Қайтарылған жер халықтың игілігіне беріледі

Қайтарылған жер халықтың игілігіне беріледі

Қайтарылған жер халықтың игілігіне беріледі
ашық дереккөзі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қай­тару жөнінде нақты тапсырма берген бола­тын. Ауыл шаруашылығы саласындағы осы түйінді мәселені ше­шу мақсатында «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы еліміздің өңірлерін аралап, пай­даланылмай бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару ісі­мен айналысып келеді. Жақында Ақмола облысындағы 60 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қай­тарыл­ды. Осы орайда Ақмола облысының Жер ресурстарын бас­қару департаментінің басшысы Ерғали Қалжанұлымен ха­бар­ласып, мемлекет меншігіне қайтарылып жатқан жер мә­селесі жөнінде сұраған едік. – Ақмола облысында ауыл шаруашылығы мақ­са­тын­дағы жер көлемі қанша және қалай пайдаланылып жатыр? – Облыс бойынша ауыл ша­руа­­шылығы мақсатындағы жер кө­лемі – 10 млн 914 мың гектар. Оның ішінде егістік жерлер – 6 млн 41 мың гектар, жайылым жер – 4 млн 441 мың гектар. Ақ­мола облысының аумағында ауыл шаруашылығы жерлерін пай­далануға қатысты мо­ни­то­ринг ақпараттық тех­ноло­гия­лар­ды қолдана отырып, жүр­гі­зі­леді. Жер қатынастары бөлімдері жайылымдық және егістік жер­лер­ге қатысты мәліметтермен та­нысып, Qoldau.kz порталынан алын­ған космомониторинг нә­тижелерін талдайды. Бүгінде облыс бойынша 2 144 жер иеленуші жалпы ау­да­ны 2 млн 455 мың гектар жайы­лым, ау­мағы 191,6 мың гектар бо­­­ла­тын 306 жер учаскесін (егіс­тік жер) пайдаланбағаны анық­тал­ды. Осыған қатысты шара қол­да­нылып жатыр. Қазір тұр­ғын­дар 581,9 мың гектар жер­ді пай­далануға кірісті. Оның 506,7 мың гектары – жайылым, 75,2 мың гектары – егістік жер. 171,5 мың гектар жер мемлекет мен­шігіне қайтарылды. Оның 159,5 мың гектары жайылым бол­са, 12 мың гектар – егістікке ар­налған жер. 336 мың гектар жер кепілге алынған. Оның ішін­де жайылым – 320 мың гек­тар, егістік – 16 мың гектар. Со­нымен қатар 782,9 мың гек­тар жер тиімсіз пайдаланылған. Жергілікті атқарушы орган­дар­дың меншігінде 774,3 мың гек­тар пайдаланылмаған жер (жайылым – 685,9 мың гектар, егіс­тік – 88,4 мың гектар) қалып отыр. – Жақында облыста 60 мың гектар жер мемлекет мен­шігіне қайтарылғаны ту­ралы ақпарат тараған бо­ла­тын. Қайтарылған жерді пай­далануға өтінім берген­дер бар ма? – Осыған дейін жалпы аума­ғы 275 мың гектар болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қай­та­рыл­ды. Енді бұл жер мал жаю және шөп шабу үшін пайдала­ны­латын болады. Жерді қай­тару­­дағы мақсат – азаматтарды жайы­лыммен қамтамасыз ету. – Ақмола облысы тұр­ғын­да­ры үшін жайылымның же­тіспеуі өзекті болып отыр. Өйт­­кені тұрғындардың бар­лығы дерлік мал шаруа­шы-­лы­ғымен айналысады. Ен­ді бұл мәселе қалай шеші­леді? – Ақмола облысының аума­ғын­да мал шаруашылығы үшін жайылым алқаптардың тапшы­лы­ғы байқалғаны рас. Әлеумет­тік шиеленісті болдырмау мақ­са­тында қабылданып жатқан ша­ралардың бірі – ауыл шаруа­шы­лығы тауарларын өндіру­ші­лер­мен жерді бірлесіп пайдалану ту­ралы меморандум жасасу. Бүгін­де 333,4 мың гектар жерге қа­тысты меморандум жасалды. Бұдан бөлек, биыл елді мекендер шекарасына жалпы ауданы 42 мың гектар жерді енгізу бойын­ша іс-шаралар өткізу жос­пар­ла­нып отыр. Астрахан ауданының әкім­дігі 8,9 мың гектар алқапты ауыл­­дық округтерге жайылым жер­лер ретінде бекітуге қатысты іс-шара өткізді. Сондай-ақ 1,1 мың гектар жерді (Есілден 563 гек­тар, Зерендіден 500 гектар) мем­лекет мұқтажы үшін пай­да­лану жоспарда бар. Мұнымен қо­са, Бұландыдағы 1,9 мың гек­тар жерді жайылымға қосу күн тәр­тібіндегі мәселе болып отыр. Қазір пайдаланылмай, бос жат­қан жерді қайтару бойынша жұ­мыс жүргізіліп жатыр. Бұл жер халықтың игілігіне беріледі. Жергілікті атқарушы орган бұл мә­селені бақылауына алды. – Жер ресурстарын бас­қару департаментінің жұ­мы­сы қалай жүріп жатыр? Осы уа­қытқа дейін қанша тексе­ру ұйымдастырылды? – Ақмола облысының Жер ре­сурстарын басқару депар­­та­мен­ті – жерді пайдалану мен қор­ғау, мемлекеттік бақылау са­ласындағы саясатты іске асы­ра­тын мемлекеттік мекеме. Жер заң­намасының сақталуын қам­тамасыз етеді, сондай-ақ жер қа­­тынастары саласындағы заң­на­маның бұзылуын анықтайды, жояды. Биыл департамент 216 тек­серу жүргізді. Тексеру нәтижесі бойын­ша 170 ұйғарым берілді. Оның 56-сы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қа­тыс­ты болып отыр. Ал 114-і мем­­­­­лекеттік органдардың жұмы­сымен байланысты. Департамент тексеру жұ­мыс­тарын жүргізгеннен кейін 48 субъект ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы 116 мың гектар жер­ді пайдаланып жатыр. – Тексеру барысында қан­­дай заңбұзушылықтар анық­талды? Жер иелену­ші­лер негізінен қандай заң­сыз­дық­тарға барған? – Негізгі заңбұзушылық ту­ра­лы айтар болсақ, жер иелері ал­ған жерін тиісті мақсатта пай­­­даланбаған. Мемлекеттік ор­гандардың жер қатынастары жө­ніндегі бөлімі жер заңна­ма­сы­ның нормаларын сақтау бойын­ша тексеру жүргізді. Оның нәтижесі бойынша, жер бөлу заңдылығы бөлігінде бір­қа­тар заңбұзушылық анықтал­ған. Соттың қарауында 141,1 мың гектар алаңға қатысты 23 та­лап арыз жатыр. Оның 3-еуі 41,3 мың гектар ауыл шаруа­шы­лы­ғы мақсатындағы жерді мәж­бүр­леп алып қоюға қатысты болса, 20-сы 99,8 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатын­да­ғы жердің заңсыз берілгені жөнінде. Қазір 275 мың гектар жер жалға алу мерзімінің аяқ­талуына байланысты ерікті түр­де мемлекет меншігіне қай­та­рылды. Қалған пайдаланыл­ма­ған жерді қайтаруға қатысты жұ­мыс жалғасып жатыр. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