Ираннан келген қандастар кері көшкелі жатыр
Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына Иран Ислам Республикасынан келген қандастар мемлекет тарапынан төленетін квотаны ала алмай жүр. Жергілікті әкімдік өкілдері дипломы жоқ азаматтарға қаржы мүлде берілмейтінін мәлімдеді. Қандастардың басым көпшілігі жұмысқа да орналаспаған деп хабарлады turkystan.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
«АУДАН ӘКІМ АУЫР СӨЗ АЙТЫП БАЛАҒАТТАДЫ...»
Хамит Шадкам Иранның Горган қаласынан көшіп келген. Ол аудандық әкімдік берген үйге қоныстаныпты. Баспана үшін белгілі мерзім аралығында 8 млн теңге төлейді. Қандас қазіргі тұрып жатқан үйінің сапасына, жұмыстың жоқтығына, квотаның уақтылы берілмей жатқанына шағымданады. Айтуынша, осы проблемаларын аудан әкіміне жеткізбек болған әрекетінің соңы жанжалмен аяқталыпты.
«Аудан әкімі Рахат Смағұлов мені балағаттап, ар-намысыма тиді. Ауыр сөз айтты. Кәдімгідей орысшалап, үш әріпке жіберді. Квота берілмей жатыр. Үйде жейтін тамақ жоқ. Аудан әкімінің орынбасары Арман Дүсенбинов маған қол көтерді. Оның соңынан іле полиция қызметкерлері келді. Шенеунік араға адам салып, үстінен арыз жазбауға көндірді. Үш баласы барын, үстінен шағым түсірсем, ол жұмыстан шығарылып, бейкүнә сәбилер қиналып қалатынын айтты. Сөзге тоқтадым. Бірақ жағдайымыз мүшкіл. Үй суық, жылымайды. Қылышын сүйретіп қыс келеді. Күніміз не болары белгісіз», - дейді Хамит Шадкам.
Бөлісу: