Талғамы дұрыс еместің алғаны дұрыс емес

Талғамы дұрыс еместің алғаны дұрыс емес

Талғамы дұрыс еместің алғаны дұрыс емес
ашық дереккөзі
«Талғамға талас жоқ» деген бір тәмсіл бар, кей жағдайға дұрыс келгенімен жалпы пай­далы сөз емес. Неге? Өйткені адамзат ақыл-ойы­ның дамуы көп нәрсенің терістігін дәлел­деумен келеді. Адамның ақыл-есімен бір­ге талғамының да қалыптасатыны бел­гі­лі, бірақ соған дер кезінде мән бермеген ата-ана ұрпағының өскенде рухани жарым­жан болып қалуына жол береді. Ендеше «тал­ғамға талас» бар. Биік талғамға зеректік пен білім­ді­лік, рухани бекзаттық жол бастай­ды. Ал оның бастауында дұрыс тәрбие тұ­­ра­­ды. Қазақта «Ұяда не көрсе, ұшқанда со­­ны алады» деген бар, яғни от­ба­сының өнегесі бәрінен маңызды деген сөз. Әри­не, Абай айтпақшы, «ойға түсіп ойла­нып, өз мінін қолға алып», отбасынан ке­­мел тәрбие алмаса да ізденіп, өзін-өзі же­­тілдіріп, ортасынан оза шауып шық­қан­дар болады, бірақ олар некен-саяқ және олар­дың солай дұрыс жолға түсіп кетуіне бәрі­бір талғамды өсіретін жағдайлар себеп болады. Ертеде қазақ көргенді адамдарды «ел көрген, жер көрген» дейтін болған. Демек, ондай ел көрген, жер көрген кісі­лер­дің талғамының да ерекше келетінін біл­ген. Ал халық қай жерден нені үйренуге бо­лады, қайткенде адам көп біледі, сол ар­­қылы қалай жетіледі дегенді жақсы ес­керген. Бұл нәрсеге өнер адамдары да көп көңіл бөлген. Шаршы топқа түспеген Сөз қадірін білмейді, Иығына ілмеген Бөз қадірін білмейді. Елден шығып көрмеген Ел қадірін білмейді, Шомылмаған суында Көл қадірін білмейді, – деген халық термесі соның нақты айғағы болса керек. Сол сияқты Абайдың: Бір жерде бірге жүрсең басың қосып, Біріңнің-бірің сөйле сөзін тосып. Біріңді-бірің ғиззәт, құрмет етіс, Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып. Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс, Оның қадірін жетесіз адам білмес. Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас, Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес, – деуінде де талғам қалыптастыру мәселесі бар. Бұл – тұтас қазақи тәрбиенің қағида­сы. Қазақта үлкеннің сөзін сыйлау, білген­нің ойын тыңдау деген өнегенің мәні. Әр ұлттың өзіндік болмысы, соған сай тәрбиесі болады. «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» деген де қазақи мәрт­тік, сөзге тоқтау деген өнегенің көрі­ні­сі, яғни, талғам. Сөзді, сөз білгенді сый­лау. Сұлулыққа сүйсіну, үйлесімділікті бағалай білу деген өздігінен пайда болатын нәрсе емес, оған талғам қалыптас­тыру жолында ақылды, талантты біліммен толықтыру арқылы жетсек керек. Өнерде клас­сика деген ұғым бар. Ол жалпыға та­ныс, көпшіліктің мойындаған зат не құ­бы­лысқа қарата айтылады. Классикалық дү­ниелердің бәрі қай салада болса да әб­ден жетілген ұғым не үлгі. Сондықтан түр­лі талғамның себебінен пайда болған зат не құбылысты классикалық үлгімен са­лыстыра отырып бағалай аламыз. Әдебиет пен