Гибралтар бұғазын гидрокостюмсіз жүзіп өткен тұңғыш қазақ

Гибралтар бұғазын гидрокостюмсіз жүзіп өткен тұңғыш қазақ

Гибралтар бұғазын гидрокостюмсіз жүзіп өткен тұңғыш қазақ
ашық дереккөзі
Отандасымыз Құрал Жоламан Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының бір-бірімен тоғысатын жерінде орналасқан әйгілі Гибралтар бұғазын гидрокостюмсіз 5 сағат 58 минутта жүзіп өтті. Испанияның Тарифа қаласынан Африканың Марокко қаласына дейінгі 16,7 шақырымды жүзіп өткен Құрал мұндай ерлік қазақтардың да қолынан келетінін дәлелдегісі келгенін айтады. Десе де ол бұл марафон туралы қазақстандық БАҚ жарыса жазып, ізінше толассыз хаттар мен сансыз қоңыраулар келіп түсетінін күтпесе керек. Тарифадан күні кеше оралған Құралға хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Соңғы аптада отандық журналистер сізді Ақтау тұрғыны деп жарыса жаз­ғанға сонда тұратын болар деп ойласам, олай емес екен. Гибралтар бұғазын жү­зіп өту үшін Каспийде жаттығу жұ­мыстарын өткізгеніңізге бола көбі солай жазса керек. – Негізі, мен – Маңғыстаудың пер­зен­ті­мін. Ақтауда №26 мектеп табалдырығын ат­­тап, кейін 8-сыныпта ондағы IT лицей мек­тебіне ауыстым. Мектеп қабырғасында жүр­геннен бастап білім қудым десем артық айт­паймын. Мектепаралық, қалалық олим­пиа­даларға қатысып, жүлделі орындар ие­лен­дім. 10-сыныпта сол кезде барлық оқу­шы­ның арманы болған «XX ғасыр көшбасшысы» ин­теллектуалдық сайысына Ақтау қалас­ын­да­ғы іріктеуден мүдірмей өттім. Сосын Алма­ты­­ға барып, онда өткен апталық ойында 3-орын­ды місе тұтып, айлық ойынға өте ал­­май қалдым. Есесіне туған інім Құрмет ап­­­­талық кезеңнен өтіп, айлық ойында 1-орын­ды ұтып алды. Мектеп бітірген соң КИМЭП-ке Есеп және аудит факультетіне оқуға түстім. Сосын ондағы халықаралық биз­нес құқығы мамандығын оқытатын ма­гистратура бөлімінде білімімді жетілдірдім. Мен өте белсенді студент болдым. Сту­дент­тер­ге шамам келгенше көмектесуге тырыс­тым. «Жақсылықтың жақсылықтан басқа қайтарымы жоқ» деген сөз рас екен. Кейін сол студенттердің дауыс беруі бойынша Сту­дент­тер қоғамының қаржы мәселесі жөнін­дегі вице-президенті қызметіне тағайын­далдым. Одан бөлек, достарымызбен бірге сту­денттерге әртүрлі курсты тегін үйрететін Itutor платформасының негізін қаладық.  width=Осындай жұмыстарым үшін КИМЭП-тің президентінен марапат қағаз бен мінездеме алдым. Бұл PwC халықаралық компания­сы­ның Алматыдағы кеңсесіне жұмысқа тұруы­ма септігін тигізді. Кейін аталған компания­ның Дубайдағы кеңсесіне ауысып, онда екі жыл жұмыс істедім. Кейін штаб-пәтері Дубайда орналасқан, 7 клиника, 20-дан астам ауру­ханаға жетекшілік ететін, әлемдегі ірі ме­дициналық провайдер Mediclinic Middle East компаниясына ауыстым. Қазір осында аға қаржы талдаушы болып жұмыс істеп жүр­геніме үш жылдың көлемі болды. Ал бұл байрақты бәсекеге Каспийде дайындалғаным рас. Себебі Дубайда мамыр айынан соң теңіз­ге түсу мүмкін емес. Жаздыкүні аптап ыстық. Судың температурасы 35-40 °C-ге дейін кө­теріледі. Әрі үйде онлайн форматта жұмыс істе­гендіктен, Ақтауға барып, дайындалуға еш­теңе кедергі болмады. – Өзіңіз айтқандай, мектеп жасынан бас­тап тек білім қуған болсаңыз, спорт­қа, соның ішінде суда жүзуге де­ген қызығушылық кейін пайда бол­ды ма? – Негізі, кезінде бокспен шұғыл­данғанмын, бірақ ата-анам бокс жарақат қаупі жоғары спорт түрі бол­­ғандықтан, білімге ден қоюым­­ды қалады. Ал жүзу спор­­тына келсем, шынымды ай­тайын Ақтауда теңіздің жаға­сында тұрсам да, жаға­лау­дан ары тереңге жүзіп көр­ме­генмін. Ашық суда жүзуге Ду­бай­да қызыға бастадым. Онда түр­лі спорт қоғамы бар, ірі жарыстар мен марафондарға қатысқандар өз же­тістігін ортаға салып, жиі талқы­лай­ды. Бірде олар әңгіме арасында Қа­зақ­стан­да Гибралтар бұғазын гидро­костюм­сіз жү­зіп өткен ешкім жоқ екенін айтып қал­ды. Олар­дың бұл айтқаны мені желпін­діріп тас­тады. Себебі сол кезде «Неге бізде ондай мық­тылар жоқ? Біз де жүзе аламыз ғой. Неге ма­ған жүзіп өтпеске?» деп қанаттанып, бар уақытымды ашық суда жүзуге арнайтын болып шештім. Жалпы, ашық суда жүзе бас­тағаныма 4-5 жыл уақыт болды. 2018 жы­лы Босфор бұғазын жүзіп өттім. Босфордан соң қайтсем де Гибралтарды жүзіп өтуім керек д­ег­ен мақсат маза бермей қойды. Оның үс­тіне, Гибралтар — Жерорта теңізін Атлант мұхитымен байланыстыратын, Африка мен Еуропаны бөліп тұрған құр­лық­ара­лық бұғаз. Оны бағындыру – әуесқой жүзуші үшін мәртебе.  width=–Жаңылыспасам, 2017 жы­лы заңгер Ержан Есім­ха­нов Гибралтар бұғазын жү­зіп өткен алғашқы қазақстан­дық атан­ған, бірақ ол сіз еңсерген қашық­тық­ты гидрокостюммен жүз­­ді. – Иә. Ашық суда жүзумен айна­лысуыма ол кісінің тікелей ықпалы бар. Себебі бұл істі қолға алғалы бері оның әлеуметтік желідегі жазбаларын үз­бей оқып, өзіме керегін түртіп алып жүр­дім. Осылайша, бұл спортқа деген қы­зығушылығым еселей түсті. Ержан аға – Гибралтар бұғазын гид­рокостюммен жүзіп өткен алғашқы қа­зақстандық. Негізі, мен гидрокостюммен де, гид­рокостюмсіз де жүзіп, өз әлеуетім мен жүзу жылдамдығымды тек­серіп көрдім. Гидрокостюммен жүзу әл­деқайда жеңіл екені айтпаса да түсінікті. Үстіңде арнайы киім болған соң судың бетін­де қалықтап тұрасың. Әрі тоңбайсың. Оны ки­сем еш қиындықсыз жүзетінімді жақсы білдім. Бірақ мен қазақ­тардың арасында гидрокостюмсіз де жүзе алатын шыдамды, төзімді азаматтар бар екенін дәлелдегім келді. Гибралтарды гидро­кос­тюмсіз бағындырған тұңғыш қазақстан­дық атанғым келгенін де жасырмаймын. Мен оқыған мәліметке сенсек, осы уақытқа дейін Гибралтарды 1,653 адам жүзіп өткен, оның 745-і гидрокостюмсіз, ал қалғаны гидро­кос­тюм­мен жүзген. Енді сол қатарға мен де қосыл­дым.  width=– Былтыр Ла-Манш бұғазын