«Ариайдай» – тарихи мәні бар әуен-сөз

«Ариайдай» – тарихи мәні бар әуен-сөз

«Ариайдай» – тарихи мәні бар әуен-сөз
ашық дереккөзі
1541
Халық әндері мен халық компо­зи­тор­лары­ның әндеріне зер салсақ, олардың мә­тіндерінде бүгінгі ән сөздерінен едәуір айыр­машылық бар. Мәселен, халық әндерінде «Аха­хау», «Игигай», «Әләулім-ай», «Угай-ай», «Айдай», «Әгу­гай», «Игай-ау», «Кідігай» сияқты сөздер жиі кез­деседі. Оны музыка зерттеушілері негізінен адам­ның ішкі сезімі мен психикалық көңіл күй қа­лыптарын білдіретін одағай сөздер деп тү­сін­діреді. Дегенмен біздің көзқарасымызша, олар­да одағайлықтан басқа да мәндер бар. Б.Қарақұлов, І.Қожабеков, А.Байғаскина, М.Ах­метова, С.Еламанова, А.Бердібай, Ә.Са­бырова, Г.Әбдірахман, А.Күзеубай, А.Байбек сын­ды музыкатанушы-ғалымдар қазақтың ха­лық әндерінің әуендік-құрылымдарын тал­дап, ән формаларын зерттеуде көп еңбек сіңір­ді. Дегенмен, поэзиялық және музыкалық әуен бір­лестігінен туған халқымыздың әндерін те­рең ұғынып, жан-жақты түсіну үшін әндердің әуен­дік-құрылымымен қатар, әрбір сөзі де жете зерттелуі керек-ақ. Халық әндерінде жоғарыда біз келтіріп өт­кен одағай мәнді сөздердің қа­тарын­да «Ариайдай» сөзі де көп кездеседі. Сонымен қа­тар «Әри-ау», «Әридай», «Әридау, қалқаш», «Әри­даш», «Әридім-ай», «Әриялар», «Әрия-яй» се­кіл­ді ән аттары да жиі кездеседі. Ерте замандарда пайда болған бұл сөз­дер­дің мәніне көз салсақ, оларда жай ға­­на көңіл күйді білдіретін мән ғана емес, та­ри­хи мән де барына көз жеткізер едік. Мәселен, С.Сейфуллин бұл жайында «Ертедегі жырлы әң­гімелер, яки ноғайлы дәуірінен қалған әде­биет нұсқалары» атты еңбегінде ақын-жы­рау­лар­дың толғауларында кездесетін «Арайна» мен халық әндеріндегі «Ариай», «Ариайдай» сөз­дерінің түбірі бір екенін айтады. Нақтылап келтірер болсақ, ол «...Қазіргі қазақ атаулы ел мен ноғай атындағы елдің өлең, жырды бастағанда: «арайна» деп, «ариай» деп бастаулары. Мұсаұлы Мамайдың Арайна атты жолдасы жауда жараланып, өлерінде: «...кейінгі жырлардың бәрі «арайна» деп басталса екен» деп өсиет қылған екен. Сонан бері жырды «Арайна» деп бастау мирас болған екен...» дей келе, Мұрат Мөңкеұлының: «Арайна, билер, Арайна! Арайна десем болғай ма? Арайнасыз әр қайда, Ердің ісі оңғай ма? Арайна болған Қазтуған, Қайғыланып сонда толғай ма? – деген сөзімен қатар, Махамбет Өтемісұлының толғауларынан да мынадай мысалдар келтірген: «Арайна, билер, Арайна! Арғымағым жарай ма? ...Арғымақ әлсіз, ер малсыз, Алданың не берері болжаусыз, Жолдастарым мұңайма...». (Классикалық зерттеулер: Көп томдық. А., «Әдебиет әлемі», 2014. Т.25. Қазақтың жыраулық мұрасы. 55-б.). С.