Көрші елдің көші: салмағы мен салдары
Көрші елдің көші: салмағы мен салдары
Ресей билігі ішінара мобилизация жариялағалы бері көрші ел азаматтарының бір бөлігі шекара асып жатыр. Көштің бір бағыты бізге де бұрылды, сәйкесінше әсерін де сезіп үлгердік. Содан бері бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып, түрлі пікір, болжам тудырды. Осыған байланысты тақырып төңірегіндегі өзекті сұрақтарға жауап іздеп, мигранттар көшін саяси, экономикалық, демографиялық аспектілерден, заң тұрғысынан қарастырып, мамандармен талқылап көрдік. Келушілердің әсері қандай болуы мүмкін? Экономикалық салдары қандай болады? Ішкі нарықтағы абыр-сабыр жалғаса ма? Ресей билігі «қашқандарға» тосқауыл қоюға неге құлықсыз болып отыр? Біз тосқауыл болсақ ше? Келгендер көп пе, кеткендер қанша? Келгендердің бәріне азаматтық беріле ме? Мақалада осы және өзге де сұрақтар қамтылады.
300 мың адам әскерге шақырылады
21 қыркүйекте Ресей билігі ішінара мобилизация жариялады. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу жалпы саны 300 мың адам шақырылатынын мәлімдеді. Бұл шешім көрші ел халқының наразылығын тудырды. Ресми мәлімдемелерге сәйкес, бірінші кезекте жауынгерлік тәжірибесі бар запастағы әскери қызметшілер шақырылады. Яғни, қазір Ресей әскеріне ең алдымен кәсіби және дайындалған әскери адамдар қажет болып отыр. Бұған дейін Ресей үкіметі мобилизация жарияланбайтынын айтып келген болатын. Дегенмен оқиға басқаша өрбіп отыр. Мұндай шешім шығаруға не түрткі болды? Мобилизация жарияланғаннан кейін басталған «қашқындар» көшіне Ресей билігі неліктен тосқауыл қойып, шекараны жауап, шара қабылдамай отыр? Саясаттанушы Жұмабек Сарабековтің пікірінше, эмигранттар көші Ресей билігінің мақсатына еш әсер етпейді.Жұмабек САРАБЕКОВ, саясаттанушы, ӘЭСИ сарапшысы:
Қашып жүрген азаматтар Ресей билігі үшін қауіп емес
– Ресей Федерациясындағы мобилизацияның ішкі себептері туралы айтсақ, ең алдымен бұл әскери қажеттіліктен пайда болған шешім. Күні кешеге дейін Ресей билігі мобилизация болмайды деп қайталап келді, себебі Кремль мұндай қадам азаматтардың ашу-ызасын тудыратынын жақсы түсінді. Бірақ қыркүйектің аяғына қарай Ресей армиясы Донбаста соққы алып, Харьков облысында, кейіннен Донецк төңірегінде жеңіліске ұшырады. Одан бөлек, Херсон, Запорожье бағыттары бойынша да украин әскері Ресейдің басып алған территорияларына қауіп төндіре бастаған болатын. Және ең бастысы – жарты жылдан асып бара жатқан соғыс қимылдарының нәтижесінде Ресей армиясының жеке құрамы да біраз азайып, адам шығынын толтыру қажеттілігі туындаған. Осының бәрін ескере отырып, Кремль 21 қыркүйекте мобилизация туралы шешім шығарды. Енді осы уақыт ішінде Ресейден 700 мыңға жуық адам кетіп қалған, кей сарапшылар бұл көрсеткіштің тіпті миллионнан асып түсетінін айтып жатыр. Мобилизациядан қашып жүрген ресейліктердің басым бөлігі Грузия, Еуропалық одақ және Қазақстан сияқты елдерді паналауға тырысып жатыр. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан ресейлік «қашқындардың» ең жиі таңдайтын елдерінің бірі болып отыр. Мұндай миграциялық толқынның қабылдаушы елдер үшін әртүрлі саяси және экономикалық әсері болатыны түсінікті. Қазақстан жағдайында өзіміз байқап отырғандай, ресейліктер қоныстай бастаған үлкен қалаларда пәтер бағасы күрт өсіп кетті. Одан бөлек, жергілікті автомобиль нарығымызда да ресейліктерге көлік сатумен байланысты спекулятивтік жайттарды байқап отырмыз. Нәтижесінде, ішкі нарықтағы баға өсімі байқалып отыр. Онсыз да инфляция өршіп тұрған экономикамыз үшін бұл – әрине