гид­ро­костюм­сіз жалғыз жүзіп өткен отан­да­сы­мыз Мәдина Құрман­баева­мен сұхбат­тасқаны­мыз­да ол бұл әйгілі бұғазды жүзіп өту үшін екі жыл бұрын тірке­л­генін айтқанда таңғалғанбыз. Сізде де солай болды ма? – Иә. 2018 жылы ұйымдастыру­шыларға ха­барласқанымда олар кемі екі-үш жыл күту керек, бірақ одан да ұзақ уақыт­қа созылуы мүмкін екенін айтты. Марафон өтетін күн бе­­­­кітілсе де, қашан бастайтының белгісіз. Бү­кіл процесс біз бол­жап біле алмайтын ауа райына байланысты. Мысалы, біздің алды­мыздағы және бізден кейінгі командалар ауа райының қолайсыз­дығына байланысты жүзе алмай, кезектері келесі жылға ысырылды. Ал келесі жылға тір­келгендердің кезегі тағы бір жылға шег­е-р­ілді. Осылайша, біз ойламаған жер­ден жүзу уақыты ұзара беруі ықтимал. Мен досымның досы болып келетін марок­ко­лық­пен бірге жаттықтым. Кейін дайын­ды­ғы бізбен ша­малас тағы екі марокколықпен бірге төртеу болып жүзуге келістік. Біз негізі 2020 жылы жүзуіміз керек болатын, бірақ пандемия салдарынан Испания аумағындағы бар­лық жарыс тоқтатылды. Сол жылы ашық бассейн­де көп ай бойы жаттығып, сақадай сай жүрген едік, кейінге шегерілгенін есті­генде көңіл күй түсіп, ештеңеге зауқым соқ­пай қалды. Бірақ әр істің қайыры бар, одан соң бұрынғыдан бетер дайындалуға уақыт та, әлеует те жеткілікті болды. Содан кейін Ду­бай­да өткен Oceanman жарысында 10 шақы­рым қашық­тыққа екі рет жүздім. Өткен жы­лы Ақтауда жазда үш ай бойы дайын­далдым. Апта сайын 5-6 шақырымнан 20-25 шақырымға дейін қашықтықты еңсердім. Ал демалыс күндері 10-15 шақырымға дейін жүзіп, 4-6 сағат судан шықпайтынмын. Биыл тамыз-қыркүйек айларында тағы сол Каспийдің толқынымен жағаласып, суының суық­тығына денемді үйреттім. Таң атпастан қасыма достарымды ертіп алып, қайыққа мініп, ашық теңіз бетінде екі-үш сағаттан жүзу­ді әдетке айнал­дырдық. Жалпы, Кас­пийдің суы қолайлы, шіл­де айында судың тем­пературасы 15-16 °C-ге дейін көтеріледі. Де­немді шынықтыруға оңтайлы жер сол Каспий болды. Бізде Бурабай, Қапшағайда ашық суда жүзу марафондары жиі өткізіледі. Каспийде неге өткізбейтініне таңғаламын.  width=– Facebook желісіндегі жеке парақ­шаңызда «Ең көп уайымдағаным судың температурасы болды» деп жазасыз. Су­дың температурасы төмен болса гид­ро­костюмсіз жүзуге рұқсат етілмей ме? – Бізге он күн уақыт берді. Сол он күннің бірінде, теңіз беті тыныш болғанда жүзуіміз қа­жет болды. Даладағы ауа райы керемет бо­лып тұрғанымен, теңіз толқынының бағыты күрт өзгеріп отырды. Сөйтіп, біз бір апта бойы теңіздің тынышталуын сарыла күттік. Судың температурасын уайымдаған себебім, біз барған кезде күн жылы болып, ертесі күрт суып, судың температурасы 15°C-ге дейін түсіп кетті. Сол кезде 40-50 минут суда жүзген соң денем қалтырап, жаурай бастадым. Сосын «Бұлай болса, алты сағатқа шыдай аламын ба?» деген күмән пайда