Сейфуллиннің бұл дерегіне сүйенсек, әндер мен жырларда кездесетін «Арайна», «Ариайдай» сөздері ноғайлы дәуірінде өмір сүрген Арайна атты батырдың есімімен байланысты болып шығады. Қазақ әндерінде жиі кездесіп, «одағай сөз» делінетін жүздеген сөздердің барын ескерсек, әрбір сөздің этимологиясын зерттеу ісі өзекті мәселе екені сөзсіз. Бұл жөнінде әнші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті Е.Шүкіман: «Қазақ әндерінде, әсіресе халық әндері мен халық композиторларының әндерінде одағай сөздер көп кездеседі, «одағай» деп айдар таққанымызбен, музыкатану ғылымы ол жайында әлі зерттеулер жасаған жоқ. Толық мағынасы болмағанмен, адамның көңіл күйіне, сезіміне байланысты қолданылатын сөздер деп тү­сіндіріледі. Мысалы, Біржан салдың «Жамбас си­пар» әнінің қайырмасындағы «хәләлайдан» тұра­тын одағай сөздердің арғы жағындағы ма­ғынасында ер адамның әйелді аймалап сүю іс-әрекеті бейнеленеді. Әнсіз айтылса бай­қал­мауы мүмкін, ал әуенмен айтылғанда онысы ай­қын көрінеді. Сондықтан әндерде кездесетін одағайлардың бәрі де белгілі бір мағына береді. Этнограф А.Затаевич көзі тірісінде «Қазақ хал­қының 1000 әні» «Қазақтың 500 ән-күйі» жинақтарын шығарып кетті ғой. Қол­жазбаларында әлі де жарыққа көптеген қазақ ән­дері бар екен, оларды Қ.Сәтбаев пен А.Жұ­ба­нов Затаевичтің әйелі мен қызынан алып, 1946 жылы Қазақ Ғылым академиясының сирек қол­жазбалар қорына тапсырған. Қолжазба қорын­да 75 жылдан астам уақыт жатқан ма­териалды алып жинақ қылып құрастырып жа­тырмын. Сол жинақтың ішінде «Кідік-ай» де­ген ән бар. Бұрынғы жинақтарында әннің аты­ның аудармасы ретінде «припевное слово» деп жазып қоятын. Ал қолжазбасында «Кіді­кайдың» аудармасы «Родина» деп берілген. Мен осыған таңқалдым. «Родинка» да емес, шы­ны­мен «Родина» болатын болса, «Кідікайдың» ар­жағында кіндік сөзі жатыр ма деп те ой­лаймын. Өйткені «тууға, кіндігі кесілуге бай­ланысты шыққан сөз бе екен» деген ойға жетелейді. Қазақ әндерде одағайлардан құрал­ған қайырмалар өте көп. Еуропада симфо­ния­лық шығармаларға музыкалық талдаулар жа­са­лады. Біз де әндерімізді сол тәсілмен тал­дау­лар жасап, әрбір сөздің этимологиясын зерт­теуіміз керек», – дейді. Бүгінде ел ішінде айтылып жүрген «Ариай­дай» әнінің сөздеріне қарасақ: Айтайын айт дегенде әриайдай, Көп айтса, әриайдай көңілге жай. Барады өтіп жалған күн санауда, Қалайық ойнап-күліп осындайда. Қайырмасы: Ей, саған халқым-ай Беу, әнімді айтып-ай Жүрмін шалқып-ай. (Т.Асардың орын­дауында). 2011 жылы «Мәдени мұра» ұлттық жобасы ая­сында жарыққа шыққан «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» аталатын антологияда Е.Рысқалидың орын­дауында «Әри-ай», А.Ноғайбаеваның орын­дауында «Әриайдай» атты халық әндері ен­ген. Е.Рысқали орындаған «Әри-ай» әнінің мә­ті­нінде: Қарайғанға қараймын қабан ба, – деп, Қамшылаймын атымды, әри-ай, шабам ба, – деп. Өткеннен де сұраймын, кеткеннен де, Ауылы сол қалқаның, әри-ай, аман ба, – деп; Ал А.