музыка, өнер мен ғы­лым­да да классиканың рөлі зор. Се­­­­бебі классика да талғамды қалыптас­тыру­шы ұғым. Айталық, Абай, Мағжан, Мұқағали, Тө­ле­ген өлеңдерін оқып, бойына сіңірме­ген адамға ұйқасқанның бәрі өлең көрінуі мүмкін. Ал өмір бойы көше әндерін тың­дап өскен адам Димаш Құдайбергенді тың­дап, түсініп, қызығып ләззат ала ал­мауы мүмкін. Неге? Себебі әдебиет пен му­­­зыканың ең озық түрімен таныс емес адам­ның талғамы да биік болмайды. Сол сияқ­ты драма дегеннің не екенін білмейтін адам театр сахналарынан көрсетіліп жат­қан спектакльдерді түсінбейді. Ал опера туралы түсінігі жоқтарға олар әнді ретсіз ай­қайлап қатты дауыспен айтатын адам­дар мен аяқтарын оңды-солды сермейтін біреулердей көрінеді. Қайсы бір сала бойынша шала бі­лім­ді адамдарды әдетте дилетант дей­міз. Дилетантизм де талғамды бүлдіре­тін нәрсе. Сондықтан нені болса білу бір басқа да, оны терең түсінудің жөні бөлек. Қайсы бір нәрсе болса да олардың ғылыми анықтамасын білудің ар­тық­шылығы жоқ. Мәселен, «Жантану атау­ларының түсіндірме сөздігі» деген кі­тап­та (Алматы: «Сөздік-Словарь», 2006) тал­ғам туралы былай дейді: «Талғамдар – же­ке адамның немесе әлеуметтік топ­тар­дың көркем шығарманы, сұлулықты кейіп­сіздіктен ажырата білу қабілеті. Тал­ғам – эстетикалық сананың саласы. Өмір­дегі сұлулықты, табиғат көріністерін, ең­бек пен әлеуметтік қарым-қатынастағы, же­ке адам бойындағы әсемдік көріністерді ба­ғалай, қабылдай білу қасиетін талғам­паздық қасиет деп бағалайды. Талғам адамның дүниеге, қоршаған ортаға деген көз­қарасын білдіреді». Демек, талғамның өзі де бір қабілеттілікті – таным қабіле­ті­нің жетілгендігін білдіреді екен. Сондық­тан біздің «талғампаз» дейтін адамдарымыз- құбылыстар мен заттарды қадір-қасиетін білетіндер. Ал өнерге келгенде эстетикалық тал­ғам дегенді жиі қолданамыз. Ол не? Бұл ту­ралы «Философиялық сөздік» кітабында мы­надай анықтама берілген: «Эстетикалық тал­ғам – әртүрлі эстетикалық қасиеттерді көңіл күй сезімімен бағалау, ең алдымен сұлулықты, әсемдікті ұсқынсыздықтан ажы­рата білу жөнінде қоғамдық практика қа­лыптастырып тастаған адам қабілеті. Өнер шығармалары бағаланатын жағ­дай­да эстетикалық талғам деп көркемдік тал­ғамды атайды. Эстетикалық талғам шын мәніндегі сұлулықтан ләззат алу қабі­ле­тін, еңбекте, тұрмыста, мінез-құлықта, өнер­де әсемдікті қабылдап, жасау қажет­тігін білдіреді. Керісінше, нашар, эстети­ка­лық талғам адамның шындыққа эсте­ти­калық көзқарасын бұрмалайды, оны на­ғыз сұлулыққа немқұрайлы етеді, ал кей­де адамның сұрықсыз нәрселерден ләз­зат алуына апарып соғады. Эсте­ти­ка­лық талғамның дамуы оның өмірі мен өнер­дің эстетикалық игіліктерді қанша­лық­ты терең және жан-жақты танып-білуі­мен сипатталады. Дамыған эстети­ка­лық талғам қалыптастыру – эстетикалық тәр­биенің аса маңызды міндеттерінің бірі». Түсінген адамға осы анықтамада үлкен шындық бар. Қазіргі дәуірде бос сөз, мәнсіз