болды. Сегізінші күні таң­да ұйымдастырушылар «Бүгін ауа райы жақсы. Теңіз де тыныш. Түс қайта бастау­ларыңыз керек. Дайын болыңдар» деді. Алла­ның қалауымен сол күні судың температурасы 17°C-ге дейін көтерілді. Сол кезде жас балаша қуанғанымды көрсеңіз. Ұйымдастырушылар 3-4 шақырымды жүзіп өткеннен кейін судың температурасы тағы 1-2 градусқа жыли түсе­тінін айтты. Сонымен қатар олар бізге алты-жеті сағаттың ішінде жүзіп өту қажет екенін, одан соң күн батып, қиындық туатынын ескерт­ті. Досымыз екеуіміз гидрокостюмсіз жүз­дік, қалған екеуі гидрокостюм киді. Сөйтіп, 30 қыркүйек жұма күні сағат түскі бір жарымда жүзуді бастадық. Алайда тол­қынның бағыты оңтүстік-батыстан сол­түстік-шығысқа өзгеріп, бізге үлкен кедергі кел­тірді. Жерорта теңізі жағынан тулаған тол­қын бізді әбден ығыстырып, бағыт сызыл­ған сызықтан шығарып жіберіп тұрды. Сон­дықтан бізге жүзу қарқынымызды түсірмеу керек болды. Осылайша, Испанияның Тарифа қаласынан Африканың Марокко жағалауына дейінгі 16,7 шақырымды 5 сағат 58 минутта жүзіп өттік.  width=– Соңдарыңыздан арнайы қайықта ресми бақылаушылар мен көмекшілер жүзіп отырады ғой? – Иә, екі ресми бақылаушы отырған қайық­тың соңынан жүзіп отырдық. Ал қа­сымызда жүзіп отырған қайықтағы екі кө­­мекші әр 45 минут сайын бізді тоқтатып, су­с­ын мен жеңіл тағамдар ұсынып отырды. Бірақ толқын бізді Атлант мұхитына қарай лақ­тырып, бағытымыздан тайдыруға тырыс­қан­дықтан, нәр татып алуға небәрі 30-40 секунд қана жұмсадық. Тіпті, сол бірнеше секунд­қа тоқтағанның өзінде толқын бізді 150-200 метрге дейін ысырып тастап отырды. Сол кезде бақылаушылар «Тез қимылдаңдар. Көп тұрмаңдар. Тіпті, қазір сендерге бес секунд­тың пайдасы зор» деп бізді қамшылап отыр­ды. Соңында «Шамамен 14-15 шақырым­ды жүзіп тастадық. Құрлық қайда кеткен?» деп сәл уайымдағаным рас (күліп). Кейін алыс­тан құрлықтың төбесі көрініп тұрса да, бір орында тұрғандай күй кештім. Төрт сағат­тан кейін бақылаушылар «Енді тоқтамау керек. Суды құрлыққа жеткенде бір-ақ ішесің­дер» дегенде мәз болып, жағалауға ары кетсе 40-50 минутта жетерміз деп ойладық. Алайда одан соң тағы екі сағат жүздік. Себебі жаға­лау­ға жақындаған сайын толқынның жыл­дам­дығы көтеріледі екен, осылайша, бізді бұрын­ғыдан бетер «лақтырып» отырды. Сөй­тіп, алты сағатта жағалауға жеттік. – Осындай екі мұхиттың, екі құр­лық­тың арасын бөліп тұратын бұғаздарды жүзіп өтуде тек физикалық дайындық аздық ететінін жиі естіп жүрміз. – Иә, алты-жеті сағат бойы ашық теңізде жүзу қиынның қиыны. Бұған психологиялық тұрғыда да тастүйін дайын болуың керек. Бұл спортпен бұрыннан айналысып келе жатқан кәсіби спортшылар 3-4 сағат қана жүзіп, кейін­нен жалғастыруды бас тартқанын талай рет естідім. Олар дене қалыбын жақсы ұста­ған­мен, орта жолда психологиялық кедер­гі­нің шырғалаңына шырмалып «Мен мұнда өзімді қинап не