үлкен негатив. Бірақ бұл тек қысқа мерзімде көрінетін эффектілер. Меніңше, алдағы уақытта Қазақстандағы ресейлік азаматтардың ары қарайғы қозғалысын жіті бақылап, соған байланысты болжамдар мен қорытындылар жасауға болады. Себебі келушілердің бір бөлігі Қазақстанды транзиттік пункт ретінде қарастырып, еліміз арқылы үшінші мемлекеттерге қоныс аударуды көздеп отыр. Белгілі бір бөлігі Ресейге қайтатыны түсінікті. Ресей билігі үшін мобилизациядан қашып жүрген азаматтар саны қандай да бір қауіп төндіріп отырған жоқ. Яғни, әзірге кетіп қалғандардың кесірінен мобилизация жүзеге аспай қалады деген сөз жоқ. Одан бөлек, мобилизация үшін елінен кеткен ресейліктердің біраз бөлігі соғысқа қарсы адамдар, яғни Кремль үшін бұл қоғамдағы белсенді наразылардың саны азаяды дегенді білдіреді. Мүмкін, осы үшін Ресей билігі «қашқындарға» аса қатты тосқауыл қойып отырған жоқ деуге болады.Көші-қон сальдосы – 53 мың адам
Ресей ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін елден кеткендер саны күрт өсті. Олардың басым көбі біздің елдің, Грузия, Армения, Финляндияның шекарасын асқан. Frontex Еуропа шекара және жағалау күзеті агенттігінің 27 қыркүйектегі соңғы есебіне сүйенсек, 19-25 қыркүйек аралығында Еуропалық одаққа 66 мың ресейлік кірген. Агенттіктің мәліметінше, бұл оның алдындағы аптаға қарағанда 30 пайызға артық. Грузияның ішкі істер министрі Гомелаури Ресейде мобилизация жариялағаннан кейін Грузияға күн сайын 10 мыңға жуық Ресей азаматы келіп жатқанын мәлімдеген еді. Министрдің сөзіне сүйенсек, одан бұрын Грузияға келетін ресейліктер саны бұдан екі есе аз болған. Ресей билігі елден кеткен адамдардың саны туралы ресми деректерді жариялаған жоқ. Қазір бұқаралық ақпарат құралдары статистиканы басқа елдердің деректері негізінде жариялап жатыр. 4 қазанда Forbes Ресей басылымы ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін елден 700 мыңға жуық адам кеткені туралы мәліметтерді Кремльдегі дереккөздерге сілтеме жасай отырып жариялады. Бірақ олардың қаншасы турист, қаншасы басқа мақсатта елден шыққанын есептеу әлі мүмкін емес екені ескертілген. Ал 6 қазанда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Д. Песков бұл ақпаратты жоққа шығарды. Кейіннен Ресейдің "Коммерсант" басылымы эмиграцияның екінші толқыны екі апта ішінде бәсеңдеді деп жазды. 23 қыркүйекте бізге келіп жатқан Ресей азаматтарының күрт көбеюіне байланысты Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі ресми мәлімдеме жасап, мигранттардың келуін бақылап отырғанын хабарлады. – Шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібі заңмен реттеледі. Бірде-бір шетел азаматы көші-қон заңнамасының талаптарын орындамай, мемлекетіміздің аумағында жүруіне жол жоқ, – деп жазылған ресми мәлімдемеде. 4 қазанда Ішкі істер министрі Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан бері біздің шекарадан 200 мыңнан астам ресейлік өткенін айтты. Министрдің сөзіне сүйенсек, осы уақыт аралығында 147 мың адам кеткен, яғни келгендер кетіп жатыр. Көші-қон сальдосы әзірге – 53 мың адам. Ресейде мобилизация басталмай тұрып көші-қонның жалпы сальдосы 20 мың адам болған еді. Жалпы, демографиялық тұрғыдан алып қарағанда, еліміздегі халық саны тек табиғи өсімнің әсерінен ғана өсіп отыр. Ал көші-қон сальдосы бізде бірнеше жыл қатарынан теріс көрсеткішке шығып келеді. Яғни, елімізге көшіп келгендерден кеткендер аз. Мигранттың жаппай келуі бізде бірінші рет болып отыр. Қоғам бұл жаңалықты сәл тосаңсып қабылдағандай, соның ішінде елдің демографиялық ахуалына алаңдау байқалғандай