия Қабылова, мұғалім: – Фильм өте ұнады, ата-бабаларымыздың, Керей мен Жәнібек хандардың даналығы, көрегендігі мен ерлігіне тәнті боласың. Көптен шыққан айрықша тұлғалар дер едім. Өзім тарих пәнінің мұғалімі болғандықтан, тарихи жайттарға бей-жай қарай алмайтыным бар. Тарих беттерінде де, кинода да осы екі тұлғаның орны ерекше. Қараңызшы, олар соңынан жұртты ерте білді, керемет дипломатияның арқасында бөтен мемлекеттің аумағынан жер алды, өз шарттарын қойып, халқын қоныстандырды. Ал одан кейін Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ұлысына қайтып барып, Шайбани қайтыс болған соң, басқа сұлтандар мен Әбілқайырдың баласы Хайдардан билікті тартып алып, Сығанақты өздеріне қайтарады. Өздерінің көшкен ұлысымен біріктіріп, қазақ хандығының жерін кеңейтеді. Осы тамаша тұлғалардың өмірбаяны мен ерлігі кинода толық болмаса да ашылған, енді сериалында одан да жақсы болар деп сенемін. Ерсұлтан Әлиев, студент: – Мен киносыншы емеспін. Бірақ қазақ киносына жаны ашитын жандардың бірімін. Барлық отандық фильмдерді кинотеатрдан көруге тырысамын. Қазақстандық киноөндірістің титтей де болса дамуына септігім тисін деген оймен, бар таныстарды жиып, ертіп келемін. Міне, «Алмас қылыштың» да премьерасына осылай тобымызбен келдік. Анау кәрістің, түріктің осы тектес сериалдарын көргенде, біздің тарихымыз, батырлар мен хандар туралы фильм қашан түсіріледі деп жүруші едік. Жалпы, жалғасы болса, нұр үстіне нұр болар еді.    

Серіктес жаңалықтары