істеп жүрмін?» деп орта жол­дан беріле салады. Үрейге бой алдырсаң, бол­ды. Менталды тұрғыда өз-өзіңнен жеңіліп қаласың. Ойың шашырап, әу баста жағалауда көкейіңде сайрап тұрған мақсатың көкке ұшады. Сол үшін жүзу кезінде тек жағымды жайт­тарды ойлауға тырысу керек. Мысалы, мен жүзген кезде болашағымды, алға қойған мақсаттарымды, ата-анамды, отбасымды ойла­дым. Сондай-ақ өзіммен бірге алып кел­ген Қазақстанның Туын жағалауда желбіретіп тұрғанымды елестету арқылы өзімді алға жетелеп, сүйрелеп отырдым. Жалпы, Гибрал­тар бұғазын жүзіп өтуді алдыма мақсат етіп қойғалы бері Қазақстанның Туын көкке көтеруді аңсадым. Сол мақсатыма жеткеніме қатты қуанамын. Марокконың жағалауына жет­кен соң тек сол елдің туын көтеру керек екен. Әрі біз ол жағалауға табанымыз тиген соң кері қайттық. Себебі менің визам жоқ бол­ғандықтан, ол елдің аумағына кіруге рұқ­сат жоқ. Бірақ мен қайығымызға оралған соң Туымызды көкке көтердім. Сосын біздің мара­фон бастау алған Испанияның Тарифа қа­ла­сына жеткенде тағы көтердім.  width=– Бұл ісіңізбен көпшілікке үлгі болға­ныңызды сезіне алдыңыз ба? – Иә, аздап (күліп). Жастар менің бұл ісім ар­қылы тәуекелге барудан, үлкен асуларды бағындырудан қорықпаса екен деймін. Өт­кенде елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» марафон бәйгесінде Маң­ғыстау командасы елордадан Түркістанға дейін­гі 1 200 шақырымды артқа тастап, бірін­ші орынды иеленгенін естіген боларсыз. Туыс­тарым «Мына жақта шабармандар Маң­ғыстаудың атын шығарып жатса, ана жақта сен біздің өңірді әйгілеп жүрсің. Маңғыстау­дың жылқысы секілді Маңғыстаудың жігіті де төзімді болатынын байқаттың. Жарадың!» деп ақжарма тілектерін толассыз жаудырып жатыр. Шынымды айтсам, қазақстандық БАҚ мен туралы бұрқыратып жазады деп күтпедім. Басында туыстарым ғана құттықтайтын бо­лар, сосын Ақтаудағы жергілікті бір-екі сайт мәлімет берер деп ойладым. Ертесі әлеуметтік же­лідегі парақшаларымды ашқанда көп адам­ның ыстық лебізін оқып таңғалдым. Сосын «Қазақстан» телеарнасынан шығатын «1001 түн» бағдарламасы хабарласты. Артынша екі-үш телеарна өкілдеріне сұхбат бердім. Әлі күнге дейін хабарласып, хат жазып жатқан кісілер бар. Уақыт айырмасына қарамастан оларға тәжірибемді бөлісіп, ақыл-кеңесімді айтып жүрмін. Мені бұл сайысқа баптаған бапкерім «Енді келесі жылы әйгілі Ла-Манш бұғазын бағындыр. Сен оған дап-дайынсың» деп ақылын айтты. Бірақ қазір мені алға жетелейтін басқа мақсат бар. Суда жүзу – менің хоббиім. Мен онсыз да Қазақстанның атын әйгілей аламын. Бұйырса, Американың Стэнфорд, Гарвард немесе Ұлыбританияның Оксфорд, Кембридж секілді жетекші оқу орындарында білімімді жетілдіріп, елге өз сала­сын жетік білетін кәсіби маман ретінде орал­ғым келеді. Қазір жатсам да, тұрсам да осы мақсат ойымнан кетер емес. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