болды. Бірақ соңғы мәліметтерге сүйенсек, келгендердің қайта кетіп жатқаны байқалады. Осыған байланысты Ресейдегі мобилизация біздің елдің демографиясына қаншалықты әсер етеді деген сұрақты демограф маманнан сұрап білдік. Аяулым САҒЫНБАЕВА, демограф: Мигранттардың демографияға әсері олардың елде қалу-қалмауына байланысты айқындалады – Халық саны шын мәнінде де табиғи өсім арқылы ғана көбейіп отыр. Себебі жылма-жыл біздің көші-қон сальдомыздағы айырмашылық көбейіп жатыр. Бұл эмиграцияның ұлғайып, иммиграцияның азаюымен сипатталып отыр. Ресейден келген мигранттардың халық санына қаншалықты әсер етуі мүмкін деген сұрақтың жауабы келіп жатқан адамдар тұрғылықты біздің елде қала ма, қалмай ма, соған байланысты айқындалады. Уақытша, яғни 90 күнге келген азаматтар халық санының есебіне тіркелмейді. Тек осында тұрғылықты тұруға өтініш беріп, белгіленген құжат жинап, тұрғылықты мекенжай алғаннан кейін ғана халық санына қосылады. Қаншалықты қосылатынын білу үшін әлі уақыт керек, себебі заңға сәйкес олар 90 күн тіркеусіз жүре алады. Яғни, елге келгенін хабарлайды, бірақ тұрғылықты мекенжайға тіркелмей жүруге құқығы бар. Сондықтан қазір, яғни 90 күн өтпей жатып олардың Қазақстан халқының динамикасына, демографиясына қаншалықты әсер етеді деген сұрақтарға нақты жауап беру мүмкін болмайды.Көштің экономикаға әсері қандай?
Ресей азаматтары шекарадан өте бастағаннан-ақ біздің елде де абыр-сабыр байқалды. Жалпы, мигранттарды халық түрліше қабылдады. Бірі көмек көрсетуге асықса, бірі шекараны жауып, келгендерді кіргізбеу керек деген пікірлер болды. Себебі әр сала бойынша ішкі нарықтағы бағалар құбылды. Мигранттардың келуінің экономикалық салдары болатыны түсінікті, дегенмен спекулятивтік жағдайлар көбейген соң халықтың бір бөлігінің наразылығын тудырды. Экономист сарапшы Мақсат Серәлі мигранттардың келуін экономикалық жағынан талдап берді.Мақсат СЕРӘЛІ, экономист:
Мигранттардың басым бөлігі бізге транзит ретінде қарап отыр
– Шекарадан адамдардың кіріп-шығуына тосқауыл қойылса да, ол тауар айналымына еш әсер етпейді. Қазір біздің, көршілес елдердің тауарлары біз арқылы өтіп, Ресейге жетіп жатыр. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттық деңгейі рекордтық көрсеткіш көрсетіп отырғаны да жасырын емес. Бұрын тек біз Ресейден тауар тасымалдап келген болсақ, енді біз де Ресейге тауар кіргізіп жатырмыз. Тек бір нәрсені ескеру керек, олар – отандық тауарлар емес, басқа мемлекеттерден келген, басқа елдер өндірген тауарлар. Бұл жерде біз тек транзиттік-экспорттық жүйені атқарып тұрмыз. Жалпы алғанда, транзиттік мемлекет ретінде ұтып тұрмыз: өткен тауарлар, кеден, салық түсімдері белгілі бір деңгейде кіріс саналады. Мигранттарға тоқталар болсақ, олар Ресейдегі саяси-экономикалық жағдайға байланысты келіп жатыр. Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметіне сүйенетін болсақ, олардың басым бөлігі біздің елді транзит ретінде қолданып отырғандар, яғни бізден басқа елге кетіп жатқандар. Ресейде қазір әуебилеттері өте қымбат. Бізге келіп, бізден билет алып, үшінші мемлекетке аттанып жатыр. Одан бөлек, бізде Ресеймен көрші бірнеше облыс бар. Мәселен, Самарадан Астанаға немесе Оралға ұшақ арқылы емес, құрлық жолдары арқылы келіп, одан соң бізден басқа елге әуебилетін сатып алу әлдеқайда тиімді. Тағы бір айта кететін мәселе, көп жағдайда Ресейден келіп жатқан азаматтар бұрын осында тұрған немесе осында туыстары бар азаматтар. Екінші кезекте орта немесе орта таптан төмен тапқа жататын азаматтар келіп жатыр. Орта таптан жоғарылар басқа елдерге