Ноғайбаева орындаған «Әриайдайда»: Жыртылмайды ақ көйлек кең болған соң, Екі құрбы ойнайды тең болған соң, Әриайдай, әриайдай, әриайдай. Саған айтпай сырымды кімге айтайын, Шын ұнаған көңілге сен болған соң, Әриайдай, әриайдай, әриайдай, делінген («Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» анто­ло­гиясы, 2011. CD 6.). Қазақтың «Әриайдай», «Әри-ай» сынды ән­дер мұнымен шектелмейді, әр жылдары жария­лан­ған этнографиялық, ноталық-музыкалық жи­нақтарда да мұның бірнешеуі кездеседі. А.За­таевичтің 1925 жылы Орынбор қаласынан жарық көрген «Қазақ халқының 1000 әні» ең­бе­гінде «Әриайдай» деп аталатын екі ән кез­деседі. Аталған екі әннің бірін А.Бай­тұр­сынұлы­нан, екіншісін Адай уезінің тұрғыны Қ.Бұза­қаров­тан жазып алған. Одан бөлек, «Әри-ау» (Ор. Ғ.Бөкейханов, Бөкей губерниясынан), «Әри­дай» (Ор. М.Саматов, Павлодар уезінен), «Әри­дау, қалқаш» (Ор. С.Мұстафин. Ақмола уезі­нен), «Әридаш» (Ор. Ж.Аймауытов, Павлодар уезі­нен), «Әридім-ай» (Ор. Ә.Ербалин, Семей уезі­нен),«Әриялар» (Ор. Ә.Бегішев, Ақмола уезі­нен), «Әрия-яй» (Ор. С. Алдоңғаров пен Р.Ал­доң­ғарова, Ташкент өңірінен) деген атпен де бір­неше ән кездеседі. Этнограф А.Затаевич со­нымен бірге еліміздің батыс өңірінен «Харидай-ау» деп аталатын әнді де жазып алған (А. В. За­таевич. 1000 песен и кюев казахского народа. А., Дайк-Пресс, 2004. 129-б.). А.Затаевичтің 1931 жылы жарияланған «Қа­зақтың 500 ән мен күйі» атты екінші жи­нағында да «Әридайым», «Әрияу» деп аталатын әндер бар. Мысалы, «Әридайым» әнін Жымпиты ауданының Дуан болысының тұрғыны Қуанышәлі Иманалиевтен жазып алса, «Әрияу» әнін Құсайын Бабкиннен жазып алып, тұрағын «Семипалатинский отдел» деп көрсетеді. А.Затаевич жоғарыда аталған жинақтарына әрбір ән аттарының астыңғы тұсына орысша мағы­на­сын да жазып отырған. А.Затаевичтің жинақ­тарында кездесетін «Әриайдай» атты сөздерді «припевное слова» деп түсіндіреді. Мән бере қара­сақ, «Әриайдай», «Әридай», «Әридау», «Әри­даш», «Әридім-ай» деп аталатын әндер еліміздің батыс, шығыс, солтүстік пен оңтүстік аймақ­тарын­да да көптеп кездесетінін көреміз. «Әриай­дай» атты ән Бесқала (Қарақалпақстан) қа­зақ­тарында да кездесетінін айта кеткеніміз жөн. Бір сөздің «Арайна», «Ариай», «Ариайдай», «Ариайым» сияқты құбылып, Қазақ елі­нің әр аймағында әртүрлі айтылуының себебін С.Сейфуллин жоғарыда аталған «Ертедегі жыр­лы әңгімелер, яки ноғайлы дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары» атты еңбегінде былайша түсіндіреді: «...Орта жүз рулары мен Ұлы жүз руларында өлең, жыр айтқанда, өлеңді «Ариай» деп бастайтын әдет бар: Мысалы, Орта жүзде: «...Айт дегенде, айтайын, ариайдай, Ақ серкенің мүйізі қарағайдай. Бір алдаға шет болсаң, бол өзің шет, Әлі де болса көңілім баяғыдай...». Ұлы жүзде: «...