музыка, натуралистік көрі­ніс­тері мен дөрекі сөздер, қарым-қаты­нас­та алдау мен алаяқтық неге көбейіп кетті деген сауалға бір ғана адамдар эстетикалық тал­ғам қалыптастырудан айырылып қал­ды деп жауап беруге болады. Эстети­калық тал­ғам қалыптаспаған жерде көр-жерді ұйқастыра беретіндердің бәрі ақын, тіліп бұрап, алқынып-жұлқынып ән салатын­дар­дың бәрі әнші, аузы-аузына жұқпай сөй­легеннің бәрі шешен секілді болып көрінеді. Қазір бізде осы үрдістер бел алып кет­кені сонша, талғамы қалыптаспаған жұрт қайсысының шын, қайсысының жалған екенін айырудан қалды... Бүгінгі қоғамда тіл безегіштер қит етсе «талғамға талас жоқ», «әркім­нің өз шындығы бар» деп шыға келеді. Тал­­­ғамға талас болмаса, сұлуды сұлу, ке­сір­сізді кеспірсіз дей аламыз ба? Табиғи сұлу­лық пен жасандылықты айыра аламыз ба? «Әркімнің өз шындығы» болса, шын­дық әлдебіреулердің жеке меншігі бола ма сон­да? Шындық деген бәріне ортақ факт пен көзқарастың бірлігі емес пе? Адамзат қоғамы бүгінге жетем дегенше та­лай-талай дәуірлерді асып өтті, ақыл то­лысты, сана өсті, ғылым дамыды, көз­қа­рас қалыптасты. Демек, талғам мәселесінде талас болуы да, шындық жайында ортақ көз­қарас болуы заңды. Әрине, саясат, мә­дениет жөнінде ұлттық шеңберде түсінік болуы мүмкін, бірақ кейде оны айыптау­дың да қажеті жоқ, себебі елдік мүдде қай мемлекетте де болады. Оған да әсер ететін талғам деген құбылыс. Жаһандану дәуірінде дамыған ақ­параттық технология тұрмыс­тық деңгейде болмаса, рухани жағынан біртектілікке жеткізбейді. Себебі ол – құрал. Сондықтан бұл мәселеде де талғам болуы тиіс. Талғам адамның болмысын белгі­лей­ді, сондықтан адамның сөзіне, көз­қарасына қарап отырып оның талға­мы­ның қандай екенін білу қиын емес. Тіп­ті талғамға белгілі бір саяси жүйе мен дәуірлердің де қаншалықты әсер еткені де оңай байқалады. Ұлттың болмысы тілі мен дінінен, тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпынан құра­лады. Сондықтан ол өзінде жоқ әдет пен құбылысқа тітіркене қарайды. Мәсе­лен, бір кезде мектеп оқулықтарында жүр­ген көрнекті қазақ жазушысы Ғабит Мү­сіреповтің «Талпақ танау» деген әңгімесі бол­ды. Осы бір әңгімеден кеңестік кезеңде қа­зақтың діни түсінігі мен ұлттық дәс­түрі­не қалай шабуыл жасалғаны, кеңестік ке­зең­нің қаламгеріне сол кездегі сая­сат­тың қалай әсер еткені – бәрі-бәрі айқын көрінеді. Әңгіменің кейіпкері – қазақ кісі­нің қалай шошқа бағуға жегілгені, шош­қаларды жаюға шыққанда оның жұрт­тан қуыстануы, шошқаларды қазақ ауы­лына әкелген адамның оның қор­сыл­даған дауысын ұнатпай «әй, арамсың-ау» деп жақтырмай тұруы, қазақтың әйелі болған орыс келіншектің торайларды сүй­сіне көтеріп алып қораға тасуы... мұ­ның бәрі кеңестік саясаттың тек төрт-түлік­тің еті мен сүтін тұтынып үйренген ел­дің талғамын бұзу үшін әдейі жасалған қы­састық екенін танытып тұр. Ұлттың талғамы өзге жұрттармен араласқанда да бұзылады. Мәселен, бү­гінгі қазақтың