орналасып алды. Олардың келуінің бірден-бір артықшылығы – олар тауар, қызмет түрлерін тұтынады, ақша кіргізеді. Бұл, әрине экономикаға оңтайлы серпін береді. Бірақ таяқтың екі ұшы бар, қазір өздеріңіз байқап отырғандай, жалға алатын пәтер, үйдің қымбаттауы байқалды. Қарапайым экономиканың заңдылығы – сұраныс көбейді. Сұраныс көбейген сайын баға да өседі. Сонымен қатар қазір көрші ел азаматтары бізге рубльмен немесе доллармен келіп жатыр, оның барлығын теңгеге ауыстыратындықтан, валютамыздың нығаюына аз да болса септігін тигізеді. Бірақ теңгенің рубльге қатысты бағамын бұрынғыдай нығайтуға қауқарсыз, ондай үлкен ақша массасы, ондай үлкен сұраныс жоқ. Яғни, бұл – уақытша құбылыс. Бұл тенденция қай уақытқа дейін жалғасатыны әлі түсініксіз, дегенмен қазір Ресейден кеткісі келетін орта таптан жоғары азаматтар кетіп, басқа жаққа орналасып алды, ал орта тап өте көп, яғни миграция көші әлі де жалғасатын сияқты.Пәтерақы нарығы: отқа тамызық
Оқу жылының басында пәтерді жалға алу нарығында басталатын абыр-сабырды мигранттардың көші тіптен үдете түсті. Статистика бюросының ресми мәліметіне сүйенсек, бір жыл ішінде елімізде пәтерді жалға алу бағасы 47 пайызға өскен. Соның ішінде соңғы екі айдағы өсім 30 пайыз екен. Қыркүйек айында тұрғын үйдің бір шаршы метріне шаққандағы жалдау ақысының орташа бағасы 4 612 теңге болды. Ал тамызда баға 4 029 теңге болатын. Алматыда жалдау ақысы орташа көрcеткіштен әлдеқайда жоғары: бір шаршы метрге – 5 611 теңге. Мигранттар көші тек қыркүйектің аяғында басталғанын ескерсек, бұл сандар тұрғын үй жалдау құнының еселеп өсуі одан бұрын басталғанын негіздейді. Яғни, бәрі сұраныс пен баға бір-біріне тура пропорционал болатын нарық заңына сай болды. Жағымсыз, бірақ қалыпты жағдай. Одан бөлек, мигранттар көші тұрғын үй жалдау нарығының көлеңкелі секторы өзекті мәселе екенін байқатқандай болды. Әлеуметтік желіде тараған даулы мәселелер, үйді алдын ала ескертпей босатуды талап ету, аяқастынан бағаны қымбаттату – барлығы үйді заңсыз жалға беріп отырғандар тарапынан болып отыр. Өкінішке қарай, бізде жалға беру, жалға алу мәдениеті әлі толық қалыптаспады. Жалға беруші де, жалға алушы да құқығын білмейді. Құқық туралы айту да абсурд, себебі нотариус куәландырған шарттар, міндетті құжаттар жоқ, заң жүзінде бекітілмеген, сәйкесінше салық төленбейді, бұл жалға беруші үшін де, жалға алушы үшін де үлкен қауіп тудырады. Дегенмен саладағы сарапшылардың көбі бұл нарықты қолдан реттеу жағдайды оңалтпайтынын, тіпті мәселені одан әрі ушықтыра түсетінін айтады. Тұрғын үйді жалға алу нарығындағы өзгерістерге мигранттардың әсері, көлеңкелі сектор туралы сарапшы Дәулет Мұқаевтың пікірін білдік. Дәулет МҰҚАЕВ, экономист, тұрғын үй нарығының сарапшысы: Жыл аяғына қарай баға түсуі ықтимал – Ресейдегі мобилизацияның ықпалынан көрші ел азаматтары түрлі елге көшіп кетіп жатыр. Ең алғашқы жаппай қоныс аудару ағыны бұдан бұрын, наурыз айында, соғыс жарияланған кезде болған еді. Дегенмен ол кезде ресейліктердің басым бөлігі Түркияға, Еуропа елдеріне, Дубайға кетіп үлгерді, бізге келгендер саны аз болды. Сол кезде Түркияның нарығында да тұрғын үй бағасы, пәтерді жалға беру бағасы бірден өсті. Міне, арада 6 ай өтіп, мобилизация жарияланғаннан кейін ресейліктер ең жақын аймақтарға немесе осы аймақтар арқылы кетіп жатыр. Үйдің бағасының қымбаттауы уақытша құбылыс деп ойлаймын. Жылдың аяғында немесе жаңа жылдың басында жалдамалы пәтер бағасы сәл де болсын арзандауы мүмкін. Шамамен 20, мүмкін 25 пайызға түсуі ықтимал. Себебі елге келіп жатқан