Айт дегенде айтамын ариайым, Ауылың сенің белде еді бойда талым...», – деп бастауды білмейтін бала болмайды. Бұлай өлең бастау – өлең айтатын адамға домбыраның «құ­лақ күйі» тәрізді», – дей келе, Омар Жәні­бекұлының ел ішінен жинастырып, 1908 жылы Қазан қаласында бастырған «Қазақ тілінде жұм­бақ уа мақалдар» деген кітапшасынан мы­на­дай сөзді мысалға келтіріп: «...Ел шетіне жау келсе, Ариайдай айбында, Арсыланың бары жақсы...» Бұл айқын айтылған сөздің мәнісіне қара­ғанда, «ел шетіне жау келсе, Ариай­дай (Ариай тәрізді) айбынды батырдың бол­ғаны жақсы», – дейді. Бұл сөз бұрынғы заманда, Ариай атты бір батырдың болғанын көрсетеді. Ал Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтарының өлең айт­қанда, жыр айтқанда: «...Айт дегенде, ай­тайын, ариайдай...» деп бастап айтатын «Ариай» осы. Омардың ел аузынан жазып алған, «ел шетіне жау келсе» даяр тұратын, «арыстандай айбынды Ариайы» батыр-ау деймін. Мұса бидің ұлы Мамай батырдың жолдасы Арайна батыр мен Омардың ел аузынан жазып алған «Ариай» батыры – бір-ақ адам ғой деп ойлаймын. Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтары, сөзді тек бұзып алып, «ариай» деп атап кеткен ғой деймін». Осын­дай деректер қалдырумен қатар, С.Сей­фуллин бір сөздің еліміздің әр аймағында әртүрлі өзгерістерге ұшырап айтылуы жөнінде де: «Ал ұлы ноғайлыдан, Орта жүз бен Ұлы жүз руларының көбі бірсыпыра уақыт кейін бөлініп қазақ болған, қазақ болып кеткен соң да ұлы ноғайлының көгентүп елімен бірсыпыра уақыт көршілес болып отырған Кіші жүз рулары – «арайна» деген қалпында ұмытпай келген ғой дей­­мін» деп тұжырым жасаған. Осындай мәлі­мет­терден ән-жыр мен күй тарихы ұлттың, ха­лықтың тарихымен тамырлас екені аң­ғары­лады. Бұл жөнінде О.Асқар ел ішінен жа­зып алып, құрастырған «Қара өлең» атты жина­ғында: «Өлең мағынасынан дәуір таңбасы соншалық айқын сезіліп тұр. Қара өлең, міне осы­ндай тарихи деректер берумен қоса зерт­теушілерге жер, су аттары, кей сөз тіркестерінің шығу себебі, мағынасы сияқты құнды мәлімет­тер бере алады», – деп, қара өлең мен ән мәтін­дерінен тарихи мәліметтердің аңғарылатынын айтқан болатын (Қара өлең. Ел ішінен жазып алып құрастырған О.Асқар. А., 1997. 10-б). Халық әндері мен халық компо­зи­тор­ларының туындыларында көп кез­десе­тін архаизм және историзм сөздер бүгінге дейін жеткілікті дәрежеде зерттелмей, ғалымдардың назарынан тыс қалды. Сондықтан әндерімізде жиі кездесетін кейбір сөздерді бүгінге дейін нақты түсіндіре алмай отырғанымыз рас. Ол сөздердің бүгінде түпкі мәні жадымыздан шы­ғып кеткенімен, халық әндері мен халық ком­позиторларының шығармаларында сақталып қал­ған. Ал оларда тарихи мән, тарихи тұлға­ларға қатысты деректер бар. Демек, «Ариайдай» сияқты сөздердің мән-мағынасына үңілу арқылы ондағы «одағайлардың» көңіл күйді си­паттайтын жай сөз емес, белгілі бір дәуір­лердегі ұлтымыздың тарихына қатысы бар мәнді сөз екенін ұғынар едік.

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы

Серіктес жаңалықтары