темекі тартатыны да, арақ ішіп тост айтатыны да, шошқаның майы салынған колбасаны шімірікпей жеуі де – орыстармен араласқаннан кейін­гі дәуірдің жемісі. Демек, біздің бүгінгі тал­­ғамымыз белгілі бір дәрежеде орыс­тан­ды. Оны жасырудың керегі жоқ. Қазіргі ең нәзік мәселенің бірі – на­ным-сенім жөніндегі талғамымыз да өзгерді. Бұрын қазақтың мұсыл­ман­шы­лы­ғы діннің халық дәстүрімен үйле­сім­ді­лігіне негізделсе, бүгінгі діни жорал­ғы­лары­мыз арабтанып бара жатыр. Тіпті діни түсініктердің өзін де арабша ұғыммен атай­мыз (бәрекелді демей машалла, бұйыр­са деудің орнына иншалла, ауыз- а­шар демей ифтар, т.б.). Солайша, бүгінгі қазақтың тал­ғ­а­мы­на шеттен келген түрлі экспанция­лық үдерістер қатты әсер етіп жатыр. Де­мек, не нәрсеге де қазақи тұрғыда қарау, ба­­ғалау, тұтыну қиындап бара жатыр. Ал мұның соңы ұлттық сана-сезімнің күй­реуі­не әсер етпесе не қылсын...
P.S. Өткенде бір жігітпен таксиде келе жатып әңгімелесіп қалдым. Сөзінен нағыз қа­зақи ортада тәрбие алған жігіт екені байқалып тұрды. Әңгімеден әңгіме шығып, бү­гінгі жастар туралы айтыстық. Ақыры әңгіме қазақ қыздарының шетке кетіп жат­қанына ойысты. Сол кезде әлгі жігіт: «Бұрын ауылдан шыққан қазақтың қыз­дары өзге ұлтқа үрке қарап тұратын еді, қазір кез келген елдің азаматының етегінен ұстап кете беретін болды. Тіпті ол еуропалық па, араб па, африкалық па – таңдап, талғап жатқан жоқ. Бұл неден екен? Әлде отбасында қазақы тәрбие аз ба немесе шетелде өмір сүру қызық деп ойлай ма? Ата-анасы оларға өз ұлты жайлы түсінік бермей ме, әлде» деп таусыла сөйледі ол. Мен не дейін, «қазіргі жастардың көзі ашық қой, ел көрген, тіл біледі. Өмірін өзгеше қылып сүргісі келетін шығар. Оның үстіне, мы­на заманда біреуге бірдеңе деудің өзі қиын ғой» дедім. Әрине, менікі де оңған жауап емес екенін білемін, бірақ одан артық не дей алам? Сол кезде есіме өзімнің жас кезім түсті. Ол заманда қыздар қалай еді? Артық әре­кетке жол бермейтін, бүгінгідей жігітпен көшеде қалай болса солай қол ұста­сып кете бермейтін еді ғой. Ал әдемі қыздар... паң, тәкаппар келетін. Оларға кез кел­ген жігіт сөз айта алмайтын, олар да кез келген жігітке бұрылып қарай бер­мей­тін. Бір сөзбен айтқанда, өз бағасын жақсы білетін. Ал қазір ше? Қалада жүрсең кез келген елдің жігітінің қолтығынан ұстап бара жатқан әп-әдемі қаракөз ару­ларды жиі ұшыратасың... Жақында желіден оқып қалдым, бір әйелдің кішкене қызы дүкенге барғанда құбыжықтар туралы мультфильм кейіпкерінің қуыршақ мүсіндерін әпер деп қиғы­лық салыпты. Әйелдің өзі де таңданып «баяғыда біздер мұндай ойын­шық­тармен ойнамақ түгілі, түрінен қорқатын едік қой» деп таңданады. Әрине, ондай кес­пір­сіз нәрселердің талғамды бұзатыны анық. Құбыжықпен ойнап өскен бала әдемілікке құштар бола қояр ма екен?.. Демек, талғамы дұрыс емес баланың ата-ана тәрбиесінен, қоғамнан алғаны дұрыс емес.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