ресейліктер елімізде тек 90 күн болуы керек. Басқа елге шығып, қайта кіретіндер де болады. Бірақ, жалпы қатты әсер етпейді. Иә, тұрғын үй нарығында, соның ішінде пәтерді жалға беруде көлеңкелі бизнестің үлесі көп болып тұр. Бірақ ол мемлекет бюджетіне қатты бір түсім әкеледі деуге келмейді. Себебі жалға беретін адам БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) төлеп-ақ кәсібін жүргізе береді. БЖТ – 3 063 теңге, бір АЕК, оның тек 10 пайызы ғана әлеуметтік аударымға кетеді. Екіншіден, ол адам жеке кәсіпкер болса да, жеке кәсіпкерлер қазір бізде жыл соңына дейін салықтан босатылған. Жалға алушының құқығы бойынша, ол міндетті түрде үй иесімен келісімшартқа отырғаны дұрыс. Бір жылда үйдің бағасын инфляция деңгейіне байланысты 10 немесе 15 пайызға ғана өсіре алады деген талаптар қарастырылуы керек. Әрі кетсе 20 пайыз деуге болар, дегенмен дамыған, дамушы елдерде 15 пайыздан асырылмайды. Пәтер иесі қыста жалға алушыларды шығара алмайды, «мүлкін сататын күннің өзінде 1 ай бұрын ескертуге тиіс» деген сияқты мәселелер де заң аясында қарастырылуы керек. Осындай дүниелерді ескермегендіктен, көп жағдайда құқығымыз да тапталып жатады. Үкімет тұрғын үй нарығындағы көлеңкелі бизнесті реттеп, күресеміз, бақылауға аламыз десе, үйдің иесі көп қиналмайды, заң аясында төлеуі керек төлемдерді үйдің бағасына қоса салады. Сәйкесінше, бұл бағаның өсуіне әкеледі.Заң не дейді?
5 қазанда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 70 мың ресейлік ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі – республика аумағындағы әрбір жеке тұлғаға берілетін бірегей 12 таңбалы код) алғанын мәлімдеді. Бұл ресейліктердің біздің елге түбегейлі көшіп келгенін білдірмейді. ЖСН шетел азаматына банкте шот ашу үшін қажет. Оны кез келген ХҚКО-дан бір күнде алуға болады. Ол үшін тек төлқұжат жеткілікті. Әуелде бірнеше рет айтып өткеніміздей, заңға сәйкес ЕАЭО азаматтары Қазақстанда 90 күн ғана бола алады. Келгеннен кейін үш күн ішінде қабылдаушы тарап (қонақүй, үй иесі және басқалар) келген басқа ел азаматы туралы көші-қон полициясына хабарлауы керек. Келуші төлқұжат деректері, жоспарланған тұрғылықты мекенжайы және келу мақсаты туралы ақпарат беруге тиіс. Осыдан кейін шетел азаматына 30 күн ішінде Көші-қон полициясы басқармасына тіркелу қажет болады. Онсыз Ресей азаматтары Қазақстанда 30 күн ғана қала алады. Ал 90 күннен артық қалғысы келгендер онда уақытша тұруға рұқсат немесе ықтиярхатқа құжат тапсыруы қажет. Ал азаматтықты тек 3 жылдан кейін ала алады. Жауапты органдар заң бұзғандар бақылауға алынатынын мәлімдеген болатын. 28 қыркүйекте Ішкі істер министрлігі бақылау кезінде көші-қон заңнамасын бұзған 45 700 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 4 200-і мәжбүрлі түрде Қазақстаннан шығарылғанын хабарлады. Мәжбүрлеп шығарылғандар 5 жыл ішінде елімізге қайта кіре алмайды екен. Оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 3 200 ресейлік жауапқа тартылған. Бұл – елге келген Ресей азаматтарының тек 0,2 пайызы. Қорытындылай келе, мигранттардың көшінен туындаған абыр-сабыр бәсеңдеп келеді деп айтуға болады. Сарапшылар да мұны уақытша үрдіс деп отыр. Яғни, келушілер біз арқылы басқа елдерге өтіп жатыр. Қалатындар да болуы мүмкін, бірақ олардың үлесі өте аз болмақ. Ішкі нарықтағы құбылулар Ресей азаматтары келгенге дейін де болған, мигранттар легі оған тек тағы бір толқын қосқандай. Дегенмен Ресей азаматтарының келе бастағанына бір ай да болған жоқ, кесіп-пішіп айтуға әлі ерте, көштің нақты қандай әсері болатынын уақыт көрсетеді.