«Саяси реформалардың тиімділігіне мән беруіміз керек» – Серікзат Дүйсенғазы

«Саяси реформалардың тиімділігіне мән беруіміз керек» – Серікзат Дүйсенғазы

«Саяси реформалардың тиімділігіне мән беруіміз керек» – Серікзат Дүйсенғазы
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысының жалпы саяси реформаларына қатысты ЕҰУ Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы пікір білдірді деп хабарлады turkystan.kz.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Президенттік өкілеттіктің мерзімін 7 жылға соза отырып, бір реттік мерзіммен шектеу жайлы ойын айтқанда әртүрлі пікір туындап жатты. Мысалы, біреулер бұрынғы биліктің жолын қайталау десе, кейбіреулері неліктен АҚШ-тағыдай 4 жылға ғана сайланбайды деді. Қоғамда алуан пікірдің болуы заңдылық қой. Оның үстіне жұрт билік басындағы тұлғалардың бұрынғыдай ұзақ мерзім президенттікте отырып қалуынан да қорықса керек.  Десе де Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі өзгерістері рет-ретімен жүзеге асып келе жатыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының елімізде жасап жатқан саяси реформаларын қолдаймын. Жаңа көзқарастар мен бастамалардың нәтижесінен зор үміт күтемін. Сондықтан мұндай шешімдер ел игілігіне жұмыс істейді деп есептеймін. Бәлкім, билік құрылымындағы саяси шешімдердің бірі болар. Саясаткер болмағаннан кейін тап басып анық айта алмаймын. Бірақ еліміздің келешектегі дамуына, экономикасына, саясатына, әлеуметтік жетілуіне, жалпы айтқанда, жан-жақты ілгерілеуіне пайдалы болатын болса, неге мұны қолдамасқа?  Мәселен, қазір ел ішінде бір жылымық сезіледі. Бұрынғыдай көп шектеулер жоқ. Қоғамды демократияландыру ақырындап жүзеге асып жатқаны байқалады», – деді Серікзат Мақсұтұлы.
Оның айтуынша, мұндай өзгерістер қаңтар оқиғасынан кейін басталған.
«Қаңтарға дейін Қазақстанда екі билік бар секілді көрінетін. Қазіргі Президентіміздің реформалар жүргізуіне кедергілер болғандай сезілді. Бірақ биылғы қаңтардан бастап бәріміз батыл шешімдер мен оң өзгерістерге куә болып отырмыз. Елордаға бұрынғы Астана атауын қайтару соның тағы бір мысалы бола алады. Көпшілік қалаға берілген Нұр-Сұлтан деген жаңа атауды қабылдай қоймады. Себебі бәріміз Астана деп атап үйреніп кеткенбіз. Әуелде-ақ тірі адамға қала атын беру қалай болар екен деп тіксінген едім. Біз секілді шығармашылық адамдары үшін Нұр-Сұлтан деп жазудың өзі қиындау болды. Яғни, ақындар үшін тірі адамның атындағы қалаға жарқылдатып жыр арнау, ойыңды ашық айту жағымпаздықтың көрінісі сияқты болып қалатын. Енді барлығы да өз оңтайымен келе жатыр. Парламенттегі шешімдер, кейінгі уақыттағы реформалар тиімді жүзеге асса деп тілейміз. Қазір әлемнің өзі дүрбелеңге толы болып тұр. Іргелес елдерде әртүрлі жағдайлар болып жатыр.  Осының бәрі елімізде қайталанбасын десек, Қазақстанда жасалып жатқан саяси реформалардың тиімділігіне мән беруіміз керек. Крыловтың мысалындағы сияқты аққу – аспанға, шортан – көлге, шаян – құрғаққа дегендей жүретін болсақ, берекеміз кетеді. Сондықтан болып жатқан өзгерістер оң нәтижеге жетелейді десек, қолдауға тиіспіз.  Бұл – менің жеке ойым», – деді Серікзат Дүйсенғазы.