Қанат Исламның келесі жекпе-жегі 17 ақпанда өтеді

Қанат Исламның келесі жекпе-жегі 17 ақпанда өтеді

Қанат Исламның келесі жекпе-жегі 17 ақпанда өтеді
ашық дереккөзі
Қазақстандық боксшы Қанат Исламның (22-0, 18 КО) келесі жекпе-жегінің қашан өтетіні белгілі болды, - деп хабарлайды Vesti.kz. Боксшы 17 ақпанда Рой Джонстың Нью-Джерси штатындағы Нью парк қаласында өтетін бокс кешінің андеркартында жекпе-жекке шығады. Бұл туралы NelsonsPromotion промоутерлік компаниясының Қазақстандағы өкілі Нұрғазы Ысмағамбетов мәлімдеді. "Жекпе-жек 10 раундқа созылады. Бұл титулды қорғау кездесуі емес. Қанат титулын Қазақстанда қорғайды. Ал қарсыласы жайлы таяуда хабарлаймыз. Қанат Ислам қазіргі уақытта штаттарда, Нельсон Лопездің жетекшілігімен жаттығу жасап жатыр", - деді Ысмағамбетов. Айта кетейік, 32 жастағы қазақстандық соңғы жекпе-жегінде ганалық Патрик Аллотейді жеңген болатын. Кездесу Алматыда 29 қазанда өткен еді. Еске салайық, кеше Fightnews.com басылымы Альварес - Ислам жекпе-жегі өтуі мүмкін деген қауесеттің тарағанын хабарлаған. Сол қауесетке сенсек, Альварес - Ислам жекпе-жек 6 мамырда өтеді делінеді. Осыдан кейін ресейлік белгілі комментаор Григорий Стангрит мамыр айында мексикалық Сауль "Канело" Альварес қазақстандық боксшы Қанат Исламмен жекпе-жек өткізуі мүмкін деген қауесетке қатысты пікір білдірген еді. "Неліктен өтуі мүмкін емес? Мұндай жекпе-жекте бәрі де болуы мүмкін. Бірақ, әрине, күте тұрған абзал. Бұл Чавестің (Хулио Сезар Чавес - мексикалық боксшы) командасының Альвареске түсіріп отырған қысымы да шығар", - деп атап өтті Стангрит.