Арман Абдоллаев: «Ұлы Дала Жорығы» әлемдегі ең ұзақ ат жарысы болмақ

Арман Абдоллаев: «Ұлы Дала Жорығы» әлемдегі ең ұзақ ат жарысы болмақ

Арман Абдоллаев: «Ұлы Дала Жорығы» әлемдегі ең ұзақ ат жарысы болмақ
ашық дереккөзі
«Ұлы Дала Жорығы» атты республикалық марафон-бәйгесіне дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. 18 қыркүйек күні 20 топтан құралған 100 шабандоз сыны келіскен сәйгүліктерін жаратып, жарысқа қосқалы отыр. Сарыарқаның төсі – Астанадан Түркістанға бет алып, 1 200 шақырымға созылған сайын дала төсін басып өтпек. Осы орайда алғаш рет өткізілгелі отырған «Ұлы Дала Жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің ұйымдастырушысы Арман Абдоллаевпен сұхбаттастық. – Қазақы атбегілік дәстүрді қайта жаңғыртуды мақсат еткен үлкен бәйгеге әзірлік жұмыстары қалай жүріп жатыр? – Қазақ танымында бәйгенің бірнеше түрі болған. Жүйріктің жасына, жынысына қарамай жарысқа қосатын түрі – аламан бәйге деп аталады. Мұндай жарыстарды жауынгерлік жорық кезінде жақсы аттарды таңдап алу үшін өткізетін болған. Сол сияқты бастауын елордадан алатын бәйгенің басталуына аз күн қалды. Осы орайда негізгі дайындық жұмсытары қайтадан пысықталып жатыр. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласына өңірлерден алты команда келіп үлгерді, қалғандарды жолда. Ал 16 қыркүйек күні барлық команда мүшелері мен жүйріктер тексеруден өтеді. 17 қыркүйекте өтетін бәйгенің салтанатты ашылу рәсімінде аймақтардан бас қосқан команда жеке-жеке таныстырылады. Осылайша атбегілер бәйге аттарының бабын байқап, аяқ алысын аңдап алғаннан кейін 18 қыркүйек күні таңғы сағат жеті шамасында алғашқы айналым басталып кетеді. Яғни, алғашқы меже – Нұр-Сұлтан-Қорғалжың бағытындағы 100 шақырымдық белес.  width= – Бәйгеге барлығы қанша жылқы қатысады? Арнайы мал дәрігерлері бола ма? – Барлығы 20 команда, яғни, жүз шабандоз бен 200 жылқы қатысқалы отыр. Астанадан шыққан топ Жезқазғанға дейін 600 шақырымды бағындырған соң, екінші атқа ауысып мінеді. Марафон алғаш рет ұйымдастырылғалы жатыр. Мұндай ауқымды бәйге Қазақстан тарихында болмаған. Сондықтан алғашқы тәжірибе болғандықтан 1 200 шақырым жолды шабандоздар қалай басып өтетіні белгісіз. Марафонның төрешілер құрамында төрт мал дәрігері бар. Олардың негізгі міндеті – жылқылардың жағдайын күнделікті тексеріп, аяқ-қолына ақау түсірмей мұқият қарау. Бәйге басталған соң күн сайын таңғы жетіде жолға шықпастан бұрын мал дәрігерлері жылқылардың жағдайын бағдарлап, шолып шығады. Өзіңіз білесіз, жүйріктің бітіміне, сипатына байланысты оны жарату, баптау әдістері де әр алуан. Жолға шыққан соң шабандоздар әр 50 шақырымда бақылау бекетіне тоқтап отырады. Алғашқы елу шақырымда күйі нашарлаған жылқылардың жарысты жалғастыруы екіталай. Осы жерде шабандоздар да, жылқылар да 2 сағат тынығып алады. Тағы 50 шақырымды басып өткен соң, межелі 100 шақырымды аяқтайды деп отырмыз. Ұлы Дала Жорығы – Астана-Түркістан аралығын басып өту кезінде жылқыларды кім күтіп-баптайды? Қалай дегенмен жол алыс. – Әр команданың жеке мал дәрігері болады. Межелі 100 шақырымды жүріп өткен соң бәйге аттары болдырып қалмас үшін дәрігерлер мұқият қадағалап отырады. Күн сайын қоналқаға шатырлы қалашық тігіледі. Сол жерде шабандоздар да, аттар да тынығып алады. Атты келесі күнге дайындау үшін арнайы рұқсат етілген системалар салынады. Өйткені үлкен жолға шыққан жылқының тынысының кеңеюі, бұлшық еттерінің ширап, сіңірінің созылмай бекуі өте маңызды. Жылқыны күтіп-баптау жұмыстарына баса мән беріледі. – Жем-шөп жағы қалай болмақ? – Ұйымдастырушылар тарапынан қатысушыларға бар жағдай жасалады. Жем-шөп жайы да қарастырылған. Бәйгеге шет мемлекеттерден біліктілігі жоғары кәсіби мал дәрігерлерін шақырдық. Мамандар ғылыми нұсқаулық тұрғысынан кеңестерін береді деген ойдамыз. Кешке қарай аттарға арналған арнайы орынжай жасақталып, жем-шөбі беріледі. Кешкісін бір уақ жоңышқа жейді.Таңертең және кешке құрғақ дала шөптері беріледі. Жүйрік ат үшін сұлы – жақсы азық. Қара етін сақтап, жүрісін ширатады. Суды өзімізбен алып шықтық. Ұзақ жолға шығатын болғандықтан таза су тұтынған жөн. – Күніне неше сағат жол жүреді? Бәйге аттары шаршап қалмай ма? Әлгінде айтқанымдай, шабандоздар күніне 10-12 сағат жүреді. Бәйгеге ұзық жолға шыдас беретін қазақы жылқылар қатысады. Соның ішінде Қостанай жылқылары төзімді келеді. Бірінші рет ұйымдастырылып жатқандықтан алда не күтіп тұрғаны өзімізге де беймәлім. 1 200 шақырым ен далада жолмен де, жолсыз да жерлерді басып өтеді. – «Ұлы дала жорығы» бәйгесінің басты ерекшелігі қандай? – Басты ерекшелігі – қашықтығы. Өйткені әлемдік және отандық ат спортында мұндай ауқымдағы және өзгеше форматтағы жарыстың ұқсас баламасы болған емес. Ауқымды жобаның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ болса, серіктесі – «Sportqory» спортты қолдау қоры. Әдетегі жарыстарда жеке нәтижеге мән берілсе, бұл марафонда топтық бәсекеге ерекше назар аударылады. Әр басып өткен жол жаңашылдығымен ерекше. Көшпенді жұрттың қасиетіне баланған жылқы мен қазақтың рухани-тұрмыстық байланысы әлі үзілген жоқ. Көпкүндік жарыс болғандықтан, сапар жолаушылары тәулік бойы бірге жүріп, бірге тұрып, межелі 1 200 шақырымды басып өтуге тәуекел етіп отыр. Тіптен аттардың төзімділігін сынайтын Моңғол Дерби жарысындағы қашықтықтың өзі мың шақырымға созылады. Осы тұрғыдан алғанда «Ұлы дала жорығын» келешек ғұмырын баянды етіп, әлемдегі ұзақ ат жарыстарының біріне айналдырғымыз келеді. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Ая ӨМІРТАЙ